«МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН». Осыны ойланып айтып жүрміз бе?
«Қорқамын кейінгі жас балалардан» депті Құнекемнің баласы, «Болам десең әуелі жеріңді ойла, сосын қанат қағатын көгіңді ойла» депті Әбубәкір Кердері. Қай ел, қай ұлт болса да тәуелсіздік алсақ дегенде көкейінде, көңіл түкпірінде не тұрады деп ойлайсыз? Адамнан жасырсаң да Құдайдан жасыра алмайсың, ол ұлттың сондағы бар мақсат-мүддесі, арман-қиялы өзге бір елдің отары болған дәуірде жоғалтқан ұлттық тәрбиесін, ұлттық салт-дәстүрін, ұлттық сана-сезімі мен осынау жарық дүнияға деген ұлттық көзкарасын қалпына келтіру, ұлтын жер бетінен жойылып кетуден сақтау екені рас. КСРО құлаған бойда (1991 ж.) ол мақсат-мүддесіне жету үшін жедел де батыл іске кірісіп, бүгінде сол арманына қол жеткізіп отырған елдер аз емес. Алайда қанша жерден тәуелсіз елміз деп қысы-жазы күмпілдетіп той-тойлап, миллиардтап ақша шашса да ұлттық киелі де дегдарлы ерекшеліктерінен, тіпті, сол КСРО-ның дәргейінде болған 70 жыл ішінде «мен пәлен деген ұлттың өкілімін» деген ұлттық намысынан айрылып қалғандар да бар. Құдай кешірсін, бірақ әлі де болса сол отарлық-құлдық санадан толық арыла алмай және онысын өзі байқамай отырған ұлт екеу болса, соның біреуі біздің қазекең емес пе екен деп те қорқамыз. Бұл көкірегі ояу, ұлттық санасын кір шалмаған кім-кімді де мазалайтын күдік екені рас. Біз бүгінде тәуелсіз мемлекет бола тұра тіліміз әлі де өз елінің өріне шығып, ең өрелі тілге айнала алмағанын Құдайдан да, адамнан да жасыра алмаймыз. Сөйте тұра, нағыз жалаң ұраншыл, дақпыртшыл, өз өтірігіне өзі иланып үрлеген местей қампиятын, біреу «айтақ!» деп ұран тастаса, соның байыбына бармастан іліп әкетіп, гүмпілдете жөнелетін әрі дарақы, әрі далақбай және Құнекем баласы айтқандай, мақтаншақ ұлтқа айналдық па деп тағы қорқамыз. Әсіресе, бүгінгі қазекемнің бір-бірімен орысша сөйлесуді әлі де дәреже көретіні, екі сөзінің біріне «вообще», «короче», «нормально», «хорошо», «давай» сияқты орысшаларды қыстырып, біреуі түшкіріп жіберсе оған «будь здоровты» қазақшалап «са-а-ау болыңыз» деп әрі тәржімалап, әрі ұлтшыл патриот болып жымиып күлгенінің өзі қандай ерсілік десеңізші?! Сырт көз сыншы ғой, осының бәріне былайғы жұрт, яғни өзге ұлт өкілдері іштей кекетіп, тіпті, мырс-мырс күліп жүретінін де байқамайтын халге түсті, бүгінгі қазекем. Ал Ташкент шаһарына қыдырып барып, дүкен сатушысынан керек-жарағын орысшалап сұраған қазақтарды өзбек бауырлар «О, анаңны… Бұ қазақларның Һәммасы русча гәпірәр екен, а! Бұларға немә бәле болған жүдә» дегенін естігенде есі дұрыс қазақ еңіреп жылайды. Әсіресе Астанадағы қазақтың аузынан уызы кеппеген сәбилерімен орысша сөйлесіп бара жатқанын көргенде, «32 жылда оянбаған ұлт енді қашан оянады» деп көкірегі құрғырың қарс айрыла жаздайды. Ал қазақ мектептерінде оқитын ұл-қыздарымыз да мектептен шыға сала бір-бірімен орысша сөйлесіп шуылдап жүргенін көре тұра, «шүкір, қазақшаға көшіп келеміз ғой» – деп өп-өтірік мәймөңкелейтінімізді қайтерсің?!
Осының бәрін көре тұра зейнетақысы өзгелерден сәл де болса тәуірлеу, азды-көпті табысы бар шаруа иеленіп, дүкен ашып алғанына мәз немесе үкіметтен үйден-үй, атақтан-атақ алған, балаларын әйдік-әйдік қызметке қойғызып шұлғыған ақсақал-қарасақалдар:
«Мен жастарға сенемін», «Жастар – біздің болашағымыз»
деген желдірме сөздерді жаппай қайталап, теледидардан, баспасөзден аңқау елге айтатын жалған уағызы мен жалған ұранына айналдырды. Ал шындығында, бұл олардың өздерінше ел тыныштығын ойлағансыған, ақсақалдық сөз айтқансыған түрлері ғана, яғни жалған ақсақалдық. Жалған дейтін себебіміз көшеде, көлікте бет-аузын қисаңдатып, орысша үш әріптен тұратын былапыт сөзді сапырып, біріне-бірі «братан», «сестренка» деп бақылдап, ал базарда «Дәр-р-рөгу» деп арба сүйретіп жүрген жастарды қазақ ұлтының келешегі деу қиын екенін ол ақсақалдар көрмей-білмей жүрген жоқ. Бүгінгі жастар арасында тілінен де, ділінен де, дінінен де, ата-дәстүрінен де, айнып, дардай жігіттері ойыншық немесе әртүрлі ұсақ-түйек сатып, аш-жалаңаш қалмау үшін алаяқтық кәсіптермен айналысып, кейбіреулері жат діни секталарға кіріп кеткенін әлгі ақсақалдар сіз бен бізден кем білмейді. Біле тұра «Мен жастарға сенемін» деген жаттанды сөзді ең басты ақсақалдық ұранына айналдырып алған. Рас, ұрпағының ұлттық тұлғасы, тілі, жандүниесі бұзылмаған замандарда ата-бабаларымыз «Жастарға сенейік», «Жастар аман болсын» деген. Мысалы, Арал-Шалқар өңірінен соғысқа аттанған бір қазақ азаматының мына бір өлеңі әлі ел аузында. Ол біз әлі де Ұлы Отан соғысы деп атап жүрген 1941-45 жылдары орыстың орманында қар жамылып, мұз төсеніп жүріп анасына жазған үшбұрышты хатында мені көп уайымдай берме дей келіп:
…Көңіліңде – Қайғы, көзде – жас
Сағындың ба, жан ана.
Сабырдың суын себе гөр
Жаныңдағы жараңа.
Арғымақ кетсе артында,
Үкілі құйрық тайың бар.
Қаз-қаздаған қарғашым,
Жеткізер бір күн қараға, –
деп басу айтады. Ол бейбақ бұл жерде өзінің артында қалған 1 жастағы қарғашын – қаз-қаз басқан бір-ақ жасар ұлын, «арғымақтың артында қалған үкілі құйрық тайын» әуелі бір Аллаға, сосын сол бір жасар қарғашына сеніп айтып отыр. Ол байғұс сонда әуелі Алланың әділдігіне, рахымдылығына, егер өзі шаһид боп кетсе, артында қалған 1 жасар сәбиіне әке орнына – әке, ана орнына – ана болатын әлі де ұлттық тәкаппарлығы, ұлттық ар-намысы саф күйінде тұрған қалың қазағының тәрбиесін көріп өсетініне сеніп еді ғой… Ал бүгін тілінен де, дінінен де, ұлттық тәрбиеден де, мына жер «тек қазақтың жері, оның бүкіл қазына байлығы ең әуелі қазақтікі» дейтін намыстан жырақ, Мәскеудің сайқал саясатымен әдейі аулақта өскен жастарды көзі көріп отырған бүгінгі ақсақал-қарасақалдар «Мен жастарға сенемін!» «Жастар – біздің болашағымыз» дегенді неге, кімге сүйеніп айтып жүр? Әлде олар Қазақстанда тұрады-мыс деп жүрген 130-140 ұлттың жастарына сенеміз деп отыр ма? Әлде, бұл ақсақалдар өздерінің бұл қылық-қылуасын ел бірлігін ойлайтын керемет саясаткерлігіміз, данышпан ақсақалдығымыз деп ойлай ма екен?
Иә, ақсақал адам әр сөзін ойланып, көкірек қуысында пісіріп, қай нәрсенің де әділі мен имандай ақиқатын айтуға ден қойып сөйлегені ләзім. Ақсақал адам өйтпеген күнде бүгінгі ұрпаққа да, ертеңгі ұрпаққа да орасан зор залалын, зиянын тигізеді. Өйткені, қара жерді қоршап жатқан төрт алып мұхиттың өзінде кейінгі толқын алдыңғы толқынның ізімен жүріп отыратыны сияқты адам баласы да өзінің алдындағыларға қарап өседі және не бәлесі бар екенін кім білсін, әйтеуір адам пендеге жақсылықтан гөрі жамандық жұққыш келетіні тағы бар. Ақсақалы жәдігөй, ұлттық мінез-құлқынан мақұрым елде ұлттық намыс дегеннің не екенін білмейтін, сөзінің пәтуасы жоқ, өзі парасатсыз, парықсыз, дінін де, тілін де, басқасын да сатуға даяр тұратын сатқын ұрпақ қалыптасады. Бұның ақыры ұлттың жер бетінен жойылып кетуіне әкеп соғады. Бұл – бір.
Екіншіден, бүгінгі ақсақалдар қазіргі қазақ жастарының жүріс-тұрысында жиі ұшырасатын жан шошырлық өрескелдіктерді, олардың сөз саптауындағы былапыт пен ластықты, өз ұлтына деген селқостықты, керенаулықты, келеңсіздікті, енжарлықты, толып жатқан сорақылық пен дөрекілікті, көргенсіздікті, сауатсыздықты, ұлттық намыссыздықты көрмей, білмей отырған жоқ. Өз ұрпағының, немере-шөберелерінің өнбойындағы бұл қасіретті көріністі олар үйінен алысқа бармай-ақ, таяғына сүйеніп есігінің алдына шыға сала-ақ көріп жүр. Ол былай:
Есік алдында бөбектер ойнайтын алаңқайдағы орындықтарда, әткеншектерде, күркелерде жанына бір-екі қорапша «Соуверен» не «Мальборо» немесе қазір «одноразовый», «электронный» дейтін темекісін қойып, көк түтінді бұрқыратып отырған жап-жас ұлдар мен қыздар. Шыққыр көзің көріп, таскерең болғыр құлағың естіп тұрғаннан кейін солардың сөздеріне еріксіз ден қоясың; айтып отырған әр сөзінің кележағында орыстың үш және бес қаріптен тұратын боқтық сөзі, сосын түрмеден шыққандардың жаргон сөздері. Қолдарын ебедейсіз ербеңдетіп, бет-аузын түгел қимылдатып сөйлемесе, өз ойын еркін жеткізе алмай қиналатыны да ап-анық байқалады. Тағы біраз жүрсеңіз, тапа-талтүсте бір-бірінің ішкиімінің ышқырлығына, немесе төстартқышына (бюстгалтеріне) қолын сұғып жіберіп, көзін тарс жұмып кәйіп күйге түсіп отырған шикіөкпе ұл мен қыз. Тіпті, әрі өткен, бері өткендерді адам екен деп қымсынбайды.
Бұл – бұл ма?! «Одан да әрмен өткенде, үйге де таман жеткенде» деп Базарбайдың өлгелі жатқан шерменде Төлегені айтпақшы, одан әріректегі ұзынша орындықта шалқасынан жатқан бозбаланың аяғын өзінің қос қапталына жіберіп үстіне атша мініп алған жап-жас бүлдіршін қызды көресіз. Олар да әрлі-берлі өтіп жатқандарды ит екен, кісі екен демейді, тіпті бірнәрсе дегің кеп қарасаң, дереу бетіңе бажырая қарап: «Не дегіңіз келіп тұр, елімізде ашық қоғам орнаған, біз Ресей мен Батыстан үлгі-өнеге алған өркениетті жастармыз» дегенді аңғартып, тұлабойыңды көзімен «нахально» тінтіп, түгендеп шығады. Міне, біздің жоғарыдағылар мен соларды өтірік қолпаштап, «бірлігіміз жарасқан татулығымызды» бұзбауға қызмет ететін ақсақалдардың «Мен жастарға сенемін» деп жүрген бүгінгі жастарының ішінде мұндай жастар – «іздегенің алдыңнан сұрамай-ақ табылар».
Жас ұрпақтың түздегі тәрбиешісі – мектеп
Бүгінде сол мектептердегі шәкірттердің бойында ұлтымызда, жалпы мұсылман елдерінде әл-мисақтан қалыптасқан кішіпейілділік, инабат-ізет дегеннің ұшығы да қалмай бара жатқан сияқты. Бір ғана мысал келтірейік: Қазір жоғары оқу орындары түгіл мектептегі шәкірттер мұғалім мен мұғалиманың көзінше темекі шегіп, аяғының астына шырт-шырт түкіріп тұра береді. Жоғары сыныптағы ұлдар мен қыздар мектеп ауласында осы жасқа келгенше біз естіп көрмеген жаргон, былапыт сөздерді сапырып тұрады және сол былапыт, жиренішті, боқтық сөздердің бәрі орыс сөздері. Әлемдегі ең озық, ең үлгі-өнегелік тәрбие – қасиетті исламды ұстанған түрік халықтарында қалыптасқан еді. Бұл ұлттық үрдіс-салт, ғадет-ғұрып, үлгі-өнеге өзбек, тәжік, әзербайжан, түркімен және кавказдық түркітектес бауырларымызда әлі де саф күйінде сақталған. Тек біздер, яғни қазақтар ғана бұл ұлық тәрбиеліліктен, бұл үлгі-өнегеден бұратола безініп, күнделікті тілмен айтқанда, ұлы мен қызы бетімен кеткен, ойына келгенін істейтін, орысша сөйлесек, өзгелерден озық тұрамыз деп ойлайтын ақымақтық түсінікке бой алдырған ұлтқа айналып барамыз. Осының бәрі Қазақстанды Кеңес заманында басқарған басшылар жүргізген орыстандыру саясатына 32 жыл өтсе де әлі де арыла алмай отырғанымыздың кесірі ме деген де ойға кетеміз. Әлгі мектеп ауласындағы жастар туралы мысал біз күні бойы көшеде көріп жүрген сұмпайылықтың мыңнан бірі ғана.
Несін жасырамыз, қазір Қазақстанға таңертең ұшақпен келген бір келімсек кешқұрым бір қазақ қызын қолтығынан алып мейманханадағы нөміріне кіріп бара жатқанын көруге қазақ жігіттерінің де, ақсақал-қарасақалдарының да әбден еті өліп кеткен. Қыздары да, әлгі жігіттері мен ақсақал-қарасақалдары да мұндай керенау, мұндай салғырт күйге түскен халқымыз бүйте берсе келешекте кімге айналарын ойлағанда үрейің ұшады. Ал біз бұл ұлттық қасіретімізге тоқтау салудың орнына, қайдағы бір шетелдік гендерлік саясат, ЛГБТ, Гей, Феминизм дегендерді еркіне жіберіп, сол сұмпайылықтың бәрін «еуропаланғанымыздың», «озық елдер қатарына қосылғанымыздың», «жаһанданғанымыздың», «өркениетті бола бастағанымыздың нышаны» деп тіпті, мақтаныш тұтатын сыңайымыз бар. Кейбір жоғарыдағылардың да, әлгі ақсақалдардың да «Біз жастарға сенеміз» – деп жүрген бүгінгі жастарының көбі осындай жастар екенін жасырып, тым-тырыс отыруы келе жатқан ажалға мойынсұнған науқас адамға ұқсамайды ма?
Ұлттық намыс дегеннен шығады, мына бір уақиға есімнен кетпейді. Шалқар қаласындағы қазақ мектебінде тоғызыншы сыныпта оқимын. Мектептен қайтып келе жатып, дәл асхананың алдында үстіне майка, бұтына шорт-дамбал киген бес-алты әлде орысты, әлде еуропалықты қазақтың жап-жас жігіттері оңдырмай сабап жатқанын көрдім. Анадай жерде ол кездегі шалқарлықтардың бәрі білетін иманды болғыр егделеу Т. деген милиционер теріс қарап үнсіз түр. Сөйтсек, әлгілерге біздің жігіттер «Так нельзя ходить» десе, аналар «у нас в Ленинграде так ходят» деген көрінеді. Ал бұлар «а у нас так не ходят» деп бас салып сабаған екен.
Ал қазіргі қазекемдер ше? Қазіргі қазекемдер жат жұрттықтарға өйтпек түгіл өз қыздарының ышқырлығы төмен түсіп, майқұйрығы көрініп, бұтындағы бір елі мини шортының абұйырын жабар-жаппас боп тұрғанына да көзі үйренген. Оларға мынауың не деудің орнына басына орамал тартып, ұзын көйлек киген қыз көрсе, әлдебір беймәлім жануарды көргендей үдірейе қарайды. Ал аты күллі қазаққа мәшһүр бұрынғы патшамыз «Немене, орамал тартып бәрің бірдей молда боп кеттіңдер ме?» деп зіркілдеді.
Әнебір жылы Жаңаөзен қаласының әкімі қоғамдық орындарға қыздар мен әйелдердің шорты киіп немесе әлгіндей жалаңаш-жалпы, тәнін ашып-шашып тұратын лыпамен келуіне тыйым салып еді, Қазақстандағы орыс газеттері мен «31 канал» телеарнасының орысша шолушылары әкімді күстаналап шу шығарды. Діні жат, тілі жат кім-кімнің де қазаққа деген пиғылы қандай екенін осыдан-ақ аңғарсақшы.
Қазір кейбір Еуропа елдерінде бүкіл мұсылман әлеміне қарсы сұрқия саяси да, әскери де әрекеттер ашықтан-ашық жасалып жатқаны мәлім. Мысалы, Францияда мұсылман қыз-келіншектерінің басына орамал тартып, ұзын көйлек киіп оқу орындарына, мекемелерге баруына тыйым салынғанына он жылдан асты. Франция бізден діні де, тілі де салт-дәстүрі де, ішкен-жегені, киген киімі де, тіпті мына жалған дүниеге деген көзқарасы да басқа ел. Ал мектептерге орамал тартып келуге тыйым салу арқылы қазақ басшылары кім болғысы кеп жүр деп ойлайсыз? Бұл жәй еліктеу ме, саяси жағымпаздық па, әлде елімізде қазаққа, жалпы мұсылмандыққа қарсы жасырын бір ұйымдардың істеп отырғаны ма? Айтпакшы, Англияда әнебір кезде әйел-еркегі аралас мыңдаған адам анадан жаңа туғандай тыржалаңаш күйінде қала көшелерімен шерулетіп өтті. Қазақстандағы орыстілді телеарналар оны да бізге қайталап көрсетіп, міне, құқық бостандығы, міне демократия, міне еркіндік дегенге дейін барды. Қазекемдер оны үйінде ұл-қыздарымен, келін-кепшіктерімен қатар отырып көрді. Ал екі сөзінің бірінде Еуропада өйтеді, Ресейде бүйтеді деп соларды үлгі етіп аузының суы құрып лепіретін Парламент депутаттары мен үкіметтегі кейбіреулер ұрпақты азғындату үшін әдейі көрсетіліп отырған хабар-ошарларға тоқтау салайық демек түгіл, осының бәрін адам құқығы, гендерлік саясат жетістігі деуден де тайынар емес. Олар орамал тартқан қыздар мен оюлы тақия киген жігіттерді емес, әлгіндей тыржалаңаш жабайылықтың аз ғана алдындағы аузына темекі, саусағына сыра қыстырып, былапыт сөзді сапырып бара жатқан жастарды «еліміздің болашағы», «біз осы жастарға сенеміз» деп отыр ма деп те қорқамыз. Қазақ десең өзіңе тиеді, бірақ біз ұлттық болмысымызға ең үлкен қатер төндіретін әлгі ЛГБТ, Гей, Феминизм сияқты елді індеттей жайлаған қасіретпен емес, орамал тартқан қыздар мен сақал қойған жігіттерге көбірек шүйлігетін болдық. Есіңізде болса, совет өкіметі орнай салысымен дәл осылай орамал тартқан әйелдер мен сақалы бар еркектер ескінің сарқыншағы, діншілдер деп есептеліп кейін «халық жауы» атанғаны мәлім. Сосын қатын-қалаш, қыз-қырқын түгел орамалын лақтырып тастап, жалаңбас жүретін болды. Ал біз әлі күнге шейін ұлы жазушы, керемет жазушы деп атап жүргендер түгелдей ана дүниеге бет-аузы бір қылтанақсыз жып-жылтыр күйінде, көсе күйінде кетті ғой.
Егер біз бүгінгі ұрпағымыздың манадан бері айтылып отырған кесел-дертін бұдан әрі жасыра берсек, бұл – ұлтымыздың болашағына өзіміз жасаған ең ауыр қылмыс. Жасыратын дәнеңе де қалған жоқ, біз қазір жас ұрпағымызды әуелі советтендіріп, сосын «глобализациялап», сосын «цивилизациялап», сосын «европизированный» қылып ұлты кім екені беймағлұм біреулерге айналдырып барамыз. Бұндай ұрпақтың ұлтымызға қауіптілігі – осы күні ҰҚК мен жоғарыдағылар террористер деп атайтындардан да қауіпті. Өйткені терроризм қанша күшті болса да, бір ұлтты түгел құртып жібере алмайды. Ал өзге бір ұлтқа деген құлдық санадан арылмақ түгіл өз тілін, өз мәдениетін құрметтемейтін мәңгүрт ұрпағы жылдан-жылға көбейіп бара жатқан ұлт бірте-бірте жер бетінен жоқ боп кетеді. Орысша сөйлейтіндердің тілімен айтқанда, бұл қасірет «медленная смерть», асықпай алатын ажал деп аталады.
Бүгінде Қазақстандағы телеарналар күндіз-түні көрсетіп жатқан клиптер де, шетелдік фильмдер де, ән деуге келмейтін бас-аяғы жоқ айқай-ұйқай музыка да, ең аяғы «Нысана» деп аталатын әнебір театрсымақтағы мұғалімін екіқабат қып қоятын оқушылар да бүкіл сана-сезімі әлеміш, алмағайып күйге түскен қазіргі қазақ халқы үшін теракт атаулыдан әлдеқайда залалды да қауіпті. Бұның бәрі әлдекімдердің, әлдебір елдің тілінен, әлемнің 3 миллиардқа жуық халқы, бүкіл түркі халықтары тұтынатын ислам дінінен айырып, бауырлас түркі халықтарынан алшақтатуға бағышталған жымысқы жоспармен әдейі жасалуда демеске де лаж жоқ. Міне, осының бәрін көре тұра елге танымал ақсақалдардың «Мен жастарға сенемін» деп жалған да жәдігөйлікке баратын себебі неде деп ойлайсыз? Өйткені ол ақсақалдардың өздері Мәскеу басқарған 70 жыл ішінде «қазақ сауатсыз, қазақ мәдениетсіз, қазақ артта қалған, қазақ жалқау, қазақты адам қылған – орыс» деген ұғым миына әбден сіңіп, жүрегіңе ұя салып орнығып қалған құлдық сананың адамдары. Бұл – бір.
Екіншіден, кімнен, қай елден тәуелсіздік алғанын атап айтпайтын, әйтеуір «тәуелсіз» деген сөзді қосарлап айтатын және Ресейге вассалдық менталитетінен әлі де арылмаған күні кешегі Қазақстанның бұрынғы, яғни көне «Нұр-билігі» қазақты ғасырлар бойы қалыптасқан «ұлы орыс» халқына, «аға ұлтқа» құлдық ұру санасынан арылтып, ұлттық санасын оятуды әдейі қолға алған жоқ. Ал 70 жыл бойы миына құлдық сана сіңіп қалған ақсақалдар бүгінгі өкіметке қазақтың ұлттық намысын, ұлттық санасын оятайық деуге өресі де, батылы да жетпейді. Олар сондықтан да бар жауапкершілікті келешектің мойнына жүктеп, «Мен жастарға сенемін» деген мәдени-жәдігөйлік сөзді қайталай береді. Ал келешекке, жас ұрпаққа сену үшін бүгінгі ағабуын, бүгінгі атабуын жастардың санасына қазақы ұлттық құндылықтарды, ұлттық рухани қазынаның ешкімдікінен кем емес, қайта көп жағдайда артық екенін айтып, сіңіріп, ұғындырып отыруы, соны қолға алуы керек.
Бұл үшін, яғни жастардың ел болашағы екеніне сенімді болу үшін оларға ұлттық бағыт-бағдар, ұлттық тәрбие беретін үлкен бір жоба ашу керек. Ол жоба қысқаша:
- Ең әуелі ана тілін қадірлеуге, бір-бірімен ана тілінде сөйлесуге үйрету, тіпті ана тілінде сөйлететін қажеттілік туғызу.
- Ең әуелі ата-бабаның ғасырлар бойы қалыптасып, патшалық һәм кеңестік Ресейге бодан болған дәуірде жойылуға айналып, бүгінде жұрнағы ғана сақталған дәстүрін, салтын-әдет-ғұрпын, үрдістерін сақтауға жастайынан баулу;
- Қазақстан ең әуелі қазақтың елі, қазақтың жері екенін қазақ жастарының да, осында тұратын басқа ұлт жастарының да санасына сіңіру.
- 80 пайызға жуық қазақ және тілі, діні бір ұйғыр, өзбек, татар, әзербайжандар тұратын Қазақстанды көп ұлтты деп жариялауды тоқтату. Өйткені 400-ден астам әртүрлі ұлт тұратын Ресей басшылары да, қарапайым орыс та Ресейді «многонациональная страна» дегенді айтпайды. Бұл – орыс елі дейді. Ол аз болғандай «Россия – только для русских» деген сөзді ақпарат құралдарында кейбіреулерге әдейі айтқызып қояды.
- Ұлттық тәрбиені сабақ ретінде мектептерге енгізу.
- Телеарналардағы Ресейден келетін ұлттық жаратылысымызға қайшы ақпараттарға, әсіресе жалаңаш-жалпы адамдарды көрсететін, кісі өлтірушілер мен әртүрлі хайуандыққа толы жын-жыпыр, азғындық, кинофильмдерге тыйым салу.
- Шетел музыкасын жаппай уағыздауға тыйым салу.
Қанша айтсаң да келеге келуден қалған тағы бір қасірет бар. Ол – шет жұрттан келген миссионерлер ұлттық намыстан мақұрым қыз-жігіттерімізді өз дініне оп-оңай «үйіріңмен үш тоғыз» деп кіргізіп жатқанына не билік тарапынан, не діни басқарма тарапынан пәрменді күрестің жоқтығы. Қазір жат дінге өтіп кеткен қазақ жастарының саны миллионнан асып кетті. Оны айтасыз-ау, әлгі орамал тартқан қыз-келіншектерге қысым жасауды айтпағанда, еліміздегі терроризмге қарсы күрес дегеннің өзі көп ретте ислам дініне қарсы күреске ұқсап тұрған сияқты көрінеді. Осыған қарап біздің жоғарғы жақта мұсылманға, ислам дініне қарсы және кейбір шет елдіктермен байланысы бар әлдебір жасырын қызмет ететін күштер жоқ па деген де күмәнға берілетініміз рас. Әйтпесе, жүздеген, мыңдаған қыздарымыз бен жігіттеріміз басқа дінге көшіп, жан-дүниесінде ұлттық нышан, белгі қалмай бара жатқанын көре тұра көрмеген болып, «Біз жастарға сенеміз!», «Жастар біздің болашағымыз» деу – барып тұрған қылмыс емес пе?! Әлде бұл сөздің аржағында «бұл тек қазақтың елі емес, алдағы уақытта мұнда ұлты 140 ұлтпен мидай араласып кеткен дүбәралар елі орнайды, олардың ұлты «қазақстандық» деп аталады» деген саясат жатыр ма? Асыра айтсақ, Алла кешірсін!
Атақты жазушы М.Горькийдің артында
«Кітап оқуды қойған адам – ойлануды қойған адам», –
деген сөз қалған екен. Қазіргі қазақ жастары – кітап оқымайтын, өздері де ешнәрсе жазбайтын жастарға айналды. Демек, біздің еліміз кітап оқымайтын, тек детектив және сексфильмдер көретін, казинолар мен ойын автоматтарының, түнгі клубтардың еліне айналғаны ма? Қазақстанның бас қаласы Астана көшелерінде қазақша газет-журнал емге жоқ. Оның есесіне дүңгіршіктер толған Ресейдің газет-журналдары. Кинолар әлі де орыс тілінде түсіріледі. Қазақ жастары көретін «Жаужүрек мың балада» 16 жастағы қыз ХІХ ғасырда ата-анасының оң жағында отырып екіқабат боп қалады, Жетіқараңғы түнде айдаладағы бір жусанға қарап, қай ауыл қай жерде екенін білетін қазақ шалы «Шал» деген фильмде ауылдың сыртындағы сідікшаптырым жерге шығып, қойларымен бірге адасып кетеді. Телеарналардағы «Жаңалықтардан» еститінің сәбиді зорлаған педофилдер мен асылып өлген, өзін-өзі өртеп не көп қабатты үйден секіріп өлгендер. Рас, теледидардан ара-тұра жастар тәрбиесі деген сөздерді де естіп қаламыз. Қош, делік! Бірақ бізде бүгінде жүріп жатқан жастар тәрбиесі ұлттық, яғни қазақы тәрбие емес. Ол – конгломераттық, яғни дүбәралар өсіретін тәрбие. Әртүрлі жастар ұйымдарының қазақ мәселесін, дініміздің, тіліміздің мәселесін қозғап, ата-баба дәстүрін, ұлттық ойын-сауықтарымыз бен ұлттық мейрамдарымызды көркейтейік деген іс-шараларын көрген емеспіз. Теледидардан «Біз – еліміздің болашағымыз, Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің қатарына қосылайық немесе қосылуға жақындап қалдық» деп мойнына көк шүберек байлап, қолдарына көк жалауша ұстап шуылдап тұрған, сенбілікке шығып көше тазалап жүрген немесе «Астана – жас қала», «Арман қала», «үйлері зәулім көкке бой көтерген сұлу Астана» деп хормен ән салып тұрған бір топ жасты көрсету – ұлттық тәрбиені, ұлтымыздың ертеңгі елтұтқаларын даярлау емес. Қысқасы, «Мен жастарға сенемін», «Жастар – біздің болашағымыз» деп жалаң ұран тастау – ұлттық тәрбие емес. Бұл – әншейін, өз басындағы міндетті жастардың өзіне, сосын келер күнге аудара салу ғана. Иә, бір ұлт жер бетінен жойылар кезде ең әуелі оның жастарының тілі шұбарланады, сосын олар өз тілінде сөйлеуді мүлде тоқтатады, ұлттық салт-дәстүрден мақұрым болып, ұлттық намыс деген не екенін білмейтін болады. Бүгінгі қазақтың жағдайы дәл осыған жетті дей алмаймыз.
Бірақ ылғи тәуба мен шүкір дей беру адам баласын бейғамдыққа, самарқау самсоздыққа, енжарлыққа әкелетіні тағы бар.
Мен хауіп еткеннен айтамын,
Кешегі туған баланың
Ұстай ма деп білегін,
Шая ма деп жүрегін,
Адыра қалғыр заманның
Мен жаратпаймын сүреңін, –
деп Мұрат қасқа Мөңкеұлы айтқандай, айналада болып жатқан, әсіресе жастар арасындағы небір сүреңсіз жағдаяттарды көрген сайын қазағымның «жамандықты бұрын ойла» дегені тағы да еске түсіп, соның бәрі менің қарабасымның шері емес, қазақтың ұлттық шеріне айналмаса екен деген ой ғой біздікі.
Мырзан КЕНЖЕБАЙ
ПІКІРЛЕР1