ЫБЫРАЙ ӨЛЕҢІН НЕГЕ МӘШҺҮР ЖҮСІПКЕ ТЕЛІП ЖҮРМІЗ?
Ыбырай Алтынсариннің «Жаз» өлеңі оның төл туындысы ретінде 1879 жылы Орынборда шыққан «Қазақ хрестоматиясына» енгізілген (Киргизская хрестоматия. И.Алтынсарин. Книга первая – Оренбургъ. Типография И.И.Ефимовского-Мировицкого, 1879 г. 78-б.). Ал бұл өлең 2014 жылы – Алматы: «Өлке» баспасынан шыққан шығармалар жинағында «Жаздың сөзі» деген атаумен Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлына телініп кеткен «Шығармалар жинағы» Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. –Алматы: «Өлке» баспасы, 2014. 22 б.). Біз жинақты құрастырушы филология ғылымының докторы, профессор Жүсіп Нартай Қуандықұлына хабарласып, осы өлең жайында мәлімет беруін сұрадық. Нартай Қуандықұлы 2013 жылы Павлодарда Мәшһүр Жүсіптің 20 томдық шығармалар жинағы жарық көргенін, ақынның бұрын басылған таңдамалысының бірінші томына – Алматы, «Ғылым», 1990 ) енген шығармаларын қайта толықтырып, бұрын жарық көрмеген тың туындыларының енгізілгені жайында айтты. Жиырма томдық еңбекке де Ыбырайдың осы өлеңі «Жаздың сөзі» деген тақырыппен Мәшһүр Жүсіптің шығармасы ретінде де енген екен (Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. «Шығармалары». 20 томдық шығармалар жинағы. – Павлодар: ЭКО, 2013. 4-том.102 б.). Өлең соңында 1885–1888 жж. деп беріліпті. Түсінгенім, өлең осы көрсетілген жылдарда жазылды дегені болуы керек. Ыбырайдың «Жаз» өлеңі 1879 жылы «Қазақ хрестоматиясына» енгені жайында жоғарыда айттық. Мәшһүр Жүсіптің шығармалар жинағы соңындағы түсініктемеде: «Жаздың сөзі». Бұл туынды жақында ғана (27 сәуір, 2004 жылы) қолымызға тиген Мәшһүр-Жүсіптің ертеректе жазған өз жазбасы бойынша әзірленді…. Осы орайда бұдан былай – әулеттік мұрағат: Мәшһүр-Жүсіп, 11-папкадан дегеннің бәрі сол 27 сәуір, 2004 жылы Павлодар облысы, Баян селосының тұрғыны Садықұлы Кенжебектен алынған мәтіндердің бір папкаға, яғни 11-папкаға салынғанын танытатынын ескертеміз. (Тап осы өлең 11-папка, 12–13-бетінен алынды). Ал Кенжебек Садықұлына бұл мәтіндер қалай жеткен десек, ол әкесі Садық Сапабекұлынан қалғанын мәлімдеді. Сол қалашық тұрғыны Төлепберген Алдабергенов деген ақсақал «бұл мәтіннің иесі бұрын Мәшһүр-Жүсіп атқосшысы болған Иманғали Маненов еді, Садық сол Иманғалидан алып еді» дегенді айтады» деп жазылған.
Табиғат лирикасы тақырыбына жазылған бұл өлең екі ғасырға жуық ел арасында да, жазба әдебиеттерде де Ыбырайдың өлеңі екендігі айтылып та, жазылып та жүр. Жазба әдебиеттің негізін салушы Ыбырай Алтынсариннің өлеңдері қазақ ақындарының қолжазбасында кездесетіні жайында деректер бар. Ыбырай жайында зерттеу мақала жазған Мұхтар Әуезов: «Қазір сол Ыбырайдың еңбегі, өмірі жайында Қазақ ССР Ғылым академиясының арнаулы сессиясы өтіп жатқан кезде, біз бала күнімізде Ыбырай шығармасымен ең алғаш танысқан шақтарымызды еске ала кетуге болады. Ең алғаш Абайдың қолжазбасымен шала хат танитын бала күйде танысқанымызда Мүрсейіт молда жазған қолжазба кітапты – түгелімен Абай кітабы деп білуші едік. Шетінен бастап, жаттауға кірісіп едік. Сонда «Сәуірде көтерілер рақмет туы» деген өлең мен «Араз бол кедей болсаң ұрлықпенен» деген өлең Абай кітабының ішінде бірге жазылған екен. Сол шақта Абай, Ыбырай бір адам шығар деп ойлаушы едік. Екеуінің қазақ аулындағы көктем жайында жазғандарын оқып отырсаңыз, шынында, бір ақындық мектептің, бір түрлі ақындық дәстүрдің үлгісін көресіз және екеуі де бұрын қазақ жазбаған өлеңді жазған… Абай Ыбырайды жақсы білген. Кейін Абайдың өзі қадірлегендіктен Абайдың қолжазбаларының ішіне Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларынан жасалған аудармалар қоса кірумен бірге, Ыбырай өлеңдері үнемі бірге көшіріліп, жазылып жүруші еді…» — дейді.
(М.О.Әуезов. Уақыт және әдебиет, –Алматы, 1962, 317-б.).
Мұхтар Әуезовтің осы айтқаны сұрағымыздың түйінін шешіп беріп тұр деуге болады. Ыбырай шығармаларының тілін зерттеген лингвист ғалым Секерхан Хасанова да: «Шынын айтсақ, Алтынсариннің кейінгі ұрпаққа қалдырған өлең, мұралары аққұла түзетулерге түскен, түпнұсқасы өңі айналған түрде кездесе береді. Оның еңбектері қолжазба күйінде қалмады, негізінен, баспа жүзін көрді, оқулық ретінде өз халқы пайдаланды» – деп жазады.
(С.Хасанова «Ыбырай Алтынсарин шығармаларының тілі». – Алматы: «Мектеп» баспасы, 1972. –120 б.).
Мәшһүр Жүсіп те Ыбырайды шығармасы арқылы білген. Ыбырай мен Мәшһүр Жүсіптің арасындағы тілдік сабақтастық жайында зерттеу жүргізген Секерхан Хасанованың сөзімен айтар болсақ, «Ақынның халықты оқуға шақырған, мазмұнды өлең-жырларында Ы.Алтынсарин қолданған сөздерді сол мағынада актив қолданғанын байқау қиын емес». Мәшһүр Жүсіп тілінің ерекшелігі мен дара стилін танытар өзіндік сөз қолданыстарын зерттей келе ғалым: «…Ыбырайдан бата алған ізбасарлары қазақ тілін қолдануды талап етті, қолданғанда да таза қолдану мәселесін күн тәртібіне үзбестен қойды, бұл істе Ыбырай мен Абайды үлгі тұтты, өздері де қазақша келісті сөйлеу үлгісін көрсете білді. Қазақ тілінің табиғи ішкі заңдылықтарын сақтау мәселесіне келгенде, олар, біріншіден, Ыбырай жазған оқу құралдарын әркез алға тартты, екіншіден, ақын-жазушылардың қазақша сөз саптау дәстүрін жалғастыра білді…» деп жазады. (Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин музейінің мұрағаты, Секерхан Хасанованың «Ыбырай Алтынсарин мен оның шәкірттері, ізбасарлары арасындағы тілдік сабақтастық» еңбегінің қолжазбасы 154-бет).
Осы деректерді негізге алсақ, «Жаз» өлеңінің авторы Ыбырай Алтынсарин екеніне күмән қалмайды. Аталған туындының Мәшһүр Жүсіптің қолжазба жинағында жүруі де таңғаларлық жайт емес, себебі ол Ыбырайды білді, үлгі тұтты. Алдағы уақытта жинақ шығарушылар жоғарыдағы ақын шығармаларының авторлығына қатысты деректермен де санасып, ұқыптылықпен қараса, нұр үстіне нұр болар еді.
Салтанат ӨТЕЛБАЕВА,
Қостанай облыстық
Ыбырай Алтынсарин
мемориалдық музей басшысының
ғылыми жұмыс жөніндегі
орынбасары
ПІКІРЛЕР4