Татулық пен елдіктің мерекесі
Қазақ хандығының 550 жылдық тойы өтіп жатқан дүбірлі мерекеде ұлт зиялылары мен ақын-жазушылардың ортасында жүріп, сұхбаттас болдық. Бәрінің айтары бір: «Бұл той – тарихын тереңнен алған мемлекет екенімізді танытқан, халықтың рухын көтерген, қалғып бара жатқан сананы сілкінткен мереке ғой!..». Кешкі басқосулардың бірінде жазушы Бексұлтан Нұржеке-ұлы: «Мемлекеттік мүдде жолында Керей мен Жәнібек елді ынтымақтаса басқарды. Бірі таққа отырғанда екіншісі оның тағына көз алартпады, татулықты сақтады. Өзге елдердің билеушілері таққа таласып, ел ішін ырың-жырыңға айналдырып жатқан тұста, Керей мен Жәнібек ел іргесін бүтіндеп алды. Ішкі алауыздықтың ел тыныштығын бұзатынын ұқты, мемлекет тұтастығы үшін татулықты, бірлікті сақтай білді. Бізге осы мінездері үлгі», – деген еді. Иә, тақ пен туыстық таразы басына түскенде алғашқысының салмағы ауырлап кете беретін аласапыран заманда, мансап қумай-ақ, ел бүтіндігі үшін туыстық, татулық тілеуінен айнымаған мысалдар бізде жетерлік. «Тарихи жазбаларда Үгедей хан сырқаттанғанда кенже інісі Төле айналмақ рәсімін жасап, соның жолында өзін құрбандыққа шалғаны туралы айтылады», – дейді «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» энциклопедиясының 1-томында. Мемлекет бүтіндігі, ұлт тұтастығы жолында хан ел үшін басын бәйгеге тіксе, хан айналасындағылар ұлт тұтастығы үшін хан жолында құрбан болыпты.
Қазақ – тарихын қадірлей алатын ұлт екенін Тараздың дүбірлі мерекесі тағы бір дәлелдеп берді. Керей мен Жәнібек туын тіккен өңірде «Қазақ хандығы» монументінің ашылуы – бабалар аманатына адалдық, үлкен құрмет. Монумент айналасында абыр-сабыр болып жүрген – немересін арқалаған ата-әже, баласын жетелеген ата-ана, той қарсаңында басы қосылып, шығармашылық және еңбектегі жаңалықтарымен бөлісіп, қауқылдаса қалған зиялылар тобы, студенттер, оқушылар – Тараздың шуағы ерекше. Көпшілік жүздерінен айрықша жылылықты байқар едіңіз. «Біз кеше ғана құрылған халық емеспіз. Сонау сақ пен ғұндардан, Түрік мемлекеттерінен, одан бергі Алтын Ордадан қалған, Керей мен Жәнібектің соңынан еріп Шудың жағасында ту көтерген елміз. Қазақ сөзі сол кездерде шыққан болатын. Тарихымызды бүкіл әлем білсін, келер ұрпақ танысын деп осыны жасап отырмыз». Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тараз тойында, «Қазақ хандығы» монументінің ашылу салтанатында осылай деп сөз сөйледі.
Білетіндер бұл тойға әлемнің 17 мемлекетінен арнайы қонақтар жиылғанын айтып жатты. Дүниежүзінің ең ірі деген телеарналары осы күні Тараз маңындағы дүбірлі тойдың хабарын таратты. Бұл тойда түрлі мерекелік шаралар аталып өтті. Мәселен, «Қазақ хандары» энциклопедиясының тұсауы кесілді. «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы ашылды. Көне қаланың орнын тамашалап жүріп, сонау ерте заманға өтіп кеткендей күйге енесің. «Мыңбұлақ» сквері «Мыңбұлақ» жайлауын, Шолу мұнарасы ескі шаһарды көз алдыңа елестетеді. Мұнара жұмысы толық біткен соң, биігінен қарағанда Тараздың көрікті жерлері түгелдей көрінетін болады десті мамандар. Кешен аумағына қойылған «Домбыра» стелласы – қазақ рухының асқақтығын паш етіп тұрғандай…
Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында тойға тарту ретінде еліміздің әр өңірі Тараздағы түрлі нысандардың құрылысын жүргізуді өз мойындарына алды. Тараздың шығыстық сәулет өнері өрнегінде жаңартылған оюлы оңтүстік қақпасын Оңтүстік Қазақстан облысы толықтай жаңартып берді. «Тараз» қонақүйінің алдына орнатылған скверді жаңалау жұмысын Маңғыстау облысы жүргізді. Батыс Қазақстан облысы «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығындағы «Мыңбұлақ» скверінің құрылысын жасады. Ал Қызылорда және Қостанай облыстары бірігіп, «Қарахан» кесенесі маңына сквер орнатты. Нәтижесінде, қаланың Төле би даңғылының бойында көрікті демалыс орны бой көтерді. Атырау облысы Тұңғыш Президент саябағының қарсы бетіне сквер орнатты. Соның ықпалымен, «Астана» ықшамауданының аумағы гүлдей құлпыра көркейген. Сквер аумағында 2 субұрқақ, сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтары демалуға арналған құйматас жолдар мен орындықтар орнатылған. «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығындағы дуал және кіреберіс арканы орнату жұмыстарын Алматы қаласы қолға алды. Жамбыл даңғылы бойындағы көпір өткелін безендіру жұмысын Ақтөбе облысы мойнына алды. Ал автобекет аумағынан сквер орнату жұмыстарын Солтүстік Қазақстан облысы жүргізді. Тараздың Тәуке хан көшесіндегі көпір өткелін абаттандыру жұмысын Павлодар облысы жасады. Жолға жаңа асфальт жабыны төселіп, жақтаулары ауыстырылды. Көпірдің қос қапталына қыран мен барыс бейнелері орнатылды. Бұл қазақтың ұлттық нақышы іспетті қаланы одан бетер айбаттандыра түскен.
Алматы облысы Тараз қаласының көрнекті орындарының бірі – Жамбыл алаңын абаттандырып, тарихи тақырыптағы екі барельеф орнатқан. «Бұл алаңды абаттандырып, ескерткішке қайта өң беру – Алматы облысының хандықтың тойына қосқан сыйы. Жамбыл аллеясын қайта жаңғырттық. Ескерткішті күрделі жөндеуден өткізіп бердік. Бұл жетісулықтардың Жамбыл Жабаевқа көрсеткен ерекше құрметі деп қабылдаңыздар. Алматы облысы кәсіпкерлері аллеяны жаңғыртуға 75 миллион қаражат бөлді. Ескерткіш маңайын да абаттандырып, екі барельеф салып бердік. Ескерткіштің оң жағында бұрын ескі базар болатын. Сол базардың көрінісі алаңның көркін бұзып тұрған еді. Базарды көрсетпеу үшін арнайы барельеф жасалды. Тараз қаласының әкімімен бірлесіп, той қарсаңында аллеяның ресми ашылуын өткіздік», – дейді Қазақ хандығының тойына Алматы облысының өнерпаздары мен әнші-жыршыларын қоса алып келген Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев.
Дүбірлі мерейтой барысында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ерлік арқауы, елдіктің бастауы – Қазақ хандығы» атты жазба жас ақындарының республикалық жыр-мүшәйрасының қорытындысы шығарылды. Үшінші орынды Айжан Тәбаракқызы, екінші орынды Бақдәулет Әбдрашит алды. Ақын Мирас Асанғазы бірінші орынды иеленді. Мүшәйраның бас жүлдесін Ерлан Жүніс «Нараду» поэмасымен қанжығалады. Ерланның поэмасын аға буын ақындардың өзі ең сәтті туындыға балап жатты.
Хандықты жырлауды мақсат еткен айтыс та, аламан дода да, білегі мен жүрегі мықты балуандардың күресі де, сән-салтанаты жарасқан тарихи қойылым да, көшпелі жұрттың көзіндей болған көшпенділер мәдениеті де тойдың даңқын аспандатты. Алайда, тарихи көркем шығармалар тудырған қаламгерлердің көбінің жұртшылықпен кездесу өткізуге мүмкіндігі болмады. Биыл туғанына 100 жыл толу мерейтойлары қатар келген, Қазақ хандығын, ұлт тарихын көркем шығармаларына арқау еткен, сөйтіп Кеңестік солақай саясаттың соққысын аяусыз көрген Ілияс Есенберлиннің оқулары ұйымдастырылып, қазақ хандарын зерттей жүріп, шындықты айтқаны үшін түрмеге «тоғытылған» аса көрнекті ғалым Ермұхан Бекмахановқа арналып түсірілген Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат» фильмі көпшілік көрермен назарына ұсынғанда тойдың салтанаты арта түсер ме еді деген ой келді, бабалар рухына тағзым етіп жүріп.
Не десек те елдік пен татулықты ту еткен мұндай ғаламат той қазақ халқын өткені мен тарихына жақындастыра түскені сезіледі…
Өз тілшіміз.