«Ерлікке тағзым – елдіктің белгісі»
3 мамырда Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Ерлікке тағзым – елдіктің белгісі» атты көрме мен дөңгелек үстел өтті.
Ұлы Отан соғысы – Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында КСРО-ның басқа республикалары сияқты Қазақстан да жеңіске жету үшін барын салды. Елімізден майданға 1 миллион 200 мыңнан астам жауынгер, 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық жеке полк пен батальон жұмылдырылды. Бес жүзге жуық қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алса, оның 142-сі – Даңқ орденінің кавалері.
Көрмеде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі қорынан С.Нұрмағамбетов пен Р.Қошқарбаевтың фотосуреттері, архивтік құжаттары, жеке заттары, сонымен қатар қару-жарақтар, дивизия тулары, ҰОС ардагерлерінің ордендері, медальдары, хаттары көрсетіліп, Астана қаласының Мемлекеттік архивінен құжаттар қойылды.
Басқосуға мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері мен армия генералы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық колледжінің студенттері қатысты. Дөңгелек үстел барысында Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов пен Рейхстагқа Жеңіс туын алғашқылардың бірі болып тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың өмірі мен ерліктері туралы айтылды.