Татулық тірегі – тіл
15.03.2025
424
1

Абай облысының ұлылар елі деп аталатын Абай ауданын, соның ішінде, кеңес заманында Семей атом полигонының нақ іргесіндегі Дегелең тауының етегіндегі қасиет­ті де қасырет­ті Саржал ауылын ежелден тұтасымен жергілікті халық мекен ететін-ді. Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы жылдарында сол ауылға Еділ бойын­дағы немістер жер аударылып келген еді. Алғашқыда жергілікті тұрғындар оларға үдірейіп қарағанмен, көп ұзамай-ақ амалсыздан өз орталарына кеп қалған түрі де, тілі де бөлек ұлтқа түсіністік танытқан.
Шындығында, ұлт­тың жаманы жоқ демекші, бұлар өзі артық сөзге жоқ, іске мығым жандар болып шықты. Ең бастысы сол, тез арада тілді, ал одан ке­йінгі жерде жергілікті халықтың салт-дәстүрін де меңгеріп алған. Соған орай кең қолтық қазақ оларға да қонақжайлылық танытып баққан. Өзімізбен бірге оқыған Иоханның, ал оның әкесі Манавелдің немісше ныспысы Иоганс, Имануэль екенін ке­йінде білдік. Сонда деймін-ау, олар менің атым шындығында, былай ғой деп жатпайтын. Жарты ғасырға жуық Саржал өңірін жайлаған солардың ұрпақтары қазақ мектебінде оқыды. Жай ғана оқыған жоқ, сондағы қазақ мектебін алтын медальға бітіргендері де болды. Әлгі неміс жұртының өкілдері тіптен де қазақиланып кеткені соншалық, солардың ішінен бие байлап, қымыз ашытып ішетіндер де шықты. Мұндайда өз тіліңде сөйлеп, ұлт­тық асыңның қадіріне жете білген жандарды кім өзекке тепсін! Басқасын айтпағанда, ке­йін олардың ата жұрт­тарына көшіп кеткенмен кешегі дәмін татқан елмен хабарын үзбегенін, тіпті қайсыбірінің осы жаққа ара-тұра келіп қайтып жүргенін қайтерсің! Татулық тірегі – тіл деп жатқаным сол. Қазірде алыста жүргенмен сол ағайындардың біздің әз Нау­рызымызды, Қазақ­станның Тәуелсіздік мерекесін өздерінше тойлап жататынын интернет арқылы көргенде, жүрегіңе нұр құйылып, қазақ екеніңе мақтанып, шат­танасың! Сондай құрмет­ті Қап тауына, өз елдеріне көшіп кеткен шешен және басқа халықтар тарапынан да сезіліп қалып жатады.
Осындай жарқын мысалды еліміздің басқа өңірлерінен де көптеп келтіруге болады. Айталық, менің қайын жұртым болып табылатын Жетісу өңіріндегі Арасан ауылында жергілікті халықпен бірге ежелден орыстар мекен етіп, бірге жасасып келеді. «Орыс балаларымен бір ғимарат­та бірге оқыдық. Олар орыс сыныбында оқығанмен қазақшаға жүйрік болатын, – дейді Құдай қосқан қосағым, – көршілермен де ешқашан түсінбеушілік орын алған емес. Олардың үйіне бас сұқсақ, біз құрт-ірімшігімізді ала баратынбыз. Көршілер болса жеміс-жидегін беріп жататын-ды. Мына бір оқиға есімде қалып қойыпты. Біздің мектепті үздік бітірген бір орыс қызы Мәскеуге барып оқуға түсіп, ақыр соңында сол жақта тұрмысқа шығып, қалып қойды. Сонсоң елде жалғыз қалған шешесін Мәскеуге шақырмай ма! Сонда байғұс анасы «ол жаққа барсам, ке­йін мен өмірден өткенде өртеп, сүйегімді күлге айналдырады ғой», – деп қат­ты уайымдаған еді. Ақыры ол қазақтың кең байтақ даласын қимай кете барған».
Өзара татулық, сыйластыққа және бір мысал келтіре кете­йін. Айталық, өсіп- өнген Шайжүнісовтер әулеті тек семейліктерге ғана емес, бүкіл ел көлемінде танымал. Осы әулет­тің тұтқасы болып табылатын Жақия ақсақал кезінде Көкпекті ауданындағы жетім балалар үйін басқарды. Білім, тәрбие саласындағы ұзақ жылғы еңбегі жанып, Социалистік Еңбек Ері атанды. Құдай қосқан қосағы Шура апай да еріне септесіп, жетім балаларға ерекше қамқорлық таныта білді. Ке­йінде сол жетім балалар мектебінің түлектері бұларды бағып, қаққан ата-аналары санап, іздеп келіп жататын көрінеді. Жасында өзі де қазақ ортасында өскен Шура апай өз балаларының ұлт патриоты­ болып өсуіне де ықпал ете білді. Сол себептен де бұл әулет­тен аудан, қала, облысты басқарған, Республика Мәжілісінің депутаты болған Мәркен Жақияұлы секілді ұлт намысын жоғары қоя білген азамат­тар шықты. Қызық болғанда Шура апай өзі орыс бола тұрып, қазақ келіндерінің бірі туралы «бұл қарағым орыс мінезді» дейтін көрінеді. Ал бұл дегеніңіз, өз ортаңа орай тіл мен ділді жүрегіңе жақын қабылдау­дың жарқын мысалы емес пе!
Татулық тірегі тіл деп жатамыз ғой. Бұдан шығатын қорытынды қандай? Жасырып, жабатын несі бар, ана бір жылдардағы еліміздегі ұлтаралық қақтығыстарға қайсыбір ұлт­тардың томаға-тұйық өмір салты бірден-бір себеп болды ма деймін, яғни сенің тіліңді, салт-дәстүріңді білмейтіндер кіші Отан деген ұғымды да түсіне алмағаны шындық. Соңғы бірер ғасырда тізерлеп қалған түрік халқының еңсесін көтере білген Ататүріктің ұлт­тық саясаты бізге де керек сияқты, яғни ол «сен түрік болып туғаныңа қуана біл» деп өз ұлтының намысын оятқан еді. Мұны бір десек, екіншіден, ол басқа халық өкілдеріне: «Біздің тілді білсең, бізбен мәңгі біргесің», – деп талап қоя білген-ді.
Жә, тіл бірлігіне қатысты өзімізге келіп тірелетін басқа да өкінішті жайлар да баршылық қой. Мәселен, соған орай, жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбайдың айт­қан бір мысалы да көңілімде қалып қойыпты. Ертеректе ол орыстілді жазушы деп саналатын Әнуар Әлімжановқа: «Ке­йінгі кез­де қазақтар жүз, руға бөліне бастады» деп өз уайымын жеткізсе, Әнекең: «Сен соған уайымдасаң, мен ке­йінгілер қазақтар мен шалақазақтар болып бөлініп кете ме деп уайымдаймын», – деген екен.
Жуырда ғана жоғарғы шенді қазақ генаралы өзіне «ана тілінде сөйлемейсіз бе?» деген журналист әріптесімізге «қай тілде сөйлеуді өзім білемін» деп дүрсе қоя берді. «Мен қауіп еткеннен айтамын» деп Мұрат ақын айтпақшы, тіліміз түзелмей, діліміз түзеледі деп айта алмаймын. Біреулер үкімет қазақша сөйлесе, бәрі орнына келеді дейді. Ол да жөн сөз шығар! Солай дей отырып, «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп әйгілі Әуезов айт­қандай, басқаға үлгі көрсетеміз десек, оны, ең алдымен, өзімізден бастағанымыз жөн-ау! Сағызша созылып келе жатқан осы мәселеге қашан нүкте қойы­лар екен, шіркін!..

Дәулет Сейсенұлы,
Абай облысы

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 30.03.2025 | 03:41

Жарты айдан бері бұл газетке ешкім мақала жазбаған ба Әкімдердің «соғымын» жеп жаман үйренген екен мына «шимайбектер»

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір