ТАТУЛЫҚ ПЕН ТАҒЗЫМ
02.04.2026
8
0

1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Алматы қаласы кітапханалар жүйесіне қарасты «Alatau Creative HUB» кітапханасында «Татулық – мәңгі тағзым» атты мәдени-сыйластық сырласу кеші ұйымдастырылды. Тағылымды іс-шараның басты мақсаты – ел бірлігі мен ұлттар достығын дәріптеп, ризашылық пен құрмет құндылықтарын кеңінен насихаттау.
Кешке Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының кеңесшісі, жазушы Авут Масимов және дәстүрлі әнші Бауыржан Құмарбеков арнайы қатысып, көпшілікпен тағылымды ой бөлісті. Қонақтар татулық пен келісімнің қазақ халқының сан ғасырлық өмір салты мен рухани құндылықтарының негізі екеніне тоқталып, ел ішіндегі тұрақтылық пен бейбіт өмірдің маңызын атап өтті.
Шара барысында жиын қонақтары көпұлтты Қазақстан халқының бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп отырғаны, кеңпейілді қазақ елінің дарқан мінезі туралы әңгімелеп, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі жолындағы игі бастамаларға ризашылық білдірді. Сонымен қатар оқырмандарға тәулік бойы қызмет көрсетіп, рухани дамуына мүмкіндік жасап отырған кітапхана басшылығы мен ұжымының еңбегін ерекше атап өтті.
Мәдени кеш әсем әнмен әрленіп, жырмен көмкерілді. Еркін микрофон алаңында жастар өздерінің ата-анасына, ұстаздары мен жақын жандарына жүрекжарды алғыстарын арнап, шараның мазмұнын тереңдете түсті.
Тағылымды кездесу қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, өзара сыйластық пен ризашылықтың қоғамдағы орны ерекше екенін тағы бір мәрте айқындады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір