Асылын аялау – елдіктің белгісі
09.08.2024
341
0

Соңғы жылдар мұғдарында әдебиет пен өнер саласында біраз айтулы саңлақтарымыз еліміздегі ең жоғары мәртебе– «Қазақстаннның Еңбек Ері» атағымен марапатталды. Бұл дегеніміз – ұлт мәдениетіне көрсетілген ізгілікті ілтифат, үлкен құрмет, мерей тасытқан масатты құбылыс екені даусыз. Әркім еңбегіне қарай ардақталып жатса, одан артық қандай мәртебе болмақ.
Әйтсе де, әр нәрсенің өз жолы, жөн-жосығы болатынын ескерсек, жоғарыдағы мерейлі атаққа лайықтының лайықтысы, ең бірінші кезекте аталуға тиісті аса көрнекті тұлғалардың кейбірі көзден таса, ықыластан шетқақпай қалып келе жатқаны көңіл қынжылтады. Соның бірі – қазақтың қайсар қызы Бибігүл Иманға­зина (суретте). Бұл апамызды заманымыздың феномені десек те болады. Өмірімен де, еңбегімен де өнеге боп келе жатқан оқшау тұлға, ұрпаққа үлгі болар өнегелі өмір иесі, бейбіт күннің Мәншүгі мен Әлиясы деуге әбден татырлық жан. Оның қаламгерлік жолындағы рухани ерлігін «Құрыш қалай шынықты» романын жазған әйгілі орыс жазушысы Н.Островскиймен салыстырсақ, артық болмас. Қаршадай кезінде қатыгез қанішердің қолынан мүгедек боп арбаға таңылып қалса да, ажалмен алысып жүріп, өзін өршіл рухты тұлға жасады. Тақсыретті тағдырынан «Тау­қымет» атты роман-трилогия, қоғамда етек алып бара жатқан кеселді моральдік-этикалық мәселелерді тереңнен толғайтын «Назым», «Үйіме барғым келмейді» сынды моно-романдар жазды.
Ол – ізгілік мұраттарын ақ қағаздың бетіне қаламмен жазып қана қоймай, айналасына мейірім шапағатын дарытып, қайырымдылықты өз қолымен жасап келе жатқан айтулы қайраткер де.
Асырауында балалары бар, кенеттен мүгедек болып қалған аналардың қасірет-мұңын жан-жүрегімен түсінетін бір кісі мендай-ақ болар деп ойлайтын жазушы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау сәтте мемлекет тарапынан ешқандай жәрдем болмай, қараусыз қалған 217 мың мүгедек ананың басын қосып, 1992 жылы республикалық «БИБІ-АНА» қоғамын құрды. Басындағы жалғыз үйін кепілге қойып, банктен алған ақшасы мен кітаптарынан түскен 20 миллион теңге қаламақысын жылаған жоқ-жітік, мүгедектердің мұқтажына жұмсады. Отыз жылдың ішінде мыңдаған мүгедек аналардың тұрмыс жағдайын жақсартуға жәрдемдесті. Қоғамның тікелей араласуымен көптеген мүгедек ана баспаналы болды. «БИБІ-АНА» қайырымдылық қорының көмегі арқасында мүгедек аналардың тәрбиесіндегі 700-ден астам жасөспірім жоғары оқу орынын тәмамдап, бүгінде еліміздің түрлі шаруашылық саласында табысты қызмет атқарып жүр. Қазіргі таңда «БИБІ-АНА» қоры 30 жылда Қазақстанның бір де бір өңірінде болмаған, мүгедек балаларды оңалту орталығын Ақтөбе облысы Шалқар ауданында салу жобасы бойынша жұмыс істеуде. Осындай жанкешті, ізгілікті еңбегі үшін де ол кісіні республика жұртшылығы баяғыда-ақ «Қазақтың Тереза анасы», «Бибі-Ана» деп атап кеткені баршамызға мәлім.
«Қазақтың Тереза анасы», «Бибі-Анасы» екі жыл бұрын сексен жасқа толды. Біздің таразысы таза билігіміз, өкінішке қарай, былқ еткен жоқ. Бейбіт күннің нағыз батыры – бірден-бір Халық Қаһарманы атануға тиіс апамыздың ерен еңбегі ескерусіз қалды. Әділетті Қазақстанның әділдігі осы болғаны ма? Бар өмірін қайырымдылыққа арнаған әзиз жан – халықтың Бибі-Анасына лайықты құрмет көрсете алмау елдігімізге сын, бетімізге шіркеу екенін бүгінгі билік неге ескермейді?

Т.СӘУКЕТАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір