Тұрсынғали Еділов. Ешкімге керек болмай қалған кездерім де болды…
18.11.2019
1988
0

Ағамен телефон арқылы сұхбатқа келіскенімде, уақытын нақты белгілеуімді және оны өзгертпеуімді сұрады. Әр минуты, сағаты есептеулі екенін айтты. Уақытқа деген құрмет. Менің кейіпкерімнің жетістіктерінің басты сыры да осында болар, сірә? Сонау 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында қазақтың төрт боксшысы бірдей ақтық кезеңге өтіп, оның екеуі чемпион атанып, екеуі күмістен алқа таққан еді. Ал, осынау сайыпқырандардың бойынан жанып тұрған отты көре білген, ел намысы сынға түсер, бүкіл әлем көз тігетін үлкен додаға нық сеніммен таңдап алып барған бірден-бір адам – сол уақыттағы бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Тұрсынғали Еділов болатын.

БЕКЗАТ ПЕН ҰЛЫМ БІР-БІРІМЕН ЖАҚСЫ ДОС БОЛДЫ

Аға, Сидней Олимпиадасында қазақ боксшылары жеңіс тұғырынан көрініп, көк туымызды биікте желбіреткені қай қазақтың да есінде. Өзіңіз сол кездері бокстан ұлттық құраманың бас бапкері болғаныңызды да білеміз. Ел спортына елеулі үлес қосқан талантты жаттықтырушы қазір қайда жүр?

Осыдан үш жыл бұрын Бесағаш ауылында (Талғар ауданы, Алматы облысы) үш қабатты үй салып бітіргенмін. Соның астыңғы қабатынан бокс залын ашып қойдым. Аса үлкен болмағанымен ішіне ринг те, құрал-жабдықтар да сыйып тұр. Қалада бір жерден жалға алып ашайын десең, ай сайынғы төлемі қымбат. Осы бокс залы арқылы жан бағып отырған жайым бар. Жұрт естіп, балаларын алып келіп жатыр. Азғантай ақшасын төлейді. Отбасылық жағдайына қарай тегін жаттығатындары да бар. Таңғы сағат 8-ден 10-ға дейін балалармен айналысамын. Сосын қаладағы спорт мектебіндегі жұмысыма кетемін. Кешкі 5-тен бастап үйде тағы да жаттығу сабағын жүргіземін. Бір жаққа баруға, тіпті, уақыт та жоқ. Шүкір, ісім нәтижесіз емес. Шәкірттерімнің алды спорт шебері атанып, Қазақстан ішіндегі жасөспірімдер арасындағы жарыстарда жеңіске жетіп жатыр.

 – Сіздің өміріңіздегі үлкен белестің бірі – Сидней Олимпиадасы. Бүгінде Олимпиадаға баратын спортшыларға, жалпы, ұлттық құрамаға үкімет бар жағдайды жасап отыр. Сіздің кезіңізбен салыстырғанда айырмашылығы көп шығар?

– Айырмашылығы жер мен көктей. Ол кезде, тіпті, жаттығытын зал да жоқ-тын. Балаларды жарысқа ақшаны өз қалтамнан шығарып алып баратынмын. Басшылар: «Кейін қаржы бөлгенде аласың», – дейтін. Алдым да, бірақ ақша құнсызданған кезде түк болмай қалды. Талай қарызға да баттым. Демеушілік еткен достарым да болды. Балалардың қарны тоқ болуы үшін, оқу-жаттығу жиындарына қалмай баруы үшін талай есікті де қақтым. Вагоннан жүк түсіру керек болса, оны да істедім. Бірде бір шағын компаниядан көмек сұрай бардым. Басшылары: «Бізде ақша жоқ, бірақ макарон бар. Аламын десең, қазір-ақ тиеп береміз», – деді. Қуанып кеттім. Содан бір «КамАЗ» макаронды базарға апарып сатып, 3-4 мың доллар пайда тапқанбыз. Қазір құрамадағылардың жағдайы өте жақсы. Мамандар дұрыс тамақтануларына дейін қадағалап отырады. Біздің кезімізде мұндай кеңшілік болмады. Өз білімімізбен, түйсігімізбен әрекет еттік. Жағдайдың күрделілігіне қарамастан, нағыз спортшыларды жарқыратып шығардық. Олимпиада, Азия ойындары, Әлем чемпионаты – қай сында да топ жаратынбыз.

Боксшы жайдан-жай чемпион бола салмайды. Бәрі де еңбектің арқасы. Ермаханды (Ыбрайымов) алғаш кездестіргенімде түрлі қиындықтарға байланысты спорттан қол үзгеніне бір жарым жыл болған екен. Ол кезде шағын кәсібім бар еді. Жағдайым жақсы болатын. Содан оның жанып тұрғанын көріп, қасыма алдым. Пәтерақысын, бапкерінің ақшасын өз қалтамнан төлеп, қолымнан келгенше көмектестім. Ол уақытта өзімнің бапкерлік тәжірибем жоқ-тын, сол себепті менеджері болдым. Тіпті, жаттықтырушылардың қатарында да болмадым. Спорт саласынан мүлдем жалақы алмайтынмын. Бір жарым жылғы демалыстың Ермаханға пайдасы тиді. Әбден «ашығып», рингті сағынып қалған екен. Іште жиналып қалған дүлей күшпен 1996 жылы Атланта Олимпиадасына барып, қола медаль жеңіп алды. Содан жоғарғы жақтағылар «Ермаханды тауып, жолын ашқан сенсің» деп, мені бокстан ұлттық құраманың бас бапкерлігіне тағайындады. Бұл қызметті алты жыл атқардым.

– Бүгінде Олимпиада жүлдегерлері үкімет тарапынан берілетін сыйлықтардан да кенде емес. Ақшалай сыйлық, автокөлік, үй… Сіздердің еңбектеріңіз қалай бағаланған еді?

– Сидней Олимпиадасында ел қоржы­нына түскен жеті медальдің төртеуі – боксшылардың, қазақтың қарадома­лақтарының еншісінде болғанын білесіз. Сол еңбегіміз жөнді бағаланбады. Бір жағынан, ол кезде үкіметтің жағдайы да мәз емес-тін. Дегенмен 100 мың доллар көлемінде ақшалай сыйлық берді. Ал пәтерді «береміз» деп, ақыры берген жоқ.

Ермахан Атланта Олимпиадасынан қола медаль алып келгенде де ешкім елеген жоқ. «Өзің сұрамасаң, кім өзі біліп береді дейсің?» дегендер де болды. Шындығында, бұны еске алудың да қажеті жоқ, уақыт өтіп кетті. Десе де, чемпиондарды ғана көкке көтеріп, бапкерлердің тасада қалып қойып жататыны көңіліңді түсірмей қоймайды. Қалай болғанда да, спорт комитетінің басшылары өзінің мамандарына қамқорлық жасауы керек. Міне, жазғы Олимпиада өтетін уақыт та жақындап қалды. Ал спорт комитетіндегілер енді-енді ғана жұмыс істеп жатыр. Лицензия алғанда ғана ұмтыла бастайды. Оған дейін тым-тырыс. Бәлкім, лицензия алғандардың орнына оты жанып тұрған басқа бір жасты таңдауға болатын ба еді… Ұлттық құраманы жасақтау деген – өте қиын іс. Сондықтан жаттықтырушылардың жағдайын жасап, командалық жұмысқа тартып, ұсыныстарын тыңдап отыру керек. Мен Сиднейге баратын кезде команданың 70-80 пайызын ауыстырдым. Жасөспірімдер арасынан қостым. «Бұлар бір емес, әлі екі-үш Олимпиадаға барады» деген оймен батыл таңдау жасадық. Жалпы, команданың құрамын ауыстырып тұру керек. Сонда ғана нәтиже болады. Деңгей көтеріледі. Бұрыннан жүрген жасы үлкендер бәрібір сол деңгейінен аса алмайды. Өйткені уақыт өз дегенін алады. Ал жасөспірімдер арасында шиыршық атып тұрғандары қаншама. Мәселен, кешегі әлем чемпионатында небәрі 21 жастағы Бекзат Нұрдәулет атағы аспандап тұрған боксшылардың өзін қиналмай жеңіп, топ жарған жоқ па? Олимпиадаға, міне, осындай балаларды алып бару керек. Олар ештеңеден қорықпайды. Бір жағынан, тәжірибе жинақтайды. Ал жасы келген Закир Сафиуллин, Қайрат Ерәлиевтердің ертең Олимпиадада қандай ойын көрсететінін білмеймін. Негізі, 25 жастан кейін адамның өсуі тоқтайды екен. Кей ауыр салмақтағы боксшылар 27-30 жасқа дейін де күшін жоғалтпайды. Өйткені олар нағыз бабына кеш келеді. Ал жеңіл салмақтағылар 19-21 жасында «пісіп» болады.

– Қазақ спортының көгінен жұлдыздай ағып түскен қайран Бекзатымыз да Сидней Олимпиадасынан маңдайы жарқырап, мәз боп оралған еді. Болмысы бекзат Бекзатымызды әлі күнге дейін жоқтаймыз. Сіз таныған Бекзат қандай еді?

– Бекзат 1998 жылы өз қатарластарының арасынан көзге бөлекше түсе бастады. Содан оны Қазақстан чемпионатына қатыстырдық. Жартылай кезеңде болуы керек, қарсыласынан жеңіліп қалды. Әлі де қалыптаспаған балаң кезі, тәжірибесі де жоқ. Бірақ бойында оты барын байқатқан еді. Еңбекқор болатын. Ел чемпионатында топ жармаса да, құрама командаға шақырдық. Одан кейін ол жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 2-орын алды. Содан бірден ұлттық құрамаға қабылдадық. Ақылды еді. Бәрін білгісі келіп тұратын. Жаттығуларды да беріліп істейтін. Бізді тыңдай білетін. «Қалайда чемпион болам!» деген арманы болды. Ол әрбір жекпе-жегінен кейін жетіле түсті. Олимпиадаға 12 күндей ерте бардық. Сонда айналасындағыларды бақылап жүріп: «Аға, анау Роналдиньо деген футболшы емес пе? Ол да біз сияқты қарапайым адам екен ғой. Біз неге солардай бола алмаймыз? Ал, анау боксшының бізден қай жері артық? Оны жеңуге менің шамам жетеді», – деп өзін-өзі қайрап жүретін.

Сосын бала сияқты тап-таза, ақкөңіл болатын. Адамдармен тез тіл табысып, араласып кететін. Бекзат пен ұлым Әділ екеуі араларындағы жеті жас айырмашылығына қарамастан бір-бірімен жақсы дос болды. Балам құрамадан қалмай жарыстарға бірге еріп жүретін. Бекзатты сондай жақсы көретін. «Бекзат бүйтті, Бекзат сүйтті» деп, не істегенінің бәрін үлкен қызығушылықпен айтып отыратын. Балам жастайынан шетелде оқыған. Ағылшын тіліне жетік. Бекзат шетелге барғанда көшеге шығып, дүкен аралайтын болса, жанында аудармашы болып жүретін.

Спортшылар Олимпиададан келгеннен кейін облыстарды аралап, халықпен кездесулер өткізіліп еді ғой. Бекзат дүниеден өтерінен 1-2 апта бұрын хабарласып: «Аға, шаршап кеттім. Жаттығу қашан басталады? Дайындалсам деп едім», – деген еді. Тосыннан келген ажалы бәрімізге өте ауыр тиді.

– «Бекзат» атты телехикаяны көрдіңіз бе? Көңіліңізден шықты ма? Фильмді түсірушілер сізбен де кездесіп, Бекзат жайлы сұраған ба еді?

– Толықтай көре алған жоқпын. Дегенмен жаман емес. Фильмді түсірушілер менімен де әңгімелескен. Жалпы, телехикаяда Бекзаттың бейнесін ашқан тұстар бар. Соған қуандым.

– Командамен бірге жүргеніне қарағанда, ұлыңыз да спортқа жақын сияқты…

– Ұлым кезінде аздап бокспен айна­лысқан. Қазір АҚШ-та, Калифорния штатында тұрып жатыр. Калифорния политехникалық университетін бітірген. Оқуға өз білімімен түсті. Әкімшілік ісі және бизнес саласы бойынша үлкен бір компанияда қызмет істейді. Бұған қоса, промоутерлік, менеджерлік салаға қызығушылық танытып, Генамен жақын араласып жүр. Өйткені бұл – табысты сала. Хабарласқан сайын мені сол жаққа шақырады. Өзім де АҚШ-қа балаларды алып баруға дайындалып жатырмын.

БАС БАПКЕРЛІКТЕН ӨЗІМ КЕТКЕН ЖОҚПЫН, КЕТІРДІ…

– Ермахан, Болат, Мұхтархандар әлі де «көке»-леп хабарласып тұра ма?

Жігіттердің бәріне де ризамын. Көрген кезде сыйлап, құрметтеп тұрады. Арасында хабарласып та қояды. Мені қынжылтатыны – осы жігіттерге жоғарғы жақтан көмек көрсетіліп, шет елдердегідей өсулеріне жағдай жасалмады. Мәселен, Ресейде Олим­пиада жүлдегерлері Парламентте депутат болып отырады. Өз басым спорт­шылардың билікте жүруін қолдаймын. Өйткені жоғарғы жақта спорт саласының жағдайын білетін, соны ашық айтатын адам болуы керек.

Бізге де неге спортшыларды Қытайдан, тағы басқа жерлерден алып келгенше, өзіміздің чемпиондарымызға қолдау көрсет­песке? Сырттан алып келгендері ақыр аяғында допинг дауына шырмалды ғой. Ал біздің жеңісіміз таза еңбекпен келген еді. Кейбіреулер маған: «Аға, әлі күнге дейін жаяу жүрсіз. Ана мектепте жарты ставка, мына мектепте жарты ставка, екі арада шапқылап не істеп жүрсіз?» – дейді. Сондағы алатын жалақым – 60 000 тг. Тіпті, 200 долларға да жетпейді. Басшылар жағдайымызды жасап қойса, осылай жүрер ме едік?!

 – Бас бапкерліктен неге кеттіңіз?

– Қызметімнен өзім кеткенім жоқ. Ке­тір­ді. «Боссыз», – деді. «Орныңызға басқа адамды қоямыз», – деді.

– «Не үшін» деп сұрадыңыз ба?

– Не себепті екенін іштей білемін. Себеп көп те. Құраманың өз ішінде-ақ бас­шы­лардың құлағына ананы-мынаны сыбыр­лап айтып жүретіндер болады. Содан «команданы дұрыс жасақтамады, біздің шәкірттерімізді алмады» дегендей әңгімелер айтылды. Шынтуайтында, бәрі – далбаса. Мәселе онда емес, басқада. Бұлар – жай ғана себеп.

 Басты себеп не сонда?

– Оны айтқым келмейді.

 – Ол кездегі басшыңыз кім болатын?

– Дәулет Тұрлыханов болатын. Екеуміз дос болғанбыз, туыстығымыз да бар. Әйтсе де, оны кінәлағым келмейді.

 – Біреулердің айтуымен амалы жоқтан босатты деп ойлайсыз ба?

– Ол жағын білмеймін. Әйтеуір, «боссыз», – деді. Болғаны сол ғана. Кейін өзі: «Бекер солай істеппін. Қателесіппін», – деді. Де­генмен ештеңе де бекерден-бекер жасалмай­тынын білемін.

Сол уақыттан бастап құрама команданың деңгейі төмендеп кетті. Біздің кезімізде әлем чемпионы болған балалар Олимпиадада қола медальға да ілінбей қалды.

 Дәулет досыңызбен әлі де араласып тұрасыз ба?

– Иә. Оған деген ешқандай ренішім жоқ. Ол – нағыз спорт жанашыры. Қазақтың мақтанышы. Жақсы азамат. Оның еш кінәсі жоқ деп ойлаймын. Мен оның адамгершілігіне сенемін. Бәлкім, менің мінезімнен де болған шығар. Тік мінезді екенімді жасырмаймын. Ойымды ашық айтатынмын. Мәселен, Сидней Олимпиадасында жеті медальдің төртеуін боксшылар алды. Алайда қаржы бөлінгенде спорттың барлық түріне бірдей бөлінетін. Мен бұған наразылығымды білдіріп, боксқа көбірек бөлінуі керектігін, өйткені оның өсіп келе жатқанын айтатынмын. Адамның еңбегін бағалау керек емес пе? Бәлкім, үкімет солай бәріне бірдей етіп бөлетін шығар. Басшыларға менің айтқандарым ұнамады себебі, оларға шындықты айтқан ұнай бермейді. «Сіздікі дұрыс» деп үндемей жүруің керек. Бәріне бас шұлғып қойып жүре беруге қалай шыдайсың? Жаттықтырушылардың жалақылары аз. Ал жұмыстары шаш етектен. Сол себепті де, істің сапасы жоқ. Кеңес одағының кезінде қаржы деген ағыл-тегіл болатын. Облыстық, аудандық спорт бөлімдеріне де ақша көп бөлінетін. Бізге, бапкерлерге талон беретін: жартысын тауармен, жартысын ақшамен. Жағдайымыз жақсы болатын. Қазір, тіпті, салыстыруға да келмейді. Қаржы тек құрама командаға ғана бөлінеді. Сол себепті, ауыл спортында жетістік аз, жоқ десе де болады.

Осының бәрін басшыларға бірінші болып айтқан мен едім. Содан ғой, қанша жыл жұмыссыз жүргенім.

 Қызметіңізден кеткеннен кейін немен айналыстыңыз?

– Олимпиада чемпиондарын шығар­ғаным үшін үкіметтен 25 000 тг зейнетақы алып тұрамын. Сосын ара-тұра біреулер фитнес-клубқа жеке бапкерлікке шақыра­тын. Ұят та болса баратынмын. Әлі де солай жан бағып келемін.

Екі-үш жылдай жұмыссыз жүрген соң, біреулердің шақыртуымен Дубайға кетіп қалдым. Қатты қиналып кеткен кезім еді. Әлі есімде, қақаған қыс болатын. Жарты жылдан кейін елге қайтып келдім. Өз еліңде, туған жеріңде жүргенге жетпейді екен. Әрі-беріден соң, қандай қиыншылық көрсем де, білгенімді өзіміздің қарадомалақтарға үйреткенім дұрыс емес пе?

Жалпы, бас бапкерліктен босаған соң, бір-екі жылдай қандай жұмысқа да құлшынып тұрғанмын. Кейін ішімдегі от басылып қалды. Өйткені ешкімге қажетім болмады. Ешкім мені «Қайдасың?» деп іздеген жоқ. Алматы облысы спорт комитетінің басшылығына келген Бауыржан Оспанов қана жұмысқа шақырып, қаржылай көмек беріп, жағдайымды жасады. Алматыдан екі бөлмелі пәтер алып берді. Әйтпесе, пәтерден пәтерге көшумен жүргенмін. Сол үйді, астымдағы көлігімді сатып, Бесағаштағы жеріме үй салдым. Оның өзі әлі толығымен біткен жоқ.

– Қиналған кездеріңізде шәкірттеріңіз қол ұшын созбады ма?

– Олардың да жағдайы қайбір жетісіп тұр дейсің? Әрқайсысының өз отбасы бар. Тіреп тұрған қызметтері жоқ. Бизнеспен айналыспайды. Үкіметтің жалақысына қарап отырған қарапайым бапкерлер. Қайта мен соларға көбірек алаңдаймын. «Не үкімет, не спорт федерациясы жағдайларын жасап, көмектеспеді-ау» деп.

ИНТЕЛЛЕКТІСІ ТӨМЕН АДАМ ЧЕМПИОН БОЛА АЛМАЙДЫ!

Бала күнгі армандарымызға көбіне оқыған шығармаларымыз не көрген фильмдеріміз әсер етіп жатады. Спорт­ты таңдауыңызға не әсер еткен еді?

– Бала күнімде АҚШ-тың «Чемпион» деген фильмі болды. Басты рөлде Кирк Дуглас ойнайтын. Сол фильм маған қатты әсер етті. Кешкісін клубқа кино көруге барамыз. Кірейік десек, ақшамыз жоқ. Терезеге жабысып тұрып көретінбіз. Соның өзі тамаша кездер еді. Ал фильмнің қысқаша мазмұны мынадай: бас кейіпкер мүгедек бауырымен бірге Калифорнияға жұмыс іздеп келеді. Бір күні ойда-жоқта біреулер оған жарысқа келмей қалған боксшының орнына рингке шығуды ұсынады. Әрине, ол жеңіліп қалады. Соққының астында қалады. Соған қарамастан, бір азулы менеджер оның бойындағы күш-қуатты байқап, үлкен спортқа алып келеді. Сөйтіп, бас кейіпкер мықты боксшыға айналады. Одан кейін адасқан кездері де болады. Әйтсе де, соңында өз-өзін тауып, ежелгі қарсыласымен рингке шығады. Өте ауыр бәсеке. Соңғы раундта қарсыласын нокаутқа жіберіп, чемпион атанады. Бірақ бапкерінің көз алдында өліп кетеді. Осы фильм менің боксқа деген қызығушылығымды оятты. Бұдан бөлек, «Рокки» фильмінде ойнаған әйгілі Сильвестр Сталлонеге еліктеп өстік. Жалпы, шетел фильмдерін жақсы көремін. Бұл сөзіме ешкім ренжімес, әйтсе де, біздің фильмдердің деңгейі төмен. Тіпті, көргім де келмейді. Бізге қарағанда өзбектер, орыстар анағұрлым жақсы түсіреді.

– Әңгімемізге қайтып оралайын. Бір күні ауылымызға қаладан оқып келген Михаил Краснянский деген жігіт келді. Сол біздің бокстан алғашқы бапкеріміз болды.

– Мектепті бітіргеннен кейін Алматыға келдім. Бірақ оқуға түсе алмадым. Ол кезде қалаға тіркелмеген болсаң, жұмысқа алмайтын. Тек құрылысқа ғана алатын. Амал жоқ, жұмысы ауыр болса да, құрылысқа бардым. Бір жағынан, жатақхана береді екен. Жұмыстан кейін «Динамо» стадионына барып жаттығатынмын. Спорт шебері болуды мақсат еттім. Өңіріме спорт шеберінің төсбелгісін тағуды армандайтынмын. Осылайша бокспен де айналыса бастадым. Бапкерім Станислав Болдырев болды. Арманыма жетіп, спорт шебері де атандым, төсбелгіні де тақтым. Үш дүркін Қазақстан чемпионы атандым.

Кейін Алматы автокөлік-жол институтына оқуға түскенмін. Ұнамады. ІІ курста тастап кетіп, жаттықтырушылыққа ден қойдым. Сиднейден келгеннен кейін маған: «Біліміңіз жоқ екен ғой? Қалай осындай нәтижеге жетіп жүрсіз?» – деген сөздер айтыла бастады. Содан Алматы дене шынықтыру және спорт институтына бардым. Институт ректоры Қайрат Зікіриянов алдыңғы институттан құжаттарымды алдырып, бірден ІІІ курсқа қабылдады. Факультет деканы «бұлай істеуге ешқандай құқымыз жоқ» деп қарсы болып еді, көнбеді. Тіпті, маған сол оқу орнының құрметті профессоры атағын алып берген. Сөйтіп, институттан «жаттықтырушы-оқытушы» мамандығын алып шықтым.

– «Спортшылардың интеллектуалдық деңгейі төмен болады» деген сөз жиі ай­ты­лады. Бұған айтар қандай уәжіңіз бар?

– Кімдер айтып жүрген мұндай сөзді?! Айналайындар-ау, боксшыға ең алдымен бас керек! Интеллектісі төмен адам чемпион бола алмайды! Боксшы деген – рингке шыға сала қарсыласын оңды-солды ұра беретін адам емес. Боксшы қарсыласының осал тұстарын сезіп тұруы керек. Бокс сенің ойланып тұруыңды күтпейді де, тез шешім қабылдап, тез әрекет етуге тиіссің. Күш, еңбек – содан кейінгі орында.

Мен де кітап оқығанмын. Қазір енді оған көп уақытым жоқ. Әйтсе де, газет-журналдарды үзбей оқимын, теледидардан жаңалықтар тыңдап, еліміздің тыныс-тіршілігінен хабардар болып отырамын.

Ағылшын тілін жақсы білемін. Шетелге балаларды алып барғанда соның көп көмегі тиіп жүр.

 – Біз білмейтін қандай өнеріңіз бар, аға?

– Кезінде гитарада ойнағанмын. Жақсы ойнайтынмын. Сосын футбол, баскетболды жақсы көремін. Ара-тұра достарыммен кездесіп, ойнап тұрамын.

Болашақта өз өміріңіз жайлы кітап жазғыңыз келмей ме?

– Соны өзім де ойлап жүрмін. Бірақ «менің жазғанымды кім оқиды?» деп те ойлап қоямын. Әйтсе де, кітап жазуым керектігін айналамдағылар жиі айтады.

 Геннадий Головкиннің қазіргі әлеуетін қалай бағалайсыз? «Жасы келді, шаршады» деген әңгімелер айтылып жүр…

– Геннадий менің құрама командамда үш жыл болды. Баптап, ересектер арасындағы жарысқа алып барған мен едім. Өте кішіпейіл азамат. Көрген жерде жаны қалмай, аман-саулығымды сұрап тұрады. Жалпы, Гена өз биігіне шықты. Өзінің атын да шығарды, елдің де атын шығарды. Қазір, расымен, жасы келіңкіреп қалды. Сол себепті де оған қиын деп ойлаймын. Кейінгі жекпе-жектері – таза бизнес.

Қанат Исламның кейінгі ойындары туралы пікіріңіз қандай?

– Қанат Қазақстанға алғаш келгенде азаматтық алып берген, баптаған мен едім. Қазір де ара-тұра залға келіп тұрады. Шыны керек, соңғы жекпе-жегі ұнамады. Бар кінә – бапкерлерінде. Тәжірибелері жоқ.

 Ал допинг дауымен чемпиондық дәрежелерінен айырылған Илья Ильиннің жағдайына қатысты не айтасыз?

– Ильин – жақсы жігіт. Бұл арада сая­саттың әсері болды деп ойлаймын. Шын­дығында, допингті барлық ел қолда­нады. Онсыз болмайды. Әсіресе, зілте­міршілерге. Мәселе – қашан және немен ішетініңде, оны білдіртпей тастауда. Қытайлар допингті спортшыларына шөппен береді де, байқалмай қалады. Ильяға бұл жағдай психологиялық тұрғыдан өте ауыр болды. Сондықтан оған қолдау көрсетуіміз керек. Ол, сөзсіз, мықты спортшы. Екі дүркін Олимпиада чемпионы. Өз елін шын сүйеді. Жас қой. Қателіктері де болған шығар. «Бәріне өзің кінәлісің» деп төпелей беруге болмайды. Онымыз адамгершілікке жатпайды.

 – Ел ішінен жас таланттарды тауып, жарыққа шығарудың қандай жолдары бар?

– Ең алдымен, аудан орталықтарындағы спорт мектептерінің жағдайын жақсарту керек. Бапкерлерге жағдай жасау керек. Спорт кешендерін көбейтіп, жиі-жиі жарыстар ұйымдастырған жөн.

 Әлі де Олимпиадаға барғыңыз келе ме?

– Ол деген арман ғой. Ашылу, жабылу салтанатының өзі қандай! Ел көресің. Қаншама таныстарыңды, достарыңды көресің. Бір таныс бапкер: «Олимпиадада секундант болсам да, арманым жоқ», – деген еді.

Сиднейден кейін Афины Олимпиадасына Қырғызстан құрама командасымен бірге барып қайттым. Көрермен ретінде. Өйткені өз елімізде мені ешкім шақырмады. Қырғызстанның Олимпиада комитетінде Құрманәлиев дейтін досым бар еді. Сол өз елінің атынан аккредитация жасатып берді.

Бір ұққаным: сен адамдарға тек керек кезіңде ғана керек екенсің. Қалған кезде өз күніңді өзің көр. Айт не, айтпа не, өмір ғой…

Сұхбаттасқан Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

Сұхбат аяқталған соң, аға ұялы телефонын қосып, қазақтың белгілі ақыны Сырбай Мәуленовтің ұлы Қасым Мәуленовке қоңырау шалды. Дыбыс зорайтқышын қосып қойып сөйлесе бастады.

Қасеке, мына жақта «спортшылардың интеллектуалдық деңгейі төмен болады», – деп жатыр. Қандай ғылыми дәрежелеріңіз барын айтып жіберіңізші…

– «Заң ғылымдарының докторы, профессор…»

Жетеді, жетеді, Қасеке. Мына жақта­ғы­лар тіпті жазып үлгере алмай жатыр. Аман болыңыз!

 Маған бұрылып қарады да: «Бұл кісі кезінде мықты боксшы болған. Көрдіңіз бе, спортшылар ғылым-білімнен де осал болмайды», – деп рақаттана күлді. Сөйтті де, қош айтысып, спорт мектебіндегі жұмысына – болашақ ел чемпиондарына бокс өнерінің қыр-сырын үйретуге асығып кете барды…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір