ӘРҚАШАН БИІК БОЛДЫ МӘРТЕБЕСІ
21.12.2024
434
0

Ұлт мақтанышына айналған Фариза Оңғарсыновамен «Лениншіл жас» газеті 1969 жылы табыстырған кез­ден жарты ғасырға жуық араласып, мазмұнды да күрделі түрлі сәт­терді өткердік. Жүрген-тұрғаны, төңірегі ырыс, береке, молшылық еді. Ас дайындаудағы шеберлігі, қонақ күтуі, алыс- жақынмен, әсіресе билік маңындағылармен араласуы өз алдына өнеге. Мәриям Хакімжанова, Сара Мыңжасарова, Мәрия Қарақонақова, Кәрібай Ахметбеков, Сара Досниязова, Ақұштап Бақтыгереева Көпен мен Алманың, көбінесе, Мереке мен Гүлсімнің аядай пәтерлерінде жиі кез­десетінбіз. Ұлытаудан Рақыш, Шымкент­тен Ханбибі келе қалса, аядай ас бөлмесінде түн ортасына де­йін думандататын едік.
Ауылдан жіберген соғым, сыбаға, қандай да сәлем-сауқатпен «Фариза дәм татсын» деген тілектері бірге жететін. Көкшенің қазы, қарта, май, құртын ұнатып, «Ет асып қой, Әбіш екеуміз барамыз», – деп екеуі, кейде Асқармен, кейде балаларымен, кейде жалғыз келетін. Арқаның табақ-табақ сүр етін, қымызын студент Қымбат Әбілдәқызының жатақханадағы дастарқанынан, ке­йін Дәлел екеуінің құт­ты шаңырағынан сүйсіне жеп, ішіп, көңілді отыратынбыз. Шақырған жерден нәр татпайтыны да кез­десетін кейде, тамақты талғап жейтін.
Арқаның әндерін ұнатып, әсіресе Ақан серіні жоғары бағалайтын. «Балқадишаны» шырқай отырып, арасында әннің шығу тарихын әсерлі әңгімелейтіні есімде. Күйді тәп-тәуір тартатын. Спортпен де айналысты. Суда жүзіп, теннис ойнап, мұз айдындарында коньки тептік. Көңіл күйімізге ненің қалай әсер еткенін таң атқанша жарыса талдап, кейде ұзаққа созылар үнсіздіктен ауыр күрсінген лебіміз ғана құтқаратындай көрінер дәл сол ахуалымыз музыканың өзгеше бір сарынына сұранып тұрғандай, қазір ойласам. Мүлде бөлек ендіктерге еніп кетеді екенбіз, нендей хал кешсек те. Құпияларым, ішкі әлемім ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында, яғни тит­тей сыр жасырмадым. Не айтсам да қызыға тыңдайтын. Алғаш рет кімді ұнат­тым, неліктен айныдым, кімдер жақсы көрді, өзіме қатысты басқаларға беймәлімнің бәрін білді. Аяусыз сынады, жол сілтеді, «мені тыңдамайсың» деп ренжіді, жауыздық, опасыздық құрбанына айналып, әрең ес жиғаным, дос, дұшпаннан көрген қорлық, т.б. келеңсіздіктер көз алдында өт­ті. «Саған қатыгездік танытқан Ү-ның жаназасына бармадым» дегенінен қорқып кеткенмін бірде.
Өзін ұдайы іздеп келетін жас, кәріге, әсіресе қызметке қабылдайтын жастарға қатысты пікірімді сұрап, ке­йін ойындағыдай болмаса, қат­ты таяқ жейтінмін. Мінез-қылықтары оғаш, сан алуан адам көмек сұрайтын. «Сіздің бо­йыңыздағы бүкіл дерт­ті өзіме көшірдім, енді жазыласыз» – деп, апаймен біраз уақыт араласқан жас жігіт­ті білемін. Өте білімді, бірақ қорғансыз еді. Маған да жиі хабарласатын жағдайын айтып. Фариза апай бірде Ақмоладан телефон соққанда, «көмектесу керек, қайтсек екен» деп едім:
– «Сіздің өкпеңізде ісік бар, рак. Мен ғана емдеймін, жеті мың доллар беріңіз» деген соң, ренжіп, біртүрлі болып қалдым, – деді.
Мен әлгі жігітке: «бұның не?», – десем, – иә, апамның бүкіл ауруын, сол ісікті мен бо­йымда ұстап, әлі қиналып жүрген жоқпын ба? – дейді. Бір-біріне ұқсамайтын мұндай жайт­тар жиі ұшырасатын.
Ел аралап, жиі сапар шекті. Қанша ауырып, нашар сезінгенімен, жол үстінде қанат­танып, жадырап шыға келетін. Замандастары, жасы үлкені бар, ғашықтық сезімдерін білдіргенде жауап қатпағанымен, бәрібір қуаныш билейтін өн бо­йын. Арагідік әлдекімді жақсы көріп, кез­десіп жүргенде, шабыт құшағында көзі күлімдеп, өзі ғана емес, біз де шуаққа бөленетінбіз. Елге барғанымда, үлкендер жағы, ең алдымен, Фариза апамызды сұрайтын. Әсіресе белгілі Мемлекет қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Баян Жанғалов ағамыз ерекше сәлем жолдап, соны жеткізгенімде: «Менің шалдарға ұнайтын сиқырым бар ғой», – деп жымиятын.
Не істеп, не қоятынын алдын ала жоспарлап, күнделігіне мұқият жазып отыратын, әр күннің есеп-қисабын, тындырған ірілі-ұсақты шаруа­ларын. Қандай да мақсатын, арман, тілектерін пайыммен жүйелеп, қарым-қабілетін, шығармашылық күш-қуатын қатаң тәртіпке жауапкершілікпен бағындыра білді. Соның арқасында тұлғалық мәртебесі биіктей берді. Апамыздың тірлік кешу тәсіліне, өнегесіне ілесе алмағанымды бұрын да айт­қанмын. Туған күнді айғайлатып тойлауға, көпшілікпен кез­десуге әуелден ықыласым жоқ, 40 жасын атап өтерде ауылыма кетіп қалдым. «Бұның не қажеті бар?» дегенімде, маған қат­ты ренжіді. Есім кете жақсы көргеніммен, оңашада батыл сөйлеп, өзіме ерсі көрінген қылықтарын айт­қанымда, жауап қатпай, ал кейде быт-шытымды шығара дүрсе қоя беретін. Бертінде «бұрынғы Фариза жоқ, мен сіздің көздеріңізді сағындым…» деп, түңілген, түсініспеген, айғайласқан сәт­теріміз де жетерлік. Қасында жүрсем де, сіздің қарамағыңызда ешқашан жұмыс істемеймін дегеніме қарамастан, жиырма жылдан ке­йін журналының орысша «Ай» қосымшасына шақырды. Бұрынғы жұмыс орындарынан екі рет статьямен қуылып, басқа амалым жоқ, Фариза апамның жетекшілігімен таңғажайып басылымның үлгісін бірігіп жасадық.
Бұрын да жазғанымдай, бауырларымның оқуына, жұмысқа орналасуына, емделуіне көмектесіп, пәтер алғанымды, туған күнімді өзі тойлап, анамызға қашан көзі кеткенше сый-сияпатын жіберіп, хабарласқан сайын өзімнен ке­йінгі тоғыз іні-сіңлімнің әрқайсысының есімдерін атап, жеке-жеке жағдайларын сұрайтыны қазір де мені қайран қалдырады. Алғаш танысқан сәт­тен Фариза апам біздің әулет­тің сүйіктісіне айналды.
Редакция тапсырмасын орындау барысында әкеміз Дәулетбектің 54 жасында ауыр науқастан қайтыс боларынан екі ай бұрын, 1977 жылдың мамыр айында бізге, Алматыдағы балаларына жолдаған соңғы өлең-хатындағы:
Аман ба Фаризадай үлкен апаң,
Апаңа сәлем айтад сенің папаң.
Әрқашан биік болсын мәртебесі,
Бұл – менің ақын қызға берген батам, – деген жолдарын әлденеше рет оқып, терең ойға бат­тым. Шынында, Фариза апамыздың мерейі үстем, мәртебесі биік болып өт­ті. Сол биік шыңға жеткенге де­йінгі қиын-қыстау кезеңінде қасында көбірек жүру бұйырыпты маған. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бертінге де­йінгі күнделік бет­терінде апама қатысты ақтарылған сырлардың кей тұстарын қысқартып, үзінді ұсынып отырмын.

1991 жыл
1 августь, бейсенбі. Фариза телефон соғып, өзінің, Абылайдың да, Майраның да тойларына бармағанын айт­ты. «Майраның тойына… барады екен, сосын, бармадым… Сен де қырсығып, менімен жүрмедің», – деп, Абылай ханның тойына ермегеніме ыза болды. «Енді Ұлытауға бірге барайық, Мұқан Иманжановтың тойына», – дейді.
Мен жұмыстағы жағдайды сылтауратып, мүмкіндігімнің жоғын айт­тым. – Ендеше, маған кел, 400 сом жалақыға, – деп мазақ қылды…

1996 жыл
20 қараша, сәрсенбі. …Ең алдымен, Мәриям апамның 90 жылдығын өткіздік. Негізгі материалдық салмақ Әмина, Атымтай, бала-шағасына түсті. Ал кеш өте мазмұнды, әсерлі өт­ті. Сценарийін өзім жазғанмын, бірақ килігіп ұзақ сөйлеушілер көп болды. «Бірінші болып сөйлемесем, бармаймын», деп Фариза апай ашуланды. Содан, әйтеуір айт­қанын орындадық.
Тағы бір жаңалық: Фариза апай менімен ешқандай реніш болмағандай, екеуіміз айғайласпағандай-ақ сыңай танытып, редакцияға келіп, өзі тіл қатқан соң, мен де дәл сондай пиғыл білдірдім. Бәрі ішімізде. «Сөзімді жазып қой» – деп өтініш білдірген, тіпті жиналыс болатын күні таңертең ертелетіп, «Қазір машина жібере­йін, апайдың кітаптарын беріп жібер, өзің келсең, тіпті жақсы болар еді», – деп телефон соқты. Мен кітаптарды беріп жібердім, өзім жөтеліп ауырып жүрген соң.

1999 жыл
Сәлиманы Фариза апай шақырып сөйлесіпті. «Ауруханада жат­тым, көзіме операция жасат­тым, Мағиралар бірде-бір хабарласпады. Қапез маған келіп кетсін», – депті. Шынымен, менің тарапымнан қате кет­ті. Іштей ыңғайсызданып, өкіндім. Барып, көңілін сұрап тұру керек еді, неғып қатып қалғанымды?
Фариза апай Қапезбен сөйлесіпті, «хабарласпайсыңдар, іздемейсіңдер», – деп, менің ауырып жатқанда бармағанымды айтып, жалақысын, жағдайын сұрапты.

26 июнь, сенбі
Фариза апай кеше Астанадан келіпті. Мен телефон соғып, өзінің 60 жылдық тойына арналған оқушылардың облыстық мүшәйрасына, Қарасазға баратынымызды айт­тым. Баянға хабарласып, анықтадым, бәріміз де баратын болдық.

27 июнь, жексенбі
Таң атқанша көз ілмедім. Сағат 10-да Нағым, Марсель, Гүлжан машинамен келді. Кітап, журналдарды тиеп, Облыстық білім басқармасының жанына келдік. Бәрі жиналыпты. Дария, Болат, Гүлзира да келді-ау үлгеріп. Жолға шықтық. 20 шақты көлік: жеңіл машиналар, рафик, автобус. Бестен аса Қарасазға жет­тік. Ауыл шетінен қарсы алды, шашу шашып. Жауын жауды, жел соқты, күн күркіреді, әйтеуір ауа райы мың құбылды. Мен төңірекке қарап, Қарасаз табиғатына, тауларына қайран қалдым. Бір жағы – көгілдір, екінші тұсы – қоңыр, үшінші жағы – жасыл. Бір жерге Америка, Африка, Азия, Еуропа, Антарктида, Аустралия қатар жайғасқандай.
Мұқағали Мақатаевтың музе­йіне кірдік. Кісі көп, ығы-жығы. Мектеп-интернатқа кіріп шықтық. Тамақ берді. Клубта жиын, ауылдың алты ауызы –концерт өт­ті. Ғажап әнші екен шетінен.
Нағымдар Қошқар ауылына кет­ті. Фариза апай мені өздерімен жүруімді өтінді. Нұрқия деген мұғалім әйелдің үйіне орналастық: Шәмша Беркімбаева, Фариза, Оңайгүл Тұржанова, Айбар, Гүлнәр.
Кешкі асқа көп адам жиналды. Аудан әкімі Бағжан Қошанұлы елгезек, қарапайым, сезімтал жігіт екен. Оқу бөлімінің бастығы Нұрбатыр да іскер, ұйымдастырушылық қабілеті зор, сергек маман көрінді. Еркін Ібітанов, әйелі Алтынгүл т.б. болды. Кеш жатсақ та Фариза апаймен біраз әңгімелестік сыбырласып.

28 июнь, дүйсенбі
Үшке де­йін оқушылар мүшәйрасы үш топқа бөлініп өт­ті, үш жерде. Әділқазы мүшелері бөлініп-бөлініп кет­тік.
«Жыр-ғұмыр» деген атаумен Фариза кеші өт­ті. Ұзаққа созылды. Кештен ке­йін Еркін Ібітановтың үйіне қонаққа келдік. Өмірзақ Айтбаев, Шәмшә Беркімбаева, Сұлушаш, Гүлжамал, Ғазиза, Қанат, Айткүл, Сайраш, Мейірхан, Сұлтан және басқа да өнер, әдебиет өкілдері болды. Бүгін сахнада Өмірзақ ағаның өлең айт­қаны, бір ғажап әсерге бөледі жиналғандарды. Мұны өз сөзінде Оңайгүл өте әдемі жеткізді.

29 июнь, бейсенбі
Түске де­йін жүлделерді берді. «Сен бір жүлдені тапсырасың, – деді Фариза апай мен Шәмша Көпбаевна. – Бірге келіп еді, ақын ғой, біздің жауапты хатшы Болат Үсенбаев тапсырсын», – деп өтіндім…
Жұртқа қанша журналды тегін тарат­тық, халық алдында соған жазылыңдар деп кешеден бері бір сөз де айта алмадық… Өзімнің бейшаралығыма налып, ештеңеге зауқым болмады. «Менің машинама отыр, менің қасымда бол» деген соң, келгеннен бері апамның қасындамын. «Бірге кетеміз» деген соң, тағы да соңынан үнсіз ере бердім…
– Рақмет, хош, Қарасаз, тылсым тұнған жер екен, – дедім төңірекке қарап. Ішкі ренішім әлдеқайда ұшып кет­ті айнала сұлулыққа, ғажап табиғат көрінісіне қарағанымда. Қашан Алматыға жеткенше аузымыз дамыл таппады.
– Саған бір тапсырма, – деді, – орындамасаң, дереу айт, мен Астанадан бір ассоциация құруым қажет, творчестволық, оған мүше болу үшін таласатындай болуы керек, соның жарғысын, міндетін жазып бер.
– Яғни жазушы, суретші, композитор одақтарының Астанадағы камерный түрі ғой, – дегенімде,
– Иә, иә, – деп қуанып кет­ті.
«Мен мұны тездетпесем, алдымды орап кетуі мүмкін басқалардың. Оның өз журналы, газеті болуы шарт, бірақ кімге тапсырарымды білмеймін, мынау кілең милау балаларымның істейтін шаруа­сы ғой», – дегенде, маған қолқа салғаны ма деп қалдым. Алайда мен үндемедім.
Неге екенін білмеймін, мына үлкен, ұзақ жолдың бо­йында апамыз менің өзіне кезінде көмектескенімді алғаш рет мойындады: «Ты была моей духовной подпиткой, моим духовным кремом, ешкім маған ни морально, ни материально көмектеспегенде, сен ғана морально көмектескенсің», – деп.

2000 жыл
19 апрель – 17 мамыр. Психологиялық соққының астында есеңгіреп жүргенде, үйге қайта-қайта Фариза апай телефон шалып, Астанадағы тойына кімдер келіп-келмейтінін сұрап, «Алмас екеуің бастап әкелесіңдер ғой», – деді. «Комиссия, аяғым т.б.» – деп күмілжідім, оны тыңдап жатқан апамыз жоқ. Ішімнен мені мүлде елеп-ескермесе екен деп тіледім. Ақырында, Астанаға сапар шектім. Бір вагонды сатып алыпты. Серік Қирабаев әйелімен, Татьяна Фроловская, Бақыт Қайырбеков, Айгүл Үлкенбаева т.б. болды. Көп кісі келмеді. Ә.Нұрпейісов пен З.Қабдоловтар да. Апай ренжіп, қиын сөздер айт­ты. «Адамдар түрлі жағдайда жүреді, қайтесіз сондай сөздерді айтып», – дедім. Фариза апай бір топ адаммен вокзалдан қарсы алды. Мен: «Осы келе жатқандардың арасында шын ықылас танытып, елден бұрын өзі билет сатып алған Тұманбай аға», – дедім… Кешке бардық. Халық лық толды, билік басындағылардың көбі қатысты. Орын жоқ. Банкет Президент салтанат сарайында өт­ті. Қ. Тоқаев, Ә. Кекілбаев, министрлер, әкімдер қатысты. Мен, Ақселеу, Т.Әбдіков, әйелі Шәрбән, Мәулендермен дастарқанда отырдым. Фариза апай банкет соңында сөйлеп, бір топ адамды орындарынан тұрғызып, рақметін айт­ты, Үкімет мүшелеріне таныстырды.
Ертеңіне үйіне қонақтарды шақырды, мені де, «қаламын, ке­йін кез­десеміз ғой» деп барған жоқпын
Сәлима үйіне Фариза апай, Серік, Бақытжандарды шақырдық, Нұрлан Қалқа, Райханды. Анама шапан кигізді Фариза. Шапанды анамның иығына жауып, мені шақырды. «Сен не, анау «Ақ желкенді» өзім құрғанмын, пәлен жыл сонда қызмет ет­тім, бергендерің не, екі бет. Бір нөмірді неғып арнамадың, сен нашар, шамалы адамсың», – деді. Сосын, Серік Тұрғынбековты шақырып, қат­ты айғайлады. Ішіндегі запыранын аяусыз шығарып алған соң дастарқан басына отырдық. Анамызға мені әбден әңгімеледі: «Мағира, міне, үш жыл болды, менен қашып жүреді, оны өзі жақсы біледі…» Домбыра шертіп, бірте-бірте ашылып, көңілді отырды. «Беске таман бір жерге барамын», – деп, сыртқа шығарып салдық.
19 мамыр күні Фаризаның тойы Алматыда өт­ті. 20-сы күні банкетіне барып, тез кетіп қалдым…

2002 жыл
Жақында Фариза апайға хабарласып, соңғы саяси жаңалықтарымен құт­тықтадым. «Атырау­ға бірге барайық, Аританың атасының тойына»,– дейді. Өз мүшкіл халімді жеткізгеніме өзімнен жүрегім айнып, бірнеше күн бо­йы күйзеліп жүрдім. Ішкі дүнием ірің-ірің болғандай сұмпайы хал кештім… Апайдың дауыс ырғағындағы өзгерістердің өзіме мұншалық әсер еткені ме, білмеймін…

3 шілде, сәрсенбі
… Жетіден аса Фариза апайдың үйіне келдім. Жол бо­йы Элеонора, Әсемді кез­дестірдім, мәре-сәре қуандық. Әсем Алматыға кетіп барады екен. Апай жалғыз екен үйінде. Қартайғаны байқалады. Біраз сөйлестік. «Түс көрмеймін көптен бері», – дейді. «Организм­іңіз­­дегі өзгерістердің әсерінен солай», – деп айт­тым. «Депутат болатын кез­де «двухличный» болуға тура келді, содан да өзгердім бе, өкінемін…» дегендей әңгімелерді айт­ты. Ұзақ үнсіздік жайлап, ара-арасында әлденелерді сұрап, мен жауап қатып, біраз отырдық.

4 шілде, бейсенбі
Таңертең Фариза апай Бурабайға, Қ.Тұрысовтың көңілін біліп қайтуға кет­ті. «Осында бол, анау тар үйде не істейсің», – деді. Элеонораға келген машинамен Сәлиманың үйінің қасынан түсіп қалдым. Кешке Қапез үйіне келдік, Фариза апайдың машинасымен. Түн ішінде апайдың үйіне келдім, ол жеті кезінде оралыпты.

5 шілде, жұма
Парламентке де­йін апаймен бірге жет­тім. «Біреулерге телефон соғу қажет болса, жүр, ішіне», – деді. «Ке­йінірек хабарласамын», – деп үйге оралдым.
…Кешке қарай Ф. апайдың үйіне келдім. Көп әңгімелестік.
– Адамның Хауаға де­йін Лилит деген әйелі болыпты, одан көрмеген қорлығы болмапты, ке­йін Хауаны қабырғасынан жасапты…– деді, – бір поэма жазсам деп жүрмін, бірақ жазуға келгенде қат­ты қиналамын. Басқа не қосуға болады?
– Болат Атабаев одан ғажап пьеса қояр еді. Мен кеңес бердім: «Дүниенің жарылыстан басталғанын, енді сол жарылысқа жақындап, апат алдында тұрғанымен аяқтаңыз. Кейіпкерлер етіп, тасқын, жел, толқын, табиғат­тың өзін сөйлетіңіз. Мынау әлем аясында тірлік кешуге тіпті жамандық, жауыздық та хақылы екенін де ұмытпаңыз. Поэма, драманың, ең алдымен, графикалық жобасын сызып қойыңыз, әрі қарай жазу жеңіл болады».
Ф. апай кәдімгідей қанат­танып қалды. Мынау тірліктің тұнған тылсым екенін, адамның жасампаздығы дегеніміздің әнше­йін далбаса екенін айт­тық. Поэманы қалай атасам екен деп, біраз нәрсенің басын шалдық. Айт­қан идеяларым көңілінен шыққан сияқты. – Баяғыда карта ашатын едің ғой», – деді.
– Бәрін қойғанмын қазір, қызықсыз соның бәрі мен үшін, – дедім.
– Сенің бо­йыңдағы бүкіл қасиетіңді әлгі күйеуің Тоқтарбек жойып жіберді ғой, – деді. Мен үндеген жоқпын. Тоқаңның бұ кісінің басы, миы жөнінде айт­қанын өзіне жеткізсем бе екен деп, бірақ түк те демедім.
V пен V туралы, олардың өзіне қарсы ұйымдастырған әрекет­терін айт­ты…
Назгүл Әбутұрапованың өзін мақтағанына риза екен, басқа да көп әңгіме айт­ты.

6 шілде, сенбі
Кешке Орыс драма театрына бардық. «Ревизорды» көрдік. Режиссері Юрий деген жігіт, келіншегі – Ләйлә актриса, кішкентай қыздары бар екен. Африза деген директор – бәрі апайға құрақ ұшты. Үзілісте дастарқанға шақырды.
Куба, Ресей елшілері отырды әйел­дерімен. Қырғызстаннан Мартынов деген жігіт пен театр режиссері Юрий қойыпты. Жаңа леп тұрғысынан көрсетуге тырысқан. Қимыл, мимика, би арқылы көп жайт­ты түсіндіруге тырысу бар. Көрермен өте жылы қабылдады.
Спектакль аяқталып, ұзақ қол соғылды. Апайға ұнамады, біртүрлі селқостық таныт­ты. Сыртқа шықтық, дирекция басшылары төменде тұр екен, қастарынан өте шықтық. Апайға:
«Қоштасып, бірер жылы сөз айтсаңызшы», – дедім. Африза: «Апай, машинаңыз бар ма?» – деді. «Жоқ!» – деді Ф. апай жүре сөйлеп. «Онда 2 минут тосыңыз, мен қазір», – деп ол кері қайт­ты. Біз жүре бердік. «Шаршамасаңыз жаяу жүрейік», – дедім. Іштей театр басшыларынан қысылып, жүрегім сыздады. Жалтақтап артыма қарап қоямын, соңымыздан келе жатқан жоқ па деп. «Классикалық шығармаларды бұлай жаңғыртуға қарсымын», – деді. Мен әңгімені басқа тақырыпқа ауыстырып жібердім.
– Мына соққан самал, осы айтылған сөздеріміздің, әріптердің тербелісі де адамды емдейді, – дедім.
– Бұрын айт­қан емессің мұндайды, – деді. – Мен сізге бәрін айт­қан сияқтымын, әйтпесе парапсихологияны өзіңіз де білесіз ғой, – дедім.
Жол бо­йы сазға аяқкиіміміз батып, оның жыны ұстады. Бірақ әлгі тақырып көңілінен шығып, әңгіме қазақтардың интуициясына, ән-күй, әріп, сөздің құдіретіне ойысты.
Үйге жақындағанда, таныс депутат әйелімен қарсы жолықты. Телевизордан сөйлегені есіме түсе кет­ті, соғыстан оралмаған екі әкесі туралы тебіренгені мені де толқытқан.
– Мынау – менің досым М.Қ-ва, – деді.
– Иә, иә, сырт­тай таныспыз, – деді. Мен де:
– Өткен жолы әкелеріңіз жөнінде айт­қаныңыз сондай әсерлі, – деп ілтипатымды білдірдім. Бәкір деген кісі.
Дастарқан басында жаза алмай жүрген поэмасы туралы сөзді жалғастырдық. Қазір адамзатқа қарапайым ұғым, кәдімгі табиғи дәстүрлер қажет­тілігін өрбіт­тік. «Мен, өзімнің айтайын деген ойымның бәрін жаздым деп есептеймін», – деді. Ендігі тұста басқа әлем тілдеріне аударылып танылатындай осы поэмаңызды жазыңыз, – дедім, – онда бүкіл адамзатқа ортақ мүдде ғана болсын, қазақ деген сөзді қоспаңыз, айналып келгенде, бәріміз бір адамның ұрпағымыз ғой. Қазіргі адамдар бір-бірімен қырқысып, бауырмалдықты мүлдем ұмыт­ты…»

7 шілде, жексенбі
Ерте тұрдық. Фариза апай, Гүлнәр, қызы Аруай жолға жиналды. Көкшетау­ға, «Шалқар» деген демалыс орнына бармақ. «Бізбен бірге жүрмейсің бе», – деді. «Алдын ала дайындалған жоқпын ғой», – дедім. Жиналып үйден шығарда: «Мағира, маған айтатын қандай шаруа­ң бар, не айтасың?» – деді. «Министрлікке барып, «Балбұлаққа» көмектесуін өтінсем, – дедім. – Басқа не жасаймын, бұл жерге кім қызметке алып, үй береді, ешкім де. Өзімше тірлік жасауым қажет…»
– Ешкім де көмектеспейді, министр­лік бұ журналыңа қарамайды да, басқалары толып жатыр, «Балдырған» бар, – деп кесіп тастады. Өнебо­йым суып кеткендей біртүрлі болдым. «Басқа ештеңе айтпайсың ба?» – деп менің әлдене айтуымды күткен сияқты. Ішкі ықыласын түсінбедім. Қызметімнен түсіп қалғанда, «Бәрін қойып, маған кел, көмекші етіп Парламентке қызметке орналастырайын», – деген. Бірден жоқ дегенмін…
– Реті келсе, ауылға қонаққа келіңіздер, өзім де бәлки барып қайтармын, – дедім.
– Қайтесің, машина керек оған, – деді, – адамдарды әуре-сарсаңға түсіргім келмейді…
Құлазып қала бердім… «пустота…»

* * *

Фариза апай халық жазушысы атағын алған күні таңертең редакцияға келе жатыр екен, төменде кілт алатын жерде кез­дестік. «Указ шығыпты сондай деп звондады, көрдің бе?» – деген соң, екеуіміз поштаға кіріп, «Каз. Правданы» алып, содан көрдік. Базарға барып, біраз тамақ сатып алды. Бәрінің танып, сәлемдескеніне мәз… «Мыналарыңның бағасын түсірсеңдерші, маған арзанға бермейсіңдер ме?» – деп қалжыңдайды.

* * *

Фариза апайға телефон шалдым.
– Алдан Смайыловтың тойына бара жатырмын, – деді.
– Қостанайға неге келмегеніңізді түсіндім, – деп, Мәриям Хакімжанова апамызды еске алу шарасының қалай өткенін қысқаша жеткіздім.
– Енді Астанада өткізуге күш салыңыз… Қостанайлықтардың өзіне риза болып жатқанын, Нағашыбайдың өлең арнап оқығанын айт­тым. Үш томды, Нағашыбайдың өлеңін Сәлимаға қалдырамын, ке­йін апарып берер, –дедім.

* * *

Фаризаның 70 жылдық мерекесіне қатыстым. Астанада. Бүкіл бастық болды. Жақсы өт­ті, Мереке өте мәнді жүргізді. Сырт­тарынан көрдім біразын.
Апамыздың тойына кілең ығай мен сығай келіпті. Өзі сөзінде біраз қыз-келіншектерді орындарынан тұрғызып, атап мақтады. Шығып бара жатқанымызда Серік Тұрғынбеков: «Апаң неғып сені атамады, әлде, саған қарағанда, басыңды бұғып қалдың ба?» – деді.
Фариза апамыздың 70 жылдығы Алматыда дүрілдеп өт­ті. Бүкіл «чиновниктерді» жүгіртіп қойғаны қандай жарасымды. Министр Мұхтар қасында, әкім-қаралар соңынан жүгіріп жүр. «Этого может допустить только она, Фариза!»
Банкетіндегі өзімнің қылығымды ойласам, бо­йымнан мұншалық сүйкімсіздік, жексұрындық, сұмпайылықтың табылғанына қайранмын…
Роза, Бекзақ Фаризаға қосып шақырды Сара Досниязова екеумізді. Зәмзә шақырды Фаризаны, Ибада, Заря, Сабырхан Асановтың әйелі, Әлия болды.
Қымбат үйінде Фариза апамыз аз ғана отырды, асығыс. «Сенің журналыңда жалпиған фотосурет­тен өзге түк жоқ», – деп қалды оған. Ол кісі кеткен соң түн ортасына де­йін гүжілдеп отырдық.
Зәмза апайға жүзік, қымбат шапан т.б. сыйлап, асты-үстіне түсіп, қасында жүрдік. Десек те, біздерді сағынып жүргендей әсерін байқадым апайдың. Билік басындағы топастарды – бастықтарды жүгіртіп қойғанына сондай ризамын! Бірде-бір өнер иесі мұндайды жасай алмайды бүгінгі таңда…

Мағира Қожахметова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір