Әзімбай ҒАЛИ: «СОТ ӘДІЛ БОЛМАЙ, СОРДАН АРЫЛМАЙМЫЗ»
Бәрімізге белгілі, былтыр жалпыхалықтық референдум өтіп, соның нәтижесінде конституциялық реформалар жүзеге асып жатыр. Конституциялық сот құрылды. Бұл – қоғамды демократияландыруға керекті қадам. «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты» туралы заңы ҚР азаматтарының құқығын қорғау, сайлаудың әділ өтуі, азаматтық қоғамның еркіндігі, партияларды тіркеу секілді ірілі-ұсақты мәселелердің бәріне Конституцияны негізге ала отырып баға береді. Сайып келгенде әділдікке үстемдік құруы – қалың бұқараның басты мақсат-мұраты.
Қазіргі таңда автократиялы жүйенің ұзақ болмайтынын бәріміз түбегейлі түсіндік. Сол себепті де автократиялық биліктің ауысып тұруы, жекеменшіктің кепілдігі, т.б. демократиялық принциптерге өтуі құптарлық, уа қуанарлық жайт. Баяғыда-ақ осылай болуға тиіс еді…
Нарықтық қоғам жекеменшікке негізделеді. Ал жекеменшікке кепілдіктің принциптері орнамаса, құқықтық қоғам деген болмайды. Оны Батыс елдері дәлелдеді, біздің көзіміз жетіп келеді. Бағытымыз дұрыс. Сондықтан батылдау қимылдап, жеделдеу жүруіміз керек. Егерде біз құқықтық қоғам мен нарықтық жүйені орнатпасақ, Совет өкіметінің кезіндегідей кедейлеу, жүдеулеу тұрмыстың қамытын киеміз. Ең бастысы, еңбек өнімділігіне меншік жинауға преспектива мен кепілдік болмайды.
Біз өзбек пен тәжікті ең саудагер халық деп есептейміз ғой. Бірақ олар бізден артта қалды. Өйткені оларда құқықтық жүйе, меншік кепілдігі, саяси реформа жүрмей қалды. Яғни, белгілі бір уақыттан кейін сенің меншігіңді басқа бір шонжар тартып алса, саудагерлігіңнің құны көк тиын болмақ. Сол себепті меншіктің қорғалуына кепілдік беру – үлкен бетбұрыс. Онсыз нарық дамымайды. Ендеше. қазақтың нарығы өзбек пен тәжіктің нарығынан тәуірлеу болмақ.
Ал саяси партияларды тіркеу, сөз бостандығын қамтамасыз ететін, митинг ұйымдастыру талаптарын жеңілдететін заңнамаларға енген өзгерістер азаматтық қоғамды оятуға сеп болады деп ойлаймын.
Әзімбай ҒАЛИ,
саясаттанушы