Қуанышы да, өкініші де мол сапар болды
04.08.2023
453
0

Моңғолияға қарасты Баян-Өлгей деген жер бар екенін бұрыннан білетінмін. Кезінде қаншама қазаққа құтты мекен болған сол жерді бір барып көргім де келетін. Осы жолы мектептегі кезекті еңбек демалысымды алған соң барып көруге бекіндім.

Баянөлгейдегі Моңғол-Жапон соғысында ерлік көрсеткен Ікей батырдың ескерткіші

ІІ-теміржол вокзалына келіп, кезекке тұрдым. Өкінішке қарай тамыз айына дейін билет жоқ екен. «Сайраннан автобус жүреді» – деді білетіндер. Соған барсам ба деп оқталғанда, бұрынғы бір таныс кісі есіме түсе кетіп тоқталдым. Жағалап кабинетіне келдім. Қызметі өсіп, басқармаға жоғарылап кеткенін хатшы қызметкерден білдім. «Енді қайтемін» деп ойланып тұрғанымда вокзал бастығының аты-жөніне көзім түсе кетті. Бұрын еркін кіретін кабинетке жасқаншақтай кіріп, ұлықсат сұрадым. Жүзі жылы адам екен. Сәлемімді қабыл алғанына қуанып амандастым. «Баян-Өлгейге баратын едім, бір билет керек еді» – дедім қысылып. Ертеңгі жүретін пойыздың жайлы вагонына бір билет алып берді. «Бұл жердегі бір адамды жоғалтып алып едім, енді сізге рахмет» – деп алғысымды білдірдім. Бұл – ІІ-Алматы теміржол вокзалының бастығы Бекболат Бақытжанұлы еді.

Жолда. Өскемен қаласында

– Рахмет, оқасы жоқ, – деді ол кісі жымиып. Міне, сөйтіп, жолым болып, ертеңгі таңғы пойызбен Өскеменге жүріп кеттік. Пойызға мінгенде біріншіден жолсерік жайлы болса, екіншіден купедегі көршілерің жақсы адамдар болса, жолаушыға басқа не керек дейсіз. Сөйтіп, Алматы-Өскемен бағытына жүретін 351-ші пойыздың іші жайлы болып шықты. Ертеңіне түске таман діттеген жерімізге де жеттік. Өскеменнен Баян-Өлгейге жүретін көлік табу да қиынға түспеді. Бір азамат бес таксистің телефон нөмірін берді. Біз сәл кешігіп қалыппыз. Олар жолға шығып кетіпті. Келесі күні бір жеке адамның көлігімен жолға шықтық. Мына қызықты қараңыз, Қатон-Қарағайдан Баян-Өлгейге жүретін төте жолдан Ресей шекаралары өткізбейді екен. Таулы Алтайды айналып, қалың Қазаққа құтты мекен болған – Қосағашты басып өтіп, екі тәулік күні-түні жүріп, Баян-Өлгейге де жеттік. Жол бойындағы Таулы Алтайдың таңғажайып табиғаттына таңғалып келе жатқанда жолда көлігіміз бұзылды. Жүргізуші қанша әуреленсе де көлік оталмады. Көліктегі алты адам, бір моңғол азаматы бар жол шетінде тұрғанымызда бір алтайлық азамат 200 шақырымдай жердегі Онгудай деген ауылдағы көлік жөндейтін жерге жеткізіп тастады. Жолға ақы да сұрамады. Әлгі ауылда электр жарығы өшіп қалыпты. Жүргізуші кешке дейін әуреленсе де ештеңе шықпады. Көлікті сол жерде қалдырып, тағы бір көлікпен түнделетіп Қосағашқа жеттік. Міне, «жол азабын жүрген біледі» деген осы шығар. Сол күні Қосағаштағы мешіт имамы Сейфолла деген кісінің үйіне түнедік. Қонақжай адамдар екен. Жақсылап күтіп, ертеңінде Ташантыдағы Ресей шекара бекетіне жеткізіп салды. Бұл Баян-Өлгейге өтетін соңғы шекара бекеті еді.

 

Мына қаракөздерді Моңғол деуге келе ме?

 

Қайран жер жәннәты Алтай…

Әупірімдеп жүріп одан да өттік-ау ақыры. Міне, Баян-Өлгей аймағының жеріне де табанымыз тиді. Баян-Өлгей қаласы біздің Зайсанға қатты ұқсайды екен. Арғы шетінде шағын тау қалқан болып тұрғандай. Қобда өзені қоршай айналып ағып жатыр. Су мол. Бірақ ауыл ішіне арық тартылмапты. Ауылдың азын-аулақ тоғайы суға жарымай қурап тұр. Бұрын ауыл арасында арықтан су ағып жатқан екен. Кейін тартылып қалыпты. Көше тазалығына да онша ешкім мән бермейді екен. Қала орталығында Моңғол-Жапон соғысында ерлік көрсеткен Ікей батырдың ескерткіші қойылыпты.

Ташанты шекара бекетінде

Оның артында жергілікті үш кәсіпкер қазақтың салдырған зәулім сауда үйі ерекше көрінеді. Біз түскен қонақ үй де бөренелерден қиюластырып жаңа үлгімен салыныпты. Жергілікті қазақтарға Моңғол халқы ешқандай қысым көрсетпейді. «Аймақта 27 қазақ мектебі бар» – деді, біз танысқан бір адам. Көше аралап жүріп, қандасымыз Бақыт Одынай ағамыздың спорт кешеніне көзіміз түсті. Атағы жер жарып тұрған ағамызбен кездесудің сәті түспеді. Жайлауға шығып кетіпті. Екінші күні көршілес Алтай аймағының басшылығы Баян-Өлгейге достық пейілмен салдырып берген кең алаңға шықтық. Алаңның биігінен Баян-Өлгейдің үйлері алақандағыдай анық көрінеді. Қызықтап жүргенде үш күн де өте шықты. Демалыс мерзімінің аздығынан жайлауға шығып үлгере алмадым. Анығын айтқанда, Баян-Өлгей аймағы жат жұртқа қиып кететіндей жер емес екен. Төрт түлік мал еркін жайылып жүр. Нағыз шаруашылыққа қолайлы-ақ жер екені анық байқалады. Сөйтіп, қаншама қазаққа құтты мекен болған киелі жерді қимай елге қайттық.

Баянөлгейлік үш қазақ кәсіпкерлерінің сауда үйі

Таңертең сағат алты болмай шыққанымызбен шекара бекеті тоғызсыз ашылмайды. Асығып келген жолаушылардың алтын уақыттарымен санасатын ешкім көрінбеді. Әр адамның әртүрлі жағдайы бар дегендей. Біреу ауырып келді. Шекара таңғы сағат 6 да ашылуы керек емес пе? Жолаушылардың жол қоржындарын тексергенде киімдерін қалай болса солай ақтарады. Әуежайлардағыдай арнайы тексеру құралдары орнатылмаған. Мәдениетсіздік, дөрекілік әлі де қалмаған. Менменшілдік, менсінбеушілік адамдарды кемсітушілік анық байқалады. Міне, Ресей шекара бекетіндегі жағдай әлі де оңалмаған. Ресей шекара қызметкерлері жолаушыларға осындай қатаң режимде қызмет көрсетеді. Ал енді біздің шекаралық аймаққа Ресейден қашқандар Қазақстанға алаңсыз кіріп шыға береді. Сонда бұл қалай болғаны? Шекарамыз қатаң бақыланбаса сырттан келетін қауіптен қалай қорғанамыз? Еліміздің батысындағы шекарадан Ресейдің шекарашылары Қазақстанға емін еркін кіріп, қалағандарын сатып алып кете береді екен. Сонда біздің еліміздің қауіпсіздігіне кім жауапты, кімнен сұраймыз? Көршілес жатқан екі ел арасы тыныштықта болсын десек, мемлекеттік шекара қызметіндегілердің сергек болуы бүгінгі күн талабы екенін ұмытпайық дегім келеді.

Төлеухан БІДІРӘЛІ,
Алматы- Баян-Өлгей- Алматы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір