Ауыр операциядан кейін ұйықтай алмайтын кездерім болады
27.03.2023
796
0

«Адамды адам ететін – еңбек». Адам жетістікке маңдай термен ғана жете алады. Кез келген мамандықтың өзіндік қиындығы мен ауыртпалығы бар. Десе де хирург болып ұзақ жыл қызмет етудің жөні бөлек. Бұл мамандық көп адамның құлағына суық естіледі. Күнделікті адам өмірімен арпалыс, қас-қағым сәт­те адамның өміріне араша болу, сағат­тап аяқтан тік тұрып ота жасау – үлкен жауап­кершілікті қажет етеді. Сондай істің басында 45 жылдан астам еңбек етіп жүрген белгілі хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабековпен аз-кем әңгімелесудің орайы туған еді.

Адам екі нәрседен қателеспеуі керек. Бірінші, мамандық таңдаудан, екінші, өзіңе өмірлік серік – жар таңдаудан. Мен осы екеуінен де қателеспеген сияқтымын, – дейді Сағындық ағамыз. – Менің туып-өскен Үшбас ат­ты ауылым киелі Қаратаудың жотасына орналасқан Көсегенің Көкжоны аймағында еді. Ауылда ол жылдары тек бастауыш мектеп болды. Орта мектеп совхоз орталығында болғандықтан, оның жанындағы интернат­та малшы-шопандардың, қашық бөлімше тұрғындарының балалары жатып білім алдық. Интернат үйі ауылдық 25 төсектік аурухана маңына жақын орналасқан болатын. Оның қызметкерлерінің шағаладай ақ желең халат киімі, бастарына крахмалданған жарасымды аппақ қалпақ киіп жүргені, олардың емделіп жатқан ауруларға мейірімдері, ел-жұрт­тың медицина қызметкерлеріне құрметі – менің бала жүрегімді ерекше қызықтыратын. Жоғары сыныптарда оқып жүріп «дәрігер боламын» деген шешімге келдім. Озат, белсенді оқушы ретінде орта мектепті бітіргесін ол арманыма еш қиналмай қол жеткіздім.
Хирургия – медицинаның ең күрделі саласының бірі. Оған әркім бара бермейді. Өйткені ол тиянақты, зерек білімді, аса жауапкершілікті, жүректілікті, салмақтылықты, ұстамдылықты, сабырлы мінезді, мықты, бекем жүйкені, ұқыптылықты, төзімділікті, шыдамдылықты, күш-қайрат­ты талап етеді және төтенше жағдай туындаған сәт­те де жағдайды бақылауда ұстай білу қасиет­тері болу керек. Операция жүргізетін маман ретінде күйзеліске төзімді, кез келген сәт­те жылдам ойлай алатын, өзінің ісіне сенімді, кездескен қиындықтан шыға білетін маман болғаны жөн. Нағыз хирург уақытпен есептеспей, шыдамдылық танытып, отадан кейінгі аурдың жайын ойлап, оның тезірек аяғына тұрып кетуіне барынша ықпал жасап, мейірімділік көрсетуі қажет.
Үшінші курстан бастап хирургиямен айналысып, оның қыры мен сырын меңгере бастадым. Кезекші хирургтардың рұқсатымен кешкі кезекшіліктерге клиникаға келіп, ота жасауға көмек көрсете жүріп, хирургиялық науқастарға жасалатын операцияларға көзіміз үйренді, келе-келе шағын хирургиялық оталарды жасай бастадым. 5-6 курсқа келгенде аппендицит, жарықпен түскен науқастарға ота жасадым. Әрине, ол оталар тәжірибелі дәрігерлердің бақылауымен жасалатын. Сөйтіп, ерінбей ізденіп, талпынып жүріп хирург болып қалыптастым.
Ота жасау бөлмесі – медицина қызметкері үшін киелі орын. Оның ерекше санитарлық тазалық, талабы, ондағы жұмыс атмосферасы, тыныс-тіршілік аурасы, тіпті сәуле төккен аспалы жарық шамы, кафель жабылған жылтыр, суық қабырғалар, барлығы – кез келген адамның жауапкершілігін арт­тыра түседі, сабырлыққа шақырып, ойы мен бойын жияды. Өйткені ота үстелінде дәрігерден шипа іздеп, оған сенім артып, ота жасатуға келген, жүрегі лүпілдеп жиі соққан адам жатыр. Оның сенімін ақтау – дәрігер-хирургқа үлкен жүк, аса үлкен жауапкершілік. Ота басталғанда барлық жан дүниең, ақыл-ниетің ауруда, ота жасап жатқан ісіңде болады. Басқа іске алаңдауға мүмкіншілік жоқ, орын жоқ. Сонда ғана алға қойған мақсатыңа жетесің, қиын, күрделі отаның өзі сәт­ті аяқталады. Ұзаққа созылған, қиындық туғызған отада дұрыс жолын тауып, аман-есен, сәт­ті шықса, қанша шаршап-шалдығып шықсаң да көңілің көтеріңкі болады. Ол – кез келген хирургтің қызметіндегі көңіл жадыратар, сергітер бір ғажап жеңісі. Сондай сәт­тер хирургтің қызметінде көбірек болса екен деп тілейсің.
Халық арасында «батыл қолды хирург» деген түсінік бар. Бұл сөзге мен өз басым қосыла қоймаймын. Ақылды, шешімі орынды батылдық болса бір сәрі, ал «мен сондай хирург екенмін» деп отаның күрделілігіне, ол отаны науқас сол сәт­те көтере ала ма, жоқ па алдын ала болжамай, қандауырынды оңды-солды сілтей беретін әпербақан, түйсігі таяз дәрігер-оташыдан Құдай сақтасын. Оның зардабын ертең ауру көреді. Әрине, тәжірибелі хирургтің де қателігі болуы мүмкін, сирек болса да ол ұшырасады, алға қойған мақсатына жете алмайды, тіпті бәзбірі сәт­ті жасалған отадан кейін ойламаған, күтпеген асқынулар болып, солардың себебінен науқас дүние салады. Ол дәрігердің жүрегіне із тастамай кетпейді. Олар да санасы бар тірі пенде, жүйкесіне салмақ түседі, денсаулығын бұзады, өмірін қысқартады. Әт­тең, кейбір айтқыштардың сөзіне еріп, барлығына дәрігерді кінәлап, «жығылғанға жұдырық» дегендей арыз ұйымдастырып, жанжалдасып, сотқа сүйреу бүгіндері азаймай тұр…
Дәрігер өмір бойы оқып, ізденіп, білімін жетілдіріп отыруы керек. Білімсіз дәрігер-хирург жаналғыштан да қауіпті. Өйткені уақыт бір жерде тұрмайды. Жыл өткен сайын технологиялар жетіліп, диагностикалық және емдік инновациялық тәсілдер енгізіліп, тіпті дәрі-дәрмектер өзгеріп жатқанына куә болып отырмыз.
Медицина саласында жүргеніме, міне, 48 жыл болыпты. Уақыт талабына сай іздене жүріп негізгі қызметімнен қол үзбей ізденуші (соискатель) ретінде кандидат­тық, докторлық диссертация қорғадым, жастарды білім мен кәсібіме тәрбиелеп, профессор атандым, ондаған монографиялар мен оқулық шығарып, 400-ден астам ғылыми-практикалық мақалалар жаздым, 20 жыл облыстың бас хирургі қызметін абыроймен атқардым. Соған қарамай, осы күнге дейін мезгіл-мезгіл кітап, журнал бет­терін ашып, білімімді пысықтап, жетілдірудемін. Операция жасамас бұрын, көкейімде сайрап тұрса да, бұрын жасап жүрсем де, ота қалай болар екен деп ойланып, әсіресе күрделі ота алдында топографиялық анатомия мен оталар атласын бір қарап шығуды – міндетім деп санаймын. Кейбір ауыр операциядан кейін түнімен ұйықтай алмайтын, жүйкеге салмақ түсетін кездерім болады. Дәрісін тағайындап, бергізіп, уколын салдырып кететін басқа медицина салаларына қарағанда, хирургия қызметінің салмағы өте жауапты, ауыр, күрделі. Хирургия мамандығының иесі болғаныма өкінбеймін, керісінше, оны мақтан етемін.

– Сізге ота жасату үшін республика, тіпті шетел азамат­тары кезекке тұрып, тек сіздің ота жасауыңызды, бос уақытыңызды күтіп, айлап кезекке тұратын науқастар көп деп естиміз. Хирург маман әр өңірде ауруханаларда баршылық. Бірақ сізге ғана өмірін табыстап, сеніп келетін науқастарға ылғи көңіл бөле аласыз ба?
Бұл сұрағыңызға жауап берер алдында, бұл – менің адресіме тым артық айтылған пікір екенін айтқым келеді. Көпшілік көреген ғой, «ел құлағы елу» демекші, ел-жұрт­тан құлақтанып, көрші Түркістан, Алматы облыстарынан, басқа қалалардан, тіпті Алматы, Астанадан арнайы іздеп келіп, ота жасататын пациент­тер бар. Шекара асып, ту сонау Германиядан келгендер де болды. Өйткені оларда бізде кездесетін мал мен ит­тен жұғатын паразит­тік аурудың бірі – эхинококкоз кеселі сирек кездеседі. КСРО-дан, соның ішінде Қазақ­станнан қоныс аударған неміс азамат­тары ол ауруды ертерек жас кезінде жұқтырып, уақыт келе дерт асқынып, дәрігерлерге көрінген. Интернет арқылы сол аурудың білгір маманы (қорғаған диссертацияларым эхинококкозды анықтау және емдеу проблемаларына арналған болатын), ота жасайтын хирург ретінде менімен хабарласып, емделуге келді. Құдайға шүкіршілік етемін. Қолымнан келген көмегімді кім болсын аямай, ота жасап, емдеп, ризашылықпен шығарып саламын. Әркез алдыма келген кісіні мұқият тыңдап, жылы сөйлеп, білгенімді түсіндіріп, көптің көңілінен шығуға тырысамын.

– Хирургиядан бөлек, сіз қаламмен де достасқансыз, республикалық, облыстық газет­терде мақала, очерктеріңіз жарияланып тұрады. Бұл ауыр отадан кейінгі өзіңізді серпілтетін, энергия алатын тәсіл ме? Қарбалас операциялардың арасынан мақала жазуға да үлкен ізденіс керек қой. Сондай-ақ сіз мақала жазсаңыз «үйкей» салмай, әр мақалаңызда ақындардың өлеңдерінен үзінділер, ұлы ойшылдардың айтқандарынан пәлсапалар келтіріп, мысалдармен тұздықтап жазасыз. Осының бәріне қалай уақыт табасыз?
– Әр адамның бойында табиғат берген бірнеше қасиет болады. Мысалы, есімдері тарихта қалған бұрынғы ғалымдар бірнеше ғылымның басын ұстаған. Бір адамның бойында философиялық, математикалық, композиторлық, зерт­теушілік және т.б. ілімдер тоғысқан. Тіпті алысқа бармай-ақ белгілі жазушы Ілияс Есенберлинді мысалға алайық. Ол политехникалық институт­ты тәмамдаса да, бірнеше тарихи романдар жазған қабырғалы жазушы ретінде ел есінде қалды емес пе? Жазушы Медеу Сәрсек, ақын Олжас Сүлейменов және басқалар бар. Шымыр шығармашылықтарымен елге танылды. Өзімді танымал тұлғалармен теңестіруден аулақпын, замандастарымнан өзімді биік санамаймын. Өмір сыйлаған мүмкіндікті, әр уақытымды тиімді пайдалануға тырысамын, бойымдағы Құдай берген қабілет­ті орынды жұмсауға барымша күш саламын. Жаратқан Иемнің құдіретіне бас иемін. Менде бос уақыт мүлдем жоқ десем болады. Базбіреулер сияқты бильярд, карта, копьютерлік ойын ойнап, уақыт­ты бос өткізу менде болмайды. Олардың орнына кітап, газет-журнал оқығанды жөн санаймын. Солардан жаныма ұнаған өнегелі цитаталарды, қанат­ты сөздерді, жыр жолдарын қағазға көшіріп аламын да кейін оларды өз мақалаларыма «тамызық» етемін. Жарық көріп жатқан сызып-жазып жүрген еңбектерім көпшілік оқырманға, сірә, ұнайтын болу керек, таныстарым телефон шалып, кездескенде жылы пікірлерін білдіріп жатады. Оларына рақмет. Сол көпшіліктің тілеуінен шабыт алып, газет-журналдарда біраз еңбектерім жарық көрді, біразының басын біріктіріп оннан астам кітап-жинақ етіп, әр жылдары баспалардан шығардым. Тираждары аз болғандықтан, олар көпшілікке қолжетімсіз болуда. Қысқаша қайырсақ, журналистика – менің екінші мамандығыма айналды, онымен біте қайнасып кет­тім. Жарық көрген әр мақалам, очерк-эсселерім, публицистикаларым маған қуат сыйлайды, ішкі дүниеңді жігерлендіреді, жақсылықтың есігін ашады, әдебиет­тер мен газет-журналдарды көбірек оқуды талап етеді. Адам еңбек етсе ғана биік белестерге шыға алатынын ұмытпағанымыз абзал.
– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге
рақмет.

Әңгімелескен
Жанна АҚБЕРГЕНҚЫЗЫ
Сурет­ті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір