Қазақ – қазақ болып қалу үшін
25.10.2015
1929
0
566110_2132537709_12062643_762898947172038_141929545_oҚай заманда да қазақ тірі қалуы үшін бабалар жанталасып жаңа жол іздеп еді, ескі сүрлеуді сақтап қалуға тырысып еді. Қазақтың бастан өткерген үлкен қасіреті ұмытылмауы үшін де, сол зәбір-запа шеккен ұлттың бүгінде дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашырап, қидай сыпырылып кете барған ұрпағының айтарына құлақ салып қойғаны дұрыс-ау. «Елу жылда ел жаңа» болғанда, арада өткен ғасырға жуық уақытта ол ұрпақтың бүгінде еңсесі тіктелген, көйлегі көгерген. Өзге елдің терезесі тең азаматы, білімді маманы, білікті қызметкері, ғылым қуған, арман қуған жалынды жасы. Олармен сөйлесе отырып ұққанымыз, шет елге жөңкілгендердің әрқайсысының өз ұрпағына қалдырған аманаты бір екен – қай елдің суын ішсең де, нанын жесең де – Ұлы Отаныңды, Атажұртыңды ұмытпа, саған пана болған өзге елді құрметте, салтын-әдебін біл, бірақ өз тамырыңнан ажырама, қазақтың қызына үйлен, қазақтың азаматымен бас құра. Ана тіліңді естен шығарма…

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры ұйымдастырған жоба бойынша Қазақстанға келіп, біз тілдескен германиялық қазақ Сүлеймен Шадкам, фин қазағы Айкен Солонен, Моңғолиядан келген Құндыз Бахатрысбай, қасиетті Меккеде туып-өскен Харун Құдаяр – бәрінің мұңы бір, атажұртқа келгенде кездескен ең басты кедергісі – тіл мәселесі екенін айтып қалды… Моңғолиядағы мәртебелі университеттің докторанты Құндыз ең алғаш табаны тиген Өскемен топырағында ресми тілде сөйлесе алмағаны үшін ұшақтан қалып қоя жаздағанын, сөйтіп, туған Отанында өгейдің күйін кешіп, әуежайдың бір бұрышында өксіп-өксіп жылағанын айтқанда жүрек сыздады. Шет елде өсті демесең, ұлттық тәрбие қанына сіңген шетелдік қазақ жастарының үлкенге деген ілтипаты жүректі жылытады. Шетелдік төрт бауырмен әңгімелесіп болып, шығарып салмаққа сыртқа шықсақ, Сауд Арабиясынан келген Харун Құдаяр – жолай кездескен бір кейуананы жетелеп алған: «Үлкен кісі ғой. Жалғыз кетіп барады екен. Барар жеріне жеткізіп салайын», – деп қояды риясыз көңілмен. Бүгінде ұрпағын ер жеткізіп, бірі немере сүйіп, келесісі немере сүйер жасқа жетіп қалған Айкен Солонен мен Сүлеймен Шадкам еуропалық қазақ жастарының тілден ажырап бара жатқанын қауіп қылады. Еуропа қазақтарының Атажұртқа аунап-қунап қайтатындарының сиреп келе жатқанын тілге тиек етеді…

– Атамекенге қош келдіңіздер! Алдымен өздеріңізбен қысқаша танысып алсақ…

Сүлеймен ШАДКАМ,
Германияның Мюнхен қаласының тұрғыны,
кәсіпкер:

– 1928 жылы әкелеріміз Маңғыстаудан Түрік­мен­стан арқылы Иранға ат ба­­сын бұрған екен. Сол ел­де ержеттім. Кейін әуелі Түркия, кейін Германияның Мюнхен қаласына тұрақтадым. Осы қалада бо­ла­шақ жарымды кездестірдім. Дінай екеуміз құдай­дың берген Олжас, Абай атты ұлдарымызды өсіріп отырмыз.

Айкен СОЛОНЕН,
Финляндияның тұрғыны:

– Фин елінде 1994 жылдан бері тұрып келемін. Ма­мандығым – тарихшы, археолог, этнограф. Фин жерінде бір жыл Қазақстан тарихы жөнінде лекция оқығаным бар. Қазір Финляндияның Лойма деген қаласында музейде жұмыс істеймін.

 

Құндыз БАХАТРЫСБАЙ,
Моңғолиядағы қазақ диаспорасының өкілі,
өнер зерттеушісі:  

– Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласында дүниеге келдім. Моңғолия Ұлттық университетінде оқыдым. Негізгі мамандығым археолог еді, бұл ма­мандық қыз балаға ауыр тиеді деген қазақ­шы­лықпен этнография саласына ойыстым. «Моңғолия қазақтарының көне салт-дәстүрінің жаңа за­ман­дағы өзгерісі» атты тақырыппен магистр дәрежесін қорғап, қазір осы этнография саласын тереңірек зерттеу мақсатында осы университеттің докторантурасында білім алып жүрмін. Қазақ халқының қолөнері – тұскиізді ЮНЕСКО ұйымына сақтау мақсатында зерттеумен айналысып жүрмін.

Харун Мухаммед Ибрагим ҚҰДАЯР,
кәсіпкер,
Сауд Арабиясында туып-өскен:

– Біздің ата-бабаларымыз екінші аштық жылдары Қызылордадан Пәкістанға, одан Ауғанстанға өткен екен. Одан әрі – Сауд Арабиясында тұрақтап қалыпты. Өзім Мекке қаласында дүниеге келдім. Отбасында он баламыз – әке-шешем алты ұл, төрт қыз өсіруде. Ағам Хабиболла екеуміз әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шетелдік жастарға арналған дайындық факультетінде оқыдық. Қазір қазақ тілін жақсы меңгеріп, екі ел арасында өз кәсібімізбен айналысып жүр­міз.

– Барлығыңызға ортақ сұрақ, өзге елде өмір сүрудің салты қалай, Қазақстан жеріне келген сәтте ең алғаш кездескен мәселе не еді?

Сүлеймен ШАДКАМ:

– Шүкір, жат елде жан сақтайтын жағдайымыз бар. О баста қиындықты көп көрсек те, Құдайға шү­кір, қазір қарамағымызда бірнеше неміс қыз­меткер бар, өз кәсібімізді дөңгелетіп отырмыз. 1986 жылдан бері елге келіп-кетіп тұрам. Кеңес Ода­ғы кезінде қазағың да – орыс, орысың да – орыс еді. Әйтеуір қазақ тілінде тіл қатысатындар көбейіп келеді. Сонда да байқайтынымыз, шындықты көп ешкім айтпайды. Бірнеше шетелді көріп жүрміз ғой. Басқасын қойып, ауғандарды-ақ алайықшы. Ауғанға барсаң, сенімен ағылшын тілінде сөйлеспейсің, паштун болса да, аудармашысын әкеліп сөйлеседі. Ал бізде, қолыңнан іс келіп тұрса да, орыс тілін білмейсің бе – ештеме істей алмай қалады екенсің.
Біз шетелде тудық, жат жұртта өстік. Әке-ше­шеміз қара танымаған адамдар. Жазбаша қазақ тілін білмедік. Бар білетініміз – ауызекі әңгіме. Әкелерден, үлкен кісілерден естігенім бар, өзімнің білетінім және бар – Абайдың ағылшын тіліне ау­дарылған дүниелерін тірнектеп жинап жүрдім. Ма­­ған қазақтың ғажап, бай тілін үйреткен ұста­зым – Абай. Сіздер тәуелсіздік алған жылдары «Отан» газеті шықты. Төте жазу үлгісімен. Соны ежік­теп оқып жүріп, бірталай дүниені емін-еркін оқи алатын дәрежеге жетіп алдым. «Отаннан» Абай­ды оқимын, Абайдың «қара сөздерін» оқимын. Сөйтіп-сөйтіп Абайдың тілінде, өзімнің ана тілімде оқуды, жазуды меңгердім. Сондықтан бүгінгі күні өз елінде отырып, талай бауырларымыздың тілді білмеймін, үйрене алмадым дегенін түсінбеймін.
Өзім 1990 жылдан еуропалық алты студентті әке­ліп, Қазақстанда оқуына септігін тигізгенімді мақ­тан етемін. Ол алтаудың ішінде тұңғышым Ол­жас та бар. 13 жасынан Қазақстанға алып келдім. Олжасым Алматыдағы қазақ-түрік балалар лицейінде оқып, түрлі халықаралық олим­пиа­да­лардың жеңімпазы болды. Лицейден соң әл-Фа­раби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ха­лықаралық қатынастар факультетіне түскен.

Айкен СОЛОНЕН:

– Еуропаның Германия, Франция сияқты ел­де­рінде қазақтар біршама көп шо­ғырланғанымен, финлян­­диялық қазақтар аздаумыз. Және біз бұл елге 1990 жылдардың басында қоныстандық. Бала-шаға ержетті. Немерелер бар. Кі­шігірім қоғамымыз бар. Ұлттық мерекелерімізді кең түрде атап өтеміз, ұлттық киімімізді киіп, ұлт­тық тағамдарымызды әзірлеп, шамамыздың кел­генінше қазақшылығымызды сақтап отырмыз. Жақында ғана Фин қазақтары бала-шағаларын ертіп, Норвегия қазақтарымен кездесіп, арқа-жарқа болдық. Кедергі мәселесіне келер болсақ, өзімізше Елшілік келсе, төбеміз көкке жетеді-ау деп сеніп жүр едік. Алайда, үмітіміз онша ақтал­ма­ды. Құжаттарды жөндеудің өзі созылып кетеді. Қа­зақшаны да жарытып сөйлей алмайды.

Құндыз БАХАТРЫСБАЙ:

– Моңғолия жеріне қа­зақтар 1860 жылдан бері қо­ныстана бастаған. Олар­дың бұл жерге келуінің бас­ты себебі, Шыңжаңда мал өрісі тарылып, қоныс жетіспеушілігінен туын­да­ған болатын. Сол жылдары Моңғолияның Батыс өңірі шүршіттерден азат етіліп, қараусыз қалады. Осы уақытта қазақтар жайылымдарда малдарын отарлап, Моңғолия жерінде тұрақтай бастайды. Бастапқыда қазақтардың өз билігі өзінде болады. 1925 жылы Чандмань таулы аймағы құрылған кезде көшіп келген қазақтар соның құрамына төрт хошуун, яғни төрт рулы ел болып кіреді. 1931 жылдан бастап қазақтардың мал-жанының өсуіне байланысты жеке ұлттық аймақ құру мәселесі туындайды. Қазақтар Моңғолияның орталық билігіне жер бөлу жайында көптеген арыз-шағымдар түсіре бастады. 1939 жылы 28 ақпанда Моңғолия үкіметі мен Кіші Хуралының, яғни заң шығарушы органның біріккен қаулысы жарық көріп, онда қазақтар қоныстанған Баян-Өлгий аймағын құру керектігі жазылды. «Баян-Өлгий» – моңғол тілінен аударғанда «Бай өлке» дегенді білдіреді. Жалпы, Моңғолия жерінде 180 мыңға жуық қазақтар тұрды. Бүгінде бұл аймақта
100 мыңға жуық қандасымыз тұрады. Аймақтың 97 пайызы қазақтар. Қобда аймағында 10 мың­нан астам қазақтар тұрады. Ал Ұланбатыр маңа­йында Налайых, елдің шығысындағы Дархан, Эрденет, Шарынғол деген елді мекендерде де 4-5 мыңнан аса қазақ, Ұланбатырда 7-8 мың қазақ бар. Олардың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Жаз мезгілінде жайлауға шығып, қолындағы малын отарлап бағатын көшпенді халықтың ұрпақтары тамылжыған табиғат аясында күні бүгінге дейін биесін байлап, қойын өріске жіберіп, мамыражай тірлік кешіп отыр. Моңғолияның өкіметтік ісін басқаратын жоғары органы – парламентте 2-3 қазақ азаматы үзілмей сайланып келеді. Сонымен қатар, Моңғолияның Жол және көлік ми­нистрінің, сондай-ақ, Өнеркәсіп министрінің орын­басарлары біздің қазақ азаматтар. Ми­нистрліктерде департамент және бөлім бастығы деген сияқты әр түрлі қызмет атқарып жүрген қазақ азаматтары баршылық. Жоғарғы оқу орындарында, ғылым және өнер саласында да біздің ұлттың өкілі жеткілікті.
Жеке өз басымның мысалынан алсам, Қазақ­станға 4-5 жыл бұрын қонақтап келдім. Өзімнің ортама, қазақтардың арасындамын деп жүрмін ғой. Өскемен қаласындамын. Қазақша тіл қатам. Ешкім жауап бермейді. Жауап бермегені былай тұрсын, тіптен менменсінген көзқарастарды бай­қадым. Ұшақтан қалып барам. Жөн сілтейтін жан баласы жоқ. Мен шет жұртта көрмеген теперішті туған елімде көргенім-ай деп, көз жасыма ерік бергенім бар еді…
Моңғолияда қазақ болып жүріп, Қазақстанға кел­генде өз бауырларымның аузынан естіген «мұңғылсың» деген сөз жүрекке ауыр тиді…

Харун ҚҰДАЯР:

– Бүгінде Сауд Арабия­сының Мекке, Медине, Жидда қалаларында алты мыңдай қазақ тұрып жатыр. Біздегі қазақтардың отбасыларында кемінде 6-7 бала бар. Ол баланың бә­рі де жас. Бәрі де қазақ болып қалуға талпынады. Соңғы кездері Сауд Арабиясы қазақтары балаларын Қазақстанға оқуға көптеп жіберуде. Қазақ­станға бір келген қазақ қайтадан келе бергісі келеді, келгендер қайтадан кеткісі келмейді.
Қазір Қазақстанда кәсіп қылып жүрмін. Мұнда біздің алдымыздан кездесетін бір мәселе бар. Ол – тіл. Тіл болғанда, өз ана тілімді білем ғой. Орыс тілін ұқпаймын. Үкіметтің бір құжатын рәсімдеу үшін бір қағаз алып кел дейді, бірақ ол қағаздың атын қазақша айтпайды. Орысша айтады. Сосын бір қазақтың артынан бір ай жүресің. Ол не қағаз екенін аударып беруін өтінесің.

– Сіздердің елдің өмір салты басқа, өмір сүру деңгейі басқа, менталитеті, іскерлік, адами қарым-қатынастары өзгешелеу шығар. Бөтен елде өмір сүру мен өзге елге бауыр басу­дың қиындығы неде?

Сүлеймен ШАДКАМ:

– Менің балалығым өткен Иран мен Гер­манияның айырмашылығы жер мен көктей. Германияда жергілікті халықтың деңгейіне көтерілу үшін немістің менталитетін өзіме сіңіруім керек болды. Олардың тәртібіне бағынуым керек еді. Жиырмадан енді асқан шағымда тілін білмейтін, ділін білмейтін елге бардым. Қалтаңда аз-мұз ақша ғана. Оның өзі жылдам таусылды. Жұмыс істеуге – тіл кедергі. Бөтен ел, бөтен жұрт. Бірлі-жарым қазақтың үйін білесің. Олар да өз күнін көру керек. Ертелетіп жұмысқа кетіп қалады. Олар қашан жұмыстан оралар екен деп есігінің алдында отырам. Жұмыс істегің келсе, әлдебір құ­жаттарды толтыруың керек. «Мынаны аударып берші» деп жалынамын. Басымнан талай қиыншылықтар өтті. Қоғамда титтей де орның жоқ екенін сезінуден ауыр не бар? Сенделіп жүргенде біреу қол ұшын созса, шарапаты тисе, өмірбақи соның құлы болып өтуге барсың. Ираннан кетерде әке-шешеме берген уәдем бар, қазақтың қызын ғана жар етемін дегенмін. Құдай қосып, Германияда Дінай жеңгеңмен таныстым. Осы күні екі жаман балам бар. 1986 жылдан Қазақстанға келіп-кетіп жүремін ғой. Еліміз тәуелсіздік алғанда Қазақстанға көшіп келейін десең, орысша білмесең, күнкөрісің қиын екенін ұқтым. Сөйтіп, Германияда қалғаныммен, атажұрттан тамырым ажыраған емес. Осында 13 жасында алып келген Олжасым осы күні ЖОО бітіріп, енді Маңғыстауға туымды тігемін деп отыр. Екі ұлымның да атын ырымдап өзім қойдым. Олжас дүниеге келгенде Германияның азаматтығын ала қойған жоқ едік. Сондықтан құжат рәсімдеуде қиындық болмады. Абайымыз өмірге келгенде біз азаматтық алып қойғанбыз. Германияның заңы бойынша бұл елдің азаматының аты немістердің тіліне, діліне жақын тұруы керек. Мен ұлымның атын Абай қоям десем, рұқсат бермейді. Абай – біздің ділімізге сәйкес келмейді, бізге жақын есімді қой дейді. Содан өзім жинап жүрген Абайдың кітаптарының ішінде ағылшын тілінде шыққан біреуі бар еді, соны алып барып: «Бұл кісі дүниежүзіне белгілі шайыр. Мұның атын рәсімдеп бермесеңдер, Жоғарғы Сотқа дейін шағымданам» деп жүріп, әупіріммен Абай атын қорғап қалғаным бар.
Орта тек немістер болған соң, олардың деңгейіне жету үшін немісшені үйрендік. Жұмысты немістен артық істедім. Бұрынырақта маған үйреткен адамдар енді менің қарамағымда жұмыс істейтін болды. Осы күні Қазақстан және Қырғызстан Құрметті Елшісінің кеңесшісімін. Қазақ қай елде тұрса да, қабілетті халық қой, тез сіңісіп кетеді. Тек өзін-өзі жоғалтып алмау мәселесінен сақтанса болғаны.

Айкен СОЛОНЕН:

– Финдер «Сен тимесең, мен тимен бадыраң көз» дегендей, жайбарақат жүретін халық. Финдер аз халық, саны бес-ақ миллион. Ғасырлар бойы Швецияның, бір кезеңдерде Ресейдің қол астында болған. Сөйте тұра өздерінің тілін, ақшасын сақтап қалған. Олардың мектептерінде швед тілі қосымша жүреді. Бірақ біз орыс тілін өте жақсы білеміз ғой. Олар швед тілін ондай керемет үйренбеген. Тіпті, үйренуді қажет деп те санамайды. Олар да біз сияқты үлкен империялардың арасында қысылып өмір сүріп, теперішті көп көрген халық. Шведтер мен орыстар соғысқанда алдыңғы шепке осы финдерді салып қойған екен.
Финдердің мен үйрене алмаған бір мінезі – үлкен адамдарға сен деп сөйлейді. Көрші әжей бар. Жасы тоқсаннан асты. Сол кісіге сен деуге аузым бармай, сіз десем, жатып кеп өкпелейді. Сен дей алмай мен жүрмін. Кейде финдер менен: «Қазақстан қайда?» деп сұрайды. «Картаны қолыңа ал да, 8,5 Финляндия сиятын елді тап. Сол ел Қазақстан» деймін мен күліп. Сондай шап-шағын жерді керемет меңгерген. Орман шаруашылығымен айналысады, қағаз шығарады, өндіріске арнап неше түрлі машина шығарады. Бұрын сауда-саттықта Ресеймен жақсы қарым-қатынаста еді. Қазіргі геосаяси дағдарыстың жағдайына орай, бұл қатынастар тежеліп тұр. Олар енді Қазақстанға көз тігуде.

Харун ҚҰДАЯР:

– Қазақстанның тәуелсіздігіне жиырма жылдан асты ғой. Сауд Арабиясының егемен ел болғанына 80 жылдан асты. Олар мектепте елдің тарихын оқытқанда, 85 жылдан бұрынғыны айтпайды. Кейінгіні көбірек айтады. Тарих оқулығында ең әуелі ежелгі арабтар, Хазіретті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.), оның сахабалары туралы айтып келеді де, Осман империясына бағынышты болған ұзын тарихи аралық туралы мектеп оқулығында бір-екі парақтай ғана деректермен хабардар ете салады. Содан бірден жаңа тарихқа өтіп кетеді. Меккені османдардан қырық адаммен азат еттік дейді. Тарихқа солай жазып қойған. Осман империясы – мұсылман ел. Арабтар да мұсылмандар. Мұсылман ел келесі бір мұсылман елді Меккеден шығару үшін Англиядан адам шақырды. Сонда османдар мұсылмандармен соғыспаймыз деп Меккеден шығып кетті. Сонда 40 саудиялық азамат Меккеге келіп кіреді. Олар өз тарихын осылай оқытады. Арабтардың идеологиясы осы.

– Енді шетелдік қазақ жастарының бойын­дағы отаншылдық сезімін ұлғайту үшін не істеу керек?

Сүлеймен ШАДКАМ:

– Қарым-қатынасты нығайту керек. Кез келген қазақтың Отанын сүюі ішкі дүниесіне байланысты. Таңертеңнен кешке дейін «бізде бәрі жақсы» деп мақтанып отыра беруге болады. Сондай-ақ, таңертеңнен кешке шейін бойы­мыздағы бар кемшіліктерді теріп, оны кетірудің де жолдарын қарастыру үшін еңбектенуге де болады. Әркім өз жолын өзі таңдайды ғой.

– Осы күні «Қазақстанды әлем таниды» деген амбициямыз бар. Сіздер бізге сырттан көз салып жүрсіздер ғой. Бізді әлем тани ма, сырттан қараған кезде біздің қандай кемшілігіміз анық көрінеді, қандай артықшылығымыз бар?

Айкен СОЛОНЕН:
– Кейде Интернеттен бірдеме оқығың келеді. Елбасымыздың қандай да бір министрді немесе жеке бір адамды қабылдағанын кәдімгідей жаңалық қылып жазып жатады. Мемлекет болған соң, ол мемлекетте билік құрылымдары күнделікті жұмыс істеген соң, олардың бір-бірімен кездесуі, жағдайды талқылауы үйреншікті нәрсе емес пе? Ол жаңалық емес қой. Еуропа елдерінде Прези­денті өз министрін қабылдады дегенді жаңалық қылып жазбайды. Сосын Қазақстанда ешкім-ешкімді сынамайды. Ал Финляндияда шындық түрлі таластан туады деп сенеді. Сондықтан кем­шілігін ашық айтады.

Сүлеймен ШАДКАМ:

– Сыртқы саясатымыз жаман емес. Әркім Қазақстанға келіп-кетіп жүр ғой. Біз мынаны білуіміз керек, олар қазақты қолпаштау үшін емес, өз керегін алу үшін келеді.
Немістің бір жақсы қасиеті – өтірігі жоқ, уәдесінде тұрады. Бірақ отыз жыл жақсы жұмыс істеп, бір күн қателессеңіз – кешірмейді. Сіз оны мейлі, жүз рет қонаққа шақырыңыз, «Ұят болды ғой, мен де бір күн қонақ етейін» демейді. Ал өзің ұсыныс жасап: «Мені қонаққа шақыр» десең, «Жарайды, мына күні қонақ болып кете қойыңыз» деп келісе кетеді. Бұрынырақта темекі шегетін едім. Үш жыл бір әріптес неміспен бірге темекі шегіп жүрдік. Онда да: «Шылым шегіп келейік» деп ұсыныс айтып, бар темекіңді ұсынасың. Сөйтіп, күндердің бір күнінде темекімді үйде қалдырып кетіппін де, әлгі әріптесімнен бір темекі сұрасам, «Ақшаң жоқ па, неге сатып алмайсың?» деп қарап тұр. «Ойбай-ау, үш жыл бойы саған темекі бердім, енді бір рет бере салсаң, нең кетеді», – десем, «Сол үш жыл бойы сенен темекі сұрамадым ғой, өзің бердің емес пе?», – дейді. Біздің ол елден ар­тықшылығымыз кейде кемшілігіміз – ашық­қолдылығымызда деп ойлаймын.

– Харун, келесі сұрақты өзіңе қойғым келіп отыр. Қазақтың ішінде біз түсінбейтін діни қауіп бар. Сол мәселе Сауд Арабиясындағы қазақ­тар­дың ішінде кездесе ме?

Харун ҚҰДАЯР:

– Біздің ата-бабаларымыз Қазақстаннан кетіп, тек Ислам мемлекеттеріне көшіп отырды. Пәкістанды, Ауғанстанды мекендеді. Сауд Арабиясына өткелі 40 жыл болыпты. Мекке, Медине, Жиддадағы қазақтардың көбінің бабалары, әкелері – хафиздер, имамдар, молдалар. Олардың бәрі дініне берік. Бірақ Қазақстанға келіп байқағаным, бір-екі жігіт Қазақстаннан барып, Мединеде оқыпты. Содан сол оқуын осында келіп айтады екен. Өзіңіз білесіз, Исламда төрт мәзхаб бар. Арабтар – Шафиғи мәзхабында. Біз – Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзхабын ұстанамыз. Аталарымыз айтқан, әкелеріміз айтқан сол мәзхабтың жолымен, қазақтың әдебімен, Сауд Арабиясының дәстүріне құрметпен қарап өмір сүреміз. Сізге бір мысал айтайын, Ирактан шыққан бір дін ісінің білгірі Мысырға барды делік. Мысыр да араб елі. Бірақ әдебі басқа. Ирақтан шыққан дін білгірі Мысырға барғанда пәтуаны мысырлықтарға, жергілікті жердің халқына қарап береді. Ол ислам білгірінің пәтуасы Ирактан Мысырға дейін 90 пайызға ауысты. Неге? Өйткені, адамдар, әдеп, салт ауысты. Менің ұққаным, Мединеден оқып келгендер Сауд Арабиясының пәтуасын осында жүргізгісі келеді. Арабтардың киімін кигісі келеді. Мен Арабияға барғанда арабша киінемін. Анам Арабияда бетін жауып жүреді. Қазақстанға келгенде жаулығын тағады, бірақ беті ашық. Себебі, бетті жауып жүру қазақта жоқ. Тек қана орамал тағады, болды. Егер, арабтардың салтын ұстан­ғыңыз келсе, айтайын, олардан анасының атын сұрасаңыз – айтпайды. Ұят санайды. Сондықтан арабтардың бар салтын ұстану, білу мүмкін де емес, керегі де жоқ қой.

– Сіздер қазақ тілін өте тамаша білесіздер. Шет елдегі қазақтың қазақ тілінде сөйлеуі, үйренуі мәселесі бар ма?


Харун ҚҰДАЯР:

– Сауд Арабиясында ортақ бір тіл бар. Қа­зақ­шаға жақын, өзбекше де емес, түрікше де емес. Қазағыңыз да, өзбегіңіз де, тәжігіңіз де, түркі­меніңіз де осы ортақ тілде сөйлейді. Ол тілді кім шығарғанын, қашан шығарғанын білмеймін. Ес білгелі, Сауд Арабиясындағы түркі халықтары осы тілмен сөйлеседі әйтеуір.  Үйде – әркім өз ана тілін­де сөйлеседі.

Сүлеймен ШАДКАМ:
– Ашығын айтайын, ассимиляция қаупі бар. Шетел біздің тілімізде сөйлей алмайды. Өз тілімде емін-еркін сөйлеймін ғой деп атажұртқа келсек, оның өзінде де орысша тілдесіп жүргенің. Еуро­палық қазақ жастарының ортақ тілі – түрікше. Қазақ тілін біреуі біледі, біреуі білмейді. Кейбірі қазақпен тіл табыса алады, бірақ қазақ тілінің мәйегін тамызып сөйлей алмайды ғой.
Елбасымыздың Америкада, БҰҰ мінберінен қа­зақ тілінде жасаған баяндамасы керемет әсер етті. Шетелдерде ыңғай осылай сөйлесе, тіл мәселесі оңай шешілер еді.
– Әңгімелеріңізге рахмет!

 

Әңгімелескен Қарагөз СІМӘДІЛ.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір