Түркістан – қазақ үшін құнды қала
Қазақ халқы және түркітілдес елдер үшін Түркістанның орны айрықша. 2018 жылы Түркістан облысы құрылды. Түркістан қаласы облыс орталығына айналып, рухани астана ретінде дамып жатқанына 6 жыл толды. Осы уақыт аралығында өңірді дамыту іс-шаралары аймақтың экономикасына тың серпін берді. Түркістан бүгінде миллиондаған туристер мен қонақтардың тамашалауға асығып келетін мекеніне айналды. Бүгінгі Түркістан – тек әлеуметтік-экономикалық жағынан ғана дамып қоймай, мәдени-идеологиялық жағынан да дамып жатқан өңір. Сол себепті, Түркістан қазақ үшін құнды қалаға айналып отыр.
Мемлекеттің ең жоғарғы басқару тізгінін қолға алған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы президенттік іссапарын қасиетті Түркістан қаласынан бастаған болатын.
Айта кетейік, ұлы ойшыл Ахмет Ясауи бабамыз осы Түркістанда өмір сүрген. Ол күллі елге ізгілік нұрын шашып, адамзатқа шынайы еңбек еткен. Сонымен бірге, Түркістан бірнеше ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болды. Мұнда тарихымыздағы тағдыршешті шешімдер қабылданған. Түркістанда қазақтың 21 ханы, 8 сұлтаны, елуден астам қол бастаған батырлары, 23 биі бастаған ұзын саны 280-нен астам ұлтымыздың жақсылары мен жайсаңдары жерленген. Түркістан – Еуразияның жауһары.
Облыс әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер өсімі қалыптасып, өңірлік өнім 6 жылда 2,5 есеге өсіп, былтыр 4,2 трлн теңгеге жеткен. Биыл 6 трлн теңгеге жеткізуді көздеп отыр. Өнеркәсіп өнім көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 2,3 есеге артып, өткен жылы алғаш рет 1 трлн теңгені құрады. Мәселен, былтырғы жылы өңдеу өнеркәсібінде жоспарланған 20 инвестициялық жоба толық іске қосылып, 594 жаңа жұмыс орны ашылды. Түркістан түркі әлемі көз тіккен қалаға айналды. Мұнда 250-ден астам заманауи ғимарат бой көтерді. Тұрғын үйлер, мәдениет, спорт, білім, медицина, инфрақұрылым нысандары ел игілігіне берілді.
Мемлекет басшысы Түркістан қаласын тек облыс орталығы ғана емес, жалпы түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі тапсырма берген еді. Айталық, Түркістан қаласы тек әлеуметтік-экономикалық жағынан ғана дамып қоймай, мәдени-идеологиялық жағынан да дамуы тиіс. Бірінші – Түркістанға келген адам күллі Қазақ мемлекетінің басынан өткен тарихи оқиғалардан, қазақтың этнос ретінде мәдениетінен мәліметтер алатындай болуы тиіс. Екінші – Түркістанда әлемдік деңгейдегі шеберлер орталығы жұмыс істеуі керек. Үшінші – Түркістан тоғыз жол торабында орналасқан сауда орталығына айналуы керек. Ахмет Ясауи кесенесі діни ғұламалар мен әулие-әнбиелерді, хандар мен билерді, батырлар мен ақындарды, яғни халық үшін өзін құрбан еткен тұлғаларды жерлеген үлкен қабірстанға айналғанын білеміз. Сондықтан бабаларымыздың көзіндей болып тарихтан жеткен зәулім ескерткіштер, қабірстандар мен қорымдар, аңыздар мен тарихи жұрнақтар Түркістанның абыройын асқақтатып, күллі түркінің көз тіккен жауһарына айналды. Осы ерекшелігін де сақтаған жөн.
Түркістан облысында өткен алты жылда әсіресе облыс орталығында ауқымды жұмыс атқарылды. Мәдениет, білім, спорт ғимараттары, тұрғын үйлер және туристік нысандар бой көтерді. Алғашқы болып бой көтерген нысандардың бірі – халықаралық әуежай. Қазір оның мүмкіндігі кеңейтіліп, бауырлас елдермен тұрақты рейстерді көбейту бағытында жұмыстар жүруде.
Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылы Түркістан облысына жасаған кезекті жұмыс сапарында жергілікті халықпен кездесті. Сол жүздесуде Президент Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беру мәселесін көтерді. Президенттің сол бастамасы бойынша және тікелей тапсырмасымен Түркістанға ерекше мәртебе беруге арнайы заң дайындалып, қазіргі таңда «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы Парламент қарауына берілді.
Түркістан облысының мәдени-рухани бағытта дамуы мен экономикалық әлеуетін көтеру бойынша президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүктеп отырған міндеттері мен бағдарламаларын орындау бағытында облыс басшысы Дархан Сатыбалды бастаған жергілікті атқарушы биліктің атқарып жатқан жұмыстары ауқымды. Өңірде көп жұмыстар жүзеге асып жатқанын көріп жүрміз. Осы тұрғыда, басты-басты деген ілкімді жұмыстарға тоқтала кеткенді жөн санадық.
Түркістан бүгінде тек бауырлас – түркітілдес мемлекеттермен ғана емес, басқа да көптеген елдермен рухани-мәдени және экономикалық тұрғыда тығыз қарым-қатынас орнатқан Орталық Азиядағы ірі орталыққа айналды. Олай дейтініміз, рухани қаланың осы алты жыл ішінде адам танымастай жылдам өзгеруі және әлеуетінің қарқынды дамып жатқаны – соның айғағы. Бүгінде тағылымды тарихы бар Түркістанды тамашалауға алыс-жақын шетелдерден ағылып келіп жатқан миллиондаған туристер мен қонақтар қасиетті шаһардың өткен тарихына тереңдей қаныға түсуге және қайта жанданып жатқан тіршілігіне тамсана қарайтын болған. Өңірде халық саны да күн санап артып келеді.
Айта кетейік, соңғы жылдары Түркістан өңірі мемлекет тарапынан жоғары деңгейде қолдауға ие болса, шетелдік инвесторлардың да көптеп қызығушылық танытуы арқасында киелі өңірде бүгінде бірқатар ірі жобалар жүзеге асып жатыр.
Облыс әкімі атап өткендей, Түркістан облысының 9 индустриалды аймағы, «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеп тұр. Онда кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалған.
Облыста инвестициялық штаб жұмыс істейді. Әрбір инвестормен әр жобаның түпкілікті жүзеге асуын жіті бақылауда ұстап отыр. Барлық аудан, қала әкімдері және басқарма басшылары бастаған өкілдер облыс кәсіпкерлерімен бірге Қытай, Аустралия, Өзбекстан елдерінің өндірістік аймақтарына іссапармен барып қайтты. Делегация әлемге танымал кәсіпорын, зауыттарды аралады. Алпауыт компаниялармен келісімдер жасалған.
Алты жылда облыс экономикасына тартылған инвестиция 3 есеге артып, 2023 жылы 972 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға бағытталған қаржының басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. 2023 жылға жоспарланған 56 инвестжоба толық іске қосылды. Экономикаға тың серпін беретін 145 жоба пулы қалыптасты. Оның ішінде өндіріс пен ауыл шаруашылығында терең өңдеуді дамытуға басымдық берілді. Бұл жобалар 17 мың жаңа жұмыс орнын ашып, өзіндік кірісті қосымша 100 млрд. теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бұл тұрғыда инвесторларға қолайлы жағдай жасауға баса мән беріп отырмыз.
Еске сала кетейік, 2021 жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінің қорытындысы бойынша «Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы деп тану» туралы шешім қабылданған болатын. Мұның өзі түркістандықтар үшін үлкен демеу болды және рухани қаланы дамытудың жауапты кезеңі бұрынғыдан да арта түсті.
Облысты өркендетудің басты бағытының бірі – ол ауыл шаруашылығы саласы. Аталған сала бойынша өнім көлемі өткен жылы 1,2 трлн теңгеден асып, облыс республикада көш бастады. Егістікті әртараптандыру нәтижесінде рекордтық 3,3 млн тонна көкөніс, бақша өнімі жиналды.
Айталық, Түркістан өзге өңірлерден несімен ерекшеленеді деген сауалға жауап іздеп көрейік. Түркістан облысы ауыл шаруашылық саласы бойынша бірден-бір мақта өсіріп отырған және республика халқының 42 пайызын көкөніспен қамтамасыз етіп отырған аймақ екенін зор мақтанышпен айтуға болады. Сондай-ақ өңір жылыжайлар отанына айналып отыр. Айталық, еліміздегі жылыжайдың 70 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Өңірде жылыжайдың жалпы көлемі 1640 гектарға жетіп, 140 мың тонна өнім жиналды. Жүйелі жұмыс нәтижесінде арнайы стандарт әзірленіп, 801 жылыжай сертификатталды.
Облыста мақта өсірумен шұғылданатын 25 мың агроқұрылымда 75 мың адам еңбек етеді. Жиналған 98 мың тонна мақта талшығының 82 пайызы экспортқа бағдарланған. Тиісінше әлемдік биржа бағасына тәуелділігі жоғары. Осы мәселені ескере отырып, мақта-тоқыма кластерін құру жобасы әзірленді.
Ал өңірде туризмді дамытуға аса мән берілген, яғни, туризм – облыс экономикасының басым салаларының бірі. Өйткені туристер үшін Түркістан облысында қызықты орындар өте көп. Бірегей архитектуралық-тарихи және археологиялық ескерткіштері, таңғажайып табиғаты мен өзіндік мәдениеті бар өңір туризмді халықаралық деңгейде дамыту үшін зор әлеуетке ие. Облысты ашық аспан астындағы мұражай деуге болады. Өңірде 1770 тарихи және мәдени ескерткіштер бар. Соның ішінде ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұра нысандарының тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде облысымыз күн санап көркейіп келеді. Туризм саласы да даму үстінде. Бүгінде Түркістан облысына келушілер мен туристердің саны артты.
Облыс аумағында көптеген тарихи-кешендік, археологиялық, экологиялық, этнографиялық, діни-рухани және сәулет-құрылыс ескерткіштері, оның ішінде мәдени-тарихи әрі діни маңызы бар ескерткіштер көп. Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған, яғни Түркістан халықаралық көлік магистралы желісінде орналасқан. Теміржол мен түрлі көлік жолдары қатынастары ретке келтірілген. Қаланың әлеуметтік-инфрақұрылымында да басты нысандар туристерге қызмет атқара алады. Демек, Қазақстанның рухани әрі туристік орталығы Түркістан қаласы болып табылады, ол тек Қазақстан халқының ғана рухани орталығы емес, сонымен қатар бүкіл түркітілдес халықтардың рухани әрі туристік орталығы болуы тиіс.
Еске сала кетейік, Түркістанды түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы деп жариялау ұсынысы бауырлас елдердер тарапынан қолдау тапқан болатын. Әрине, бұл шешім бауырлас елдердің туризм бағытындағы байланысын нығайтуға айрықша ықпал ете түседі.
Талантты лирик ақын Өмірбай Сәуірбаевтың «Түркістанда тумақ түгіл адамдар, Түркістанда болғанына мақтанған» деп жырлағанындай, қашан да қазаны адал еңбекпен қайнаған бүгінгі Түркістан руханияттың, ынтымақтастықтың, тыныштықтың нағыз ордасына айналған.
Ынтымақ пен бірліктің, тұрақтылықтың мекеніне айналған Түркістан өңірін дамыту, халықтың әл-ауқатын көтеру, ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту, кәсіпорындарды көптеп ашу бағытындағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Тельман БЕЙСЕНОВ