ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ҚАЙ ҚАЗАҚ?
25.07.2023
478
0

Адам баласы оқыдым-тоқыдым, білікті-білімді болдым деп қанша жерден ісіп-кепсе де оның бүкіл өмірі құжынаған қателіктен тұрады. Әрине, кешіруге болатын да, болмайтын да қателіктер болады. Соның ең кешірімсізінің бірі – өзіңнің ұлттық ерекшелігіңнен айырылу және бірнеше ұлттың басын қосып бір ұлт жасаймын деген әурешілік шығар, сірә. Өйткені қай ұлтты да Құдай жаратқан.

Әр ұлттың өзіне тән түр-түс, діл мен тіл, үрдіс пен дәстүр, әртүрлі мінез-құлық берген де сол Жаратушы Иеміз! Әттең, бүкіл басқа ұлттың көңілін таппақ болған жалтақтық, жағымпаздық, жарамсақтық па, әлде орысша оқу өтіп кетті ме қайдам, әйтеуір бүгінгі қазақтың жүріс-тұрысына, сөйлеген сөзіне қарап тұрып, кейде тіпті қай ұлтқа жатқызуды да білмей қаласың. Шындықты айтуды шырық бұзу деп түсінбеңіз, бірақ қай ұлт та өз алдына мемлекет құрып, азат, тәуелсіз ел болғаны рас болса, оның өзінің ең басты тілі, ең басты ұлттық дәстүрлері болады. Сол екеуін көздің қарашығындай сақтайды. Бүтін сөзді бүлдіргі сөз дей көрмеңіз, бірақ бүгінгі қазақ елінде осы ең басты екі-ақ ерекшелік бар ма? Аспандағы ауадан басқаның бәрі жекеменшікке айналып кеткен бүгінгі күні қазақтың мемлекеттік меншікті тілі өз аспаны астындағы ең шырқау биікке шыға алмай тұрғаны аян ба? Аян. Бұған дейін «қос тілің – қос қанатың» деп ұрандатып келген қазақ енді қос тілді азсынып, оған ағылшын тілін қосып, үш тұғырлы боламыз деп даурығуға шықты. Иманды болсын, марқұм боп кеткен ақын ағамыздың бір өлеңінде «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген жол бар. Бұл өлең ана тіліміздің ұлы қадір-қасиетін ұлықтауға, өзіңнің бұл дүниедегі бүкіл қуанышыңды да, қайғыңды да тек ана тіліңде жеткізе алатыныңа ақиқаттың ақ туындай шақырып тұр. Ал көп ретте сөздің байыбына бармай ұрандата жөнелетін көп қазекем осы өлеңнің бұл жолын қазақ көп тілде сөйлеуі керек деген ұранға айналдырып алған. Тіпті, кейбір «өркениеттілер» дәл осы өлең жолын басқаша түсіндірмек болып, ақынның бәрі әулие емес, ақын адам кейде ұйқас үшін, кейде сезімге шалығып та әр нәрсені айта салатын сәттер болады деп бұрмалағанын да көрдік. Сондайда осы біздің қазекемдерше өз тілін өздері саудаға салып жататын миллет бар ма екен деп ішіңді ит тырнағандай күйге түсесің.
Бүгінгі оқу көтеріп кеткен қазекең соған да көңіл аудармай ма, немесе соған санасы жетпей ме деп те қорқамыз. Бұл үшін бүкіл қазақ ұлтын кінәлау орынсыз. Өйткені тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл жыл болса да қазақты құлмінездік санадан тазартып, ұлттың санасын азаттандыру, отарсыздандыру саясатын әлі де нақты жолға қойған жоқпыз. Сондықтан да бүгінгі қазақтың көпшілігі әлі күнге орысқа еліктеген әуейіліктен, лахуалықтан, ащылау айтсақ, орыс ықпалында қалған көрләттік пен құлмінезден арыла алмай келеді. Соның бір-ақ мысалы мынау: қазіргі қазақтар әлі күнге шейін өзінің атын да, әкесі мен ата-бабасының атын да орыстың айтуына жеңіл, оңай болу үшін Есіркепті – Есергеп, Сатыпалдыны – Сатубалды, Есенғараны – Исингара, Жұмағұловты – Джемогулов немесе Джумагулов, Келімбетті – Келимбет, Оспанды – Успан, Аспан. Жәмішті – Жамиш, Сағынтайды – Сагинтай, Әшімбайды – Ашимбай дейді. Ал Айнұр, Гүлнұр, Айжан, Қымбаттар – Айнура, Гульнура, Айжана, Қымбата, Баяна дегенді сән көреді. Не деген ессіздік, не деген санасыз бейшаралық?! Бұған, әрине, Беркуттер мен Қымбаталар кінәлі емес. Өйткені Ү,Ұ,Қ,Ә,І,Ө,Ң деген дыбыстар орыс тілінде жоқ. Ал орыс тілі Қазақстанда әрі үстем, әрі «сәнді» тіл. Сондықтан олар бұл дыбыстарды айтуға ұялады. Олай сөйлесең, артта қалған адамдай көрінетінің әлі де шындық. Қазір қазақтың үлкен-кішісі «Ң» дыбысының орнына «Н-ны» айтып, «маңдайды» «мандай», «мың теңгені» «мын тенге», «өлеңді» «өлен», «Жаңа жылды» «Жана жыл» деп сөйлеуді сән көретін болды. Аутөкөлік жолақысының «Оңай» деген картасын «Онай» деп бұрып айтады. Жақында бір қазақ қызы теледидардан «ен жақсы ғой» деді. Ол байғұс сол сәтте «ң» дыбысын айтпай, ен деген еркектік мүшені мақтап тұрғанына да миы түскірі жетпей тұрды. Кейде қатты күйінген адам Құдайға да тіл тигізгенін байқамай қалатыны сияқты, соларға қарап тұрып, жер бетінде қазақтан өткен жағымпаз, даңғой, дақпыртшыл, ұраншыл, лақуа, еліктегіш ұлт бар ма екен деп өз ұлтыңды жек көріп кете жаздайсың. Алматыдағы бір дүкеннің маңдайшасына «Үміт» деп, оның қасына «Умит» «Ашық», «Открыто», «Опен» деп жазып қойған қазақты кінәлауға болмайды. Себебі ол елдегі ешкімнің көңілін қалдырмайтын саясаттың ыңғайына бейімделгіш, «елімізде тыныштық» дегенді жаттап алған сақ, үргедек, жалтақ байғұс. Ал ренжісеңіз ренжіңіз, бірақ туған елінде тіліңнің қадірі кетіп, тілін сатып тыныштық орнатамыз деуден өткен санасыздық жоқ.
Қазіргі қазақтар ұлым мен қызым шетелде Лондонда, Оксфордта, Вашингтонда, тағы басқа шет жерде оқып жатыр деп мақтанады. Шындығында, солар керемет ғұлама ғалым болып келіпті дегенді естіген де, көрген де емеспіз.
Баяғыда орыстың белгілі жазушысы Некрасов «Орыстың бір торайы білім аламын деп бүкіл Еуропаны аралап, елге нағыз шошқа боп оралды» деп жазған екен. Ол рас. Өйткені шетел оқу орындарында сол елдің тілі, салт-дәстүрі, діні бірінші орынға қойылады. Оларды білмесең, ауызекі тілмен айтқанда, ол елде «күніңді бір уыс қып жібереді». Ал Қазақстанда кіндік қаны тамған, осы елдің отын оттап, суын ішіп өскен орыстың миллионнан бірі болмаса қалғандары дүкенге барып қазақша «нан», «тұз» сұрағанын көрсек көзіміз шықсын. Ол жақтан оқып келген қазақ ұл-қызында өз ұлтына деген махаббаттың ыстығы басылып, ол әлдебір самсоз, селқос, енжар, самарқау, ұлттық санасы ұйқылы-ояу күйге түсетіндері де аз емес. Өз ұлтына деген ішкі ықыласы кеміп, бүйрегі батыс мәдениетіне бұрады да тұрады. Өйткені, олардың бүкіл өмір салты жеңіл, қиыншылықсыз, бейнәпсі, бүкіл өмірдің қызығы ақшаға тіреледі деген қағидаға құрылған. Ад адам-пенде, әсіресе жастар сондай тірлікке құмар келеді. Жапонияда ұлты жапон адам жапон тілінде дұрыс білмей, сәл қиналыңқырап сөйлесе, ол адамды жапон деп есептемейді. Ал Англияда ағылшын тілін білмейтін адам хайуанның бір түрі дегенге дейін барады. Ал бүгінгі қазақтарда қызым шетелдікке күйеуге тиді, сонда қалып қойды деп мақтанатын есуастар да жиі кездеседі.
Әсілі, Америка да, бүкіл Батыс Еуропа елдері де өздері оқу оқып онша бас қатырмайды. Олар ірі-ірі ғалымдарды, білікті мамандарды басқа жақтан тұрпайылау айтса-ақ сатып алады. Ал біз балаларымызды оқытқанымыз үшін оларға жыл сайын бірнеше миллиардтап ақша құйып жатырмыз. Мұндайда қай мемлекеттің экономикалық, діни, әлеуметтік саясаты мықты екені, ал қай мемлекеттің, мемлекеттің не ұлттық, не тілдік, не діни ұстанымы жоқ, жалтақ екені көзі ашық пендеге ап-анық көрініп тұрады. Бүгінгі қазақ Қазақстанда тұратын немесе Қазақстанға мейман боп келген кім-кімнің де бұл елдің мемлекеттік тіліне, яғни қазақ тіліне, салт-дәстүріне ешқандай мән бермеуін үйреншікті, қалыпты жағдай деп ойлайды және онысын демократияшылдық, төзімділік деп мақтанады. Тіпті төзімділік те демей, толеранттымыз деп көкиді. Бұл бүгінгі қазақтың немесе кейбір билік орындарындағы қазақ басшыларының ұлттық санадан, ұлттық мінезден адасып, айналадағы ағайын, діндес, тілдес ұлттарға күлкі қылып тұрғанымен және жұмысымыз жоқ. Соның бәріне қараңғы халықтың да еті өліп кеткенімен тұрмай, соның бәрін «елімізде тыныштық» деп мақтанатынын қайтерсің.
Әнебір жылы Қазақстанға Өзбекстан президенті Ислам Каримов келді. Сонда Н.Назарбаев екеуі туысқандық, түркілестік хақында сөйлесіп отырғанда, сөздің бір кележағында Ислам Каримов: – Ой, Нұрсұлтан-ака, сизләрда һәмма қужатлар русча язылар экан да, – дейді. Нұрекең не айтарға білмей, сәл абдырап қалса керек. Сөйтсе, бұлардың жанында отырған шенділердің бірі: «Біз биыл қазақ тілін өркендетіп, күшейтуге бірнеше миллион қаржы бөлдік» депті. Сол кезде Ислам Каримов:
– Ау, оған қаражат немаға керәк? Заң, закон бар емес пе? – деп қайран қалыпты.
Міне, содан бері қаншама жылдар өтті… Шындықты айту шырық бұзу емес, бірақ бүгінде қазақ баспасөзінде қазақ тілі мәселелері сол замандағыдай көп айтыла да бермейтін болды. Сол заманда телеарналарда қазақ тілі мәселесіне арналған көрсетілімдер, тіпті «Тіл сақшысы» деген арнаулы телебағдарлама да бар-тұғын. Қазір Қазақстан телеарналарында қазақ тілі туралы «ләм» де, «мим» де жоқ. Тым-тырыс.
Үндістан ағылшын отаршылдығынан құтылып, үкіметке келген Махатма Гандидің ең басты кіріскен шаруасының бірі жергілікті ел тұрғындарының үлкен-кішісі ана тілінде сөйлеуін және таза сөйлеуін қадағалау болыпты. Сонда ол «Өз ана тілінде таза сөйлемеген үнділіктен ұлтына деген нағыз таза сүйіспеншілік күтуге болмайды» деген екен. Ал біз тәуелсіздік алғанына 32 жыл болған қазекемнің басшаларынан кещелеріне шейін біз еуразиялықпыз, еуропалық мәдениетке жеттік деп қанша мақтанса, басқаға сонша күлкі болатынын түсінбейді. Біз күштіміз, біз әлемге үлгі болудамыз деп мақтаншақтыққа салыну түптің түбінде ұлтты да, мемлекетті де жақсылыққа апармайды. Қазір біз сақтануға тиісті жаман мінездің бірі – осы мақтаншақтық, ессіз толеранттылық.

Мырзан Кенжебай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір