Илья үшін қазақ тілінде сөйлеу – «низкий поступок» па?
15.10.2022
656
0

Допинг ішсе де жақсы көрдік

Жақында спортшылар президенттік сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдау мақсатында Астанада брифинг өткізген. Жиынның басым бөлігі орысша өткеніне қынжылған журналист Аслан Қаженов қазақша ақпарат талап еткенде, халық төбесіне көтерген спортшы Илья Ильин бұнысын «низкий поступокқа» теңепті. Бұл сөзі ел арасында көп талқыға түсті. Онсыз да геосаяси жағдайларға байланысты туындаған экономикалық қиындық, шетелдіктердің, оның ішінде ресейліктердің көптеп Қазақстанға келуі, пәтерақының қымбаттауы халықты титықтатып жатқанда Илья Ильиннің сөзі жығылғанға жұдырық болғандай.
Болған жағдай туралы журналист әлеуметтік желідегі парақшасына жазды:
«Низкий поступок жасап келдім… Бүгін отандық спорттың ығай мен сығайлары елордада бас қосып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент сайлауына түсуін қолдау мақсатында бірлескен брифинг өткізді. Былай қарасаң, жиналғандардың 98 пайызы – қазақ. Бірақ жиын 98 пайыз орысша өтті. Ең соңында Данияр Елеусінов қана қазақша қысқаша алғыс айтты. Ал негізгі баяндама басқа тілде оқылды. Әсіресе үлгі тұтып жүрген ағаларымыз қиналып тұрып орысша сайрағанда, кірерге тесік таппай қалдым.
Жарайды, жиын осылай өтті, бітті, кетті. Артынан «неге қазақша ақпарат бермейсіздер?» деп ұйымдастырушылардың мазасын алып жүрсем, бұрышта отырған Илья Ильин «сенің жасап жүргенің низкий поступок» дейді. Малсың, мамбетсің дегені ғой. Өзім солай қабылдадым. Ауылдан шығып алып, неге қыртасың дегені сияқты. Ана жерде қаным басыма шапты. Мен өз елімде, өз тілімде ақпарат ала алмай аузым ұрылып тұрғанда мақтаулы ауыр атлетіміз осылай сөзбен қойып қалды. Не деген сорлымыз? Расымен де мал, яки, мамбет болып тұрмыз ғой.
Жалпы отандық спортта бұндай жағдай жиі кездеседі. Шыдам шегіне жеткесін шырылдап жатырмын. Принципті түрде қазақша сөйлемей, «ал не істей аласың?» деген кездер болды. Анау-мынау спортшылар емес. Ел бюджетінен жыл сайын жүздеген миллион теңге бөлінетін, солар уайымдамасын, солар қиналмасын деп, барлық жағдайы жасалатын спортшылар. Оларды бүкіл халық қолдап-қолпаштайды. Жетістіктеріне қуанады. Бірақ мына жақта не бықсытып жүргендерін білмейді ғой. Білсе, көкесін көзіне көрсетер еді.
Тілге түкіргені бір мысал. Одан бөлек, әнұранды жатқа білмейді. Жарыстарға көк байрағымызды апармайды. Кейін соларды талап етсең, «низкий поступок» жасаған болып шығасың», – деп жазды Аслан Қаженов.
Илья Ильиннің бұл қылығына не дерін білмеген халық қазір аң-таң. Кейбіреуі оның әлеуметтік желідегі парақшаларына жазып, көңілі қалғанын айтып, пікір алаңында бұл мәселе төңірегінде үлкен дау көтеріп жатыр. Әзірге Илья Ильин бұл туралы ләм-мим деп пікір білдірмеді. Не кешірім сұрамады, не «мен олай айтқан жоқпын» деп те мәлімдемеді. Тіпті ештеңе болмағандай әлеуметтік желідегі парақшасын жүргізіп, «ит үреді, керуен көшеді» деп ойлап, бейжай жүрген секілді. Әрине, төбесіне көтеріп, жарысқа шыққанда тақым қысқан жанкүйерлер үшін бұл өте ауыр соққы десек болар. Себебі кеше ғана қазақша үйреніп, тіпті «Жайдарман» ойынында қазақша әзілге баға беретін қазылар алқасының мүшесі боп отырғанын да халық біледі. Аяқасты бұлай өзгерген Ильяға енді халық сенуден қалатын шығар. Бейжіңде чемпион болып бір, Лондонда айды аспанға шығарып екі алдаған ауыр атлетімізге «Сен біз үшін бәрібір чемпионсың!» деп алақанымызға салып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай жүрген де осы халық еді. Допинг ішсе де жақсы көрген жанкүйерлер енді бұл айтқанын кешіре ала ма? Екі Олимпиада үшін 1,5 миллион доллардай алған Илья Ильинге чемпиондықтан айырылып қалса да қайтар демеген халықтың тілін мансұқ еткен спортшыға енді іші жыли қоя ма? Әрине, жоқ.
Бұл спорт саласындағы үлкен проблемаға айналған үрдіске айналып бара жатқандай көрінеді. Әсіресе спортта легионерлер хақында талас-тартыс көп. Солардың кесірінен шеттетіліп қалатын отандастарымыздың да өкпесі қара қазандай. Әрине, легионер халықаралық аренада Қазақстанның атын шығару үшін керек те шығар. Бірақ оған жағдай жасаған елде өмір сүре тұра тілін, ділін түсінбесе, сол елдің менталитетіне сіңіспесе, құрметтемесе, тіпті олай істеуге ұялып, екі шумақ әнұранды жаттамаса одан бізге не пайда? Бірді-екілі жарысты ұтқанымызбен, мәдениетіміз ойсырай жеңіледі емес пе? Қызылордада өскен Ильяның өзі тілге құрмет көрсетпесе, басқасы не істемейді? Ауыр атлеттеріміз Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло және Светлана Подобедовалар бір кездері чемпион болды, туымызды көтерді. Десе де қуаныш көпке созылмады. Олар да чемпион болу үшін допинг қабылдағаны белгілі болды. Легионерлермен чемпион болып таяқ жегеніміз аздай, Әзербайжаннан Нижат Рахимовты алдырдық. 2015 жылы әлем чемпионы, 2016 жылы Олимпиада чемпионы болып бұл легионер де айды аспаннан бір-ақ шығарды. Сол кездің өзінде ешкім тани қоймаған спортшының жетістігі күмәнді еді. Сөйтті де, ол да кейіннен атағынан айырылып қалды. Біз сонда легионерлердің арқасында елімізді таныттық па, әлде былыққа баттық па? Допинг дауларынан кейін Қазақстан спортының абыройы төгіліп жатқаны шын. Әсіресе ауыр атлетиканың. Қазақстан ауыр атлетикасының ертеңі тұманды. Бәрі алтынын қайтарып беруге мәжбүр болды. Бірақ осы спортшылардың несі кетті? Бәрі допингпен жеңіп алған алтын медалінің арқасында қомақты қаржыны қалтаға басып, баспаналы болды. 2 миллион долларға жуық ақша бұл. Бапкерлерге берілген сыйақыны қоса есептесек, 3 миллионға көбейеді екен. Бюджеттен берілген қаражат қарапайым халық төлеген салық есебінен бөлінді. Қазақстан Үкіметі олимпиада, паралимпиада, сурдлимпиадада алтын алғандарға – үш бөлмелі, күміс алғандарға – екі бөлмелі, қола алғандарға бір бөлмелі пәтер берген. Бұдан бөлек, олимпиада мен паралимпиадада алтын алғандарға – 250 мың доллар, күміске – 150 мың доллар, қолаға 75 мың доллар тағайындаған. Енді ақшаның қайтарымын сұрау орынсыз әрекет дей алмаймыз. Өйткені осыған дейін допингпен ұсталғандардың ешқайсысы мемлекетке сыйақыны қайтарған жоқ. Керісінше, Мәдениет және спорт министрлігі «шикілігі бар» спортшыларды жақтаумен келді.
Халық болып шулап, допинг дауына іліккен спортшылардың сыйақысы мен мүлкін қайтаратын заңды қабылдауын қабылдаттық. Бірақ одан не пайда? Әлгінде атап өткен спортшыларға ол заң жүрмейді екен. Кеш қабылдаған заңнан кейін олар тайраңдағанның үстіне тайраңдап, енді, міне, мемлекеттік тілге құрмет, құрмет деппіз-ау, сол тілде ақпарат сұраудың өзін «низкий поступокқа» теңеп отыр. Әлем елдерінде бар тәжірибені алдын ала ескермеген біздегілер шамасы допинг дауынан алшақ жүреміз деп сенсе керек.

Айнамыз айғыз-айғыз

Расымен спорт саласында мұндай жағдай өте жиі кездеседі. Федерацияларды былай қойып, ел біріншілігі, «Қазақстандық спортшылар одағының» да қазақшасы мәз емес. Осыларды бір тексеру мақсатында ресми сайттарын да шолып шықтық. Жаңағы «Қазақстандық спортшылар одағының» сайтында «Қазақстан» емес, «қазақ» емес, «қазақстандық» деп жазылғанынан-ақ, тілге жанашырлық танытып жарытпайтынын білуге болады. Сайт тек орыс тілінде. Тіпті қазақша бетке ауыстыратын тетік те жоқ. Атауы ғана қазақша, оның өзі басты бетте орысшаға аударылған. Легионерлерді былай қойғанда, өз спортшыларымыз да тілді құрметтеуге келгенде аяқ тартып тұрғандай. Әншейінде «Жеңісімді қазақ халқына арнаймын!» деп тұратын спортшылар осындай жиындарда үнсіз кетіп жатады. Сол жиында сөз сөйлеген, елімізге Олимпиада алтынын алып берген Серік Сәпиев те бұл мәселені жылы жауып қоя салды. Журналистің: «Бүгін, міне, қазақ спортының қаймағы жиналды ғой, Олимпиада чемпиондары, әлем чемпиондары бар. Бәрінің басын қосып жатырсыздар. Бірақ неге жиналыс 99 пайыз орысша өтті? Баяндамалар мемлекеттік тілде айтылмады… Мысалы, бізде де қазақ тілді аудитория бар ғой. Оларды неге ойламайсыздар? Мемлекеттік тілге неге осындай көзқарас танытасыздар? Біздің спортшыларға қазақ тілі керек емес пе сонда?» – деген сұрағына Сәпиев былай жауап берді:
«Өзім қазақ тілі мен орыс тілін араластырып, баяндама айттым. Бұл спортшыларға байланысты… Олар өз тілімен айтты… Әрине, мемлекеттік тіл керек. Бірақ олар орысша айтты. Енді мен не айта аламын? Қазақша сөйлеңдер деп айтайын ба оларға? Жақсы айтамын. Болды, рақмет», – деді.
Әйтеуір қайда барсаң да мемлекеттік тіл таяқ жеп жүреді. Спорттағы қазақ тілінің мәртебесі өсуі керек. Бұл жалған патриоттық ұран емес. Спорт – халықаралық байланыс құралы. Сол арқылы әлем халқы бір-бірімен араласады, бірін-бірі таниды. Мәдениетінен, тілінен хабардар болады. Былайша айтқанда, спорт – мәдениет алмасатын орта. Өз тілімізді өз мемлекетімізде құрдымға кетірмей, керісінше, халықаралық аренаға алып шығып, әлемдік мәдениет алмасу процесіне қосылуымыз керек. Тілді, мәдениетті сыйламайтын адамды спортшы деп танудың өзі қате. Елге жаны ашымайтын спортшы сол ел үшін барын салады дегенге күмәнім бар. Спорт – үлкен қозғалыс, өзге саланың да дамуына үлес қосатын күш. Оған тек жетістік, медаль ретінде қарауға болмайды. Бұл– бүтін бір елге берілген арена. Сол аренада әлеммен тілдесу керек, мәдениетімізді көрсету керек, елге турист тарту керек, тарихымызды жайып салуымыз керек. Сонда ғана біз – жеңіске жетеміз. Себебі спортшы – елдің айнасы. Ал біздің айна айғызданады да тұрады.

Абзал Сүлеймен

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір