СҰЛУ СЫРДЫҢ ТОЛҚЫНЫНАН НӘР АЛҒАН
С.Бекмұратұлының газет бетінде көп қаузаған тақырыбы – имандылық мәселесі. Республикалық радионың саяси хабарлар бас редакциясында бөлім бастығы болып жүргенде Ислам діні туралы бірінші хабарды дайындап шығарғаны әлі есімде. Дiни мамандар аз болатын. Соған қарамастан, Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының қызметкерлерiн және мешiт имамдарын хабарға шақырып, сұхбат жүргiздi. Дiнге сусындаған халықтың тiлегiн қамтамасыз етуде бұл хабарлардың белгiлi бiр деңгейде көмегi болғаны да рас. Жастардың дұрыс жол таңдауына бағыт сiлтеп, өзге дiндер мен секталарға кiрiп кетуден сақтандырды.
90-жылдардың басында қазақ жастары арасында тұмар тағу сәнге айналды. Әрине, жастар оның дiнге қатысы жоғын бiлмеді, ислам дiнiмен келген салт-сана деп ұқты. Осы кезде Сәрсенбектің республикалық «Жас Алаш» газетi мен «Ислам әлемi» журналында «Тұмарды қазақ не үшiн таққан?» деген мақаласы жарық көрдi. Онда тұмардың қайдан шыққаны, халқымыз оны не үшiн қолданғаны, дiнге қатысы жоқ екендiгi турасында кеңінен айтылды. Мақала барысында: «Тұмар – халқымыздың ұғымында киелi мағынаға ие. Сан ықылым заман бұрын қағаз жоқ, тауар қат кезеңде сауда-саттық жасап алысқа сапар шеккен немесе соғыс жорықтарына аттанған бабаларымыз мал терiсiнен жүрекке ұқсатып, үшбұрышты етiп тiгiлген қалташыққа туған жердiң топырағын толтырып алып шығатын болған. Ол қалташықты «тұмар» деп атаған. Туған жерге деген шексiз құрметтiң, перзенттiк парыздың белгiсi болса керек бұл», – дей келе, «Тұмар» сөзiнiң байырғы түркi тiлiнде «туған жер» (тума+иер) дегендi бiлдiретiнiн айтады. Менiңше, осы мақаланың жастардың бетiн берi қаратуға септiгi тигенiнде еш күмән жоқ. Қазiр тұмар тағып жүрген жастарды сирек ұшыратасың. Тәуелсiздiк алған соң, жаңа жүйе қалыптасты.
2007 жылы Сәрсенбек еліміздегі беделді газеттердің бірі, оңтүстік астанамыз Алматы қаласының Бас басылымы «Алматы ақшамы» газетіне қызметке ауысты. «Қала және иман» айдары бойынша, дін, имандылық және жастар тәрбиесіне қатысты мақалаларды аптаның әр бейсенбісі сайын шығатын арнайы бетке қарша боратып жазды. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы басшыларымен, ондағы бөлімдермен, аудан имамдарымен жиі хабарласып, бүгінгі күннің өзекті мәселесін көтерген, айтар ойы, салмағы бар материалдар жазып, оқырманға ой тастады. Әсіресе, ой-санасы орнықпаған, бағыт-бағдары айқындалып үлгермеген жастардың алдамшы дүниелерге қызығып, ата дәстүрден ауытқып кетпеуіне бұл мақалалардың ықпал-әсері болмай қалған жоқ.
С.Бекмұратұлы сын-сықақ жазуға шебер. Оның қаламынан туған «Ақшамның айтқыштары», «Алаштың айтқыштары» атты езу тартқызар шағын шымшымалары газеттің көркін кіргізіп, оқырманды күлкіге кенелдірді. Күнделікті қызметте аралас-құралас жүрген әріптестерінің аузынан тосыннан шығып кеткен ұтқыр сөздерді қағып алып, газет арқылы өздеріне қайта ұсынғанда қызметтестер өз өмірінен жазылған әзілдерді оқып кәдімгідей-ақ бір жадырап қалатын еді.
С.Бекмұратұлы мектепте жүріп-ақ ауыл клубының салы-
нуына ұйытқы болыпты. Өзі туып-өскен Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы «Коммунизм» колхозының «Еңбекші» бөлімшесінде 700-ге тарта адам тұрады екен. Үлкен елдімекендегі ауыл жастарының кешкілік мезгілде барып көңіл көтеретін, кино, концерт көретін мәдениет ошағы – клуб жоқ. Ауылдың жастары клуб құрылысын тұрғызу туралы бастама да көтереді. Қолдары қалт еткен кезде кесек құйып, тас түсіріп, қамыс дайындайды. Бірақ олар құйған кесек келер жылға дейін жауын-шашынның астында езіліп, қолға алған іс аяқсыз қалады. Сегізінші сыныпта оқып жүрген Сәрсенбек клубты ауыл жастарының күшімен тұрғыза алмасын сезіп, аудандық «Өскен өңір» газетіне «Мүмкіндік бар, бірақ құнт жоқ» деген тақырыпта мақала жазады. Ол газетке шығады. Бірақ тиісті нәтиже болмай-ды. Сосын клуб мәселесін облыстық газетке, одан да нәтиже шықпаған соң республикалық «Социалистік Қазақстан» (Қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне хат жолдайды. Бұл 1966 жыл еді. Сөйтіп, «Редакцияға хат» айдарымен шағын мақаласы жарық көреді. Ол аудандық партия комитетінің бюросында арнайы қаралып, «Еңбекші» ауылында клуб үйінің құрылысы басталады. Осы клуб біткен соң, ауыл тұрғындарының жиі келетін мәдениет ошағына айналады. Әлі күнге бұл ғимарат «Еңбекші» ауылының тұрғындарына қызмет көрсетіп тұрған көрінеді.
С.Бекмұратұлы орта мектепті бітірісімен Шиелi аудандық «Өскен өңiр» газетiне корректорлық жұмысқа қабылданды. 1968-1970 жылдары ҚСРО Қарулы күштері қатарына алынып, Мәскеу әскери округінде азаматтық борышын өтеді.
«Өскен өңір» газетінде қызметін одан әрi жалғастырып, жұмыстан қол үзбей жүрiп, C.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттiк университетiнің (қазiргi әл-Фараби атындағы) сырттай оқыту бөлiмiнiң журналистика факультетiне түсіп, 1977 жылы бiтiрiп шығады. «Өскен өңiрде» корректор, әдеби қызметкер, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерiн атқарып 1984 жылға дейiн еңбек етеді. 1984-1989 жылдары Алматы облыстық «Жетiсу» газетiнде жауапты хатшының орынбасары, аға тiлшi, меншiктi тiлшi қызметтерін атқарып, 1989-1999 жылдары Қазақ радиосында жемісті еңбек етті. 1999-2005 жылдар аралығында халықаралық «Түркі әлемі» газетінің Қазақстан бойынша меншікті тілшісі, 2005-2007 жылдары республикалық «Жұрағат» журналының бас редакторы болды.
Сәрсенбек, сондай-ақ, елімізге жақсы танымал ақындардың бірі. Поэзия жолындағы ізденісі нәтижесінде республикалық «Жалын» баспасынан әр жылдары жарық көрген жас ақындардың «Балауса», «Дария жыры», «Қарлығаш» топтама жыр жинақтарына өлеңдерi енді. 1991 жылы тұңғыш «Жан жұпары» жыр жинағы, одан кейін «Мұхаммедтiң мөрi» жыр кітабы, содан соң «Мизам шуақ» деп аталатын таңдамалы жыр жинағы, «Айтқыштар» әзіл-сықақ кітабы, «Сүмбіле жұлдыз туғанда» деген жыр жинағы мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді. «Мұқағали» энциклопедиясын әзірлеуге белсене атсалысып, ақиық ақынның 20-дан астам өлеңіне әдеби түсіндірме жасады. Энциклопедия авторларының бірі, редакция алқасының мүшесі.
Туған жердің тауы мен тасы, өзен суы – бәрі киелі қасиетке ие. Тұтастай алғанда, адамның кесір күштерден қорғанатын панасы, саясы дейтін ұғымды жинақтайды. «Қасиет» балладасында осы ұғымдарды беру үшін ақын жорық үстінде толғатқан жауынгердің әйелін Абылай ханның елге әкеліп босандырғаны туралы аңыз-әңгімені өзек етеді. Мұнда Абылай хан әрекетін фольклорлық әсірелеу арқылы береді. Қызу шайқас үстіндегі реалды өмірде бұл мүмкін болмағанымен, фольклорлық сана үшін сыйымды.
– Толғақ… толғақ… толғақ
қысып барады,
Тез жеткізгін
сарбаздардың қосына.
Хан Абылай естіді де
бұл жайды,
Бұрын-соңды көрмесе
де мұндайды, –
Ойланбастан келіп берік
шешімге:
– Жер жоқ! – деді туған жерден
ыңғайлы.
Сөйтті-дағы бас
сарбазды шақырды,
Айтты оған нық шешімін
ақырғы:
– Туған жердің
кәусарынан жұтпаған, –
Туған елдің қадірін де ұқпаған.
Ата жұртын пір
тұтпаған адамнан
Халқын сүйген
қаһарман да шықпаған.
Жанға шуақ, көңіліңе дем берер,
Туған жерге бар ма мекен
тең келер?
Отанын да сата салар оп-оңай,
Туған жерден жырақ
туған пенделер!..
Бағыт ұстап
ата-жұртқа – мекенге,
Жол жабдықты,
ат-көлікті бекемде.
Қалт жібермей әр қимылды,
әр сәтті,
Құстай ұшып,
жеделдетіп жет елге!
Бұл фольклорлық ұғымдар тізбегі ақынның туған жерді қадірлеген тұлғалар жайлы ойын ашудың, оны оқырманға жеткізудің көркемдік амалына айналды. Халықтың дәстүр-салтына адалдық танытып қана қоймай, қорған бола білген Абылайдай ел тұтқасын бүгінгі күннің мінезіне қарсы қояды.
Туды АҚШ-та
шенеуніктің баласы,
Сан мың шақырым екі
елдің арасы.
Көрмәдікке бағыт беріп,
жөн сілтер,
Абылайдың
болмағанын қарашы!..»
Сәрсенбек соңғы он-он екі жылдың беделінде «Қазақы пайым» айдарымен табиғат құбылыстарын және амалдарын, ауа райы туралы бұрынғы өткен жұлдызшы бабалардың болжамдарын «Алматы ақшамы» газетіне жүйелі жазып жүр.
С.Бекмұратұлы өзінің жүрек қалауымен таңдап алған кәсібіне адалдық танытып, тек осы салада қажымай-талмай еңбек етіп жүргеніне 52 жыл болды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Журналистикаға сіңірген ерен еңбегі мен баспасөздегі ұзақ жылғы жемісті қызметі үшін «Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісін алды. Сан қырлы журналист-жазушы Сәрсенбек Бекмұратұлы бүгінде 70 жастың желкенін желпіп тұр. Әлі бергенінен берері көп сияқты. Лайым солай болсын!
Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,
Қазақ журналистикасының қайраткері,
Қызылорда қаласының
Құрметті азаматы