«Сырдың суына шомылғым келеді…»
Әрқашан да қарапайым жүретін, бірақ сөйлеп кетсе арғы-бергіні аударып-төңкеріп көз алдыңа алып келетін, әзілін араластырса атан түйеге жүк болатындай салмақты астарсыз, аржағында зілі жоқ қалжыңмен жүрегіңді ауыртпай-ақ арқаңа артып жібере салатын сұңғыла досым Қуандық Түменбаймен бір күн сөйлеспей қалсам, көңілім жабырқау тартып, бір дүнием кем болып тұрғандай көрінеді…
Қуандықты бірінші болып өзім іздеймін. Әңгімені майын тамызып айтады. Қазақ тарихын түгел біледі. Әу дегеннен алғашқы сөзді туған әкесі Ыбырай Жақаевтен бастайды. Адам ретінде өзіне тартып тұратын бір сиқыры бар. Жұрт мұны бүгінгі тілмен харизмасы мықты жандардың қатарына жатқызады. Онысы дұрыс сияқты.
ҚаэМУ-дегі студенттік күндеріміз бірге басталды. Ол кезде университеттің журналистика факультетінде оқитын студенттер шетінен алғыр жігіттер болатын. Қолдарынан ылғи газет-журналдар түспейтін.
Бума-бума ұлттық басылымдар, ұлттық жорналдарды бірінші курс студенті Қуандық Түменбайдың да қолынан көретінмін және солардың бір бетін де аттап кетпей түгел оқып жүретін. Қуандық неге көп біледі деп ойланып көріп едім, сөйтсем оның түпкі сыры ол сол студенттік кезеңінде-ақ уақытын зая кетірмеген екен… Әдебиеттің алтын жүлгесіне жас күнінен зер қойған болашақ қаламгердің рухани білімге деген талабы, талпынысы жылдар өткен сайын тереңдей берген, тереңдей берген…
Алғашқы тырнақалды туындылары студенттік шақта жазыла бастады. Жастайынан жасындай жарқырап ерте танылды. Қысқа жазу, ширақ жазу, құнарлы жазуды қаламына бірден дарытқан жас қаламгерлер әдебиетімізде некен-саяқ. Жалпы әдебиетке жетпісінші жылдары қадам басқан, танылуға ұмтылған жастардың ішінде Қуандық өзінің жазу стилін таныта келді. Ешкімді қайталаған жоқ. Сондықтан да оны қалың оқырман көп ізденетін қаламгер ретінде жақын тұтып, тез қабылдады.
Қуандықтардың бағына орай алпысыншы жылдардың басында сеңді бұзып, жаңаша жазатын бір шоғыр аса дарынды қазақ қаламгерлері қазақ прозасын жаңа белеске көтеріп еді. Тыңнан түрен салғандай осынау қаламгерлер әдебиетімізде сан алуан тақырыптарды індете жазып, әрқайсысы бірін-бірі қайталамай суреттеудің, бейнелеудің әрқилы мектебінің көш басында тұрды.
Марал Ысқақбай, Әбіш Кекілбаев, Қабдеш Жұмаділов, Сайын Мұратбеков, Дүкенбай Досжанов, Мұхтар
Мағауин, Оралхан Бөкеев, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев, Төлен Әбдіков және тағы да басқа әрқайсысы өз қолтаңбасын таныта келген, дарынды жазушылардың әрбір туындысы көркемдік жинақтаудың жаңа әдіс-тәсілдерін әдебиетімізге алып келді.
Әсіресе алдыңғы толқын, әдебиет алыптары Мұхтар Әуезовтен, Ғабит Мүсіреповтен, Тәкен Әлімқұловтан, Тахауи Ахтановтан келе жатқан дәстүр – тіл құнарына ден қою, сөздегі суреттілікті бірінші орынға шығаруды мақсат еткен шығармашылық мектеп, барлығы қосылып прозамызды шырқау биікке шығарып тастаған еді. Енді осылардан төмен жазу, осал болу ендігі буын қаламгерлерге алынбас қамалдай көрінді. Енді Қуандықтың қатарластарының алдында осынау эстафетаны іліп алып кету миссиясы тұрды.
Қуандық Түменбайдың бұрынғы, кейінгі, кеше ғана жазылған шығармаларын үзбей оқып жүрген оқырман ретінде осыған толық көзім жетті.
Енді осынау туындылардың бір парасына тоқталып көрейікші. Сіздер де келісесіздер…
Үстелімнің үстінде «Көз» атты бір бір томдық әңгімелер мен хикаяттар жинағы жатыр. Түгел зейін қойып оқып шықтым.
Бұл жинаққа жазушының «Алтын жалды арманым», «Біздің мекемедегі махаббат маусымы», «Тұңғиық» атты хикаяттары еніпті. Жалпы жазушы хикаят жанрында көбірек қалам тербегенді жақсы көреді. Айталық, кейінгі жинақтарының бірі «Төрт амал тіршілік» атты кітабына да соңғы жылдары жазған хикаяттары енген.
Олар: «Төрт амал тіршілік», «Қара қазан», «Ағаш ескерткіш», «Түрмедегі торғай», «Оқ» атты хикаяттары. Осынау мен санамалап атап өткен барлық хикаяттардың тақырыбы қоғам өмірінің әрқилы көрінісіне, сол қоғамда әр алуан тағдыр кешетін адам-пенденің әр тұстағы, әр сәттегі тыныс-тіршілігі, мінез-құлқы нақты оқиғалар, тартыс, күрес үстінде суреттелетіндіктен оқырманын жалықтырмайды.
Тура осындай шығармашылық ізденістерін 2021-жылы «Әдебиет» баспасынан мемлекеттік бағдарламамен жарық көрген «Саябақтағы классикалық әуен» атты құнарлы жаңа кітабына енген хикаяттары мен әңгімелерінен де аңғардым. Қысқа жазу, айтқысы келген ойын шашыратып алмай, шырғалаңға салмай жинақтап, суретті сөздерге табан тіреп отырып сюжет тарқату, оқиғаны баяндау үстінде тосыннан бұрылыс жасап екінші бір желіні қатар жарыстырып шығарманы көп астарлы мазмұнмен байытып, оған полифониялық сипат дарыту тәсілдерін бұл туындыларында да табысты пайдаланыпты.
Айталық, маған тосын, тартымды оқиғаларымен терең әсер тастаған «Саябақтағы классикалық әуен», «Жөйіт берген сарымсақ», «Бесіктен бейітке дейін», «Атуға бұйырылған адам», «Тілі ащы әйел», «Иттің тісін жұлған күн», «Арқандаулы адам» атты әңгімелеріндегі кейіпкерлер көпке дейін ойымнан кетпей қойды.
Жазушының қырағы көзі, ішкі түйсігі, өмірлік тәжірибесі, барлығы жиылып келгенде әрбір кейіпкердің мінезін мейлінше даралап көрсетуге бағытталған. Артық бояу немесе шұбалаңқы оқиғаларды тықпалаудан, сағызша созып сөз шығындаудан сақтанатыны зая кетпеген.
Жалпы сөздегі суретке, психологиялық талдауларға, лирикалық шегіністерге, әсіресе кейіпкер диалогына аса қатты мән беретін автор өткір сюжеттік шығармаларды да назардан тыс қалдырмайды. Мысалы, «Қара қазан» хикаяты қызық басталады. Күллі сюжеттің ең бір құйқалы тұсынан оқиғаны бастайтын қаламгер алғашқы сөз тіркестерімен-ақ оқырманды баурап алып кетеді. Оқып көрейік:
«Ұшар төбесінен күн көрінген сидам бөренеге көк Туды іліп қойды. Тіп-тік бойымен өрмелеп барып, мүйіздей қатты алақанымен аялап ұстап, жүздік шегеге іліндіріп қойған көк Ту желбіреп, желпілдеп тұр.
Ошақ басында қазан қайнатқан, қартайса да қаржымы қайтпаған, шашы қылаң тартып қобыраған кемпір жалпылдақ отынды қолымен ішке қарай ысырып тастап, бөренеден сыпырылып түсіп келе жатқан баласына ту сыртын беріп тұрып күңк етті.
– Одан да отын түсірсейші. Көк Туды көкке ілгеннен не пайда? О, сұмдық-ай! Отын таусылғанын да көрдік. Мынау жалпылдақтың ең соңы…».
Тәуелсіздікке енді ғана қолы жетіп, дүниенің барлығын ұмытқан, көк Туды ұшар биікке мәңгілікке орнатсам деп жүрген жас жігіттің алып ұшқан көңілі мен өмірдің барлық ауыртпалығын арқалаумен келе жатқан қарт ананың күн көріс, тіршілік қамына уайым жасап тұрғанын оқығаныңда қалт-құлт етіп күнін көріп жатқан жұпыны ауыл адамдарының психологиясын жазушы дөп басады.
Хикаяттың бас кейіпкері Тілестің өз ауласында қасқыр ұстайтыны, қасапшы әкесінің қой сойған күндеріндегі бала әсері, жалпы құнарлы тілмен тартымды баяндалатын ауыл тіршілігінің бәрімізге таныс көріністері кино тіліндегі суреттердей көз алдымыздан өтеді. Жазушы көркемдік детальдарға да көп орын береді. Онысын кейіпкер мінезін даралауда сәтті қолданады.
Барлық хикаяттарында да оқырманды жалықтырып алмай, оқиға желісін ширықтыра отырып кейіпкерлер мінезін алдыңғы қатарға шығару тәсілдерін қаламгер жақсы меңгерген. Жалпы оқырманның алдымен іздейтіні тартымды сюжет пен тың кейіпкерлер ғой. Ал сол сәтімен табылған кейіпкердің артында адам тағдыры тұрады. Осы тұрғыдан келгенде Қуандық Түменбайдың кейіпкерлері өзінің шынайылығымен оқырманға ұнайды.
Әңгіменің сюжеті мен кейіпкерлеріне келгенде де жазушы ұзақ ізденістен, ұзақ дайындықтан кейін ғана қаламға отырады. Бірінші кезекте мен жазушының сюжет құрудағы және сол сюжетті ойнатып, жарқыратып жіберетін кейіпкерлер таңдаудағы суреткерлік шеберлігін астын сыза айтар едім.
Әңгіме тақырыптарының өзінен-ақ шығарма сюжетінің квинтэссенциясы менмұндалап тұрады. Жазушы тақырыптың өзіне терең көркемдік жүк артады. Бірнеше мысал келтірейін. Әңгімелерінің тақырыптары: «Қырықтағы қыз», «Қобыздың мұңы», «Бұқа баққан қыз», «Жапон құданың қалауы», «Хибаксуя», «Жұмыртқа жарған келіншек», «Орыс пеші», «Жапон ауылындағы жаңалық», «Иман-өткелге «Ивановецтің» келуі», «Шаштараз», «Қазанама оқушы», «Диуананың қызы», осылай кете береді. Осынау әңгімелердің барлығының тақырыбы жинақтап айтсақ біреу-ақ. Ол – адам тағдыры. Қоғам тағдыры.
Бірі бақытты, бірі бақытсыз ғұмыр кешіп жатқан адамдар тіршілігі өзінің табиғи бояуымен, артық қоспасы жоқ, қолдан жасалған әсірелеуі жоқ күйінде өтіп жатады. Ащы өмірдің әр алуан құбылыстарын баяндайтын тартымды оқиғаларды шебер қиюластыратын автордың ізденістерін ғана көреміз.
Классиктеріміз Бейімбет Майлиннің, Мұхтар Әуезовтің, Тәкен Әлімқұловтың, Тахауи Ахтановтың, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің, кешегі Сайын Мұратбековтің, Шерхан Мұртазаның, Оралхан Бөкейдің, бүгінгі Тынымбай Нұрмағамбетовтің, Серік Асылбектің әңгімелеріндегі көркемдік суреттеулер, астары терең фәлсафалық метафоралар, уытты юмор, астарлы сарказм сарындары Қуандық Түменбай туындыларында да сәтімен қайталанады. Бірақ басқаша пішінде. Басқаша оқиғалар арнасында…
Жапон тақырыбына Қуандық көп жазды. Дәм бұйырып жапондықтармен құда болды. Туған келіні – жапонның қызы. Қазір қазақ болып кеткен. Қазақшасы судай. Шымкентше айтқанда. Осынау келіннің туған қаласына бірнеше рет сапар шегіп, құданың соғымынан дәм татып, алыстағы Тынық мұхиты аралындағы елдің, мемлекеттің түгел тарихымен, күллі тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан соң осы таңсық тақырыпқа бірнеше туындысын арнады.
Соның бірі «Жапон құданың қалауы» атты тосын оқиғаларға құрылатын шығармасын бас алмай оқыдым. Әңгіме басталғаннан-ақ Ғабит Мүсіреповтің әйгілі «Этнографиялық әңгіме», «Талпақ танау», «Тимка-Димка» әңгімелерінің ішкі қуатын Қуандық қағып алып, Ғабең жүрген ізбен жүріп отырыпты. Ғабеңнің әңгімесінің бірінде шошқа баққан қазақтың күллі ішкі әлемін классик қаламгер қолға ұстатқандай ашып тастаса, ал мынау әңгімеде Қуандық ағысы терең ішкі иірімдерді суреттей отырып, юмор мен сарказмның барлық құралдарын ұтымды пайдаланады.
Мысалы, мына мәтінге назар салайықшы: «Құда келіпті. Ерәлінің жапон құдасы келіпті, көрейік», – деп таяғына сүйенген екі кемпір мен баланың басындай жұп-жұмыр тізесіне тұз жиналып, ақсаңдай басқан екі келін есік алдына кеп тұрып қалды. Екі кемпірден асып кете алмай, аңсары бір көру болса да алға шыға алмай қалған жастау келін қысық көзді, жымиып тұрған жып-жылтыр дөңгелек жігітке көзін сатып қарай берді». Автор әңгімені осылай бастайды. Кейіпкер портретін шебер, дәл суреттей білетін автор енді бұл туындыларында адамның қимыл- қозғалысына, сырт пішініне, киіміне басымдық береді.
Жазушының түпкі суреткерлік мақсаты күлдіріп отырып оқырманның өзі сол оқиғалардың ортасында жүретіндей етіп сендіре бейнелеуге ұмтылады. Аталған әңгімедегі бас кейіпкер жапондық құда Тәкешимен шығарма соңында қимай қоштасасың. Қазақы әзілдің сиясына қаламын малып отырып-ақ Қуандық анау алыстағы аралдан ат арытып, тон тоздырып келген қимас құдасын иінін тауып, туындыларының толыққанды кейіпкеріне айналдырып жібере алған. Бұл суреткерлік шеберлік пе? Шеберлік!
Әлеуметтік психологияны көркемдік мақсатта асық ойнатқандай ойнатып, бірде аударып, бірде төңкеріп, бірде туындының алтын арқауына айналдырып жіберіп, шеберлік шыңдайтын тұстарын оқығанда қаламгердің қалам сермесіне айызың қанады.
Жазушының көсемсөздерінде де көркемдік сарын самал желдей есіп отырады. Әлеуметтік, қоғамдық тақырыптарға да қаламгер көп рет ат басын бұрды. Өндіріп жазды. Тосыннан өрелі ой тербей білетін қаламгер қаламы бұл тұста да мүлт кеткен жоқ.
Қуандық Түменбайдың мерзімді ұлттық басылымдарда – «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Түркістан», «Егемен Қазақстан» газеттерінде қоғамымыздың ділгір мәселелерін көтеріп, діттеген жерден шығып отыратын сансыз мақалаларын мен көркемдік көсемсөздің үздік үлгілері деп бағалар едім.
Әсіресе Ел, Жер, Отан, Тәуелсіздік, Ана тіліміздің тағдыры, Ұлттық мұрат пен Ұлттық мүдде, Ұлттық қауіпсіздік сияқты қасиетті тақырыптарды қозғайтын сөздерін жинақтасақ тұтас бір құнды кітапқа сұранып тұр. Өмірге сергек қарайтын, жанына батқан, жүрегін ауыртқан әлеуметтік, елдік мәселелерді ешкімге жалтақтамай, жасырып, жауырды жаба тоқымай ашығын айтып, адалынан жазып келе жатқан жазушының азаматтық белсенділігін қалың қазақ оқырманы біледі. Осы бетіңнен қайтпа, осы биігіңнен түспе. Елге, туған әдебиетімізге, төл руханиятымызға адал еңбек етіп келе жатқан жазушының әлі де алар асулары алдында екеніне кәміл сенемін.
…Қарымды қаламгер Қуандық Түменбай Сырдарияның бойындағы Шиелі деген құтты мекенде шыр етіп дүниеге келді. Қолынан ғұмыр бойы кетпені түспеген әкесі Ыбырай Жақаев қуанғаннан шақалақты алақанына салып көкке қарата үш рет көтеріп: «Қуандым, қуандым, қуандым!» – депті.
Даланың академигі атанған абыз шалдың тілегі қабыл болып перзенті Қуандық Түменбай бүгінгі күні тек қана маңдай тер мен адал еңбекке ғана табынады. Басқа дүниені көзіне ілмейді. Оу баста болмысынан солай жаратылған. Әдебиеттегі сапарың ұзақ болсын, қаламдас дос.
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері