СЫРДЫҢ СЫРШЫЛ САУРАНБЕГІ
28.07.2025
287
0

1992 жылдың жаңбырлы жазында «Қазақ әдебиеті» газеті басшылығының тапсыруымен Жаңақорғанға арнайы іссапарға бардым.
Әкімдік үйі вокзалдан алыс емес екен. Әкімнің мәдениет жөніндегі орынбасары Зинабдин Шермағанбетов Сыр өңіріндегі мәйегі жайқалған өнер ордасының тарихын термелеп, ел ардақтаған тарихи-мәдени ескерткіштердің молдығын айтып, біраз әңгіменің тиегін ағыт­ты. Ұлы дала серкелері – әрісі Әлшекей күйші, Бұдабай Құлан сері, берісі «Сыр сүлейі» атанған Манап Көкеновтен бастап, бүгінгі танымал ақын Адырбек Сопбеков, қаламы қарымды Дүкенбай Досжанов, Тынымбай Нұрмағанбетов сынды жазушыларды, Бексұлтан Байкенжеевтей сазгерді, өнер талант­тары – Мәдина Ералиева, Бибіажар Махамбетова, Сауранбек Елеуов, Әбдірейім Өміров, Асқар Дүйсенбиевтей жас әнші-жыршыларын алға тартып, жерлес қаламгерлерінің шығармаларынан үзінді келтіріп, көсілді дерсің бір. Ертеңінде орталық алаңда шопандар тойы өтетінін де мәлімдеп, сол ауқымды жиынның қонағы болуға шақырды. Әрине, арнайы шақырған соң, шақырған жерден қаласың ба, бардым. Той барысында республикаға есімі танымал біраз әнші, күйшілердің өнерін тамашаладық.
Бір кез­де киіктің асығындай лыпылдап тұрған жүргізуші: «Сахнада –Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивальдерінің екі дүркін лауреаты, республикалық «Жігер» фестивалінің дипломанты, Шәмші Қалдаяқов атындағы республикалық өнер байқауының тұңғыш жүлдегері Сауранбек Елеуов. Орындайтын әні – «Армысыңдар, адамдар!» – деп саңқылдай жөнелді.
Ортаға жаз бойы Жаңақорғанның шөбін жалғыз өзі шапқандай жүдеу өңді, сіліңгір қара жігіт шыға келді. Қолындағы өңкиген баяны өзінен үлкен. Соған қарамай, үні тым зор екен. Әуеннің қайырмасына келгенде, әуелеген дауысы той аспанын жаңғырықтырып жіберді. «Тума талант­тар ауылда» дейтін сөз рас қой. Әсіресе күре тамыры туған жерде жатқан қазақтың рухани өнерінің барлық бастауы Ұлы Даладан нәр алады. Солардың бірі – күміс көмей әнші, домбырашы, баянист, композитор Сауранбек Елеуовпен таныстығымыз осылай басталды.
Сауранбек 1979 жылы Шымкент қаласындағы әл-Фараби атындағы Педагогика-мәдениет институтының «Мәдени-ағарту жұмыстары» факультетін бітірген екен. Домбыра тартып, баянда ойнауы, музыкаға деген құштарлығы оған халық ақыны Манап Көкенов басқарған «Дала жұлдыздары» фольклорлық тобында өнер көрсетуге мүмкіндік береді. Осы ұжымда ол өнерпаздық қабілетін шыңдап қана қоймай, тұңғиық ән әлеміне бойлай түседі. Алғашқы әндерін де сол кез­ден бастап жаза бастаған. Алғашқы орындаушысы да – өзі. Ке­йінірек Зейнеп Қойшыбаева, Нұрғали Нүсіпжанов, Мәдина Ералиева, Ұлықпан Жолдасов, Бибіажар Маханбетова, Ақбота Керімқұлова, Жанболат пен Жәзира сияқты танымал әншілердің, «Аршат», «Арман» топтарының репертуары арқылы жұртшылыққа тарап жат­ты. Ән шығарудың қыр-сырын меңгере жүріп, мәдениет саласында қызмет етіп жүргенін, Сұлтанбек Қожанов атындағы «Арман» мәдениет үйінің директоры, Жаңақорған аудандық кеңесінің депутаты екенін өз аузынан естіп-білдім. Иә, есіме енді түсті. Мен «Қазақ­стан пионері» газетінде жүрген 1980-жылдары мектептерге көп баратын­быз. Сол кез­дері өнерпаз оқушылардың орындауындағы «Апатайым-анашым» ат­ты әнді жиі еститінмін. Кішкентай бүлдіршіндердің жат­тауына тез әрі жеңіл, әрі ырғақты әуен оның шығармашылық баспалдағының тұнық бастауы болды. «Апатайым-анашым» оның есімін жұртшылыққа бірден танымал ет­ті. Сондай-ақ жас композитордың жүрегін жарып шыққан «Туған жер» әні де Мәдина Ералиеваның орындауында алты алаштың сүйіп тыңдайтын әндерінің қатарына қосылды.
Бұдан ке­йін Сауранбек Елеуовтің шығармашылық қадамын жіті бақылап жүрдім. Өсу, өрлеу үстіндегі талант­ты сазгердің түрлі тақырыптағы әндері үзбей республикалық газет-журнал бет­терінде нотасымен жарық көріп, халық арасына кең тарай бастады. «Бесік жыры», «Жұлдызым», «Айналайын», «Айдында жүзген аққулар», «Қаракөзім», «Гүлбаһор», «Әке даусы», «Ғанидың жұлдызы», «Домбыра сазы», «Түркістан» тағы басқа да әндері «Қазақ радиосы» мен республикалық, облыстық теледидар арқылы әнсүйер қауымға жетіп, қуантқаны анық.
Шабыт толқынында мерейі тасыған Сауранбек Елеуов 1993 жылы қоңыр күзде сол кез­дегі астанамыз Алматы қаласында зиялылардың алдында тұңғыш шығармашылық кешін өткізді. Жамбыл атындағы мемлекет­тік филармонияның 800 кісілік залында инешаншар орын болмауы алыс аймақтан келген қарапайым әнші-композитордың өнерінің бағасын білдірсе керек.
Айтпақшы, Сауранбектің ел ерекше қабылдаған бір шығармасы – «Қаракөзім» әнінің шығу тарихына менің де куә болғаным бар. Шопандар тойынан ке­йін Сауранбек мені бір топ жора-жолдастарымен бірге Қаратау табиғатын тамашалауға алып шықты. Бұл бір естен кетпейтін сәт болды. Алдымен, отыз мыңнан аса халқы бар үлкен кент­тің көрікті жерлерін аралап, шымырлай аққан Сыр бойына келдік.
Жол түскен сәт­ті пайдаланып, өзеннің теріскей жағалауындағы Төлегетай бабамыз бен Қылыш қожаның күмбездеріне соғып, құран бағыштадық. Небір дала ескерткіштері тұнып тұрған бұл өңір ежелден даңқы шыққан өлке. Жер ыңғайы­на қарасаңыз, Сырдың ең бір шұрайлы тұсында орын тепкен Жаңақорған атақты Қызылқұмға шығар алтын қақпа секілді. Одан ары солтүстік-шығыста сағымға бөленген қарт Қаратау көлбеп жатыр. Қаратаудан ассаңыз, ар жағы ен жайлау, қойнауы құт Мойынқұм, бір етегі ұшы-қиырсыз Бетпақдалаға ұласады. Батысқа көз салсаңыз – Қорқыт бабаға, шығысқа назар аударсаңыз – Арыстан бап пен Әзірет Сұлтанға барып тірелесіз. Сонау шежіреден аты мәлім Жент, Баршынкент, Сығанақ, Ортакент, Отырар, Сауран, Сүткент, Қарнақ, Түркістан сияқты көне қалалар бүлк-бүлк соққан бір күретамырдың бойында орналасуымен таңғалдырады. Осылардың бәрінің кіндік ортасында Қылыш қожа, Төлегетай, Қорасан әулие, Сунақ ата, «Төбесі ойық» әулие сияқты қасиет­ті тұлғалардың мазарлары шоғырланған. Осы қастерлі жерлердің барлығына да Сауранбек ән арнағанын біреу білсе, біреу білмейді. Мен де сол жолы алғаш естіп, іштей таңырқап, ризашылық танытқаным бар. Сондай туындыларының бірі – шығармаларының ішіндегі шоқтығы биік «Түркістан» әні «Елім менің» ат­ты республикалық бай­қауда екінші жүлделі орын иеленіпті. Марш ырғағымен орындалатын қуат­ты әннің сөзі Алаш ақыны Мағжан Жұмабаевтікі болатын. Ке­йінірек Сауранбек Қазақ-түрік университетінің ансамблімен бірге Түркияға шығармашылық сапарында, ашық аспан астындағы амфитеатрда осы ән орындалғанда, түріктердің орындарынан тік тұрып, ұзақ қол шапалақтағанын сағынышпен еске алған еді.
…Сонымен, Қаратау сапарына оралайық. Алыстан аласа көрінгенімен қойнауына бойлаған сайын, тау сілемдері биіктей берді. Айнала қалың ағаш. Сылқылдай аққан бұлақтар. Бір кез­де іркес-тіркес жүйткіген машиналар бір қырдың басына шыға беріп, көлемі кішігірім стадиондай алаңқайға қаңтарыла тоқтады. «Ары қарай жаяу көтерілеміз», – деді жол бастаушы жігіт. Жазған құлда шаршау жоқ, іркес-тіркес тізіліп, жоғарыны бетке ала тартып кет­тік.
Биік жотаның басы жап-жасыл екен. Айнала алақандағыдай. Әр-әр жерде шашырай қонған шағын ауылдар, отар-отар қой-ешкілер көрінеді. Ең қызығы, таудың ұшар басында екі тұма бар екен. Суы мол. Бұрқылдай шығып жатқан қос тұманың арасы көп болса жиырма қадамдай. Ғажап! Екеуі екі жаққа қарап, бұлақ боп ағып жатыр. Бірінің суы – тастай, екіншісі – қанжылым. Мұндай да құдірет болады екен-ау! Қоржындарын арқалаған жігіт­тер сыңғырлаған шыныларды суық бұлаққа тастап, жылы бұлақтың жағасына дастарқан жайды. «Аяғыңызды шешіп, мына жерге отырыңыз», – деп қояды біреуі. Отырдық. Суы шынында да жып-жылы екен. Балтырыңды шымырлатып, жаныңды сүйсіндіреді. Оған домбырасы мен гитарасын сайлаған әншілердің сырлы әуені қосылып, айналаны бір ерекше көңіл күйге бөледі. Салқын сырадан сыздықтатып, жағалай ән тыңдап отырмыз. Бір кез­де шабыты ұстады ма, Сауранбек қызыл баянын қолға ала берді.
– Көптен бері бір әннің кілтін таба алмай жүр едім. Соның сәті енді келген сияқты, – деп әлдебір әуенді құйқылжыта қайталап алды да, сөзімен орындап шықты. Әйгілі Қаратаудың басында «Қаракөзім» ат­ты осындай ғажайып ән дүниеге келді. Бұл күнде Сыр бойынан асып, Сарыарқаны басып, қазақтың кең даласына тараған «Қаракөзім» әні ғашықтық пен махаббат­тың мәңгілік жырына айналғанын эфирден естіген сәт­терде сол бір қызық шақтар еске түседі.
Музыка зерт­теушілері өзіндік қолтаңбасы бөлек, дара дарын иесі композитор Сауранбек Елеуовтің шығармашылық өрісі кең де жан-жақты екенін таратып жазған. Мамандар оның әндерін лирикалық, патриот­тық және балаларға ла­йықталған туындылар деп бірнеше топқа бөліп саралаған. Бірқатар әндері «Ауыл кеші көңілді», «Жастық шақ әуендері» ат­ты әндер жинағына енсе, енді бір тобы өзінің «Сыр әуендері», «Айдында жүзген аққулар», «Апатайым-анашым», «Түркістан», «Балауса» ат­ты кітаптарында нотасымен жарық көрді.
Қазақтың танымал өнер иелері, белгілі академиктер мен ғалымдар, ақын-жазушылар Сауранбектің сан қырлы туындыларына жоғары баға берді. Өнер жолындағы шығармашылық байқауларда да жұлдызы жанып, абыройы асқақтады. Республикалық «Жігер» фестивалінің дип­ломанты, Саратов қаласында өткен жас сазгерлер байқауының жеңімпазы, Шәмші Қалдаяқов атындағы республикалық өнер байқауының тұңғыш жүлдегері, Қазақ­станның Мәдениет қайраткері атанып, Қазақ­стан Композиторлар одағының дипломымен, жергілікті әкімдіктердің Алғысхатымен марапат­талды.
Айтпақшы, 1994 жылдың желтоқсанында екеуміздің жолымыз тағы да түйісті. Алматыдағы М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрының төрінде менің «Мұзда жанған алау» ат­ты кітабыма, ал Сауранбектің музыка өнеріндегі жетістіктеріне Қазақ­стан Жастар одағының сыйлығы берілді. Әрине, шығармашылық еңбектің ортақ қуанышы біздің сыйластығымызды одан әрі бекіте түсті. Өнер жолындағы осындай биіктерді бағындырған Сауранбек Елеуов бұдан ке­йін, 1995 жылы академик Мұрат Жұрыновтың шақыруымен ұстаздық жолды таңдап, шәкірт­тер тәрбиелеп, көптеген жас талант­тардың өнерге келуіне жол ашты. Жаңадан ашылған Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет бөлімінің меңгерушісі, «Музыкалық білім, вокалдық өнер» кафедрасының аға оқытушысы, «Мәдениет орталығы» директорының орынбасары, әйгілі режиссер Райымбек Сейтметов құрған «Өнер» факультетіндегі «Орындаушылық өнер» кафедрасының меңгерушісі қызмет­терін абыроймен атқарып, әріптестерінің құрметіне бөленді.
«Актерлік өнер» факультеті жанынан студент­тер театрын ашып, сабақтан тыс уақыт­та дайындық жұмыстарын жүргізген ізденістері де жеміссіз болған жоқ. Оқытушылық қызметпен қатар, Сауранбек Елеуов ғылыми ізденістер жасап, «Сырнай мен аккордеонда ойнаудың оқу-әдістемелік құралы», «Сыр сүлейі Манап Көкенов» ат­ты оқулық кітаптары мен «Музыка мұғалімінің баян аспабын қолдану рөлі», «Музыка мұғалімінің музыка сабағын ұйымдастырудағы әдістемелік шеберлігі» ат­ты зерт­теулерін жазды. Университет деңгейімен шектеліп қалмай, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, мазмұнды материалдарымен өнер зерт­теушілерінің назарын аударды. Нәтижесінде, ҚР БжҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен Сауранбек Еркінбекұлына өнертану мамандығы бойынша «доцент» ғылыми атағы берілді. Жетпістің желкесіне көтерілген ғалым-оқытушы үшін бұл аз жетістік емес, әрине. Шәкірт­тер тәрбиелеуден әлі де қол үзген жоқ.
Шынымды айтсам, жазу әлемінің өкілі саналатын мен үшін Сауранбек Елеуовтің ғылымдағы жетістіктерінен гөрі, бойындағы әншілігі мен композиторлығы қымбат. Өйткені біз арнасы бөлек болғанымен, өзегі бір шығармашылық өлкесінде табысқан жандарымыз. Ән мен жыр, әдебиет дегендеріңіз табиғатымызға тым жақын. Сондықтан ба, қашан да оның ән көгіндегі бақ жұлдызының жоғарылай беруіне тілектестік ниетімді білдіре жүремін.

 

Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ,
журналист-жазушы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір