Сұлу сөздің сүлейіне — 90 жыл
05.03.2024
229
0

Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Сәкен сері» атанған жазушы Сәкен Жүнісовтің туғанына биыл 90 жыл толып отыр. Қазақ әдебиетіне, киелі көркем сөзіне қалтқысыз қызмет еткен қаламгердің мерейтойын атап өту үшін қоғам қайраткерлері мен әдебиет жанашырлары елорда төрінде бас қосты.

27 ақпан күні елордадағы «Жастар» театрында Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған «Сұлу сөздiң сүлейi» атты әдеби-сазды кеш қаламгердің бұрын-соңды жарияланбаған портреттік суреттері мен кітаптары, жазушы туындылары жарық көрген басылым беттері қойылған мазмұнды көрмеден бастау алды.
Аталмыш кеште зиялы қауым өкілдері, көрнекті ғалымдар, Сәкен Жүнісовтің ізбасарлары жазушының қазақ әдебиетіндегі тұлғалық кейпіне тоқталып, естеліктерімен бөлісті. Алматыдан арнайы келіп қатысқан Қазақстан Жазушылары одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып әуелі Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов пен Басқарма мүшелерінің ыстық сәлемін жеткізді. Сәкен серінің сан алуан қырын қысқаша саралай келіп, өмірде аға-іні болып бірге жүрген кездерін, Сәкен серінің өзі әуелете ән салып, арқа-жарқа өткен жетпісі мен Алматыда өзінсіз өткен сексен жастық мерейтойын басқарғанын еске алды. Астанадан басталып жатқан тоқсан жылдық мерейтойы жыл бойы Қазақстанның түкпір-түкпірінде лайықты атап өтілетініне сенім білдірді. Сәкен серінің дара болмысы жайлы әйгілі ақын Ғафу Қайырбековтің:
Мергенсің атқан оғы кетпес ғапыл, 
Бір өзің – жеті сері, Жеке батыр. 
Туған жер – Сарыарқаны сағынғанда, 
Мен сені бір иіскесем, жетіп жатыр, – деген жыр шумағын эпиграф ретінде ала отырып, ағасына арнаған өлеңін оқыды. Қазақстан Жазушылар одағының атынан Сәкен серінің қарындасы Роза Нұрмаққызының иығына шапан жапты.
Белгілі ақын Серік Тұрғынбекұлы Сәкен сері туралы:
Жанып бір алсаң жарқылдар нағыз алмастар,
Алмас бар жерде алтының оған болмас пар.
Әлемде мынау аққудың аздығы секілді,
Сәкендер аз ғой, Сәкендер аз ғой, жолдастар! – деген тамаша өлеңін оқып: «Сәкен сері – тұтас бір дәуір, мәңгі өлмес рух», – деді тебірене.
Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап кітапхананың директоры, ақын Қуаныш Оспан қаламгердің көзін көрмесе де кесек мінезі, турашылдығы, жазушылық шеберлігі бүгінгі жастарға үлгі екенін айтты. Көкшетауда жазушы атында мектеп, көше барын, ендігі арман-мақсаты Сәкен серінің көзі тірісінде Бурабайда салына бастаса да, әлі күнге дейін бітпей тұрған үйін әдеби-мәдени орталық қылып ашу екенін, бұл мәселе бойынша осыған дейін облысты басқарған бірнеше әкімге құлаққағыс жасап, кейбіреуін апарып көрсетіп те жүргенін, осы бір түйіннің әлі шешілмей келе жатқанын жеткізді. Облыстың ірі мәдениет ошағы
Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың директоры қызметіне келген кезде Мағжанның бір қанатының астында Сәкен серінің аты тұрса деген ойы болғанын және сәуір айында күрделі жөндеуден өтіп қайта жабдықталған ғимараттың үлкен мәжіліс залы Сәкен Жүнісов есімімен аталатынын қуана хабарлады. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың құттықтау хатын ҚР Жазушылар одағының хатшысы Дәулеткерей Кәпұлына табыстап, алдағы күндерде Сәкен сері есімін ұлықтау жұмысы жалғаса беретінін де айтып өтті.
ҚР Жазушылар одағының хатшысы Дәулеткерей Кәпұлы сөз басында Сәкен серінің тоқсан жылдық торқалы тойына арналған іс-шараға арнайы келген Серік Тұрғынбекұлы, Өмірзақ Озғанбай, Өтен Ахмет бастаған қаламгерлерге рахмет айтты. Қазақтың белгілі фотографы Шүкір Шахайдың қоржынынан алынған, қаламгердің бұған дейін еш жерде жарияланбаған он бес фотосуретін үлкейтіп, жиектетіп қойғанын және бұл суреттерді «Көкшетаудағы Мағжан кітапханасында ашылатын Сәкен Жүнісовтің мәжіліс залын көрнекілендіруге үлес болсын», – деп табыстады. Сәкен серінің тоқсан жылдығына орай сәуір айында Ұлттық академиялық кітапханада ғылыми конференция ұйымдастыру жоспарланып отырғанын да көпшілікке жеткізді.
Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп есімін ата-анасы қазақтың марғасқа ұлы Сәкендей болсын деп Сәкен қойғанын, мектепте жүргенде «Ақан сері» романын оқып ерекше әсер алғанын айтты. Жазушының қарындасы Роза Нұрмаққызы: «Сәкен – менің ағам ғана емес, Қазақстанның халық жазушысы, халықтың ұлы деп білемін. Ұлын ардақтап жатқан халқыма көптен-көп рақмет!» – деп осы іс-шараны ұйымдастырушыларға, келген қонақтарға алғысын жаудырды. 
Халық қазынасына айналған Сәкен мұрасы жадымызда қайта жаңғырып, тоқсан жылдық мерейтой осылайша Астана төрінен бастау алды. 

Қазақстан Жазушылар одағының
Астана филиалы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір