Сұлу сөздің суреткері
07.05.2025
271
0

Қазақстанның құрметті журналисі, «Халық алғысы», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері Серік Шайманның жаңа кітабы – «Торғай толғауы» оқырманға жол тартты. Бұл – қаламгердің төртінші туындысы. Қырыққа жуық әңгіме, төрт повесть пен талай очерктің авторы шығармашылық жолы – тұтас бір дәуірдің шежіресі. Баспасөз бен тележурналистиканы қатар алып жүрген қалам иесінің әрбір еңбегі – сырға толы әлем.

Серік Шайман – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын облыстық «Қостанай таңы» газетінде бастап, кейін республикалық «Лениншіл жас» газетінің өңірлік тілшісі қызметін атқарды. Қостанай облыстық телерадио комитетінде де басшылық қызмет етіп, саналы ғұмырын журналистикаға арнады. Жаңа кітапта Торғай даласының тұңғиық тарихы мен жазушының шығармашылық естеліктері көркем тілмен өріледі.

– Атауына сәйкес негізгі тақырып Торғай жөнінде. Тарихи және журналистік зерттеу мақалалары топтастырылған. Кітап  «Іңкәр жүрек», «Мезгіл мінберінде», «Дала демі» деген үш бөлімнен тұрады. Олар да повесть, эссе, сұхбат және очерктер қамтылған. Мен аталған бағыттар да жиі қалам тартамын. Осы уақытқа дейін жазған очерк көп екен. Солардың арасынан сұрыптап, саралап, қазіргі уақыт ағымына келмейтіндерін алып тастап, көркем әдебиет негізінде жазылғандарын ғана оқырманға ұсындым, — дейді жазушы Серік Шайман.

Қаламы әлі де қарымды қаламгер бүгінде сексеннің сеңгіріне таяса да, шығармашылық серпіні бәсеңдемеген. Ол жазған дүниелер – оқырманын терең ойға жетелейтін, тарихпен үндес, ізгілікке бастайтын туындылар. Әріптестері де оның қалам қарымына, жазу машығына тәнті.

– Серік аға Шайманды көптен білемін. Ол кісінің жалпы шығармашылығына бір кісідей қанықпын. Себебі Серік ағаның республикалық басылымдар да жиі жарық көретін шығармаларын тұрақты оқимын. Оқырман ретінде әрбір кітабын асыға күтеміз. Міне, бүгін төртінші кітабы оқырманға ұсынылып отыр. Рухани, жан-дүниені байытатын әсерлі шығармалары көңіл сүйсіндіреді. Жас буын осындай ағалардың кітаптарын жиі оқып жүрсе өресі озық болары анық, — дейді Қазақстанның Құрметті журналисі Оразалы Жақсанов.

Ұмыт бола бастаған очерк жанрын қайта түлетіп, руханият әлемінде өз өрнегін қалдырған Серік Шайман шығармашылығы – ұлт мәдениетінің ажырамас бөлшегі. Оның тың туындылары әлі талай оқырман жүрегіне жол табары анық.

Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ,
журналист
Қостанай қаласы

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір