СЫРДЫҢ СЫРШЫЛ САУРАНБЕГІ
02.07.2025
151
0

1992 жылдың жаңбырлы жазында «Қазақ әдебиеті» газеті басшылығының тапсыруымен Жаңақорғанға арнайы іссапарға бардым.

Әкімдік үйі вокзалдан алыс емес екен. Әкімнің мәдениет жөніндегі орынбасары Зинабдин Шермағанбетов Сыр өңіріндегі мәйегі жайқалған өнер ордасының тарихын термелеп, ел ардақтаған тарихи-мәдени ескерткіштердің молдығын айтып, біраз әңгіменің тиегін ағытты. Ұлы дала серкелері – әрісі Әлшекей күйші, Бұдабай Құлан сері, берісі «Сыр сүлейі» атанған Манап Көкеновтен бастап, бүгінгі танымал ақын Адырбек Сопбеков, қаламы қарымды Дүкенбай Досжанов, Тынымбай Нұрмағанбетов сынды жазушыларды, Бексұлтан Байкенжеевтей сазгерді, өнер таланттары – Мәдина Ералиева, Бибіажар Махамбетова, Сауран Елеуов, Әбдірейім Өміров, Асқар Дүйсенбиевтей жас әнші-жыршыларын алға тартып, жерлес қаламгерлерінің шығармаларынан үзінді келтіріп, көсілді дерсің бір. Ертеңінде орталық алаңда шопандар тойы өтетінін де мәлімдеп, сол ауқымды жиынның қонағы болуға шақырды. Әрине, арнайы шақырған соң, шақырған жерден қаласың ба, бардым. Той барысында республикаға есімі танымал біраз әнші, күйшілердің өнерін тамашаладық.

Бір кезде киіктің асығындай лыпылдап тұрған жүргізуші: «Сахнада –Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивальдерінің екі дүркін лауреаты, Республикалық «Жігер» фестивалінің дипломанты, Шәмші Қалдаяқов атындағы Республикалық өнер байқауының тұңғыш жүлдегері Сауранбек Елеуов. Орындайтын әні – «Армысыңдар, адамдар!» деп саңқылдай жөнелді.

Ортаға жаз бойы Жаңақорғанның шөбін жалғыз өзі шапқандай жүдеу өңді, сіліңгір қара жігіт шыға келді. Қолындағы өңкиген баяны өзінен үлкен. Соған қарамай, үні тым зор екен. Әуеннің қайырмасына келгенде, әуелеген дауысы той аспанын жаңғырықтырып жіберді.

«Күн батты ма, түн келді ме, таң атты ма қайтадан,
Құдіретті тірлігіңе кірістің бе қайта, адам?
Ар ма, өмір, бар әлемді бауырына алып шайқаған!

Әрбір әрпі қанға шомған тарихына қараңдар,
Отырардай опат болған қала жоқ па, жараңдар?
Тату-тәтті бармысыңдар, армысыңдар, адамдар!»

Керемет! Шынында да, тума таланттар ауылда дейтін сөз рас қой. Әсіресе, күре тамыры туған жерде жатқан қазақтың рухани өнерінің барлық бастауы Ұлы Даладан нәр алады. Солардың бірі – күміс көмей әнші, домбырашы, баянист, композитор Сауранбек Елеуовпен таныстығымыз осылай басталды.

Сауранбек 1979 жылы Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы педагогикалық-мәдениет институтының «Мәдени-ағарту жұмыстары» факультетін бітірген екен. Домбыра тартып, баянда ойнауы, музыкаға деген құштарлығы оған халық ақыны Манап Көкенов басқарған «Дала жұлдыздары» фольклорлық тобында өнер көрсетуге мүмкіндік береді. Осы ұжымда ол өнерпаздық қабілетін шыңдап қана қоймай, тұңғиық ән әлеміне бойлай түседі. Алғашқы әндерін де сол кезден бастап жаза бастаған. Алғашқы орындаушысы да – өзі. Кейінірек Зейнеп Қойшыбаева, Нұрғали Нүсіпжанов, Мәдина Ералиева, Ұлықпан Жолдасов, Бибіажар Маханбетова, Ақбота Керімқұлова, Жанболат пен Жәзира сияқты танымал әншілердің, «Аршат», «Арман» топтарының репертуары арқылы жұртшылыққа тарап жатты. Ән шығарудың қыр-сырын меңгере жүріп,  мәдениет саласында қызмет етіп жүргенін, Сұлтанбек Қожанов атындағы «Арман» мәдениет үйінің директоры, Жаңақорған аудандық кеңесінің депутаты екенін өз аузынан естіп-білдім.  Иә, есіме енді түсті. Мен «Қазақстан пионері» газетінде жүрген 80-жылдары мектептерге көп баратынбыз. Сол кездері өнерпаз оқушылардың орындауындағы «Апатайым-анашым» атты әнді жиі еститінмін. Кішкентай бүлдіршіндердің жаттауына тез әрі жеңіл, әрі ырғақты әуен оның шығармашылық баспалдағының тұнық бастауы болды. «Апатайым-анашым» оның есімін жұртшылыққа бірден танымал етті. Сондай-ақ жас композитордың жүрегін жарып шыққан «Туған жер» әні де Мәдина Ералиеваның орындауында алты алаштың сүйіп тыңдайтын әндерінің қатарына қосылды.

Бұдан кейін Сауранбек Елеуовтің шығармашылық қадамын жіті бақылап жүрдім. Өсу, өрлеу үстіндегі талантты сазгердің түрлі тақырыптағы әндері үзбей республикалық газет-журнал беттерінде нотасымен жарық көріп, халық арасында кең тарай бастады. «Бесік жыры», «Жұлдызым», «Айналайын», «Айдында жүзген аққулар», «Қаракөзім», «Гүлбаһор», «Әке даусы»,  «Ғанидың жұлдызы», «Домбыра сазы», «Түркістан», тағы басқа да әндері «Қазақ» радиосы мен республикалық, облыстық теледидар  арқылы әнсүйер қауымға жетіп, қуантқаны анық.

Шабыт толқынында мерейі тасыған Сауранбек Елеуов 1993 жылы қоңыр күзде сол кездегі астанамыз Алматы қаласында зиялылардың алдында тұңғыш шығармашылық кешін өткізді. Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармонияның 800 кісілік залында инешаншар орын болмауы алыс аймақтан келген қарапайым әнші-композитордың өнерінің бағасын білдірсе керек.

Айтпақшы, Сауранбектің ел ерекше қабылдаған бір шығармасы – «Қаракөзім» әнінің шығу тарихына менің де куә болғаным бар. Шопандар тойынан кейін Сауранбек  мені бір топ жора-жолдастарымен бірге Қаратау табиғатын тамашалауға алып шықты. Бұл бір естен кетпейтін сәт болды. Алдымен отыз мыңнан аса халқы бар үлкен кенттің көрікті жерлерін аралап, шымырлай аққан Сыр бойына келдік.

Жол түскен сәтті пайдаланып, өзеннің теріскей жағалауындағы Төлегетай бабамыз бен Қылыш қожаның күмбездеріне соғып, құран бағыштадық. Небір дала ескерткіштері тұнып тұрған бұл өңір ежелден даңқы шыққан өлке. Жер ыңғайына қарасаңыз, Сырдың ең бір шұрайлы тұсында орын тепкен Жаңақорған атақты Қызылқүмға шығар алтын қақпа секілді. Одан ары солтүстік-шығыста сағымға бөленген қарт Қаратау көлбеп жатыр. Қаратаудан ассаңыз, ар жағы ен жайлау, қойнауы құт Мойынқұм, бір етегі ұшы-қиырсыз Бетпақдалаға ұласады. Батысқа көз салсаңыз – Қорқыт бабаға, шығысқа назар аударсаңыз – Арыстан бап пен Әзірет Сұлтанға барып тірелесіз. Сонау шежіреден аты мәлім Жент, Баршынкент, Сығанақ, Ортакент, Отырар, Сауран, Сүткент, Қарнақ, Түркістан сияқты көне қалалар бүлк-бүлк соққан бір күретамырдың бойында орналасуымен таң қалдырады. Осылардың бәрінің кіндік ортасында Қылыш қожа, Төлегетай, Қорасан әулие, Сунақ ата, «Төбесі ойық» әулие сияқты қасиетті тұлғалардың мазарлары шоғырланған. Осы қастерлі жерлердің барлығына да Сауранбек ән арнағанын біреу білсе, біреу білмейді. Мен де сол жолы алғаш естіп, іштей таңырқап, ризашылық танытқаным бар.

Сондай туындыларының бірі –  шығармаларының ішіндегі шоқтығы биік «Түркістан» әні «Елім менің» атты республикалық бай­қауда екінші жүлделі орын иеленіпті. Марш ырғағымен орындалатын қуатты әннің сөзі алаш ақыны Мағжан Жұмабаевтікі болатын. Кейінірек Сауранбек Қазақ-Түрік университетінің ансамблімен бірге Түркияға шығармашылық сапарында, ашық аспан астындағы амфитеатрда осы ән орындалғанда, түріктердің орындарынан тік тұрып, ұзақ қол шапалақтағанын сағынышпен еске алған еді. Қандас бауырлардың сол жолы Сауранбек Елеуовті «Афион қаласының Құрметті азаматы» атағымен марапаттауы Мағжанның рухына деген ерекше құрметін білдірсе керек. Композитордың өз ата жұртына деген шынайы сүйіспеншілігін білдіретін бұл тамаша туындысы әр мереке сайын сахналарда орындалып, Түркістан облысының абыройын асқақтатқан гимніне айналған десек те, артық айтқандық емес.

…Сонымен Қаратау сапарына оралайық. Алыстан аласа көрінгенімен қойнауына бойлаған сайын, тау сілемдері биіктей берді. Айнала қалың ағаш. Сылқылдай аққан бұлақтар. Бір кезде іркес-тіркес жүйткіген машиналар бір қырдың басына шыға беріп, көлемі кішігірім стадиондай алаңқайға қаңтарыла тоқтады. «Ары қарай жаяу көтерілеміз», – деді жол бастаушы жігіт. Жазған құлда шаршау жоқ, іркес-тіркес  тізіліп, жоғарыны бетке ала тартып кеттік.

Биік жотаның басы жап-жасыл екен. Айнала алақандағыдай. Әр-әр жерде шашырай қонған шағын ауылдар, отар-отар қой-ешкілер көрінеді. Ең қызығы, таудың ұшар басында екі тұма бар екен. Суы мол. Бұрқылдай шығып жатқан қос тұманың арасы, көп болса, жиырма қадамдай. Ғажап! Екеуі екі жаққа қарап, бұлақ боп ағып жатыр. Бірінің суы тастай, екіншісі қанжылым. Мұндай да құдірет болады екен-ау! Қоржындарын арқалаған жігіттер сыңғырлаған шыныларды суық бұлаққа тастап, жылы бұлақтың жағасына дастархан жайды. «Аяғыңызды шешіп, мына жерге отырыңыз», –  деп қояды біреуі. Отырдық. Суы шынында да жып-жылы екен. Балтырыңды шымырлатып, жаныңды сүйсіндіреді. Оған домбырасы мен гитарасын сайлаған әншілердің сырлы әуені қосылып, айналаны бір ерекше көңіл-күйге бөледі. Салқын сырадан сыздықтатып, жағалай ән тыңдап отырмыз. Бір кезде шабыты ұстады ма, Сауранбек қызыл баянын қолға ала берді.

– Көптен бері бір әннің кілтін таба алмай жүр едім. Соның сәті енді келген сияқты, – деп, әлдебір әуенді құйқылжыта қайталап алды. – Енді сөзімен орындап көрейін. «Қаракөзім».

«Соқты көктем түн самалы, терезеден Ай қарап.

Бірақ та сен жоқсың әлі, жел де өтті аймалап…

Ақ махаббат, аппақ сезім, бұлбұл құсым ән салған.

Айналайын, Қаракөзім, шықпадың-ау қарсы алдан.

А-а-а-а-ау, аңсаған, е-е-е-е-ей, ән салам,

Айналайын, Қаракөзім, шыға келші қарсы алдан!..»

Әйгілі Қаратаудың басында осындай ғажайып ән дүниеге келді. Бұл күнде Сыр бойынан асып, Сарыарқаны басып, қазақтың кең даласына тараған «Қаракөзім» әні ғашықтық пен махаббаттың мәңгілік жырына айналғанын эфирден естіген сәттерде, сол бір қызық шақтар еске түседі.

Музыка зерттеушілері өзіндік қолтаңбасы бөлек, дара дарын иесі композитор Сауранбек Елеуовтің шығармашылық өрісі кең де жан-жақты екенін таратып жазған. Мамандар оның әндерін лирикалық, патриоттық және балаларға лайықталған туындылар деп бірнеше топқа бөліп саралаған. Бірқатар әндері «Ауыл кеші көңілді», «Жастық шақ әуендері» атты әндер жинағына енсе, енді бір тобы өзінің «Сыр әуендері», «Айдында жүзген аққулар», «Апатайым-анашым», «Түркістан», «Балауса»  атты кітаптарында нотасымен жарық көрді.

Қазақтың танымал өнер иелері – атақты әнші, Халық  артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов, композиторлар Мыңжасар Маңғытаев, Кеңес Дүйсекеев, Темір Тайбеков, Бексұлтан Байкенжеев, Рамазан Тайманов, ХҚТУ-дың тұңғыш ректоры Мұрат Жұрынов, Рахманқұл Бердібаев, Құлбек Ергөбек, Жұмабай Әбілов, Балғабай Нақыпов секілді белгілі академиктер мен ғалымдар, Қуандық Шаңғытбаев, Марфуға Айтқожина, Зейнеп Ахметова, Тұтқабай Иманбеков, Жандарбек Мәлібеков (Елтаңба авторы), Манап Көкенов, Әселхан Қалыбекова, Адырбек Сопыбеков, Нұрмахан Назаров, Қаныбек Сарыбаев сынды ақын-жазушылар Сауранбектің сан қырлы туындыларына жоғары баға берді. Өнер жолындағы шығармашылық байқауларда да жұлдызы жанып, абыройы асқақтады. Республикалық «Жігер» фестивалінің дипломанты, Саратов қаласында өткен  жас сазгерлер  байқауының жеңімпазы, Шәмші Қалдаяқов атындағы Республикалық өнер байқауының тұңғыш жүлдегері, Қазақстанның Мәдениет қайраткері атанып, Қазақстан Композиторлар одағының дипломымен, жергілікті әкімдіктердің Алғыс хатымен  марапатталды.

Айтпақшы, 1994 жылдың желтоқсанында екеуміздің жолымыз тағы да түйісті. Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының төрінде менің «Мұзда жанған алау» атты кітабыма, ал Сауранбектің музыка өнеріндегі жетістіктеріне Қазақстан Жастар одағының сыйлығы берілді. Әрине, шығармашылық еңбектің ортақ қуанышы біздің сыйластығымызды одан ары бекіте түсті. Өнер жолындағы осындай биіктерді бағындырған Сауранбек Елеуов бұдан кейін, 1995 жылы академик Мұрат Жұрыновтың шақыруымен ұстаздық жолды таңдап, шәкірттер тәрбиелеп, көптеген жас таланттардың өнерге келуіне жол ашты. Жаңадан ашылған Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет бөлімінің меңгерушісі, «Музыкалық білім, вокалдық өнер» кафедрасының аға оқытушысы, «Мәдениет орталығы» директорының орынбасары, әйгілі режиссер Райымбек Сейтметов құрған «Өнер» факультетіндегі «Орындаушылық өнер» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарып, әріптестерінің құрметіне бөленді.

«Актерлік өнер» факультеті жанынан студенттер театрын ашып, сабақтан тыс уақытта дайындық жұмыстарын жүргізген ізденістері жеміссіз болған жоқ. Талантты шәкірттерін іріктеп, Жолтай Әлмашұлының «Тірі жан» спектаклін сахналады. Сәтті шыққан бұл туындыны университет басшылығының қолдауымен Астана қаласына апарып, Қ.Қуанышбаев атындағы театр сахнасында Елорда жұртшылығының ризашылығына бөленді. Сондай-ақ Жаңақорған аудандық мәдениет үйінде өткен «Туған жерге тағзым» атты жеке шығармашылық кешін де жерлестері қуана қарсы алды.

Оқытушылық қызметпен қатар, Сауранбек Елеуов ғылыми ізденістер жасап, «Сырнай мен аккордеонда ойнаудың оқу-әдістемелік құралы», «Сыр сүлейі Манап Көкенов» атты оқулық кітаптары мен «Музыка мұғалімінің баян аспабын қолдану ролі», «Музыка мұғалімінің музыка сабағын ұйымдастырудағы әдістемелік шеберлігі» атты зерттеулерін жазды. Өнерге талпынған жас өрендердің музыкалық сауатын ашуға ықпал жасады. Университет деңгейімен шектеліп қалмай, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, мазмұнды материалдарымен өнер зерттеушілерінің назарын аударды. Нәтижесінде ҚР БжҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен Елеуов Сауранбек Еркінбекұлына өнертану мамандығы бойынша «доцент» ғылыми атағы берілді. Жетпістің желкесіне көтерілген ғалым-оқытушы үшін бұл аз жетістік емес, әрине. Шәкірттер тәрбиелеуден әлі де қол үзген жоқ.

Шынымды айтсам, жазу әлемінің өкілі саналатын мен үшін Сауранбек Елеуовтің ғылымдағы жетістіктерінен гөрі, бойындағы әншілігі мен композиторлығы қымбат. Өйткені біз арнасы бөлек болғанымен, өзегі бір шығармашылық өлкесінде табысқан жандарымыз. Ән мен жыр, әдебиет дегендеріңіз табиғатымызға тым жақын. Сондықтан ба, қашанда оның ән көгіндегі бақ жұлдызының жоғарылай беруіне тілеулестік ниетімді білдіре жүремін.

Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ,

журналист-жазушы,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір