Наурыз
Омар Жәлелұлы
Кейде мені бір ұры ой мазалайды: «Наурыздың қадіріне жетіп жүрміз бе?» Жер-дүниені құлпыртып, міне, тағы Наурыз келе жатыр. Қазақ елі үнсіз. «Келсең, кел, келсең өзің үшін келесің» дегендей кісәпірлік кейіп танытады. Жер дүниені солқылдатып, бір ай бұрын шырша орнатып, көтеріңкі көңіл күймен асыға күтетін Новый годтың мәртебесіне жете алмай жатыр. Иса пайғамбардың туған күнінен бастау алатын жат жұрттық Новый годқа бөркін аспанға атып, есі кетіп, Абайша айтсақ, «шапаны аттың көтін жауып, екі көзі аспанда, еліріп шаба беретін» қазақ Наурызға келгенде не жын тиіп қалды?
Халықта жазық жоқ: әркім қолынан келгенше қарсы алып, тойлап жатыр. Гәп билікте болып тұр. Көзін тырнап ашқаннан Новый годпен ауызданған билік өкілдері бұдан өлсе айырылмақ емес; бұдан айырылса – бәрінен айырылатынын біледі. Новый год, Сегізінші март – күні өткен идеологиялық мерекелер. Қанша тырысқанмен, қанша тыртысқанмен – болмайды. Қазақта жақсы мақал бар: «Таң атпайын десе де, күн қоймайды» деген.
Наурыз – Жаңа Күн. Күн мен түннің теңесуі. Жаңа жылдың дүниеге келуін айғақтайтын Жаңа күн. Осы күннен жаңару басталады. Табиғат жаңарады. Дүн-дүние жаңарады. Адамдар ескі-құсқыдан арылып, барын қағып-сілкіп, үйін тазалап, жан дүниесін тазалап, Жаңа күнді қарсы алуға дайындалады. Бізге де жаңаратын уақыт келді: қашанғы ескі-құсқы, күні өткен, түкке жарамсыз идеологияны талғажау қыламыз?!
Бастықтар тойлап, қарапайым халық кіре алмай, есіктен сығалап жүретін ол – Наурыз емес. Ол – біздің әлі отарсызданбаған, бейшара, кіріптар кейпіміз. «Жауға – қатын, жақынға – жалмауыз» (Шәкәрім) отар елдің билігінің траги-комедиялық бейнесі.
Наурыз неден басталуы керек? Наурыз Елбасының Наурызнамасынан басталуы керек. «Президенттің шыршасы» деген ұғым бар. «Президенттің Наурызнамасы» деген ұғым неге болмауы керек? Бірақ: «Сізге Наурызнама қылдыруға келдік» дейтін аталы сөзді білетін, аузы дуалы бүгінгінің Едіге билері қайда?!
Неге Қазақ елінде береке жоқ? Неге Қазақ елінің мал-басы бірдей өспей жатыр? Өйткені, қазіргі қазақ бұрынғы қазақтай Наурызды жүрегі жарыла қуанып күтпейді. Ал, бұрынғы қазақ қайткен? Мәшһүр Жүсіпке құлақ түрейік: «Сол жаңа туған жылын, жаңа туған күнін құттықтап, қуанып той қылса, сол жыл да, сол күн де бұл құттықтаған, қуанғанды қолтығына қысып, құшағына алып, сый-құрметпен, қызық дәуренмен өткізуге міндетті, борышты». Міне, қазақтың баю, өсу технологиясы; мал мен басты бірдей өсірудің ноу-хауы.
Бұны ата-бабаларымыз шебер меңгерген табиғатпен, Жаратушымен етене болуды ғылыми тілде энергетикалық алмасу дейді. Табиғаттың, Жаратушының тілін білген қайран ата-бабаларымыз бұл алмасуды «сыйға – сый, сыраға – бал» деп тұжырған.
Әйгілі Джон Кехо: «Біз энергетикалық торда (паутина) өмір сүреміз: біздің кез келген ойымызға Ғалам дереу жауап береді», – дейді. «Бағаламағанға бақ қонбайды, қуанбағанға құт дарымайды» дегенде, таңдайымыз тақылдап, аузымыз аузымызға жұқпайды. Жаттап алғанбыз, бірақ мәнісін түсінбейміз, тереңіне бойлай алмаймыз. «Бай болғысы келмейтін адам жоқ, Құдайы қаламайды, хан болғысы келмейтін адам жоқ, халқы қаламайды» дегендей, халықтың бай болуы, берекелі болуының осындай сакральді астары бар екен. Біз бұны бүгін ұмыттық: біз «ептеп бай болғымыз» келеді», «есебін тауып бай болғымыз» келеді. Байлардың баянсыздығы, байлықтың қайырсыздығының сыры да осында жатқан жоқ па екен?
Біз Наурызға неге қуанбаймыз? Өйткені, Наурыздың идеологиясы жоқ. Идеологиясы ұмыт болған. Ал Наурыздың идеологиясы піл сауырлы қара жердей кәрі, ауадай қарапайым, теңіздей терең: «Жауынменен жер көгерер, батаменен ер көгерер».
«Қайда атақты асқан бай бар болса, Наурызнаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында Наурызнаманың қадір-құны астан, тойдан ілгері болады екен». «Қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурызнама».
«Елді, жұртты оңға бастаймын, ілгері басуына, малы-басы өсуіне тілектес боламын деушілер… осы Наурызды құрметтеп, «Ұлыстың ұлы күні» атандырып, той-тамаша қылуға тырысу керек». Мәшһүр Жүсіпке біз де қосыламыз. Бұдан артық не айтуға болады?!