Қазақ жеріндегі әз-Наурыз мейрамы
Қазақ халқының маусымдық мерекелерінің ішінде Қымызмұрындық, Мизам, Сабантой сияқты жыл басы – Наурыз ежелден тойланатын болған. Ертеден дейтіні Наурыз мейрамымен байланысты айтылатын аңыз-әфсаналар, мақал-мәтелдер, бата-тілектер, наным-сенімдер, салт, ырым-жоралғыларда бұл мейрам туралы кездесетінінде. Бұл айда табиғат та құбылып өзгеріске түседі. 22 наурыз – аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған, көне заманнан бері наурыз айын жылдың басы деп қабылдаған. Григориан календары бойынша ескіше 9 март, жаңаша 21-нен 22 не қараған түн осы күнге сәйкес келеді. Бұл күнді жаңа күн деп қабылдайды. Ұлыстың ұлы күні деген сөз орамындағы ұлы күн – жылдың бас күні. Ең абзал, ең мәртебелі болып ұғынылғандықтан қазақтар ұлы күн деп атаған.
«Наурыз: жаңғырған салт-дәстүрлер» кітабында Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүниежүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан бері орын алғаны айтылады. Бұл мейрамды ежелгі гректер «Патрих», бирмалықтар «Су мейрамы», тәжіктер «Гүл гардон», «Бәйшешек», «Гүлнаурыз», хорезмдіктер «Наусарджи», татарлар «Нардуган», буряттар «Сагаа сара» соғдалықтар Наусарыз», армяндар Навасарди», чуваштар «Норис ояхе» деп түрліше атаған. Наурыздың қазақпен оған бауырлас Шығыс халықтарының ықылым заманда отқа, күнге, айға, суға табынған кездерінде пайда болған, яғни табиғаттың қойнынан, күн мен түннің теңелуінен шыққан маусымдық мейрамы екені жазылған.
Белгілі ғалым Нұрсан Әлімбай: «Қазақтың ауызша тарихнамасының аса көрнекті өкілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мәліметіне қарағанда, наурыз айында басталатын қоғамдағы және табиғаттағы жаңару, өркендеу, өсіп-өну үрдісіне пәрмен беретін ұлы күш – көк сеңгір аспан кейпіндегі Тәңірі (ер адам) мен бүкіл тіршілік иесі туатын Жер Ананың өзара жұптасуы екен. Мұны еш әсіресіз дүниенің жаратылысы туралы көшпелілер тұжырымдамасының ерекше қыры ретінде бағамдауға әбден болады» – дейді сұхбатында. Ежелден түркілер Наурызды табиғаттың жаңғыру кезеңі ретінде қабылдап, оны Көк Тәңірімен байланысты деп санап, бұл мерекеде адамдар үйлерін тазалап, жаңа өмір бастауға ниет етеді. Реніштерін кешіріп, таза ниетте болады екен, яғни наурыз мереке жаңаруды, тазалықты білдіреді.
Наурыз мейрамының шығу тарихында «Наурыз парсы тілінде жаңа күн» деген ұғымды білдірсе, бұл бізге парсы, Шығыстан келген мейрам дегенге ғалым А.Тоқтабай ХVІІІ ғасырдың басында қазақтар жоңғардан шегініп, атажұртты тастап, Бұхара, Самарқанға, Жиделібайсынға барып, енді ел-жұрт азат болып тарихи қоныстарына қайта келгенде «Наурыз» сөзін ала келген. Бұған дейін халқымыз бұл мейрамды «Ұлыс», «Ұлыстың ұлы күні» деп, соңынан «Ұлыстық ұлы күні – Наурыз» деп айтатын болған деп жазады.
Наурыз мерекесі туралы Алаш қайраткерлері жазбасынан белгілі этнограф Т. Қартаева «Қазақ» газетінің (1913–1918) әр жыл сайын 9 наурызда газеттің бас айдарын Наурыз тақырыбына арнағанын келтіреді. Наурыз мерекесімен құттықтау мақалаларының авторлары қатарында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы болды деп көрсетеді. Алаш қайраткерлерінің «Наурыз» хақындағы жазбаларының маңыздылығы – олардың дәстүрлі қазақ қоғамында, өздерінің көзімен көрген, дәстүрлі Наурыздың болмысын дәлме-дәл беруінде. Олардың жазбаларында «Көрісу», «Жасың құтты болсын» деп айтудың мәні, Наурыз көжеде ет пен ағарған туралы жазылған. Мысалы, Мағжан Жұмабаев: «Қазақтың Жаңа жылы дін әсерінен таза. Бұл күні ешбір құлшылық, дін әдеттері жасалмайды. Бар болғаны ел бір-бірімен көрісіп, «Жасың құтты болсын!» дейді», – деп көрсеткен. Әлихан Бөкейханұлының «Қыр баласы» деген бүркеншік атымен «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 9 наурыздағы №53 санына Наурыз мерекесіне орай жариялаған «Жаңа жыл» атты жазбасы Шығыс Жаңа жылы таралған ежелгі шығыс елдерінің күнтізбелік білімдерін талдауға арналған. Сол уақыттағы қолданыстағы Юлиан күнтізбесі мен әлі қолданысқа енбеген Григориан күнтізбесі арасындағы 13 күндік айырмашылықты талдауы бойынша Шығыстың Жаңа жылының 9 наурызға сәйкес келуін түсіндіруді мақсат еткені анық көрінеді. Қыр баласы: «Бұл күнді парсы тілінде «Наурыз» дейді, жаңа жылдың басы дейді…Біздің қазақтың Жаңа жылы мартта болғаны адасқан емес. Жаңа жыл мартта болса күн мен түн тең болғаннан бастау керек. Ескі стильде бұл күн 9 март болады», – деп күнтізбелік білімді ортаға салады. Ал Міржақып Дулатұлы: «Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды күншығыс жұрттарының көбі,Үндістан, Иран, Ауғанстан, Бұхар, Кавказ, Түркістандықтар мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді…ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, біздің қазақ-қырғызда жалғыз-ақ мейрам бар, ол – Наурыз».
«Келгеніңе құттықтап бірін-бірі,
Қуанышта, көрісіп кәрі, жасы.
Көңілі түгел адамның сен келген соң,
Самарқанның елжіреп тұр көк тасы», – (Наурыз. «Қазақ» газеті, 1914, №53, 9 наурыз) деп келтіреді.
Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурыз қазақ даласының ауа райына байланысты әр уақытта атап өтілген. Бұл мереке – қонақжайлық пен бірліктің, татулық пен ынтымақтастықтың, тазарудың, ізгіліктің, бірлескен еңбектің, дәстүрдің көрінісі. Бұл күні Қызыр түні деп, үйге шырақтар жағып, алдын ала пәле-жаладан аман болсын деп үй ішін тазартқан. Бұл күні таңертең адамдардың бәрі далаға шығып, бастау, бұлақтардың көзін ашқан, ағаштар отырғызған. Әйел адамдар күнге тәу етіп «Армысың, қайырымды Күн-ана!» деп, күнге, жерге «Кеудесі түкті Жер-Ана, құт дарыт, жарылқа!» деп иіліп сәлем береді, бұлақ көздеріне май құйып, жаңа егілген ағаштарға ақ бүркеді. Қазақ халқы бұл мейрамды «ақ түйенің қарны жарылған күн» деп бекер айтпаған.
Қазақ халқы үшін қонақжайлық та – негізгі құндылықтардың бірі. Наурыз мейрамында дастарқан жайылып, наурыз көже әзірленіп, ерекше құрметтер көрсетілген. Бұл, яғни Наурыз мерекесінің қазақ халқының дәстүрлі ас дайындау мәдениетінің де ерекше көрсеткішін көрсету. Ғұрыптық ас жеті түрлі тағамнан дайындалатын, тоқшылық пен берекенің белгісі. Наурызың 21-нен 22-сіне қараған түні әр шаңырақта міндетті түрде, «Жыл бойы ақ мол, дән тасқын-тасқын, жауын-шашын көп болсын» деп, Қызыр түні ырысқа болсын деп қыстан арнайы сақталған сүрленген соғым етіне кем дегенде жеті түрлі дәмнен, бидай, тары, арпа, сұлы, жүгері, т.б. дәндер, езілген құрт қосып Наурыз көже жасалады, ыдыс атаулыны аққа (сүт, айран, шұбат, шалап, уыз) толтырады. Наурыз көжені тойып, таусып ішеді, бұл жыл бойына тоқшылық болсын деген ұғымға саяды. Этнограф
Т.Қартаева наурыз көжеге деп арнайы мал соймаған, оны «пышақ қандамау» дейді, яғни Наурызға дейінгі сойылған малдың басын сақтайды. Қазақ халқының бас, шеке тарту рәсімі Наурыз көжемен бірге жүрген ғұрып болған Басты наурыз көжеге салып алғаннан кейін тартудың түпкі мәнінде мал басының бүтіндігін меңзеу жатыр деп көрсетеді. Қазақ даласында ертеде ауыл бойжеткендері өздері ұнатқан жігіттерге арнап соғымның соңғы етін уызға салып пісіріп, «ұйқыашар» деп аталатын ерекше уыз дәм дайындайды, ал жігіттер қыздардың қолақысының қарымтасына айна, тарақ, иіссудан тұратын «селт еткізер», «дір еткізер» сыйлықтарын ұсынған.
«Наурызда ауыл тұрғындары бірігіп, түрлі еңбек мерекелерін өткізген. Егіншілікпен айналысатын халықтар жер жыртып, тұқым себуді бастаған. Бұл да этнографиялық дәстүр ретінде Наурыздың шаруашылық маңызын айқындайды. Малшы қауымның қарбаласқа толы тыным көрмейтін шағы наурыз айында басталады. Қой түлігі наурыздың ортасынан аса жаппай төлдей бастайды. Оны қой төгіні деп атаған. Төгіндегі қозыны тәрбиелеуге келетін сақпаншылар жаңа туған қозының аузын үкіп, аяғын сырып жылы орынға жайғастырады, шаранасын жағып енесіне табыстырады. Егіншілер дән себетін егістік жерін баптап, тоған, арық-атызды тазалайды, атыздағы көтермелерін топырақ үйіп жаңартады. Саятшылар құс салмайды, аңшылар аңға шықпайды» деп жазады «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» энциклопедиясында.
Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Ол күні қар не жаңбыр жауса, «нұр жауды», туар жыл жақсы, жол болады деп қуанған. Наурыз айында жауған қар аппақ, үлпілдек болуынан мінезі биязы, сұлу қыздарға «Наурыздың аппақ қарындай» деген теңеу қалыптасқан. Осы айда туылған адамдарға Наурызбай, Наурызбек есімдері қойылған. Ұлыстың ұлы күні көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, арқан тартыс сияқты ұлттық ойындар ойналған. Әз-Наурызда ақсақалдар жастарға бата берген. Бұл да – қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінің бір көрінісі. Наурыз батасының мазмұны Ұлыстың ұлы күнімен байланыста болады. Ұлыс күні ұлы кісіден бата алса, ол жыл олжалы жыл болар деп ырымдап, жасы кіші жасы үлкеннен бата тілейді. Бұл дәстүр халықтың ауызша мәдениетін, шешендік өнерін және ізгі ниетін жеткізудің бір үлгісі болып табылады.
Бабалар сөзіндегі «Наурыз батасы»:
Наурыз келіп қар кетті,
Ақ қар, көк мұз жұтатқан
Шаруа елінен зар кетті.
Наурыз келіп, жаз кірді,
Жаз періште «Әз кірді».
Күнеске тосып арқасын,
Жан біткенге наз кірді.
Жапырақсыз бұтақтар –
Арбағай да сарбағай,
Желек жаппай қалмағай.
Арық-тұрақ төрт түлік,
Көк жеп жапатармағай,
Қабырға жаппай қалмағай!
Көтеремінің төрт бұты
Ербегей де сербегей,
Енді шығын бермегей.
Бізге келген бәлекет
Қармен бірге қаңғырып,
Тайдан ары өрлегей,
Мұсылман бетін көрмегей!
Уа, бәлекет, бәлекет!
Еріп аққан сумен кет,
Көтерілген бумен кет!
Қызарып батқан күнмен кет!
Қарайып батқан түнмен кет,
Ағарып атқан таңмен кет,
Жақындамай мал-басқа
Тау-таста өлген аңмен кет!
Әрине қазіргі күні Наурыз тойлаумен қатысты көптеген ғұрыптар қоғамдағы өзгерістерге сай жойылып кеткен Наурыздағы бата беру – еш жойылмай, атадан балаға мирас болып жеткен құндылық, тек бата шыққан дәуірінің оқиғасына сай, мазмұны өзгеріп отырған. Қайсысын алып талдасақ та, бата-тілекте өсіп-өркендеу, бірлік пен татулық жатыр. Наурыз мерекесі тек табиғатпен байланысты ғана емес, халықтың рухани дүниетанымымен де тығыз байланысты.
Қазақ халқы ислам дінін қабылдағаннан кейін де Наурыз мерекесін сақтап, оны шариғатқа сай атап өтудің жолдарын тапқан. Наурыз мейрамы – қазақ халқының этнографиясын айқындайтын маңызды мәдени мұра. Ол салт-дәстүрлер, ұлттық ойындар, тағамдар, рухани құндылықтар арқылы халықтың өмір салты мен дүниетанымын бейнелейді. Наурыздың этнографиялық аспектілерін зерттеу арқылы қазақ халқының мәдени ерекшеліктерін тереңірек түсінуге болады. Ол халықтың ұлттық бірегейлігін нығайтып қана қоймай, мәдени мұраны сақтау мен жаңғыртудың маңызды құралы болып табылады. Наурыз мерекесі туралы ғалымдардың пікірлері мен зерттеулері бұл мейрамның терең тарихи және мәдени маңызын айқындайды. Наурыз – тек мерекелік шара емес, ол халқымыздың мәдени және рухани құндылықтарын сақтаудың бір жолы.
2009 жылы ЮНЕСКО Наурызды адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізді. БҰҰ Бас Ассамблеясы 2010 жылы 21 наурызды «Халықаралық Наурыз күні» деп жариялады. Наурыз – түркі халықтарының тарихында ерекше орын алатын көне әрі мәні терең мереке.
Айнұр Бейсеғұлова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ PhD,
этнограф