Жалындап қарт көңілі, жастар жаны…
11.01.2019
1914
1

Қасым Аманжоловтың жарияланбаған өлеңдерінен

1957 жылдың ішінде Қазақтың Көркем Әдебиет баспасынан ақын Қасым Аманжоловтың толық шығармаларының 3-ші томы жарыққа шығады. Бұл томда ақынның 1949 жылдан өмірінің соңғы күндеріне дейін жазған жырлары бар. Бүгін ақынның қайтыс болғанына екі жыл толуына байланысты газетіміздің осы нөмірінде сол 3-томға енгізілген, бұрын жарияланбаған бірнеше өлеңін жариялап отырмыз. Мұның ішінде «Арнау» деген өлең ақынның ең ақырғы шығармасы. Бұл өлеңді Қасым сол кезде баспаға дайындалып жатқан таңдамалы шығармаларының беташары ретінде жазған еді.

***

О, тағдыр, мені сауықтыр!
Айтатын жыр ойым бар;
Көңілім соған ауып тұр,
Алда бір қызық тойым бар.
Бір өзім емес, көп үшін,
Көкірегім толы күйім бар.
Саз болып соны шертейін,
Ауыра берсем – қиындар.
Өлең мен күйден жаралған
Мен де бір адам ғажайып.
Құтқаршы, ауру, жараңнан,
Жазылып бір жыр жазайық.
Көңілдің күйін төгейік,
Арманда кеттік демейік.
Бәрін де беріп ел-жұртқа,
Қарыздар болмай өлейік.

АРНАУ

Арнадым жинағымды бәріңізге,
Оқыр деп жасыңыз да, кәріңіз де;
Алыңыз азырқанбай алғашқымды,
Көп борыш өтелмеген әлі бізде;
Көп борыш мойнымызда өтелмеген,
Ойым жоқ қарыздар боп кетем деген.
Кенімді кеудемдегі жаба тұрдым,
Азырақ әуре болып жөтелменен.

Октябрь 1954 жыл


Жұмағали САИН

ҚАРАШ БОЙЫНДА

Қараштың түні бойы…
түн мөлдір.
Бар ма еді жұлдыз, жоқ па еді?..
Маздаған жалын…
ойда тұр.
Жүректе ме еді, от па еді?

Ұмыттым
ұзақ жылдардың
Артында қалды көміліп.
Тек қана маздап жанған от
Әлі тұр көзге көрініп.

Әлі тұр Қараш бойында,
Әлі тұр менің ойымда,
Жағып ең, сөнбей жанып тұр,
Анық тұр, сәулем, анық тұр.

1 январь 1957 жыл


Шахан МУСИН

ДАУЫЛПАЗ

Долданып шынжыр үзіп, кісен ашқан.
Патшаның тас түрмесін бұзып қашқан.
Өзіңдей, паң күйлерің әлі тірі,
Кешегі көк теңізден көбік шашқан.

Сұрапыл, төгілсе де нөсер жауын,
Жағырып, жаңаланып талмаурау үн.
Шер тербеп, шекпен менен күпі астынан
Жыр етіп жетім менен жесір дауын,

Айырылып айдалада жер мен судан,
Қалғанда қаңтарылып қалың қауым,
Алып ең сарыныңмен арашалап
Еліңнің Сары Арқа мен Алатауын.

Кемеңгер, күй атасы – Құрманғазы,
Күй іздеп күңіреніп қысы-жазы
Боратып астан-кестен алабұртқан
Қазақтың сендағы бір дауылпазы.

1 январь 1957 жыл


Ғұбай ӘБІЛЕВ

ЖЕҢГЕЙ ӘЗІЛІ

Өркеш-өркеш астық толы қырманда
Қызық көріп қыр алтынын тұрғанда,
Жеңгей әкеп күрек берді қолыма:
– Бидай тиес, – деді, – қайным, құр қалма.

Жүйрік жеңгей онысымен қоймады,
Тағы-тағы сөзбен шымшып ойнады.
– Жібермейік, – дейді, – мұны, жар сүйіп
Жақсы қызбен жасалғанша тойлары.

Биыл баймыз, той жасашы, қарағым,
Бәрі бізден, тек дайында арағын.
Келіншегің екеуіңнің бір жылдық
Азығыңды өзім алып барамын.

Дән тиеумен бірдей емес жыр жазған,
Шаршасам да жібермеді қырманнан.
– Қырғы ауылда қыруар қыз тұрғанда
Өз айыбың, – дейді жеңгейі, – құр қалған.

Ағыл-тегіл терім кетті моншақтап,
(Лақтырғаным сонда күрек оншақты-ақ).
Ұялғаннан уәде беріп, жеңгейдің
Әзілінен әзер қалдым жан сақтап.

1 январь 1957 жыл


Тайыр ЖАРОКОВ

ҚҰМДАҒЫ ЛАШЫҚ

Құмдағы атамзаманғы,
Саздан соққан бір лашық.
Тозған, іші қараңғы,
Қабырғасын құм басып.

Едені тас, төбесі
Талдан өріп жабылған.
Шағын екі бөлмесі,
Көзге күңгірт шалынған.

Мұржасы да мыжылған,
Дауыл, жауын-шашыннан
Оған жалғас созылған,
Үй көрмейсің қасынан.

Жоқ көшесі тағы үйдің,
Жоқ бұл үйдің номері,
Сонда да оны танимын,
Мәлім маған өмірі…

Жаман деп бұл үй неге?
Менсін, мейлің менсінбе!
Келген кезде дүниеге,
Туғам өзім осы үйде.

Осы үйдің әр тасы,
Жылы ұшырап өзіме,
Мұжылса да мұржасы,
Көрінді ыстық көзіме…

Міне, бөлмем – әлдилеп,
Мені анам тербеткен,
Тұлабойды ән билеп,
Тал бесікте ер жеткем,

Әне төбе, аптығып
Жасымда асық ойнаған,
Тал-шыбықты ат қылып,
Жүгендеп жіп байлаған.

Сол бала кез айналып,
Көз алдыма оралып,
Келгендей-ақ таңқалып,
Қалдым біраз ойланып…

Көргенде ескі үйімді, –
Бала кез кеп ойыма,
Шешіп аяқ киімді,
Келді ойнағым құмына.

Бүгін жақсы тұрмасам,
Осы үй жақсы дер едім,
Осы үйде туған, тыңдасам,
Менің тұңғыш өлеңім.

18 январь 1957 жыл


Зейнолла ШҮКІРОВ

КІТАП ТУРАЛЫ ЖЫР

Ол кезде сәби едім – сегізде едім,
Білмеймін нені арман қып, нені іздедім.
Сар төсек жаттым науқас, жүрек әлсіз,
Өмірден күдерімді мен үзбедім.
Өткіздім жабырқаумен босқа күнді,
Қатыгез қайғы деген «дос» табылды.
Балалық бал дәуренін улады дерт,
Іздедім мектебімді, достарымды.
Ғаріп бас… үміт тірек таба алмаған,
Сәбижан торыққаны-ақ жаман… жаман!
Сол кезде қалың тысты ақ кітапты
Әкеліп беріп еді анам маған.
– Бұл кітап ғажап күшті батыл адам
Сырларын шертеді екен, оқы, балам!
Мен онан тіршіліктің ұғып мәнін,
Дүниені алғаш рет қызықтадым.
Ер Павел әңгіме етті маған солай –
Күресте «Құрыш қалай шыныққанын».
Сол күнді дәтім бармас ұмытуға.
Тілдесіп келді алдыма ұлы тұлға.
Ол қайтпас қайрат егіп, жалын берді
Жабыққан жас жанымды жылытуға.
Онда мен науқас едім, сегізде едім,
Білмеймін нені арман ғып, нені іздедім.
Қолыма сол адамша қалам алдым,
Кештім де ойшыл жырдың теңіздерін.

25 январь 1957 жыл


Әбу СӘРСЕНБАЕВ

ҚОЯНДЫ ЖОЛЫ ҮСТІНДЕ

Дала, дала, айдала.
Жол жатыр тартып шалғайға.
Көгалсыз, сусыз айнала,
Жалын жел соғып маңдайға.

Қояндыға тартатын
Тарихи соқпақ аңызы,
Қазақтың таптап арқасын,
Өтіпті патша-тәңірі.

Бұл жолмен, рас, армандай,
Абайдың күңгірт қырына,
Жарқырап таза маржандай
Пушкиннің жеткен жыры да.

Сол жолдың сақтап талшығын,
Тас бағандар қалыпты.
Бай қойнына жалшының
Алтын боп тері тамыпты.

Кім білсін, мынау бағандар
Тасылды екен қанша жыл?
Жыртылып қанша табандар,
Айтылды қанша мұң мен сыр.

Аңсаған алтын ұяны,
Қанша көз жасын төкті екен?
Сыртылдап айыр тұяғы
Қанша мың қойлар өтті екен?

Ұғындыршы бізді, жол,
Жырланды қанша сыр, арман?
Мүмкін сонау тұзды көл
Көз жасынан құралған.

Апыр-ау, неткен көңілсіз!
Бұл өңір жолы шаңытқан.
Әзірге елсіз, өмірсіз,
Тек сағым көшкен алыстан.

Ғибат-ау, күңгірт қабағың,
Жабығып та қалдың ба?
Мұңайма осы даланың
Зор келешегі алдында.

Дала, дала, күзгі іңір,
Жол жатыр тартып шалғайға.
Сәулесін шашып күлді бір
Ақтоғай оты маңдайда.

8 февраль 1957 жыл


Сағи ЖИЕНБАЕВ

КРЕМЛЬДЕ

Партсъезд делегаттар Кремльде,
Шаттығы бәрінің де тұр өңінде.
Әкелді партияға
халықтардың
Алғысын орап алып жүрегіне.

Жалындап қарт көңілі, жастар жаны,
Сан мың ой самғай ұшып, аспандады.
Сол сәтте ой көзіне елестеді,
Алдағы жеңістердің асқарлары.

Тың хабар, жаңа лебіз қалықтады –
Эфирде шартарапқа шарықтады…
Халқымның бақытындай,
жауып өтті.
Осы шақ февральдің мамық қары.

15 февраль 1957 жыл


Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ

ӨЗ БАҚЫТЫҢ

Соққан жел әндетеді, тыншымайды,
Жүзіңді аяз қарып, шымшылайды.
«Бораным ақпандатқан, мұз боп қатқан, –
Табиғат деп тұрғандай, – кім шыдайды?!».

Сұлқ жатыр сырын бермей аңыз – дала,
Аңызы қар бетінде айғыздана.
Осынау өңсіз өңір еркесіндей
Сары жел аңырайды жалғыз ғана.

Шыдамын өркендердің жоғалтқалы,
Ашулы боран да бет қаратпады.
Біз жеңдік.
Ен далада мәңгі өшпейтін
Жарқ етті жас өмірдің жаңа оттары.

Ағызып аянбастан маңдай терді,
Көктемді жастар өзі алып келді.
Қылқиып тың қойнынан тұңғыш сабақ
Келешек жеңістерге шабыт берді.

Көктем деп тас бұлақтар күліп ақты,
Сыбдырлап жас құрақтар үкі тақты.
Оянып ұйқысынан дала бүгін,
Жүректер қуаныштан лүпіл қақты.

Желпісе желдің лебі бетіңді өбіп,
Жаныңды жадыратар көрік беріп,
Бидайдың ырғалғанда жез сабағы,
Күлесің өз бақытың секілденіп.

Біз сүйтіп бақыт таптық бұл өңірден,
Күн болып көкірекке күле кірген.
Жаз көркі жанардағы жалғасып тұр
Туысқан Партиямен, Кремльмен.

15 февраль 1957 жыл


Ізтай МӘМБЕТОВ

ТІЛШІ

Сырғанай сықырлатып ақша қарды,
Келеді желе жортып ат шаналы.
Колхоздың қалып жатыр зулап кейін,
Қар көмген егіндігі, бақшалары.

Жас жігіт суыт жүріп асығады,
Ақбоздың тежемеді басын әлі,
Бөленіп мың қуаныш есігіне,
Бір ойдан бір ой алыс асып әрі.

Газеттің бұл солдатын тілші дейді;
Жан адал, күйсін мейлі, күлсін мейлі.
Елінің ер еңбегін өзі көрген
Жүрек боп кеудесінде дүрсілдейді.

Тынбайды ол жазғы ыстықта,
жауындарда,
Күздегі қара суық, дауылдарда.
Кейде авто, кейде жаяу, кейде осылай
Барады отарларға, ауылдарға…

Аралап бүгін жырақ жайылымды,
Қойшының көкей сырын бәрін білді.
Тозыңқы қойын дәптер қолында оның,
Сан рет ашылды да, қайырылды.

Сырғанай сықырлатып ақша қарды,
Зуласын аялдамай ат шаналы:
Жеріне өзі келген, сөзі керек,
Сүйсінтіп малшы ағаны, жақсы ағаны.

15 февраль 1957 жыл


Мұзафар ӘЛІМБАЕВ

ЖАС ҚАЗАҚ

Қазақ ССР Халық артисі Жүсіпбек Елебековке

І
Сағынышты қамкөңілмен ұласып,
Күз аспаны бірде күңгірт,
бірде ашық,
Бір жас қазақ отыр окоп ішінде,
Домбырамен-серігімен сырласып.

Сағынағаны – Сары Арқасы-өлкесі,
Сағынғаны – сұлу, кербез еркесі.
Сағынғаны – Торғай өзен толқыны,
Сағынғаны – Баян таудың өркеші.

Батқан кеше тұңғиыққа жоғалып,
Табылмаған,
ұғылмаған әлі анық,
Әлі тылсым,
әлі бұлдыр қоңыр саз
Қайта келді қос пернеге оралып…

ІІ
Сағынышты қамкөңілмен ұласып,
Күз аспаны бірде күңгірт,
бірде ашық,
Бір жас қазақ отыр окоп ішінде,
Әнші ағасы – Жүсіпбекпен сырласып.

– Кең көсілер менде қанша шама бар?!
Көңіл күйін елім өзі бағалар.
Кеудесіне домбыраның қондыр да,
Бір балаңның сәлемі деп ала бар.

Сөзі қандай,
өзі қандай сүйкімді!
Шертер еді-ау көкей сырын мың түрлі,
Шабуылға кете барды жас қазақ,
Жақсы ағаның көзіне жас іркілді…

ІІІ
Ал, Жүсеке,
«Жас қазақты» басташы,
Ал, жігіттер,
Әнші ағаны қосташы.
Өлмес өнер, ұмытылмас есімін,
Ердің даңқын бір көтеріп тасташы!

Елестесін «кең дала қар жамылған»,
Өтсін сонау отты жылдар алдыңнан.
Өз әніндей сүйе білген өз елін,
Шықсын алға батыр қазақ балдырған.

22 февраль 1957 жыл


Есет ӘУКЕБАЕВ

АНА САҒЫНЫШЫ

Көзінің ағы менен қарасының,
Үңіліп суретіне баласының.
Дейді ана:
– Ержетіпті жігіт болып,
Түріңнен айналайын, қарашығым!
Әрқашан ерлік орнын табады ғой.
Қуантқан мынау мені медалі ғой.

Мынау оның мундирі, погоны ғой… –
Бәрі де сағынышты салады ой.
Сары алтын, сары қанат күз келгенде,
Қуатым үйге қайтып қалады ғой.

Келген соң совхоз малын бағып тағы,
Аршындар еңбек етіп жанып бағы,
Қарғамның қайда жүрсе тебіреніп
Ұдайы ойлайтыны халық қамы…

22 февраль 1957 жыл


Жұбан МОЛДАҒАЛИЕВ

АҚҚУЫМ АСПАНДА ЕМЕС, ЖЕР БЕТІНДЕ

Аққуым аспанда емес, жерде менің,
Әніне тоқсан толқып тербелемін.
Келгенде шынтуайтқа, көзбе-көзге
Секілді көктен алыс жер дегенім.

Аққуым аспанда емес, жер бетінде,
Сұлулық тұр тояттап келбетінде.
Сол болып шырт ұйқыдан оятады,
Мазасыз таң да бұлбұл, жел де түнде.

Солардың ұйып тыңдап тынбас әнін,
Сарылып түнмен, таңмен сырласамын.
Кетеді асықтырып ақылшылар,
Дүниеде жүрсің бе деп мың жасармын.

Қайтейін, төзем тағы мен дертіме,
Тимесін аққуымның жел бетіне.
Дауысын жүрегімнің бір есітер –
Әндетіп жүрсе болды жер бетінде.

22 февраль 1957 жыл


Сырбай МӘУЛЕНОВ

***

Зырлайды күн,
Зырлайды жер
Кең әлемді айналып.
Тулайды көл,
Зулайды жел
Ұшатындай айға алып.

Соларменен бірге айналып,
Жаным тыным таппайды.
Отырғанмен көп ойланып,
Көңілімде жоқ қайғы.

Жер менен көк сәулетімен,
Жаралса олар мен үшін.
Жүректе жыр – дәулетімен
Мен жаралдым ел үшін.

Зырлайды күн,
Зырлайды жер
Кең әлемді айналып.
Тулайды көл,
Зулайды жел
Ұшатындай айға алып.

8 март 1957 жыл


Ғали ОРМАНОВ

ШАҒАЛАЛЫ БОЙЫНДА

Көк теңіздей толқып жатыр көп егін,
Қарай-қарай өлеңдетіп келемін…
Кенет бірақ құлақ түрдім өзге әнге,
Кешкі желдей шалқи ескен өзенде.
Жастар екен жаңа оралған егіннен,
Жандарына жақынырақ келдім мен.
Сұлу өзен сықылды бір толған жыр,
Қандай қызық жұмыстан соң сол дамыл!
Дүбірлете кейбіреулер билеген,
Жаңа өмірді жалғағандай дүниемен.
Күйші жігіт құлаштап тұр гармонын,
Құрбысына ағытқандай арманын.
Көп ішінен жалт етеді кейбір көз,
Жас бойына жарасымды сол мінез.
Жыршы Коля жуынбаған шаң бетпен
Гармоньшыға қатар тұрып әндеткен;
Кейде оқыс жаңылып, ол іркілсе,
Сыңғырлайды қыз біткеннің күлкісі…
«Шалқар» атты совхоздың бұл кеші еді,
Шалқыған бір жастық жыры өседі.
Тыңдар еді кімдер соны сүйінбей,
Кең даланы гулеткен өз үйіндей!
Бәріне олар қуанышын әкелген,
Құлатүзге өмір туын көтерген.
Көп қарадым мен оларға толқынып,
Көңіліме жан күйлерін толтырып…

Көкжиекте кешкі күн де тұр балқып.
Имек қанат шағалалар жүр қалқып.

8 март 1957 жыл


Шона СМАХАНОВ

ТАМЫР МЕН БҰТАҚ

Терең жатқан тамырды мұқап бір күн,
Кемсініп кекетіпті бұтақ шіркін:
– Өмірде бар-жоғыңды білмейді ешкім.
Жарқырап жоғарыға келмейді өскің.
Қарашы тұрған мені көкке бойлап,
Жап-жасыл жапырағым желмен ойнап.
Мен құсап күннің көзін сүйе алмайсың,
Көз тартып жанға ләззат құя алмайсың.
– Япыр-ай, – деді тамыр, – бұл қай сөзің?
Мақтаншақ екенсің ғой тегі өзің.
Мекенім-жер қабаты болса менің,
Бұтағым, емес пе еді қамың сенің!
Дандайсып көкірегіңді бос кересің,
Менсіз сен қалай көктеп, көгересің?
Айырылсаң тамырыңнан, әсем бұтақ,
Білсеңші қаларыңды қурап, жұтап.

18 январь 1957 жыл


Оспанхан ӘУБӘКІРОВ

ЭПИГРАММАЛАР

Ә.Қастеевке

Көп жаздың Медеудегі сырғанақты,
Бояуы соңғысының құрғамапты.
Тек биылғы миллиард геройлары
Жаныңа жақын келмей, қырда қапты.

Латиф Хамидиге
«Қазақ вальсі» – бір вальс қой баяғы,
Жаңа үмітпен қарамай да жұр сізге.
Тозбайды екен туфлиіңіз табаны,
Сол вальске әлі билеп жүрсіз бе?

15 февраль 1957 жыл

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір