ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ЖАН ЕДІ
03.02.2023
759
0

Кез келген қоғамның қай заманда, қай кеңістікте болмасын қайырымды, әділет­ті, ізгілікті болуы ең алдымен сол қоғамда өмір сүретін оның белсенді, көзі ашық, көкірегі ояу мүшелеріне байланысты. Олар осы қағидат­тарды болмысына берік бекітіп, басқалардың да осындай талаптарды қатаң сақтауымен тығыз байла­нысты болатынын дәлелдеп жатудың еш қажеті жоқ.

Адами қасиет­терді ата-ананың қанымен, тәрбиесімен бойына сіңіріп, соны айналасындағылармен қарым-қатынас барысында таныта білетін ізгілікті жандар әрине бар. Ондайларды жаны жайсаңдар қатарына қосамыз. Біздің сөз еткелі отырған кейіпкеріміз – София Тұланқызы Жұмағұлова сондай аяулылардың бірі еді. Софиямен қызмет­тес, әріптес болып, жақын араласқандардың бәрі оның ішкі дүниесінің алғаусыз екенін сезінер еді. Оның сыртқы көркем келбеті мен ішкі әлемінің астасуы әрин,е сирек кездесетін адами болмыс. Өкінішке қарай ол жарты ғасырдан астам уақыт отасқан жары – профессор Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұловтың көз алдында ана дүниеге ат­танып кете барды.
София Тұланқызы ортамызда жүргенде біз оның 75 жасын арқа-жарқа тойлап жатқан болар едік. Әкесі Тұлан Ахметов – соғыс ардагері, Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тумасы. Совет және шаруашылық салаларында басшылық қызмет­тер атқарған. Кейін Алматы халыққа тұрмыстық қызмет көрсету министрлігінде көп жылдар жауапты міндет­тердің тізгінін ұстайды. Жұбайы Мукарама Садыққызымен қол ұстаса жүріп, ұл-қыз тәрбиелеп өсіреді. Ұрпақтары еліміздің түкпір-түкпірлерінде сан-салалы қызмет­тер атқарады. Солардың бірі – София Алматы қаласындағы №40 мектепті бітіргеннен кейін, 1966 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университеті (бұрынғы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекет­тік университеті) тарих факультетіне оқуға түсіп, оны 1971 жылы үздік бітіреді. Қызығы көп сол бір студент­тік жылдарда София Тұланқызы өзінің болашақ өмірлік серігі Қалқаман Жұмағұловты жолықтырады. Екеуі де бір курстың оқу озат­тары еді. София Тұланқызы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Өз тобының комсоргы, факультет­тің «Тарихшы» студент­тік газетінің редколлегия мүшесі, студент­тік ғылыми ұйымы Кеңесінің мүшесі болады. Тарих факультетін үздік тәмамдаған жұбайы Қ.Жұмағұлов факультет­тегі Жалпы тарих кафедрасының оқытушы кызметіне бірден қабылданады. Мамандығы мен қызметіне адал Қалқаман Тұрсынұлы жарты ғасырдан астам уақыт факультет­те ұстаздық қызмет атқарып келеді. Бұл күндері ол – белгілі тарихшы-ғалым, Отан тарихы мен әлем тарихының көрнекті ірі маманы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА құрмет­ті академигі, Германияның Гет­тинген университетінің құрмет­ті профессоры. «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысының құрмет­ті азаматы. «Майдандағы жеңістің артында тыл тұрады» демекші, әр азамат­тың жетістіктерінің тілекшісі отбасы мен жұбайы екені рас. Қалқаман Тұрсынұлының ғылымдағы биіктерді игеруіне София Тұланқызының да қосқан үлесі зор. Оны Қалекеңнің өзі де әрдайым тіліне тиек ете жүреді.
София Тұланқызы да еңбек жолын факультет­те бастады. Ол осындағы Қазақ ССР тарихы кабинетінің меңгерушілігінен, көп ұзамай университет­тің гуманитарлык факультет­тері оқу бөлімінің бастығы қызметіне ауысты. Өз міндетін жауапкершілікпен әрі сапалы атқаруымен ғылыми орта назарына іліккен ол Шет­тілдері институтының (қазіргі Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті) оқу бөлімінің бастығы қызметіне шақырылады. Ал кейінірек София Тұланқызы Алматыдағы Республикалық Орталық музейде бөлім бастығы, директордың орынбасары қызмет­терін абыроймен атқарды. Қай жерде, қандай қызмет­те болса да София Тұланқызы кәсіби білім мен шеберлігін танытып, адамгершілік қасиет­терімен көпшілік құрметіне бөленді.
Ұлт­тық университет­те жаңа мамандықтардың ашылуына байланысты ол 1996 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Археология және этнология кафедрасының аға оқытушы қызметіне қайта шақырылып, маман ретінде «мұражай ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығының ашылуына және оның қалыптасуына зор үлес қосты. Он жыл бойы студент­терге негізгі базалық пәндерден дәріс оқып, тәжірибелік жұмыстарды да қатар жүргізді. Оқыту, тәрбие жұмыстарына белсене араласқан ол бірнеше медальдармен, мақтау грамоталарымен, алғыс хат­тармен марапат­талды. 2006 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін оқытушылық қызмет­тен қол үзген жоқ.
Университет­те әріптес, екі кафедрада бірге қызмет атқарыса жүріп, София Тұланқызымен өте сыйлас болдық. Оған жансерігі Қалқаман Тұрсынұлы мені жерлесің әрі інішегің деп таныстырғанда София балаша қуанғаны әлі есімде. Сол кезден бастап ол мені өзіне іні санап, іш тартып жүрді.
София Тұланқызы – құрмет­ті ұстаз, ең алдымен, жұбайының сүйікті жары, отанасы. Ұлы Санжар мен қызы Жаннаның мейірімді анасы, немерелері Карина, Сабина, Әлихандардың мерейлі әжесі болды.
Зымырап өтіп жатқан уақыт-ай, София Тұланқызының өмірден өткеніне де жеті айдың жүзі болыпты. Арамызда жүрсе, ақпан айының басында жетпіс беске толар еді. Тағдырға не шара, отбасына амандық тілейміз. 

Берекет КӘРІБАЕВ
ҚР ҰҒА академигі,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық
университетінің профессоры,
тарих ғылымының докторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір