КӨҢІЛІ КӨЛЕҢКЕСІЗ ЕДІ
Күн менен түн алмасып, өтіп жатқан уақыт-ай!.. Өмір керуенінде де кідіріс жоқ, бірді түсіріп, бірді мінгізіп алып кетіп бара жатқаны. Оның «Қазақ әдебиеті» газетіне берілген пәуескеcінде (фоэтонында) біз – газет редакциясында қызмет істейтін ақын-жазушылар да бармыз. Әр жылғы бас редакторлар: Нығмет Ғабдуллин, Сырбай Мәуленов, Әнуар Әлімжанов; жауапты хатшылар: Ізтай Мәмбетов, Құрманғали Ұябаев, Әбірәш Жәмішев және бөлімдердің меңгерушілері мен әдеби қызметкерлері бар. Жұмыс жайындағы әңгімелеріміз, сәті келген әзіл-қалжыңдарымыз жарасымды.
Сол қымбат шағымызды қашан болсын еске алғанымда, құданың құдіреті, әрбір күні көз алдымнан өте бастаған сияқтанады.
Бөлімдегілердің жас мөлшерлері отыз бен қырық арасы. Қызметтес болған жылдарымыз әрқалай. Ақұштап Бақтыгереева, Сәкен Жүнісов, Сабырхан Асанов, Кәдірбек Уәлиев, Қоғабай Сәрсекеев, Өтежан Нұрғалиев, Ахат Жақсыбаев, Қабдеш Жұмаділов, Өтеген Күмісбаев, Абылғазы Нағметов… бір үйдің балаларындай ынтымақты болдық. Әсіресе Кәдірбек ілтипатты еді. Өзінен кішінің өңі өзгеріңкірей қалғанын аңғарғанда: «Бүгін біртүрлілеусің ғой, жай ма?» – деп жантарта сөйлесетін. Құрбысы Сабырханға бірде: «Е, божбан, что с тобой? Шолпаныңның шайы сұйық болды ма?» – деді. «Божбаның» не?» – дедім. «Мына қасқаның руы», – деді. Содан былай Сабырханды «Божбан» деп атайтын болдым. Менен екі жас кіші Сабырхан менімен оңаша: «Ай, шал», – деп сөйлесетін. Бір күні Кәдірбек үшеуміз отырғанымызда маған солай деп қалғанда Кәдірбек: «Әй, божбан, сен не, Ғабаңды тез қартайтқың келіп жүр ме?» – деді жорта қатқыл сөйлеп. Үшеуміз ұшарласа күлдік. Кәдірбек атымды ешқашан толық айтқан емес, «Ғаба» деуінен жаңылмады.
Шағын ұжымда қызмет істеген жылдарымыз әрқалай дедім ғой. Мәселен, Өтеген жарты жыл болып, содан соң Мәскеуге оқуға кетті. Орындығын «тоздырып», ең ұзақ отырған Кәдірбек болды. Екеуміз сегіз жылды бірге өткіздік. Мен басқа жұмысқа жіберілдім де, қалған Кәдірбек төрт-бес жылдан соң «Өнер» баспасына жылжыды.
Редакцияда Нығмет Ғабдуллин негіздеген дәстүр болды. Ол – әдебиет, көркем өнер, ғылым салаларының көрнекті қайраткерлерімен кездесу өткізу. Бірінші мейманымыз Ғабит аға Мүсірепов болды. Нығаң бізді Ғабеңе таныстырып, мөлшері он шақты минөт жаймашуақ әңгімеден кейін Ғабең: «Мен құрқол келген жоқпын, – деп жымиып, қойынқалтасынан бүктелген қағаз алып: – Бұл кеше жазылып біткен «Қыран» деген әңгімем, оқып берейін, пікірлеріңді айтыңдар» деді. Байырғы басыңқылау қоңыр дауысын анда-санда көтеріңкіреп оқып шықты. Нығаң бізге: «Кәне, ой-пікірлеріңді ортаға салыңдар, Ғабең естісін», – деді. Біз: «Жақсы!.. Өте әсерлі!.. Тартымды!.. Ғабеңнің баршаға белгілі стилі!..» – деп жалпылап айта бастағанда әрқашан еркін сөйлейтін Ақұштап ән айтатындай тамағын кенеп алып: «Менің ойымша, бас кейіпкердің ерте тұрып, дүкенге сүт сатып алуға баратыны келіспейтін сияқты», – деді. «Солай ма?» – деді Ғабең, жұмсақ үнмен. Біз: Сабырхан, Кәдірбек үшеуміз оқшаулау отырғанбыз. Кәдірбек бізге еңкейе күбірлеп: «Ол қу ерте тұрып сүтке емес, қыз-келіншектерге барып жүр ғой», – деді. Сабырхан ауызын екі алақанымен қымтай, қыстыға күлді.
Келесі кездесуімізге Роза Бағланова апайымыз келді. Гүлдей жайнап. Бәрімізге қолын ұсына сәлемдесті. Қолалысу рәсімі өзіне жеткенде Кәдірбек: «Апайымыз бойжетіп, өсіп қалыпты», – деді қуақыланып. Атақты апайымыз: «Ә, сенсің бе?» – деп жайдарылана түсіп, Нығаңа қайта оралып, бізге бұрыла қарап, бір аяғын сәл ілгері көтере: «Жаңа театровед жолдас дұрыс айтты, бірден байқапты. Бойымды биіктету үшін платформасы өзімнің заказыммен қалың етіп тігілген туфли киіп жүрмін», – деп күлімдеді. Туфлиіне қарасам, ұлтаны үш-төрт елідей қалың екен.
Кәдірбек бұрынырақта театрдың бірінде қызмет істеген бе, оны анық білмеймін, сұраған емеспін. Білетінім: қазақ театрларының тарихы, бүгінгі хал-ахуалы, өнер кестесі (репертуары), ұжымдарындағы артистер жайында зерттеу мақалалар, көркем очерк жазып жүрді. Сол қырымен таныс Роза апайымыз оны «театровед» деді ғой!..
Құрманғали Ұябаев жарты жыл шамасы ғана жауапты хатшы болды. Бізге жоғары орындардың бірінен «төмендетіліп» келгенін естідік. Денелі, жылыжүзді екен. Кейде қатқыл сөйлейді. Бірде бізді жұмада шығар газеттің макеті жасалатын сәрсенбі күні жиып алып, не бар, не жоғын пысықтап, әдеби қызметкердің бірі, кім екені есімде қалмапты, жоспарлы мақаланы уақтылы тапсыра алмай жүргенін ызғарлана айтып, «лекция оқып»: «Естеріңде болсын, бұдан былай ондай салғырттыққа жол берілмейді! Қатаң тәртіп керек! Тәртіп орнатылады!» – деді ақырғанға бергісіз дауыспен. Сонда Кәдірбек: «Дауысыңыз опера театрында ария айтатын-ақ дауыс екен», – деді бейжай сөйлеп. Сәл үнсіздіктен кейін Құрекең Кәдірбекке қарап, иек қаға қалтқысыз күліп: «Ондай-мұндай ханның қызында да болады ғой», – деді.
Жұлдыздары жарасқан Ахат Жақсыбаев отбасымызбен шұрқырасып табыса қалғанда досының «тобықтан қаққыштығын» айтып, мәз-мәйрам болатынбыз. Кәдірбектің бәйбішесі, ақжарқын Қымбат Ахатқа «тың дерек» беріп, қыздыра түсетін. Ондайда Кәдірбек: «Ойбай, біздің қаткең біледі!» – деп рахаттана қосыла күлетін…
Мен Кәдірбектің әдебиетімізге сіңірген еңбегін тәптіштеп айтуға ниеттеген жоқпын. Басқа үлкен-кіші қаламдастары, оның ішінде әдебиет зерттеушілері жазып жүр. Өз төтемнен қосымша айтарым, ол жәйт те белгілі болса да, Кәдірбектің аудармашылыққа ден қойып, ынталана ықтияттап, көп жұмыс атқарғаны. Ол орыс әдебиетінің Алексей Толстой бастаған танымал он шақты жазушысының романын, хикаяттарын қазақ тіліне аударып, қазақ әдебиетінің көркем аударма қорына мол үлес қосты.
Екеуміз әу десіп танысқан 1967 жылдан бастап қалайда тез жақындасып, екі отбасы туысқандардай болып кеттік. Кәдірбектің алыс-жақын, таныс-бейтаныс қаламдастарымен қарым-қатынасына ойда жоқта ортақтаса қалғанымда да оның көңілінде көлеңке жоғына көзім жеткендіктен болар. Әзіл-сықақшылар ауылындағы мені, айтқанымдай, оның тосын сөзтіркестері қызықтыратын да.
«Жазмыш» дейміз.., ол ерте ен тақпағанда Кәдірбегіміздің бүгінде жасы 85-ке толғанын мәре-сәре тойлайтын едік…
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
Ескерту: Суреттерге қатысты
сөздер мақаладан алынды