Көңілі көктем, арманы асқақ
28.07.2025
132
0

2023 жылғы қазан айының бас кезі. «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы, ақын, жазушы, журналист, аудармашы Дәулетбек Байтұрсынұлы телефон соқты:

– Бір ақын апа сізбен хабарласпақ. Бұрын «Халық кеңесі» газетінде бірге қызмет­тес болдық. Кітаптарыңыздың бір әрпін қалдырмай (мен туралы жазғаныңызды да) оқып, жүйрік қаламыңызға тәнті болыпты. Сізге арнаған жақсы өлеңі де бар екен. Телефоныңызды менен сұрап алды, – деді дауысынан көңілділіктің лебі есіп.
Ойланып қалдым. Шілде айында Жазушылар одағының Шымкент қаласында жылдық жұмыс қорытындысы шығарылып, одақтан шыққан «Энциклопедияның», менің және өзге де қаламгерлердің бірер кітаптарының тұсауы кесілген еді. Кітаптарым қатысушыларға жеткенінше тараған-ды. Отырыста Алматыдан барған бір апа өз әнін шырқап таңқалдырғаны есімде. Газет­те қызмет еткенін айт­қан болатын. Есімін ұмытыппын. Сол апа болуы мүмкін» деп топшыладым.
Дәл өзі болып шықты. Телефон арқылы хабарласып, мекен-жайымды айтып, үйіме қонақ болып кетуін сұрадым. Ақтарыла сөйлеп, жазғандарымның ұнағанын айтып жатыр. Сол шабытымен толғаған арнауын да оқып үлгерді. Мен қайранмын!
11 қазан күні алдынан шығып, ертіп келдім. Сұңғақ бойлы, ақ жарқын, ақ самайлы, жүзінен нұры тамған қызыл шырайлы, алымды апаның қимылы тіптен ширақ. Көргені де көп екен. Тиегі ағытылған әңгімесінің майын тамызды. Арасында өлеңдерін жатқа оқыды. Маған арнауын жазып, қолтаңбасын қалдырған «Жүрек жылуы» ат­ты 6 дана жыр жинағын және «Ақ сезім» ән кітабы мен «Алтын алқалы ақын ана Бекемкүл Батырбекқызының сөзіне жазылған әндер» деген ән таспасын ұсынды. Тосын сыйға қуанып қалдым.
Жарасымды әңгіме-дүкеніміз қыза түсті. Аңғарымпаз апа оқыған, білім нәрін зердесіне тоқыған, парасат­ты, қаламы қарымды ақын екен. Бойынан нағыз қазақ аналарының көл-көсір мейірімі мен қамқорлығы, жайсаңдығы аңқып тұр. Әз жанынан зәредей де жат­тық байқалмайды. Құдды өз анамды көргендей әсерлі күйдемін. Совет заманында ізденіп оқып, өндіре қызмет істеген оның жасы сексенге таяса да еңсесі биік, рухы асқақ екен.
Бекемгүл апа 1945 жылдың 22 мамырында Оңтүстік Қазақ­стан облысы Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауылында, Қазығұрт тауының күнге­йінде шаруа отбасында өмір есігін ашқан. 1959 жылы осы аудандағы Елшібек батыр (бұрынғы М.Горкий) атындағы мектептің табалдырығын ат­тап, оны 1962 жылы өте үздік бағамен бітірген. Білімге құштар жалынды қыз Алматыдағы Қыздар педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсіп, оны 1966 жылы қызыл дипломмен тамамдаған. Жігері тасқындаған ол қоғамдық жұмысын сол жылы ҚСЭ-де бастаған. Қызметкер бола жүріп, М.Әуезов атындағы «Әдебиет және өнер» институтында фольклор бөлімінде сырт­тай аспирантура бітірген. 1979 – 1995 жылдар аралығында Ақмола облысы Ерейментау қаласындағы «Прогресс» газетінде редактордың орынбасары, Алматыдағы «Жалын» баспасында насихатшы редактор, «Халық кеңесі» газетінде қызмет­те болған. 1994 жылы көпбалалы ана ретінде зейнетке шықса да, қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып отырған. 2000 – 2004 жылдар аралығында К.Байсейітова атындағы дарынды балалар мектебінде және № 4 қалалық емханада қазақ тілінен дәріс берген. Талант иесінің бір басына сан өнер тоқайласқан. Айталық, ақындығынан тыс, философ, сәулетші, әнші, сазгер, қобызшы, суретші, дәрігер, есепші ретінде көзге түскен. Өмірге 7 перзент әкеліп, оларды мәпелеп өсіріп, қазақы тәрбие берген. Қазір Құдай берген 9 немересін емірене сүйген бақыт­ты әже.
Халқына, ұрпақтарына мейірімін төгіп, ұшан-теңіз еңбек сіңірген
Б.Батырбек апа қолы қалт ете қалса, жырларымен елін рухани ләззатқа бөлейді. Жалықпай ізденудің, мұқият еңбектенудің, ұмытыла бастаған асыл салт-дәстүрлерімізді жаңғыртудың өшпес өнеге-үлгісін қалдырып келеді. Оның қаламынан туған «Қазығұрт қызғалдағы» (1997 ж.), «Ақ сезім» (2003 ж.), «Сұлу сезімді сұңқарым» (2004 ж.), «Өмір өрнектері» (2005 ж.), «Нұр-шапағат» (2007 ж.), «Жүрек жылуы» (2009 ж.), «Мәуелі дарақ» (2011 ж.), т.б. кітаптар тізбегін көріп көзайым боласың.
Б.Батырбек апаның «Қазығұрт қызғалдағы» деп аталатын алғашқы жыр кітабына «Жолың болсын, Бекемкүл!» деп ақиық ақын, Қазақ­станның халық жазушысы Т.Молдағалиев ағамыз қолтаңбасын қалдырыпты. Ол: «Бірде жеткізіп, бірде жеткізбей айт­қанмен, бұл жырларда өмірге құштар көңілдің шуағы, арман ағысы, сәбидің үні, көктемнің гүлі, ана жүрегінің сүйініші мен күйініші бар», – деп ағынан ақтарылған. Иә, ана жүрегі саумал – жырмен лүпіл қағады, тебіренеді, асау теңіздей толқиды, буырқанады. Қазақтың ең ұлы бақыты – егемендік. Ақынның осы кітаптағы К.Дүйсекеев әнін жазған, «Егемен елім-ай» өлеңін оқиық:
Біз қазақ ежелден ел едік жері бай,
Өр мінез, ақкөңіл, мейірбан, қонақжай.
Даналық дарыған, ақын ел, батыр ел,
Бабалар мекені асқар тау, шалқар көл.

Қайырмасы:
Ақ бесік, ақ отау мәңгілік,
Жасай бер, жаңарып-жаңғырып.
Достық пен ынтымақ мекені,
Гүлденер халқымның ертеңі.
Жасай бер, жері бай,
Егемен елім-ай!
Жасай бер, жері бай,
Тәуелсіз елім-ай!

Бармақтан күй тамған,
жезтаңдай әншіміз,
Ғасырдан-ғасырға ұласар даңқымыз.
Әлемге әйгілеп елімнің есімін,
Айқара аштық біз азат­тық есігін.
Баспана жалдап көшіп жүруден әбден ығыр болған көпбалалы алтын құрсақ ана, Алматы қаласының әкімі Заманбек Нұрқаділовқа үй сұрай барады. Талант­ты ананың тарғалаңына көз жеткізген ұлтжанды қайраткер, ардақты азамат көп ұзамай үш бөлмелі кең сарайдай үй сыйлайды. Қуанышы қойнына сыймаған ақынның жүрек лүпілі өлеңмен өріліпті:
Әлде қалай болады деп жүр едім,
Қуаныштан жарылар болды жүрегім.
Риза болдым азаматқа тым ғажап,
Қабыл алған ана, бала тілегін!

Қамқор болған көп балалы анаға,
Жолықтым мен ақылды, есті данаға.
Кең сарайдай үй ұсынып қуант­ты,
Тар үйдегі қысылған он адамға.
Ақын апамыз 2003 жылдан бері қарымды қаламын еркін сілтеп, сезімге қанат, ойға қуат бітіретін құнарлы дүниелерін ұсынды. Солардың бірі өлеңдеріне шығарылған ән жинағы – «Ақ сезім». Бұл кітабына Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Қазақ­стан және Америкадағы Феодоров атындағы сазгерлер одақтарының мүшесі Марат Омаров пен Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Дәриға Тілендікеліні тұщымды пікірлерін жазыпты.
Д.Тіленді келіні мақаласында: «Бірде домбырада бір әуенді ойнап беріп, осыған Нұрекемнің (Нұрғиса) қасиет­терін жеткізгендей сөздер болса деген тілік білдірдім. Ол ойымды құп алып, көп ұзамай өлең жазып берді. Екеуміздің ойымыз бір жерден шығып, маған өлеңі қанат бітірді. Нұрекеме деген ниетімді сөзбен өрнектеп, домбыраның қос ішегіндей менің жүрек лүпілімді жеткізген сезімтал Бекемкүл екеуміз творчестволық бірлікте жұмыс істеп келеміз. Сөйтіп «Нұрекем, менің Нұрекем» ат­ты ән өмірге келді», – деген тебірене.
Тағлымы мен берері мол осынау шағын кітапқа Гүлмайдан Сүндетова, Құралай Сәтмұхамбетова, Аида Бекенмұрова, Ағайша Исағүлова, Шынар Соқурова, Роза Әжімұратқызы, Нұрлан Байгөзов, Кеңес Дүйсекеев, Сүгірәлі Сапарәлиев, Ізбасар Өтешов, Марат Омаров, т.б. танымал сазгерлердің 30-дан астам әндері топтастырылған. Сонымен бірге сөзі мен әуенін өзі жазған әндері де осы кітаптан орын алған.
2004 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан, жан досы Рақыш Әбдуәлиқызының жолдасы Әзім Рахметоллаұлының рухына арнаған «Сұлу сезімді сұңқарым» ат­ты кітабы еріксіз көңілімді аударды. Шағын кітаптың берер тағылымы да мол екен. Нағыз достықтың алтын қоңырауы іспет­ті.
Қай кез­де де көңілі көктем, талғамы таразы, арманы асқақ ақын ананың өмірге деген құштарлығы шексіз. Оның 2005 жылдан 2011 жылға де­йін жарық көрген «Өмір өрнектері», «Нұр шапағат», «Жүрек жылуы», «Мәуелі дарақ» кітаптарындағы алуан тақырыптағы сан қилы толғаныстарынан сыршылдықтың нәзік талғамдарын бүкпесіз аңғарасыз. Ақын өзін қоршаған ортаның, қоғамның, елдің, жердің, сұлулықтың, ізгіліктің, адамдық қаситет­тердің сезімшіл түйсігіне, сарабдал санасына оң әсерін талғамынан өткізе отырып жырлайды. Ақынның біраз шығырмалары халықаралық және республикалық байқаулардан жүлделі орындар алғанын айт­қанбыз. Сол шығармаларының бірі – «Қазығұртым – ауылым» өлеңіне назар салайық:
Қазығұртым өмірімім-ай,
Шат­тандырған көңілімді-ай.
Жаннат бағы секілді-ай,
Жайма-шуақ өмірің-ай.

Қазығұртым керілген-ай,
Әулие тау дегізген-ай.
Елге ырыс құт­ты мекен,
Жаралғанда егіз ең-ай.

Жайлаудағы малы қандай,
Дертке дәру қымыз балдай.
Сүтін сауған жеңешемдер,
Тойғызады құрт пен майға.

Алма, өрік балбыраған,
Алмұрт, жүзім салбыраған.
Дәулет қонған алтын далам,
Қойны толған қазынаға.

Ақ тілеулі аналардай,
Мейірімді елім қандай.
Сағындырып еркелеткен,
Ай, хай, шіркін ауылым-ай!
«Жүрек жылуы» кітабының «Журналистік жазбалар» деп аталатын бөліміне мектепте мұғалім, «Халық кеңесі» газетінде журналист, «Жалын» баспасының әдебиет­ті насихат­тау тобының редакторы қызметінде жүрген кез­дерінде жазған ғылыми зерт­теулері мен орыс тілінен аударған әдеби шығармалары, әр тақырыптарда жарық көрген мақалалары берілген. Аудармалары арасында тәрбиелік мәнге ие шағын әңгімелер де бір төбе.
Алтын құрсақ ақын апаның оқуын үздік тамамдап, қоғамдық қызмет­терге белсене араласып, отбасының құт-берекесі болып, 7 перзентін қанат­тыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыт­тырмай мәпелеп, шығармашылықтан толағай табыстарға жеткеніне еріксіз таңғаласыз. Құдай қосқан қосағы, құрылыс саласының білімді инженері Балтабек ағамен тату-тәт­тілігі, өзара сыйластығы, ізеті ұрпақтарға үлгі.
Қарымды қаламгер Б.Батырбекқызына таудай табыс арқалап, шаршап-шалдықпай жеткен 80 жасыңыз құт­ты болсын, шығармашылықта әлі талай белестерді бағындырыңыз, жасыңыз Жамбыл ата жасынан ассын деген ақ тілегімізді жолдаймыз!

Болат ӘКЕЖАН,
ақын, жазушы, журналист, сыншы,
ҚР Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір