Қоржын көтерген қарт (әңгіме)
29.11.2023
1470
0

 Сол бір іс есіме түссе, күні қазір де беймаза күйге түсіп, қызара қаламын. Адам өз өміріндегі әлдеқалай кез­дестірген ақымақтығын еске түсіргенде, ар-ұжданы алдында азаптанып, көңілі жүдей береді екен. Ұят пен өкініш осылай үздіксіз осқылайтын болса, көңіл күйден көтерем боларым хақ. «Көңілдің кірін айтса, көйлектің кірін жуса кетеді» дейді екен бұрынғылар. Көңілімде қалған сол тұманды ашып айтсам ғана көкірегім кеңіп қалатындай бола беремін.
Соңғы жылғы сынаудан үйге сүлкінім түсіп, сүмірейіп қайт­тым. Сүміреймей қайтемін, жоғары мектепке ұдайы үш жыл қатарынан емтихан тапсырып өте алмадым. Әкем сабырлы кісі еді, тіс жарып, тіл қатпады. Алғашқы жылдарда «Оқасы жоқ, келергі сынау­ға дейін мұқият дайындалсаң, сөзсіз өтесің» дейтін мені жебей түсіп. Осы жолы әкем еріншектің ертеңі секілді көп қайталанған үміткер сынаудан күдерін үзіп, жалығып қалса керек, үндемеді. Шешені қойсаңшы, шешем абыржып, әкем мен менің қабағыма кезек-кезек жалтақтаумен жүр. Іштен тынған үнсіз тыныштықты бірнеше күннен кейін дастархан үстінде шешем бұзды.
– Баланы жасытпай, бір амалдасаңшы, қолыңнан келіп тұрғанда, – деп әкеме қиыла қарады да, – осы баладан басқа кімің бар сенің, – деп сөзін сабақтады. Менің қадірімді көтермелеп жатыр. Әкем сабырлы қалпын сақтап, шайды сораптай тартып, ой үстінде отыр. Жалғыз ұлын жақсы оқытып, айтулы азамат етіп шығаруды армандаған болар, сірә, сондағы сұрым мынау, кірерге жер қат­ты. Мелшиіп мен отырмын.
Әйтсе де, шешемнің талабы нақты әрекетке ұласты. Аудандық парткомның үгіт бөлімі бастығының баласына қызметке орналасу қиын болсын ба, тәйірі, төрт айдың ішінде «толымды шофер» деген куәлік алып, сол мекеменің жеңіл машинасының бірінің рөліне жармастым. Бұл іс алғашқы абыржудан айықтырып, көңіліме әжептәуір алғау болды. Әкем қадағалап, қатаң ұстап жүр. Шешемнің қуанышында шек жоқ. Екеуміз алдыңғы күні ауылдағы нағашыларыма барып қайт­тық. Несін айтасың, ақ жазықты әй-шайға келтірмей алқымдай салып, кемердегі көп ауылға алқына жет­тік. Асыр салған ауыл балаларының қоршауымен машинадан түсіп, үлкендермен амандасып, үйге бет­тедік. Жиендерінің желмаяны құлақтап, құйындай құйғытып жүргеніне бәрі-ақ таңданып жатыр. Менің салауатым осы жолы, Ай шарына алғаш шыққан Нил Армстронгтан бір кем болмады. Сәукеннің кешегі сынаудан өте алмай жүрген сандалбай баласы ауылды дүрілдетіп-ақ қайт­ты.
Іңірде ішкі үйде газет оқып отырғам, ауыз үйде шешем әкеме алдыңғы күнгі ауыл сапарын әңгімелеп жатқан. Әкем жақамады білем:
– Мәрияш-ау! Балаңның шофер болғанына сонша қуанып шала тамтығың қалды-ау, байқұс! Шофер болу қаншалық іс дейсің? Өнеркәсібі дамыған озық елдерде шоферлікті кәсіп демейді. Біздегі ауыл адамдары ат-көлікті қалай талғаусыз міне салса, олар да солай кез келгені жүргізе береді. Біздің елде де бір мезгілден кейін шоферлік айтулы кәсіп болудан қалады. Баланы босқа әспенсітпей, адам болар жағын ойласаңшы, – деді шешеме.
Даусында жазғырған сыңай бар. Шоферліктің салауатымен мен де шарықтай бастағанмын. Дегенмен, әкемнің айт­қаны орынды. Бұлтартпайтын дәлелмен айтып отыр. Мен оқып отырған газетімді көтеріп ауыз үйге шығып, газет­тегі «Халықтың қалаулы шофері – Қапан» деген очерк басылған бетін нұсқап, әкеме ұстата қойдым. Қапан өзінің шоферлікпен шұғылданған қырық жылдық өмірінде қызмет­ті қажырлылықпен істеп, сан мың шақырым жолды шырғалаңсыз, сәт­ті басып өтіпті. Ершімді еңбегінің арқасында өлкеге дәрежелі озат болыпты. Қадірлі қарт­тың алпыс жасқа келуін құт­тықтау байланысымен жазылған очерк екен.
Әкем очеркті оқып болып маған барлай қарады. Мен әкеме:
– Шоферлік жөнінде жаңағы айт­қаныңыз орынды, – дей келіп, – егер мен былай істесемші, – деп сөз бастадым да, Қапанның өнегелі істерін өзіме үлгі етіп, сөйледім дейсің келіп. Әкем де көңілденіп құптап отыр, қарғыс атқыр, сынаудың кірбіңінен бері әкемді қуантқаным, сірә да, осы болар.
Айт­қаныңды орындау – адамдық қасиет. Қапандай қалаулы шофер болуға буынымды бекітіп, ізденуім керек. Адам дегеннің кейде асқақтап, адасатыны болады. Осындай кесепат­ты кезіктірмеу үшін Аяз би де жыртық тымағы мен жаман тонын ордасының маңдайшасына шегелеп қойған екен. Мен де осы очерк басылған газет­ті шағын қызмет сөмкеме салып, сақтай бастадым. Күнделікті қызмет бабымен істелген жұмыс, соған сай кесілген талон, дәукімет­терімді алып-салғанда, газет көз алдымда тұрады. Міне, бұл – мен үлгі еткен Қапанның өзі болмаса да, ізгі істері жазылған өнегелі сөзі деген сөз. Қалайда енді әкеме айт­қанымнан айнымаспын-ау!

* * *

Шофер болып шапқылағаныма алты ай болды. Қызмет қолайлылығын айт, өр жақта өлке, ортада облыс, аяқтағанда аймақ, төменде ауданның түкпір-түкпіріне әлденеше барып қайт­тым. Ыңғай «қасқа мен жайсаңды» тасимын. Барған жерде мені олардан бір кем көрмейді. Қонағуарлықпен құрақ ұшады да тұрады. Құрбы-құрдастарымның ортасында да атақ-абыройлы бола бастадым. Ауыл арасында атпен келе жатқаныңда алды-артыңды орап, қалмайтын қарлығаштар болушы еді. Кешегі сынаудан сүрініп жүргенде сырт айланып, қарамай кететін қыздар сол қарлығаштар секілді төңіректей беретінді тапты. «Қайсың менің қарлығашым боларсың, қулар» деймін ішімнен соларға қарап…
Орталауда бірге оқыған Қалқаш деген сабақтасым болушы еді. Толықсызды бітіргеннен соң техникумға түскен. Қазір қалалық бастауыштың мұғалимасы. Талай той-тамашада бірге болдық. Музыканың ойнақы үніне сәйкесіп, сәнді де қағілез қимылымен биге түскенде, бар жанды тамсандырып-ақ тастайтын сол Қалқаш менің қарлығашым секілдене береді. Көз алдымнан кетпей, тынышымды кетірген сол әдемі қарлығашымды қолға қондырдым-ау, әйтеуір.
Бәрі де Қалқаштың қалауы, машинам ертелі-кеш қаланың ол шеті мен бұл шетін жиі-жиі кезіп жүрді. Соның салдарынан қожалық бастығы Бурабайдан сын да естідім. Сынды қайтейін, Қалқаштың қалауынан бас тартуға болар ма? Қалқаш кеше де келіп қолқа салған. Соның орайын келтіру қиынға соғып тұр. Сонау Сәлімнің түбегінде отырған ауылда бір таныс қыздың тойы болмақшы екен, «осы сенбі солай барып келейікші» деген қиылып. Қырық шақырым қиырға барып қонып, ертесі қайта оралу – оңай-оспақ іс емес. Басшылардың біреуіне бас изетіп алмаса, сөз шығары шүбәсіз. Бурабайды көндіруден бұлт жуық. Сасқанда біздің Сәукеңді сыртынан сатып, сенбінің кеші солай бет алдық. Сегіз адамдық орында өріктей қыз-жігіт­тен онымыз келеміз.
Екінті мен ақшам арасында айқұлақтана жеткен біздің топқа той ағынан ақтарылды. Ауданнан келген айбатпен дүрілдетіп, тойды өткіздік те ертесі түс ауа ат­тандық.
Бұл тамыз айының тамылжыған кезі. Жол жағасындағы тоғайға құмарта қараған құрбылардың қалауымен тоғай шетіндегі шағын алаңқайға бұрылып, машинадан түстік. Машинадан түсе сала қыздар қырдың қызғалдағын теріп кет­ті. Жігіт­тер машинадағы үналғыны іске қосып, биге басудың қамында. Ойнақы музыка ойымызды тез ортақтастырды. Машинаның қасына топталып, жас шөпті жапыра, нілін шығарып, таптадық-ай келіп. Күн еңкейіп барады. Құрбыларым биден қожырай бастады. Мен салқын суға беті-қолымды жуғым келіп, қасымыздағы өзенге қарай аяңдадым. Қайтып келсем, бұлар дастархан орнына жайылған газет­тің үстіндегі тоңазыған ет­ті, «Алыңдар! Түздің тамағы тәт­ті болады», – деп қарбытып жатыр. Менің де тәбетім тартып барады. Торғайбас етіп туралған ет­тен алып, асай бастадым. Ет те желініп болды. Енді қайтуға қамдандық. Қалқаш келіп әлгіндегі газет­ті айырып-айырып, «қағаз қолдың майын жақсы кетіреді», деп үлестіріп жатыр. Қарасам, өзімнің баяғыдағы очерк басылған болашақ үмітімнің куәсі болған қастерлі газетім, Қалқаш пен құрбылар қолында қолжаулық болып, уқаланып, түте-түтесі шықты. Сонда да сыр бермедім. Қалқаштан немді аяйын, өзіме осылай жұбату айтып, құрбыларды алып, ауданға қайтып кет­тім.
«Туған ай – тураған ет» дегендей, әй-шәй дегенше тағы да алты ай өте шықты. Бүгін әдейі сұранып, алыс жолға шықтым. Қатулы қыс ашулы аязымен кәрленіп, қабағын түйіп тұр. Ақтүтектің астында қалған ақ жазық қысқы көрпесін қымтанып, жылмиып жатыр. Сонау Керкүнгейдегі қысқы отарда отырған малшы ауылға аймақтан келе жатқан мына екі тілшіні жеткізсем болды. Бұлар одан арғы жұмысын атпен бітіреді, қайтардағы ерік өзімде. Аласұраған аязды күндерде әдейі сұранып, алысқа шығуымның өзіндік есебі бар. Тағы сол Қалқаш үшін. Қалқаш қысқы демалысқа шығып, Керкүнгейдегі туысының үйіне кеткен. Сонда да ретін тауып өзім жеткізгенмін. Он күннің тұспалында қайтатынын айт­қан. Қайта алып келу де менің бұлжымас борышым. Бүгін он екі күн дегенде орайы әрең келді. Оның үстіне үлгілі шофер болу үшін алыс жолға, суыққа қарамай сұранып бару қажет қой. «Екі алып биге шығу» деген міне осы. Өмір өзі – үлкен мектеп, үңілсең бәрін үйретеді екен.
Қалқаш та тордағы торғайдай тыпыршулы екен. Беткейдің етегіндегі өзекшеге ілінгенімде-ақ үйден жүгіре шығып, қайта кіріп кет­ті. Өзектің тар, тастақ жолында балаша талпынып, ауыл тұсына зорға таядым. Олар да қамданып болған екен. Арасында Қалқаш бар үш-төрт әйел күнгейді керлеп түсіп келе жатыр. Мен де машинамның мойы­нын кері қарай бұрдым. Келгендермен аман-есендікті ернімнің ұшымен атқардым. Қалқашқа да көлденең көзден жасқанып, салқынқандылық көрсетіп тұрмын. Қайтуға қамданып май тетігін баса бергенімде:
– Қарағым, менің мына келінім ауданға бармақшы еді, ала кетші, – деді кекселеу кемпір қасындағы келінін көрсетіп. Қалқашпен оңаша қайту қандай жақсы, әлі талай айтылмаған сөз, шертілмеген сырларымыз бар. Соны ойлаған мен:
– Қызметпен келгеміз, жолда қайтатын адамдарымыз бар, бос орын жоқ! Болмайды, – деп күшейген моторды хотқа қосып, қозғала бердім.
Күдірдің ойдым-ойдым кер жолында рөлде сақ болмасаң, оңбайсың. Екі қолымның емендей тегеурінімен тарбаңданған рөлге тастай қатып, әрең келемін. Құрып қалғыр, жол тынбай қақпақылдап, қасымдағы Қалқаштың бұрымы бұлғақтап, тынышы кетіп отыр. Енді, міне, жол да жақсарады. Екі айналмадан соң орман мекемесінің өр жағынан тас жолға қосыламыз. Тас жолда қағаберіс жоқ, жанға жайлы. Рөлді бір қолдың ұшымен-ақ игеруге болады. Одан ары ауданға барғанша қаншалық масайрасақ та жетіп жатыр.
Орманға да келдік. «Қан базар» аталатын қыстақтың ортаңғы көшесінен өте бергенімізде қайырма жағалы қалың пальто киген қатынас сақшысы қолындағы жалаушасын жалт еткізіп, тоқтауға әмір ет­ті. Тоқтамай болмайды. Қырына алса, қырғидай тиеді бұлар. Мен еріксіз тоқтадым. Кәбинке есігінен еңкейген еңгезердей сақшы екеумізге қарап жымиды да:
– Анау ақсақалды ауданға ала кетіңдер, – деп артына бұрылып, қолын бұлғады.
Қарамай кететін Керкүнгейдің кемпірі емес, бұлардың әмірін алмай болмайды. Үнсіз тұнжырап мен отырмын. Қолында көтерген қоржыны бар, тозған түлкі тымақты, кәртеңдеу адам көңілсіздіктің үстіне бір құшақ аязды ала кірді. Менің қатулы қабағым қаперіне келер емес. «Базорың* боп тұр екен, балам», – дейді қас-кірпігіне қонған қырауды қағып, сақалын сүртіп, арт жақтағы орындарға жайланып отырып жатып. Сақшымен қоштасып, қозғала бастадым.
Мына сары тымақтың сап ете түскеніне сайтаным ұстап келеді. Кірлеген көк етігі мен Күдірдің қырқасындай білем-білем болып қатпарланған қоңыр шалбары құбыжық секілденіп көрінді көзіме. Үш адамдық ұзын орында күптей болып көлбеп жатыр. «Тумысыңда отырып көрмеген шығарсың, мұндай жайлы орынға» деймін ішімнен ызаланып. «Базорың боп тұр екен» деп ділмәрсуын өзінің. Ежелден тілімізде «парымен», «бір құр» деген сөздер бола тұрса да, иегін имейтіп «ит-ау» деп кісіліктене қалатын кемпірлер болушы еді. Дәу де болса мынау да соның бірі шығар…».
Кемерге де көзкөрім жер қалды. Онан ары ақ жазық басталады. Қынжылғанын қабағынан танытып Қалқаш отыр. Қыр желкеңде қыдиып құбыжық отырғанда, қайтып қыз көңілін аулап масайрауға болар. Қайта-қайта қарағыштап, мазасызданып мен келемін. Жайлы орында жантайып, мызғып алғысы келген болар, құбыжық шал шөге түсіп, көк ішігінің жағасын қау­сырынып, беті-аузын көлегейлеп жатыр. Оның мызғып алуына қояр мен бе? Ұйқысының ойран-топырын шығару үшін қасақана үналғыны аштым. Диско музыкасының ойнақы үнін жастар ұнатқанымен, «құлақ-миымды жейді» деп шал-шауқанның шырылдайтыны бар. Ал мынау өлі сүйек пе, қалай? Жантайған қалпынан қозғалып та қоймады. Музыка бізді өзіне үйіріп әкет­ті. Бағана Күдірдің қиқалақ жолы сілкілесе, енді музыкаға елітіп өзіміз селкілдеп келеміз.
«Жаныңды жадырататын да рөл, жайрататын да рөл» дейтін бізде бір көне шофер рөлге отырғанда қырағы болуды дәріптеп. Аңғармай қалып­пын, жолдың өркеш-өркеш ойылған жерін жақын келгенде бір-ақ көріп, қарқынды тежегенімше, көк темірде ес бола ма, қойды да кет­ті. Әлгіндегі селкілдеу, селкілдеу ме? Шекем төбе темірге екі тиіп, екі қайтып түстім. Жолдың ернеуінен енді ұшуға айналған машинаны зорға оңап, ес жиғанымша, мотор өшіп, машина тоқтай қалды. Қорыққанымнан қалшылдап кетіп­пін. Қалқашта да өң жоқ. Құбыжық шал басын көтеріп, үдірейе қарап жатыр. Әйтеуір, жаһаннамның жанына барып қайт­тық.
Маған моторды оталдыру мұң болды. «Апыр-ау!» деймін мұңайып. Әншейінде тебер-теп­пестен гүр ететін актив моторды албасты басты-ау, сірә. Жарты сағат­тай жабдынуымнан ештеңе шықпады. Күн еңкейіп, батуға таяған. Ақжазықтың кешкі аязы аласұрып, бет-ауызға аш битше сұқтанады. Мотордың лебімен мұздамай тұратын машина іші дала боп кет­ті. Қаланың киім киісіне дағдыланған Қалқаштың жұқа киімі жемір суыққа лыпа болмай қалшылдап барады. Мотордың ол жер, бұл жерін құлшына шұқылап мен жүрмін.
– Ток сымдарын түгендеп көрдің бе? – дейді құбыжық шал қасыма келіп. Тымағы қолында, басынан бу бұрқырап тұр.
– Түгендейтін сенің таудағы қойың ба еді? Қасқыр жеді деп тұрсың-ау, сірә! – дедім мен де қыжыртып, аяздың ашуын шалдан алып.
Біз шоферлер де ырымшыл халықпыз. Бүгінгі мына кесепат­ты осы құбыжық шалдан көріп тұрмын. Құбыжық шал үндемей қалды. Қалқаш түгіл қара басты жігіт өзім де қалжырай бастадым. Барған сайын мотор да суынып барады. Ебіне келмесе, енді ширек сағат­тан кейін, үпілмәлік берсең де бәрібір. Мен саса бастадым. Ақжазықтың түнгі аязында үсіп өлудің үрейі састырды мені.
– Былай тұршы балам, мен де байқап көрейін, өмір бойы айтысқан әріптесім ғой, бұл жарықтық, – дейді құбыжық шалым күлмің қағып.
Мен ығысып орын босат­тым. Қайбір жетіскеннен дейсің? Хал кеткеннен соң «апа» деп тұрмын. Құбыжық шал қолын созып, аурудың тамырын ұстаған дәрігердей аса бір ептілікпен ток сымдарын саусағына іліп, шерт­тіріп, серпімділігін байқап жатыр. Сипалап жүріп біреуін бел ортасынан соза тартып еді, сыртқы резинка қабы созылып жіңішкеріп кетіпті. Өзегіндегі металдың үзілгені бесенеден белгілі боп тұр. Бағана мен тексергенде винт бекітілген екі басын көзден кешіргем. Бұның мұндай қалтарыстан кетерін кім білген?
Бала кезімде марқұм әжем: «Қызыр деген әулие бар. Жаһан кезіп, ел аралайды. Басына күн туған жандарды жебеп, қолдайды. Қасиет­ті әулие болғанымен, қалай болса солай елеусіз ел арасында жүре береді. Жаман екен деп біреуді келемеждеме», – деп отыратын маған ертегі айт­қан кез­дерінің арасында. Дәл қазір мына құбыжық шал бізге сол әжем айт­қан Қызыр болып кез­десті. Суықтан икемі кеткен менің сиқымды көргеннен кейін, ішігін шешіп:
– Ана бала екеуің орана тұрыңдар, әйтпесе үсіп кетесіңдер, – деді де, – Әй, балалық-ай!, – деп күбірлеп іске кірісті.
Қалшылдаған Қалқаштың жотасына көк ішікті жауып, кең мол етегінің біреуіне өзім де паналап жатырмын. Қарт­тың қолымен оңшалған мотор істей бастады. Қайран қалған Қалқаш екеуміз:
– Атай, атыңыз кім? Үйіңіз қайда? Не кәсіп­пен шұғылданасыз? – деп сұрақты жаудырып, орынға жайғасып жатырмыз. Көк ішігін киіп қау­сырынған қарт:
– Атым Қапан, үйім мына орманда. Ұзақ жыл шофер болғам, қазір пенсиядамын, – деді де, – Сен бала әлгі аудандағы Қарымсақтың қызы емессің бе? – деп Қалқашқа қарады. Қалқаштың бас изеуін көрген соң:
– Бәсе, жазда біз Сәлімнің түбегінде отырғанда осы машинамен тойға бармадыңдар ма? – деп сөзін сабақтап алып, – Ал бала, енді жүрелік, – деп кавказша қойылған күмістей сақалын сипап, маған қарады. Суық сорып жансызданған екі бетімдегі үрейдің орнын ұят иелеп, екі құлағыма дейін қызарып, дуылдап кет­ті.

* * *

Қалқашпен отау үйдің түтінін түтеткеніме төрт жыл болды. Бірақ осы бір ұят­ты істі ұмыта алмай-ақ қойдық. Естен шығаруға қаншалық тырбынғанымызбен, сондағы сөдегей қылығымыз көз алдымызда тұрады да қояды. Сол істен кейін адамдық деңгейіміздің құлдырап, қай тұсқа түскенін жете түсінгендей болдық. Қазір Қалқаш қалаулы бағбан болуға талпынуда. Мен Қапан қарт­тың қастерлі жолының сүрлеуінен жазбаудың қамында жүрмін.

*Базор – қытайша сөз. Сегіз орындықты машина деген мағынаны білдіреді.

 

 

Қасымхан ӘУБӘКІРҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір