Тасқа таңба бәдіздегендер турасында білгім келді
30.07.2018
1674
0

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ

Жақында Ресей астанасы – Мәскеуде жарық көретін «Литературная газета» басылымында қазақтың әйгілі ақыны, лингвист, әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің сұқбаты жарияланған болатын. Сұқбатты Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы әрі «ЛГ»-ның меншікті тілшісі Бақытжан Қанапиянов жүргізген. Біз Олжас Омарұлының сұқбатын оқырман қауымға қазақ тілінде ұсынуды жөн көрдік.


– Олжас Омарұлы, осыдан екі жыл бұрынғы мерейтойыңызда: «Сексен жылдықтан соңғы әр жыл – мен үшін мерейтой», – деген едіңіз. Мерекелік шара мамыр айында өт­ке­ні белгілі. Көп жылғы дәстүр бойын­ша Алматыдағы ҚазҰАУ-дің ал­аңында ардагер-волейболшылар­дың үш күндік жарысы басталған-ды. Солар­дың ішінде Сіз де болдыңыз ба?
– Иә, екі-үш партиясына қа­тыс­қаным рас. Бірақ, бұл сим­воли­калық мәнге ие ойын екені айтпаса да түсінікті!.. Уақыт атты арғымақ алға шапқан сайын ондай шаралар­дан да қол үзуге мәжбүрміз. Себебі, жазу үстелімде аяқталмай жатқан қаншама дүниелерім бар. Ата-баба­ла­рымыз туралы жиған-терген, біл­ген-оқығандарымның көбін кейінгі ұрпаққа қалдырып үлгеруім қажет.
– Сондағы айтпағыңыз…
– Мен Тас дәуірінде іспен емес, бос дүниемен өмірін өткізгендер жөнінде… Мамонттарға шабуылдап емес, тылсым да түсініксіздеу үн­дес­тік іздеп, тасқа таңба бәдізде­ген­дер турасында білгім келді. Қара­сам, елу жыл бойғы уақытымды «бұ­рын­ғылар немен шұғылданды?» деген сұраққа жауап іздеуге арнап­пын.
– Білуімше, бұдан да өзге жұ­мыс­тарыңыз бар…
– Бары бар ғой, алайда бұл – не­гізгісі. Ол алғашқы бейнелі жазу­дың қалай пайда болғанын түсінуі­ме сеп болды. Ондаған мыңжылдық тарихы бар осы таңбалар атауынан Сөздер туды. Бұлар бізге дейін жет­кен якут, ацтек, ағылшын, славян, түркі, моңғол тілдерінде сақталған. Мен тарихқа дейін түркі тілдері оғ­ыз, қарлұқ, қыпшақ, бұлғар тілде­ріне тармақталғанын білдім. Славян тілі прото-орыс, болгар, серб, гер­ман тілі ағылшын, неміс, сканди­нав тілдеріне бөлінген-ді. Яғни, бұл жағдай есте жоқ ерте замандағы Африкада орын алған екен. Бүгін­дері Біз жалпытарихымыздан сыр шертер үнсіз археологиялық ар­те­фак­тілер мен ғасырлар қойна­уын­дағы түрлі үзік-үзік жылнамалар – соңғы мыңжылдықта ғұмыр кешкен белгісіз туындыгерлердің мұрасы. Қазіргі көзі тірі тұлғаларға ежелгі тас дәуірі мен Орта ғасырлар кезін­дегі­дей көзқарас қалыптасқан. Қай­та, отқа қақтамайтынына шүкір дейсің. Тауарих турасындағы то­лымды дерек тек лексикада, әр елдің тарихы ұлттың сөздігінде ғана сарымайдай сақталған. Мемлекет­терде ғылым жөнінде белгілі бір түсінік бекіген-ді. Басты назар – іргелі ғылымда («олар қорғанысқа жұмыс істейді»), ал қалғаны гу­ма­ни­тарлылардың еншісінде. Эти­мо­логия ядролық қарудың қозғалт­қышын ойлап табуға үлес қоспас, бірақ оны да фунда­мен­тал­ды­лар­дың, «қорғаныс ғылымда­рының» қатарына енгізуге әбден болады. Себебі, этимология ғана ұлттық сананы қызғыштай қорып қала алады. Айталық, славяндар сана-сезімінің дерті сонда, Батыс тілде­рінің бірқатарында slaven сөзі – «құл» ¹ дегенмен мағыналас. Лин­­гвист жаңағы ұғымның бұл әй­гілі этнонимге тікелей қатысы жоқ екенін ұғындыруы тиіс. Және, ол пәленбай ғасыр бойы дүние­та­нымына әсер еткен бұл «пәнсөзді» тек славяндарға ғана емес, сонымен қоса германдарға, басқа да еуро­па­лықтарға тәпсірлеп беруге міндетті. Бірінде – тәкаппарлық, паңдық, ал енді бірінің өн бойында өзін-өзі кемсіту комплексі бар. Соғыстың басталу сыры – бір дүниелердің жөнді әрі уақтылы түсіндіріл­меуінде. Ресейге һәм «Орыс әле­міне» деген «шабуыл» – көпғасыр бойы жұрт жадында жатталған сол лексема мен нұсқаларының әсері. Этимологтар үнсіз отырғанда, әлгі нәрсе бәрін жегіқұрттай жеп, ай­наласын үңгіп барады. Сол ғалым­дар өз ойын қай жерде айтуға тиіс? Уақытында «Вопросы языкоз­на­ния», «Советская тюркология», «Воп­ро­сы литературы» секілді жорналдар шыққан. Славистер өзінің жазған ғылыми мақалаларын қайда жариялайтынын білген-ді. Ал, қазір ше? «Наука» бас­­пасының жабылғалы жатқан­ды­ғы туралы естуің бар ма?
– «ЛГ» басылымы бұл бастамаға бас-көз бола алады деген ойдамын…
– Көсемсөз үшін. Дегенмен, гуманитарлық ғылымдардың қоз­ғау­шы күші – сол публицистика. Әсілі, әдебиеттің ішінде тілтану да жоқ емес. Сақа лингвист-этимолог сөз бен образды жазушыдай сезінуі қажет. Сонда ғана жағдай тұрақ­талмақ. Мұны мен Ресейдің Халық­тар достығы университетінің (РУДН) ұстаздарымен пікірлес­кен­де ұғындым. Былтыр Біз тізе қосып, Чехияда этимология мәселелеріне арналған үлкен конференция өткіз­ген едік. Байқасам, мұнымыз пай­даға асыпты. Егер, «ЛГ»-ны slaven лек­се­масының проблемалары қы­зық­тырып, ол басылым этимолог­тар­дың басын қосса, уақыт тауып баруға тырысамын.
– «Тюрки в доистории» (2002) ат­ты кітабыңызда Сіз тілтанудағы тың сала – «түркі-славянтануды» өріс­тетуді ұсынып, ортақ сөздердің мән-мазмұнын ашу кезінде түркі­та­ну­шылар мен славистердің күш-қуа­тын бір арнаға тоғыстыруды мақсат тұт­тыңыз.
– КСРО күйреп, шаңырағы ортасына түскен соң, «тәуелсіздік пен еркіндік» рухы филологияға да әсер етпей қоймады. Соның ке­сі­рінен сүзгіден өтпеген және де ре­дак­тордың қаламы тимеген, «не­гіз­сіз ғылымдарды» дәріптер жинақтар көп­теп жарық көрді. Қылаяғы олар кор­ректор да ұстаған жоқ. Бір ав­тор­лар – түркілердің, енді бірі – славяндардың, үшіншілері – угро-финдердің басымдығы жөнінде жазды. Кеңес үкіметінің құлауы этнос­тар­дың алыстауына, алшақ­та­уына себепкер болмауы тиіс. Әгәрә­ки, саясаттың қолынан келмесе, он­да ғылым халықтардың бір-бірі­нен суынбай, өзегіне оралып, өт­кен­дегі туыстығын тану арқылы бүгін­де де және әлі келешекте де бірі­гуіне кепіл болмақ. Ресей фи­лологиясына славян-угро­фин­тану, славян-германтану және, әрине славян-түркітану сынды пәндер енгізілуі тиіс. Егер, славистер түркі­тану­ға барса, онда тарихқа дейінгі славян тілдерінің жаңа парақтары ашылар еді. Дәл осыны славян­та­нуға арналған деректерге ден қой­ған түркітануға да қатыстыра айтсақ артық емес.
– Түркі-славянтану саласы орыс және қазақ тіліне қандай жаңалық алып келуі мүмкін?
– Әңгіме былай, өз тәжірибеме сүйене отыра айтайын. Әзірбайжан ақындары мен саясаткерлері кеңі­нен қолданатын torpak («жер») сөзі­нің шығу тегіне мән берерде, мен оны түріктің toprak («жер»), қа­зақ­тың топрак («тозаң»), оңтүстік славянның «то прах» («тозаң») сөздерімен қатар қойып салыс­тырдым. Сөйтіп, мен орыс тіліндегі бұл лексема порох, порошок деген ұғыммен туыстас екенін аңғарып, салыстырмалы тілтануда «танылма­ған артикль» атты жаңа тақырып таптым. Славяндар сөздің дыбыс­та­луына қарап, өзге тілдегі сөздерді өзінің артиклі деп қабылдаған. Со­дан «жалған артикль» деген тү­сінік пайда болды. Қазақта тостаган («тостаған») деген сөз бар. Кезіндегі орыс ортасында дауыссыз «г» қа­сын­дағы с, т, н секілді қатаң ды­быс­тар негізінде, к-ға айналып, жы­лысу барысында *то стаган сөзі ту­ды. Осылайша, Ресейде су ішетін ең атақты ыдыстың атауы – стакан ұғымы шықты. Енді, түркі-славист сөзді зерделер кезінде, мәселен, тогай (қазақша «тоғай») сөзін гай («тоғай») түсіні­гімен салыстыру барысында өзге де деректерге мән беріп, *то гай ма, әл­де, тогай сөзі тұңғыш туды ма де­ген сұраққа жауап іздейтін бо­лады. Артикльдер әр кезеңде және славян тілдерінің бәрінде бірдей қолданысқа енбегендіктен, олар­дың сөздігінде де толық зерттел­ме­ген сөздер де кездесуі заңдылық. Сон­дықтан да, то, та-дан (танылма­ған артикль), *те, се-ден (танылған артикль) басталатын сөздердің астарына үңілу артықтық етпес деп білемін. Мысалы, өзім ашқан жаңа­лықпен бөлісейін, Геродот сипат­тауындағы Босфор маңын­дағы жер Tastambyly деп аталған. Славяндар мұны ta stambuly деді. Бұл сөз елді-мекеннің атауы, кейін кезіндегі грек пат­шаларының дәреже-дең­гейіне орай Константинополис деп қойған қазіргі Ыстамбұлдың атауына айналды.
– Бұл қисыныңызға көпшілік сенімсіздікпен қарайтын сияқты…
– Бұл әзірше ғана. Ежелгі дү­ние­нің мәдени һәм саяси өміріне слав­яндардың (түркілердің де) белсене қатысқаны туралы дәлел­дер жазылып жатқан кітабымда бар екенін ескерткім келеді. Оның үзін­ді­лерін «Литературная газетаға» бе­ре аламын. Осы тақырыпқа ар­нал­­­ған жаңа айдар да ашуға бола­ды…
– «Тюрки в доистории» атты ең­бегіңізде Сіз грамматиктерімізге тән ортақ ұқсастықтар туралы айтып едіңіз. Айтпақшы, «тарихқа дейін» де­ген терминді тарқатып бер­сеңіз?
– Ғылымда адамзат тарихын б.э.д. IV мыңжылдықтағы Шу­мер­с­таннан (қазіргі Ирак) тартып санау дәстүрі бар. Ал, одан бұрынғыңыз – тарихқа дейінгі кезең боп сана­лады. Оның өлшемі – 100 мыңжыл­дыққа жуық уақыт. Сол тұста тілдер қалыптасып, тоқайласып, алғашқы жазу үлгілері мен этностардың, Ай мен Күнге табыну секілді ілкі діни сенімдердің түзілгені даусыз.
– Түркілерді «тарихқа дейінгі» кезеңге қосқаныңыз да сондықтан екен ғой?
– Иә, олар да – славяндар, гер­ман­дар, қытайлар сияқты һомо са­пиенс­тің өкілдері.
– Грамматикаға қайта ойыссақ…
– Мен славистерге қазақ тілінің грамматикасымен танысып шығуға кеңес берер ем. Сонда ол, мәселен қазақтардың етістіктен зат есімді қалайша туындататынын байқар еді. Бұл орыс грамматикасындағы кейбір дүниелерді түсіндіруге ба­ғыт­талған көмекші құрал есебінде жүрмек. Аталмыш тілдің этимоло­гия­лық сөздігінде (оның бірқанша түрі бар. Соның ішіндегі Преобра­женс­­кий мен Фасмердікін тәуір көр­е­мін) дума, ведьма сынды сөз­дер бір-біріне жақындығына қара­мас­тан бөлек-бөлек қарастырады. Тегінде, бұлардың тесьма, кошма, чума деген сөздермен бірге топтас­ты­рылғаны абзал. Мұнымен қатар, мольба, борьба, судьба, гульба пән­сөз­дерін бір топқа жинақтай түскен жөн. Ол ұғымдарды жеке-жеке са­ралау барысында ғалымдар таң­қалар­лық нәтижеге жеткен, шын­ды­ғында таңдандырған. Айталық, уйма сөзін, Преображенский ғой деймін, шамасы, уиметь-тен шы­ғар­са, қалғаны сол қызық этимоло­гия­ны айнақатесіз қайталап шы­ғады. Түркі тілдерінің қыпшақ то­бында (қазақ, татар, қарашай-малқар т.б.) басты болымсыз етіс­тікке (императив) – ба (– па, – ма) жұрнағы жалғанады. Тілтанушылар б/п/м секілді еріндік дауыссыз­дар­дың механикалық қайталануын түркілік деп атайды. Қазақ тілінде осынау жұрнақтың (ба, па, ма) 3 түрі де пайдаланылады.
– «Чума» сөзі қазақ тілінен ен­бе­ген шығар деген үміт бар! Солай ма?..
– Ол Алтай тілдерінің бірінен кір­ген. Хакастарда чуу – «жұқтыр», чуума – «індет» деген мағына бер­мек. Сонымен, «императив + ба (ма, па) = зат есім» формуласымен қарулануды ұсынамыз. Сонда ғана, Мәскеу я болмаса Владивостоктағы мектеп оқушысына служи – служ­ба, дружи – дружба, бори – борьба, пали – пальба, моли – мольба қа­тар­лы етістіктерден қалай зат есім түзілетіндігін түсіндіру қиынға соқпасы анық.
– «Ведьма» сөзі ше?
– Веди – «біл», ведьма – «білу­ші». Шіркеудің пұтқа табынушыла­ры көсемімен күресу кезінде, со­ларға сай образ жасауға тырыс­қан. Бұл үшін «аналық тектің жал­ғауын» сәтті қолданған екен.
– Ал, «дума» – кірме сөз бе?
– Бұған қарап славяндар ере­жені ежелден-ақ меңгергенін анық аңдаймыз. Шумерстанның тілдік айналымында алғашқы-иероглиф болған. Соның негізінде славяндар осы сөзді тудырды. Думати – әуел­гіде «сөйлеу», кейіндеу барып қана «ойлану» мағынасына ауысты. РФ Мемлекеттік Думасындағы жағдай басқаша деп сенемін. Алдыменен ойланады, одан соң барып сөйлейді. «Сөйлеу» сөзінің мән-мағынасы Ресей парламенті – Думаның атауын­да жасырынғаны шындық. Өйткені, «парламент» терминінің өзі француздың парле – «сөйле» дегенінен шыққан.
– Ресей ғылымы жоғарыдағы формуланы қабылдай ма екен?
– Бірден емес, бірақ қабылдай­ды. Мұнымен қоса, олар орыс тілін­дегі негізгі етістік бұрнағыдан ин­фи­ни­тивтік емес, императивтік мән­ге ие деген ұсынысты да ма­құл­дауы қажет. Инфинитивтен кейін зат есім туындағанын ескере отыра, әрине. Алғашында мольба (*мо­ли+ба), одан соң молитва (*мо­ли­ть+ва) сөзі туды. Битва (*бить+ва), бритва (*брить+ва) дегендей ғой.

Владимир КРУПИН:
– Олжас Сүлейменовтің өмірдегі ең үлкен ерлігі – жаһандық жауыздыққа қасқайып қарсы тұру жолындағы славян және түркі өркениеттерін тоғыстыруға деген талпынысы.

– Ал, қазақ тілтанушылары ұсы­нылған формуланы мектеп оқулық­тарына енгізеді деп ойлайсыз ба?..
– Ол да бірден жүзеге асатын шаруа емес. Бұлар да басымдықты инфинитивке береді. Үндіеуро­па­лық теориясы үстемдігінің қандай екенін осыдан-ақ көреміз. Мен ор­ыс және қазақ мектептері бар­шаға ұғынықты механизмді мең­ге­ріп, өздігінше бұйрық райындағы етіс­тіктер негізінде жаңа сөздер туын­датқанын шын жүректен қа­лай­мын. Мұндай ортақ сабақтар өскелең ұрпақтың кезінде бәріміз өзара байланыста болғандығын, тарихымызда бәрін ортақтастырар негіз бар екендігін түсінуіне жол аша­ды. Етістіктен жасалған зат есім­ге жалғанған жұрнақты түркі-қыпшақтар тарихқа дейінгі славян­дардан алған. Ол кезде терістеу грамматикасы «адамзаттың аралық Отаны» – Ежелгі Жерорта теңізінде қалыптасқан-ды. Қола дәуіріне дейін ол жерде қазіргі Еуропаны, Азияны және Американы мекен еткен елдердің арғы аталары тұрақ­таған. Әлгілер сол жерден жалпақ жаһанға тарап, өзімен бірге білген ақпардың бәрін алып кеткен. Қа­зақ­с­танның ЮНЕСКО-дағы тұ­рақ­ты өкілі (12 жыл) боп қызмет ет­ке­німде, мен «Тарихқа дейінгі және ежелгі тарих тұсындағы Ұлы көш» атты тақырыппен 6 халықаралық ғылыми конференция өткіздім. Сол жобаны ұйымдастыру барысында маған «адамзаттың аралық Отаны», Тынық мұхитын кесіп өтіп, Оңтүс­тік-Шығыс Азиядан Оңтүстік Америкаға көшіп-қонудың бағы­тын жан-жақты ашып беру тура­сын­дағы идеялар туды. Бұл – мұ­қият зерттеп, асықпай талдауды қажет ететін жұмыс. Конференция­лар өтіп тұруы қажет, бірақ ЮНЕС­КО-ның қолы босайтын емес. Он­сыз да аталған Халықаралық ұйым битін сығып, қанын жалап жүр…
– «Код слова» (2013 жыл) атты кітабыңызда этимология жөніндегі жаңа әдіс ұсынған едіңіз. Сөздердің пайда болуы алғашқы-иероглиф­термен байланысты. Пайымдауыңыз­ша, ілкідегі әр сөз образды таңбаның атауы болған екен. Тайпа абыздары өзіне дейін жеткен графеманы тал­қылау арқылы, оған ат қойып, айдар та­­ғып, одан үлкен мағына тапса, кейін сол сөзге айналған. Сұқбат соң­ын­да, жоғарыдағы әдісті ең қара­пайым мысал негізінде түсіндіріп берсеңіз…
– Ең қарапайымын ба?.. Түсіндірейін. Б.э.д. II мыңжылдық аяғында тарих көші­ ілгерілеуіне себепші болған уақиға – фини­киялық да­ныш­панның хатқа тү­сірудің ғажа­йып әдісін ойлап табуы. Әріптік әдісін. Алғашқы әліппенің (фини­кия­лық һәм арамейлік) пайда бо­луы туралы ешбір дерек сақ­тал­мапты. Сон­дықтан да, ғалымдар жа­нама материалдар жинап, ой қо­рыту­ға мәжбүр. Со­ңында жазу тарихын зерттеу­шілер ерігіп жүрген бір әпенде ой­дан шығарып, әріп­терді таңбалап, жай әншейін оның атауын қоя салған деген түйінге кел­ді. Менің бір байқағаным, әліп­пе Күн белгі­лері мен сиыр, қой, түйе секілді «күн­тектес» жануар­лар­дың бейне­сінен құралған-ды. Өгіз емес. Өйткені, өгіз – «айтектес жан­уар». Көшпенділер ұзақ уақытқа созылған тайпааралық соғыстан соң, тау-тасқа аспан денелері мен киелі санайтын жан-жануарларды қашайтын-ды. Неге? Соғыстан аман қалғандары бейбітшілік пен достық жөніндегі келісім-шартқа отырған. Көсемдері оған қол қой­ып, өзінің таңбаларын тасқа бей­не­леген. Геродоттың «Тарихын­да» Босфор жағасындағы тауда самса­ған суреттердің бар екендігін ай­тады. Жазулар жаңа діндердің пайда болғанына дейін сақталған-ды. Алғашқы христиандар, одан соң мұсылмандар сол белгілерді жойған (Орхон мен Енисей бойындағы Көнетүркілердің көзіндей болған көркем мәтіндердің сақталу сыры – христиан және ислам діні Алтай мен Моңғолияға жетпегендігінде). Финикиядан (Ливан) шыққан сауда кемелері Босфор бойына хрис­тиа­низм­ның пайда болғанына дейінгі мыңжылдықта жеткен. Финикия­лықтар үшін әлгі тасқа ойылған таң­балар қасиетті боп саналмаған. Семиттер Күнге емес, ең жарық – Венера (Шолпан) ғаламшарына сыйынғаны белгілі. Сол себепті де, әлгі әпендеміз таңбаларды еркін бәдіздеп, атауларын өзі қойып отыруға мүмкіндігі мол еді. Олар кейбір «гербтардың» түпкі мән-мағынасын білуі де мүмкін, өйткені байқасам басына alef – «өгіздің» (сем.) белгісін қойыпты. Бұл бекер емес деп ойлаймын. Қалған әріптерге кейін кеңінен тоқталар­мыз, бірақ бір арамей жазбасын көрсетейін: kof. Қытайлар Ежелгі Жерорта теңізінен б.э.д. III мың­жыл­­дықта көшіп, өзімен бірге сон­да туған иероглифтер мен атауларын алып кеткен-ді. Б.э.д. II мыңжыл­дық­­­тағы (Инь дәуірі) ежелгіқытай жазуындағы таңба мынандай: «сиыр» (аталымы белгісіз). Бәлкім, ағылшыншадағы cow – «сиыр», ар­мян­шадағы kow – «сиыр» уақы­тын­дағы арамейліктер қолданған иеро­глиф боп, оны kof деп пайдаланса керек. Славяндар (нақтырақ айт­қан­да байырғырусьтықтар (Олжас Сүлейменов мұны «архирусичи» деп берген екен. Русичи деген – Киевтік Русь тұрғындарының поэ­тикалық атауы. «Русь» этнонимінің бір нұсқасы. Ол «Игорь полкы туралы жырда» кез­де­седі. – Ә.Б.) енді ғана таралып жатқан арамей алфавитімен таны­сады. Олар әр әрпіне қандалаша қадала жұмыс жасаған. Сонымен, kof. Славяндар оны сиырға емес, егіншіліктің образын жасап, яғни шұңқыр мен өткір қаруға ұқсатқан. Күрделі графеманы талдау бары­сын­д­а терістеу грамма­тика­сы­ның «күрделі таңбаның ортақ атауын теріске шығарсаң, бөлшектерінің атауын біліп аласың» деген заңды­лы­ғын қолданған. «Адамзаттың аралық Отаны» тіліндегі терістеу аффик­стары мынадай: 1) *ha – «сүңгі»; 2) *j – «жебе» және бірнешеуі фонетикалық сыпатына қарай: *ha > a, *j > dži > di (ti); *j- in, en, an – ni, ne, na, no т.б. боп бөлі­неді. Бұл таңбамен жұмыс істеу кезін­де сөзгерлер қандай сөздер құрағанын көрелік. kof > kop. (русьтықтар бүгіндері де f-ны p-ға алмастыруда). kop-a, келесі бір диалектіде kop-j түрінде ұшырасады. Бұл ұғым жалпыорыс тіліне копа мен копь, яғни «шұңқыр» деп енген. Жер жыртуға арналған өткір құралды қалай атаған жөн? Заң­ды­лықтың жалғасы: «Күрделі таңба­ның өзге бөлігін атау үшін, бірін­шісін терістегін». Диалектілерге өзге жалғау жалғаған, мысалы – 1) kopa-j; 1) kopj-a. Бір диалектіде не­гізгі етістікті жинақтау (импера­тив) – копай, т.с.с. негізінен, мұнда со­қа­ның қозғалысын айтқан, ал екін­ші­сінде соны терістеу арқылы құрал­дың атауын тапқан, мәселен­ки kopja > … > kopjo – «сүңгі». Осы­ме­нен kof сөзінің жыры біт­кен жоқ. Таңбаны тудырушы абыз оның мағынасын 180° өзгертіп жі­берген: kof > kop; kop-na. Өйткені, өзгерту – терістеудің бір формасы.
Ғылымда бұрыннан қолданы­лып келген және әдебиетші ұсынған этимология әдісін салыстырып, ко­пай, копа, копь, копна мен копьё де­геннің шығу тегін қалай анық­тағанын білу мақсатында қолда бар этимологиялық сөздікке жүгінген дұрыс. Тағы, біздегі мысалмен қатар қойып тексерсе теріс болмас. Сонда ғана XX ғасырдың басынан бастап әлемдік лингвистикада үстемдік құрған Соссюрдың «белгі – ерікті!» атты постулаты Қасиетті жазу болудан қалуы мүмкін.

Евгений ЕВТУШЕНКО:
– Олжас Сүлейменов – өзге тілді білмесе де, сыңсыған боз бетегемен немесе қаңбақпен сырласып, жылқы жануарымен тілсіз ұғысқан ұлылардан кейінгі дала данышпаны атанды. Ол өзінің тарпланетарлық емес, жершарын тұтас қамтыр дүниетанымы арқылы қазақтың әлемдік деңгейдегі ұлт екендігін көрсетті.

– Бұл постулаттың мәні неде?
– Оған сәйкес, адамдар сөздерді ерікті түрде ойлап тапқан екен-мыс. Тілтанушылар бірде-бір сөз­дің шығу тегін жөнді түсін­діре алмады. Праформа­сын ғана анықтады. Алай­да, мұның қалай пайда болған­дығы туралы дерек ешқандай эти­мо­ло­гиялық сөздікте (100-ге жуық түрі бар) жоқ. Сос­сюр­дың «әр сөз әпенденің өз еркі­мен ойлап табуы негізінде туған» де­ген тұжырымы бәрінің көкейіне қоныпты. Демек, басқа нәрсеге бас қатырудың қажеті жоқ секілді. Ал, алфавиттер қайда қалды, сонда? Иә, әңгүдіктер белгілерді ерігіп жүріп ойдан құрастырыпты делік. Міне, сонда бұларың Бізге иеро­глиф­тер мен әліппелерді және мың­даған сөздікті осылайша түзе берген боп тұр ғой, шамасы. Тас дәуірінің келмеске кеткеніне, Құ­дай­ға тәуба! Бүгінгінің әпенделері мына – Біздерміз! Ештеңе жоқ, бәрін елеп-екшеп аламыз!..
– Олжас Омарұлы, мазмұнды әңгімеңіз үшін алғыстан басқа айта­рым жоқ! Осыдан алпыс жыл бұрын (1959 жылдың маусымы) Леонид Мартыновтың алғысөзімен жарық кө­ріп, алғашқы жырларыңыз басыл­ған «ЛГ»-ның атынан туған күніңіз­бен құттықтап, Сізге денсау­лық, амандық тілеуге рұқсат еткей­сіз! Себебі, ғылым жолындағы ең әуелгі дүние – деннің саулығы деп білемін!..

¹Салыстырыңыз, slav – славяндық, slave – құл (ағылш.) XIX ғасырда америкалықтар зәңгілерді «slave» деп атаған.

Орысшадан тәржімалаған
Әлібек БАЙБОЛ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір