АҚТАРЫЛҒАН АРХИВ, ТАСҚА БАСЫЛҒАН ТАРИХ
16.10.2023
2280
0

Қазан айының екінші жұлдызында Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Алматыдағы Достық үйінде Кемел Тоқаевтың туғанына
100 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде өткенін көпшілік қауым біледі. Ол туралы республикалық БАҚ жарыса жазды, телеарналар көрсетті. Газетіміз өткен нөмірде шара туралы жалпы шолу жасап, аталмыш жиын қалай өткені, кімдердің қатысқаны жайында оқырмандарын құлағдар еткен болатын. Кезекті нөміріміз де осы жиынды ашылуымен арнайы құттықтап, сәттілік тілеген ел Президентінің сөзін, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы және конференцияға алыс-жақын шет елдерден келген қонақтар баяндамасын, шетелдік әріптестердің жазушы жайындағы жүрекжарды лебіздерін ықшамдап, назарларыңызға ұсындық.

Құрметті жазушылар!
Қадірлі қауым!

Сіздерді көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның ашылуымен құттықтаймын!
Кемел Тоқаев қазақ әдебиетінде тыңнан түрен салып, детектив жанрының негізін қалады. Шоқтығы биік шығармаларымен көпшіліктің ықыласына бөленді. Жазушы «Түнде атылған оқ», «Сарғабанда болған оқиға», «Арнаулы тапсырма», «Соңғы соққы», «Таңбалы алтын» және басқа да шытырман оқиғаға толы туындылары арқылы оқырманын жамандықтан жиренуге, жақ­сылықты үйренуге үндеді. Соны­мен бірге адалдық, мейірім, жан­ашырлық сияқты адамгершілік құндылықтарды дәріптеді.
Қарымды қаламгердің тағылымы мол туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған құнды қазына екені сөзсіз.
Бүгінгі іс-шарада Кемел Тоқаевтың шығармашылығына шынайы баға беріліп, әдеби мұрасына терең талдау жасалады деп сенемін.
Баршаңызға алғысымды білдіре отырып, зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының
Президенті
Астана қ. Ақорда

     Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
жазушы,
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының Төрағасы

Шырғалаңы мол шығармашылық

Қадірлі «Қазақ детектив жанры­ның дарабозы» халықаралық ғы­лыми-тәжірибелік конференциясына қатысушылар! Қымбатты алыс-жақын шет елдерден келген қонақтар, мәртебелі меймандар! Бүгін Сіз бен біз өткізгелі отырған «Детектив жанрының дарабозы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының бас кейіпкері, көрнекті қазақ жазушысы Кемел Тоқаевтың туған күні. Қазақтың біртуар ұлының 100 жылдық мерейтойы құтты болсын! Қаламгер Кемел Тоқаев 1923 жылы 2 қазанда Алматы облысы (қазіргі Жетісу облысы) Үштөбе ауылында дүниеге келген. Жазушының балалық шағы ауыр, қасіретті жағдайда өткен. Қилы заман кезінде Кемелдің ата-анасы амалсыз Бішкекке қоныс аударады. Аумалы-төкпелі зардапты күндерде үйелмелі-сүйелмелі екі ұл – Қасым мен Кемел ғайыптан әке-шешесінен айырылып, сол кезде Кеңес өкіметінің қызметкерлерінің ықпалымен жетім балалар үйіне тап болып, ата-анадан мәңгіге ажырайды.
Туған ағасы Қасымның ерекше қамқорлығымен кішкентай Кемел зерек боп өсіп, қатарының алды болады. Соңыра түбіт мұрттары енді-енді тебіндей бастаған ағайынды екі жігіт соғысқа аттанады. Ағасы Қасым екінші дүниежүзілік соғыстың аласапыранында қаза табады. Ал дәм-тұзы таусылмаған Кемел соғыста ауыр жараланса да елге аман-есен оралады.
Сірә, ағасы Қасым әке-шешесінің тағдырын сол күйі білмей соғыста қыршын кеткен болуы керек. Ал Кемел майданнан оралған бойда ізденіп, әркімнен сұрап жүріп, бәрін өз құлағымен естиді. Сөйтсе ағасы Қасым екеуін қорғансыз жетім балалар ретінде кеңес қызметкерлері ұстап әкеліп, балалар үйіне өткізгеннен кейін отбасында сұмдық оқиға болыпты. Шешесі ұзақ уақыттан бері сал боп ауырып төсектен тұралмай жатқанда қасында ойнап жүрген кішкене сәби қызы байқау­сызда ошақтағы отқа түсіп өртеніп кеткенін көзімен көріп, сол бойда жан тапсырыпты. Ал қайран әке өмірден екі ұлынан тірідей айырылып, зайыбымен кішкене қызының жан-түршігерлік қазасын көзімен көріп, дүниеден баз кешіп, мүлдем хабар-ошарсыз кеткен екен…
Әйтсе де қан-майданнан ауыр жаралы болып оралған қайсар да жігерлі жас жігіт тағдыр алдына тосқан ауыр қасіретке қанша күйзеліп, өшпес уайымға батса да, бар өмір тауқыметін мойнымен көтеріп, алдағы өміріне жарқын үмітпен қарайды.
Үстінен әскер киімін шешпестен, Қазақтың Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі.
Оны үздік бітіріп шыққан соң, түрлі республикалық басылымдарда журналистік қызметін бастады. Өмірлік жары Тұрар Шабарбаеваға жолығып, отбасын құрады.
Жалпы елуінші жылдар жас журнаалист Кемел Тоқаевтың жазушылыққа барар жолындағы тынымсыз білім алуы мен жан-жақты ізденістеріне тұспа-тұс келеді десек қателеспейміз. Ол газет-журналдарға ойлы да өткір материалдар жариялай жүріп, түн баласы өзінің тұңғыш әңгіме, повестерін жаза бастады.
Ал алпысыншы жылдардың аяқ шенінде жас жазушы Кемел Тоқаевтың қазақ жазушыларының арасынан тұңғыш рет детектив жанрына жазылған шығармасы жарық көріп, қазақ оқырмандарын дүр сілкіндірді. Бұл шын мәнінде қазақ әдебиеті үшін тосын оқиға, керемет жаңалық еді.
Өйткені сонау 1886 жылы ағылшын жазушысы Эдгар Поның «Түнгі оқиға» деген повесімен тарихы басталып, «Детектив» деген атқа ие болған көркем әдебиеттің жаңа түрі бұған дейін қазақ әдебиетінде кездеспеген мүлдем жаңа дүние еді.
Сөйтіп жазушы Кемел Тоқаев бұдан әрі жазылған шығармаларымен қазақ детектив жанрының негізін қалап қана қойған жоқ, оны қол жетпейтін биікке көтерді. Қаламгердің жаңа шығармасы жарық көріп, дүкендерге түскен бойда қолма-қол өтіп кететін.
Сөйтіп жазушының кітаптары Қазақстанда шығатын ең көп тиражды басылымға айналды. Оның шығармалары Одақтағы, республикалардағы әдеби бәйгелерден үнемі бас бәйгелерді жеңіп алып жататын.
Өкінішке қарай, соңғы кезде қазақ әдебиетінің детектив жанры дағдарысқа ұшырап қалды. Бұл жанрды биік деңгейге көтерген Кемел Тоқаевқа тең келетін қаламгерлер әзірге көріне қойған жоқ.
Дейтұрғанмен, ауызды қу шөппен сүрткелі отырған жоқпыз. Қазақстан Жазушылар одағы қазақ детектив жанрын дамыту үшін бірнеше кешенді шараларды жоспарлап отыр.
Соның бірі – келесі жылы Халық­аралық Қазақ детектив шығармаларына арналған Кемел Тоқаев атындағы бәйге жариялау.
Ал бүгінгі таңда Кемел Тоқаев қайы­рым­­дылық қорының ұйымдастыруымен «Кемел қаламгер» деген атпен бәйге жарияланып, бас бәйгеге 10 000 000 қаржы бөлінген болатын.
Нәтижесі ғажап! Бәйгеге 7 роман, 100-ден аса жаңа детективтік шы­ғар­ма қатысып, бас жүлдені болашағынан үлкен үміт күттіретін жас жазушы «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Абай Аймағанбетов жеңіп алды.
Қымбатты ағайындар! Біздің «Қазақ детектив жанрының дарабозы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямыз құттықтау сөздерден кейін:
«Қазақ детектив жанрының негізін қалаушы» «Отан үшін от кешкен» «Журналист – қоғамның айнасы, құлағы һәм тілі» деген тақырыптардан тұратын үш бөлімнен тұрады.

Султан РАЕВ, Халықаралық
ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы,

Қырғыз Республикасының халық жазушысы

Қырғыз бен қазақ
қай кезеңде де бір-біріне жанашыр

Ардақты, бауырлас Қазақ елі! Алдымен Сіздерді даңқты жауынгер, қазақ топырағында детектив жанрының негізін қалаған жазушы, қоғам қайраткері, белгілі журналист, драматург, ерен тұлға Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы аясында өтіп жатқан бүгінгі халықаралық конференцияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын.
Кемел Тоқаевтың өмірі, шығармашылық жолымен таныс адамдар оның ұлттық мүдде жолындағы мақсат-мұрат­тарына өзі өмір сүрген кеңес өкіметі заманында басын бәйгеге тіге жүріп қол жеткізгенін жақсы біледі. Ол жетімдік пен аштықтың ауыр азабын бастан өткерді. Кешегі сұрапыл сұм соғыстың соқпағынан да өтті.
Қырғыз елі қиын-қыстау кезеңде Тоқа әулетіне пана болғанын айтқым келеді. Қуғын-сүргін зардабын тартқан Тоқа әйелі, екі ұл, бір қызымен Фрунзе-Пішпек, қазіргі Бішкек қаласын паналап келгені белгілі. Сол бір зобалаң кезде Кемел Тоқаевтың қарындасы мен анасы қайғылы жағдайға тап болады. Қасым мен Кемел әкесінен ажырап, балалар үйінен бір-ақ шығады.
Осындай оқиғалар көп болған. Қырғыз бен қазақ қай кезеңде де бір-біріне жанашыр, бауыр, тілектес!
Соғысты өз көзімен көрген майдангер жазушы, суреткер Кемел Тоқаевтың шығармашылығындағы басты тақырыптардың бірі – соғыс шындығы болды.
Тоталитаризм дәуірінде өмір сүріп, көп нәрсені ашық айтуға болмайтын қилы кезеңге қарамастан Кемел Тоқаев оқырманына уақыт шындығын бүкпесіз жеткізуге тырысты. Ол өмір сүрген уақытта тыйым салынған тарих беттеріне туған елінің бүгінгідей ерекше назар аударатынына кәміл сенді.
Біз Кемел Тоқаевтың қандай аяулы әке, жанашыр бауыр, адал дос, талантты жазушы болғандығын «Жұлдызды жорық», «Ерекше тапсырма», «Болашақ туралы ойлар», «Солдат алысқа кетті» «Рух күші және шығармашылық дарын», «Халыққа қалтқысыз қызмет ету», «Жеңіс хаттары» және тағы басқа адамгершілік пен отаншылдық сияқты жалпы адамзаттық құндылықтарды дәріптеген шығармаларынан білеміз.
Оның шығармаларындағы ке­йіпкерлер – қазіргі заман адамдары сондай болуы тиіс қарапайым, адал, батыл, өжет адамдар. Кемел Тоқаев шығармаларының кейіпкерлеріне айналған нағыз кәсіпқой мамандар қазіргі заманда рухани дамыған адамды тәрбиелеу үшін аса қажет. Біздің ойымызша, Кемел Тоқаев шығармаларының құндылығы мен өзектілігі осында.
Детектив жанрындағы «Тасқын», «Көмескі із», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын», «Соңғы соққы», (Атаман Дутов және кеңес чекистері жайлы роман қазақ әдебиетіндегі ең алғашқы детективтік роман деп бағаланған) «Ұясынан безген құс» секілді шығармаларында өз кәсібін жан-жүрегімен жақсы көретін, өз ісіне адал жандардың бейнесін жасай білді. Милицияның, қауіпсіздік органдарының батыл да өжет қызметкерлері – күштерін де, уақыттарын да аямай, өз өмірлерін қауіп-қатерге тігуге даяр тұратын нағыз батырлар.
Кемел Тоқаев және оның қаламынан туындаған шығармалар тек отандастары үшін ғана емес, оның шығармашылығын сүйіп қадірлеуші әлем жұртшылығы үшін де нағыз таланттылық пен патриотизмнің үлгісі болды және солай болып қала береді. Оның шығармалары қазіргі уақытта да аса танымал.
Түрксой Халықаралық ұйымы қазақ детективінің дарабозы Кемел Тоқаевтың повестер жинағын алғаш рет түрік тіліне аударып, жарыққа шығаруды қолға алып отырғанын атап айтқым келеді. Бұл жазушы мұрасын ТҮРКІ әлеміне одан әрі танытудағы айтулы оқиға болмақ.
Сөзімнің соңында ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ мәдени-рухани жақындасуына аса зор ықпал ететін осындай танымдық басқосу үшін Сіздерге шексіз алғысымды айтамын.

 

Сирожиддин Саид,
Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы,

Өзбекстанның халық ақыны

Қазақ әдебиетінің
үлкен өкілі

Өзбек пен қазақ халқының туыс­қандық, достық, туысқандық тарихы сонау ертеден бастау алады. Халқы­мыздың тарихы, салт-дәстүрі, тілі, тағдыры да бір-біріне ортақ.
Өзбек пен қазақ жұртының әдебиеті де туыстас. Өзбек әдебиетінің белгілі өкілдері – Ғафур Ғұлам, Ойбек, Уйгун, Миртемир, Мақсуд Шайхзада, Зульфия, Хамид Ғұлам, Мирмухсин, Асқад Мұхтар, Насыр Фазиловтар өмірі, арман-мұрат­тары, қазақ халқы туралы көптеген тамаша шығармалар жазды. Қазақ қаламгерлерінің небір мықты туындыларын өзбек тіліне аударды.
Қазақ «Өзбек – бауырым» десе, өзбектер «досың қазақ болса, адаспайсың» дейді. Бұл сөздер ғасырлар бойы жалғасын тауып, екі бауырлас халықтың қанына сіңген бауырмалдық пен достық сезімнің жарқын көрінісіне айналды.
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеевтің 2018 жылы 13 наурыздағы «Қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен зерделеу және насихаттау туралы» қаулысына сәйкес, «Ұлы қазақ ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен зерттеу және насихаттау туралы» Еліміздің орта және жоғары оқу орындарында қазақтың ұлы ақынының шығармашылығы, оның мұрасы, ғылыми зерттеулері ұйымдастырылды. Жыл сайын 10 тамызда Өзбекстанда қазақтың ұлы ақыны Абайдың туған күні аталып өтеді. Ташкентте әдеби-танымдық шара өтіп, ақын ескерткішіне гүл шоқтары қойылады.
2022 жылдың 10-11 қарашасында Самарқанд қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде мемлекет басшысы Шавкат Мирзиеев ТҮРКСОЙ ұйымының басшыларына «Түрік әдебиетінің жауһарлары» атты 100 томдық шығармалар жинағын сыйға тартты. «Түрік әдебиетінің жауһарлары» жинағының он томдығы қазақ әдебиетіне арналған. Абай, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Қалмақан Әбдіқадыров, Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов шығармалары өзбек оқырмандарына бұрыннан таныс. Қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасының антологиясы жеке екі том болып шықты. Антологияларға шығармаларды Қазақстан Жазушылар одағы жинап берді.
Биыл қазақ әдебиетінің белгілі тұлғаларының бірі, қазіргі қазақ прозасында өзіндік орны бар, өз дәуірінің рухы мен болмысын өз шығармашылығында терең көрсете білген Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толған мерейтойы екі халыққа ортақ, екі елдің де тойы десек те болады.
Шынында, күрделі детектив жанрын қазақтың ұлттық прозасына енгізу оңай болған жоқ, қаламгерден моральдық батылдықты талап еткен құбылыс болды десек, қателеспейміз. Бір қызығы, Кемел Тоқаев бұл сынақтан сүрінбей өтіп қана қоймай, оның шығармалары оқырман жүрегінен терең орын алды.
Кемел Тоқаевтың «Жұмбақ із», «Кештегі кісі өлтіру» секілді біраз әңгімелері өзбек тіліне аударылған. Бұл туындылар өзбекстандық шытырман оқиғалы туындыларды сүйетін оқырмандар көңілінен шыққаны сөзсіз.
Кемел Тоқаев шығармаларының өзбек тілінде жарық көруі – өзбек-қазақ әдеби достығының жаңа белеске көтерілгенінің белгісі.
2018 жылы Өзбекстан мен Қазақ­стан Жазушылар одағы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Содан бері ынтымақтастықта бірқатар шығармашылық жобалар жүзеге асырылды. Өзбекстан Жазушылар одағы жанынан Қазақ әдебиеті кеңесі ашылды. Бұл – биыл қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін салушы, жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойын тойлап жатқан тұста өзбек-қазақ әдебиеті достығындағы жарқын беттердің бірі болып қала беретіні сөзсіз.

Нұрлан ҚАЛЫБЕКОВ,
Қырғыз Республикасы Жазушылар одағының төрағасы

Тарихи детектив жазушы

Қазақ әдебиетіндегі детективтік жанрдың атасы – Кемел Тоқаевтың тағдыры мен өмірлік шығармашылығы Кеңес өкіметі тұсына тұспа-тұс келді. Өткен ғасырдың 30-жылдарында тағдыры күрделі тұлға ата-анасы, бауырларымен бірге Фрунзеде тұрған. Ол ата-анасынан, әпкесінен айырылды. Ағасын да жоғалтып, іздейді. Жастайынан майданға аттанады. Осындай қиын тағдыр жазушыны жасытпады, қайта шыңдап, рухани тұлға етіп тәрбиеледі.
Қазақстанның Ош қаласындағы консулы, қырғыз әдебиетінің досы (жақында ғана қазақ тілінде «Қазіргі қырғыз поэзиясының антологиясы» кітабы жарық көрді) Мұхтар Ахат мені Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкемнің хикаясы» (қырғыз. Шынара Океева) кітабына редактор болу­ға ұсыныс етті. Редактор болып, кітапты оқып отырып көз алдыма жазушының қиын тағдыры елестеді.
Кемел Тоқаевтың жазушы ретінде мені таңғалдырғаны – оның архивте отырып, фактілермен жұмыс істеуі болды. Ойдан шығарылған, әсірелеп, көшірген өнер туындылары толып жатыр емес пе? Мұрағат материалдарын дұрыс пайдаланып, дерекке сүйене отырып, көркем шығарма жасау жазушының міндеті деп білемін. Демек, Кемел Тоқаев – тарихи көркем шығарма тудырған жазушы.
Кітабы ең көп сатылатын автордың «Соңғы соққы» романының АҚШ Конгресс кітапханасына қабылдануы көп нәрсені аңғартады. Жазушының екі өмірі бар, сондықтан оның шығармаларын халыққа жеткізу – ұрпақ алдындағы парыз әрі қарыз деп білемін. Мен мына мәселелерді ұсынамын:
1. Кемел Тоқаевтың таңдамалы шығармаларын қырғыз тіліне аудару.
2. Кемел Тоқаевтың Бішкектегі үй мұражайын ұйымдастыру.
3. Бішкек қаласындағы көшелердің біріне Кемел Тоқаевтың есімін беру.
Жоғарыда аталған ұсыныстарды Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының үкіметтеріне енгізуіңізді сұраймыз.

Абдылдажан АКМАТАЛИЕВ,
Қырғыз Республикасы Ұлттық Ілімдер Академиясының академигі

Толғаныстан
туған туынды ерекше әсер етті

Тағдырдың бұйыруымен 1979 жылдың қарашасында Алматы қаласына жолым түскен еді. Сол шақтан бастап, бүгінге дейін өмірімдегі елеулі кезеңдер бауырлас елдің әр сәтімен тығыз байланысты болып келе жатыр. Осы бір ғажап ұлттың ұлы ақын-жазушыларымен танысып, араласу бақытына ие болдым. Алғаш аяқ басқан кезден бері Қазақстандағы түрлі жиындарға, конференцияларға, сан қилы іс-шараларға қатыстым. Сонда, төрт жүзден астам мәрте қазақ топырағына табаным тиіпті.
Біршама уақыт бұрын, кезекті бір сапарымда кітапханадан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы толғаныс» атты кітабын кезіктіріп, зор қызығушылықпен оқып шықтым. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кітабында әкесі мен анасына қатысты жайларды әсерлі баяндап, әулет басына төнген қиындықтарды, деректер мен дәйектерді көз алдыға сурет секілді елестейтіндей етіп жазған. Толғаныстан туған туындыдан көретініміздей, Кемел Тоқаев бала кезінен әдебиетке әуес болған. Мектепті үздік оқып, кемеңгер Абайдың қара сөздерімен, даналықты арқау еткен ойларымен сусындап өскен. Ең ерекше айтатыны, жазушы еңбекті өмірінің айнымас серігіне айналдырған. Президент әкесінің Екінші Дүниежүзілік соғыстағы, майдан даласындағы ерлік жолына да терең үңілген. Соғыс даласындағы қасіретті көріністерді қалай бар, солай бейнелеген. Сондай-ақ Кемел Тоқаевтың студенттік жылдары жайлы, оның Мұхтар Әуезовтен дәріс алғанын, Сағат Имашевпен оқуда жүріп танысып, өмірлік дос болғанын, өзге де қаламгер өміріндегі түрлі кезеңдерді осы шығармадан оқып, бөлек күй кешкенімді айтқым келеді.

Дмитрий ШЕСТАКОВ,
жазушы, заң ғылымының докторы,

профессор (Санкт-Петербург)

К.Тоқаевтың шығармашылығы
өмір жолымен өзектес

Қадірлі Мереке Әбдешұлы, қымбатты қаламгерлер, осы айтулы конференцияға шақырғандарыңыз үшін алғысым зор. Қазақ әдебиетінде шытырман оқиғалы туындылар мен детектив жанрының негізін қалаған талантты жазушының жүз жылдық мерейтойына қатысу — мен үшін үлкен абырой әрі зор қуаныш.
…Кемел Тоқаевтың осы жанрдағы шығармашылық негізінің бай болуы оның өмірімен тығыз байланысты деп ойлаймын. Оның балалық шағы ұжымдастыру кезеңімен тұспа-тұс келді де, сол кезден-ақ түрлі келеңсіздіктерді,
уайым-қайғыны бастан өткерді. Уақыттың талабына орай, отбасы жиі қоныс аударды, ең жақындарынан — анасы мен әпкелерінен айырылып қалды. Болашақ жазушының жанын ауыртқан тағы бір оқиғалар – Екінші дүниежүзілік соғыспен байланысты. Майдангер жазушы түрлі жайттардың ортасында жүріп, үлкен туындыларға қалам тербеді.
Мен Қазақ елін және оның қонақжайлылығын құрметтеймін. Бұл елге әдебиет пен ғылымдағы қарым-қатынасымыздың, достығымыздың нығая түсуі үшін жиі келіп тұратынымды да айтқым келеді. Назарларыңызға көп рахмет!

Дайындаған
Ы.НҰРСАЛ,
М.РАЙЫМБЕКОВА

Көрнекті жазушы, қазақ детектив жанрының негізін қалаушы қаламгер
Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өткен
«Детектив жанрының дарабозы» атты конференцияның
ҚАРАРЫ

Тәуелсіз еліміз «Жаңа Қазақстанға» тарихи бетбұрыс кезеңін бастан кешіп жатқаны баршаға мәлім! Қаламгер қауым ешқашан қоғам өмірінен тыс қалған емес. Мемлекетшілдік сананы қалыптастыруда, халықты бір мақсат, бір мүддеге ұйыстыруда қалам қайраткерлерінің алар орны айрықша. Әдебиетіміз де жаңа кезеңмен бетпе-бет келіп тұр.
Ұлт әдебиетін тоқырауға ұшыратпай, мейлінше дамытып, жаңа биікке көтеру, жаңа көкжиекке шығару – қалам ұстаған әрбір жазушының абыройлы міндеті, асыл парызы.
Саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, әдебиетіміздің алтын қорын классикалық шығармалармен байытқан әрбір тұлғаға тағзым ету, олардың шығармашылығын зерттеу мен зерделеу, қалың жұртшылыққа насихаттау азаматтық міндетіміз!
Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалап, тыңға түрен салған жазушы – Кемел Тоқаевтың шығармалары әлдеқашан халықтық қазынаға айналған. Кемел Тоқаев шығармашылығы әлі де терең зерттеуді, зерделеуді қажет ететіні сөзсіз. Шығармалары ұрпақ алмасқан сайын қайыра басылып келе жатқан жазушының қаламынан туған туындылар алдағы уақытта да әдебиет зерттеуші ғалымдардың ғылыми жұмыстарына негіз бола бермек.
Кемел Тоқаев негізін қалаған қазақ детектив жанрының әрі қарай дамуына жол ашу, осы жанрда қалам тартып жүрген әріптестерімізге жағдай жасау басты назарымызда болуы тиіс. Осыған орай Қазақстан Жазушылар одағы детектив және шытырман оқиғалар кеңесін құрып, оның жаңа бағдарламаларын жасайды. Бұл бастаманы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы тиісті мекемелермен бірге атқаруды өз міндетіне алады.
Кемел Тоқаев атындағы Қайырымдылық қоры мен Жазушылар одағы бірігіп ұйымдастырған «Кемел қаламгер» – әдеби шығармашылық бәйгесі биыл өте жақсы нәтиже берді. Енді осы игі бастаманы жыл сайын өткізіп тұруды қолға алу керек.
Ұлт әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлғаларымыздың рухы мен мәңгі өлмес мұралары халқымызбен бірге жасай берсін! Мемлекетіміздің туы тұғырлы, тәуелсіздігі ғұмырлы болсын! Халқымыздың мерейі үстем болсын! Кемел келешекке халқымызбен бірге жетейік.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір