ТАСҚА ЖАЗЫЛҒАН ТАРИХ
Бекет ТҰРҒАРАЕВ – бүгінде елге таныс есім. Бірақ біз бұл есімді сәл кеш естідік. Әдетте, бір тұлға тарих сахнасына шығарда алдымен сіздің құлағыңызға оның есімі естіледі. Бұл есімді біз алғаш Әбдіжәміл Нұрпейісовтен естідік. Әйгілі жазушының Еуропаға бір сапарында қасында жүріп, осы кәсіпкер інісі Бекет Тұрғараев қаржыландырыпты «Астапыралла!» дедік. «Апыр-ай, Әбекеңдей қыңыр шалдың қасында жарты ай жүріп, бүкіл Еуропаны аралау үшін үйдей қаражат ғана емес, үйдей жүйке де керек қой!
Тағдырдың бұндай тезіне шыдаған Тұрғараев оңай кісі емес екен!» дедік. Сөйтіп іштей күбірлеп жүргенде, бір күні Әбекең 95-ке толды.
Сол тұста біз Бекеттұрғараевпен бетпе-бет жүздестік. Ол да бізді сырттай біледі екен. «Тоқсан бесті тойламаймын!» деп, тулаған қисық шалды «жуасытқан» інілерінің бірі – осы Бекет болды. Және сол мерейтойдың ұршығын үйірген ұйымдастырушылардың бірі болды. Осылай таныстық. Сөйтсек, мәссаған біз түйдей құрдас екенбіз. Құрдас болғаннан кейін Бекең бізді Нұрлан Оразалин екеумізді Шымкентке шақырды. Соңғы бес-он жылда «Мәңгілік Ел» атты тарихи кешен тұрғызыпты. Соны көруге шақырды. Біз әне-міне деп ырғалып-жырғалып жүргенде, пандемия басталып кетті де Шымкентке барудың сәті тек биыл мамыр айында түсті. Шымкенттен шығып Тәшкен жолымен түстікке қарай тартып келеміз. Көзге көлденең жатқан кәрі Қазығұрттың пілжоталары шалынды. Сонау Топансу заманынан бері тарихтың талай көшін көрген белдер. Сондай жасыл белдердің бір жотасында бір ерекше шоғыр көрінді. Жасыл бақ арасында аспандаған тутұғыр, ақ күмбез, еңселі ескерткіштер, ақ боз үйлер менмұндалап тұр.
– Келдік! – деді, жүргізушіміз. – «Мәңгілік Ел» осы!
Біз оқшау дөң үстінде жасыл баққа оранған ерекше кешенге жақындап келеміз. Кешен табалдырығын жаяу аттадық. Салтанат қақпасының төбесінде көк туымыз аспандап тұр.
Бұл нені білдіреді? Бұл –«аруақтарды ұлықтауға даңғыл жол ашқан тек Тәуелсіздік» деп тұр. Бірінші тәу етеріміз Тәуелсіздік деп тұр. Содан кейін Ұлы Даланың тасқа жазылған тарихымен таныса бастадық. Сөйтсек бүгінгі Қазақстан аяғы салбырап аспаннан түспеген екен. Оның даңқты тарихы бар екен. Қазақстан бүгінге құр қол келмеген екен. Әнекей, тұлпар мініп ту алған Орбұлақ шайқасының қаһармандары Салқам Жәңгір хан, Жалаңтөс баһадүр! Соларды көріп Ұлы Дала батырларының бәріне тағзым еттік. Әне, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билеріне тағзым еттік. Әне, ұлы Абайдың тасқа басылған қара сөздері. Алаш арыстары – Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Мыржақов Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Мағжан Жұмабай, Жүсіпбек Аймауытұлы, Әлихан Ермек, Досмұхамедұлы Жаханша. Күш атасы – Қажымұқан, «Бекет ата» киелілер кесенесі. Әне, соғыс мұңын арқалаған «Анаға тағзым» монументі, ақ боз үйлер. Тәуелсіз Қазақстан басшыларының тасқа жазылған сөздері.
Нұрлан екеуміз де қара жерге көшет отырғызып, бір белгі қалдырдық.
Осының бәрі Бекет Тұрғараев басшылығымен өмірге келген өлмес белгілер. Тасқа жазылған тарих. Түркі тарихында тасқа жазылған тарих көп емес еді ғой дейміз. Ең алдымен, еске түскені «Орхон-Енисей». Дала данагөйі Тоныкөктің жағпар тасқа жонып түсірген дастаны. Соның арқасында дүниені дүрілдеткен қағандар мен батырлар есімі бүгінге жетті емес пе? Түгел түріктің талай ғасырларды түйреп өтіп, мәдени мәйегі бүгінге жеткен жоқ па?
«Мәнгілік Ел» кешенін көзбен көргеннен кейін біз осындай ойға қалдық. Тоныкөкше Тұрғараевтың да бұл тасқа жазған дастаны – алыс болашаққа беттеген Тәуелсіз Қазақстан туралы дастан екен деген ойға келдік.
Тапқан қаражатын кейбіреулер тәрізді апыл-ғұпыл шетел асырмай, өз елінің қажетіне жаратқан Бекет Тұрғараев – олигархтарға үлгі боларлық таңдаулы тұлға екен. Сондықтан да Қазығұрт ауданында Шымкент-Ташкент күрежолы бойында бой көтерген «МӘҢГІЛІК ЕЛ – ТУҒАН ЖЕР» атты алып кешен биылғы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайықты, сәулет өнерінің салмақты туындысы деп білеміз.
Смағұл ЕЛУБАЕВ,
жазушы, профессор,
ҚР еңбегі сіңген қайраткер