ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ ТАҢБА, БЕДЕРІ ҚАЛЫҢ БЕЛГІ – XVI
Мамырдың 12 жұлдызы Алатаудың баурайында, әйгілі шаһар – Алматыда Алаштың қалам ұстаған қауымын бір ниет, бір мақсатта бас қостырған дүбірлі жиын өтті. Бұл – Қазақстан Жазушылар одағының кезекті XVI құрылтайы-тұғын. Әр құрылтайдың бес жыл сайын өтетінін ескерсек, біз атап отырған цифр XVI құрылтай тарихи дәуірді, қазақтың кәсіби жазу-сызуының жылнамасын еске түсіретін тамыры терең таңба, бедері қалың белгі.
Әлқисса, алыс-жуықтан атқа қонып, Алматыны бетке алған қаламгерлер керуені межелі күні (11 мамыр) «Алматы» қонақүйінен қоныс тепті. Сөз сүлейлері қаланың «алтын аудан» саналатын аймағында сағынысып қауышып, алып-ұшып табысып, арқа-жарқа болды. Келесі күні қонақүйге қарсы орналасқан Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық опера және балет театрының әсем ғимаратында өтетін үлкен құрылтайды асыға күтті.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» жиынның да басталар сәті жетті. Қара шаңырақ өнер ордасының залы адамға лық толды. Әнұран айтылды. «Түн ұйықтамай, күн отырмай» баба-дала төсінде мемлекет құрған түркі жұртының тұқымы орнынан түгел тұрып, оң қолын кеуде тұсына қойып, айбатты әнұранын бірге әуелетті. Бұл жөні бөлек жоралғыдан кейін Республика Президентінің қаламгерлерді аталмыш құрылтайдың ашылуымен құттықтаған, Жазушылар одағының ел өміріндегі үлкен орны туралы толғаған үшбу хатын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі оқып беріп, жиынның сәтті өтуіне тілектестігін білдірді. Құрылтайды жүргізген ақын Бауыржан Жақып Covid-19-індеті кезінде жүзден аса қаламгер көз жұмғанын қаперге салып, жиналған жұрт орындарынан тұрып, бір минут үнсіз аза білдірді.
Індеттің кесірінен қаламы қуатты қаншама қаламгерінен көз жазып қалғанын үнсіз еске алғаннан кейін жұрт бұдан бес жыл бұрын сайланған Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулеттің баяндамасына құлақ түрді. Бес жыл бойы Жазушылар одағы қандай шаралар атқарды? Елдің рухани өмірінде алыс-жақын шетелдермен әдеби, мәдени байланыс барысында нендей жаңалықтар болды? Мұның бәрі аталмыш баяндамада егжей-тегжейлі айтылды. (Баяндама газетіміздің алдыңғы нөмірінде толық жарияланды және ол газет құрылтай делегаттарына берілді).
Негізгі баяндамадан кейін Бақылау-тексеру комиссиясының есептік хабарламасы таратылды. Комиссия төрағасы, жазушы Әлібек Асқаров өткен бес жылда Жазушылар одағының есеп шотына түскен қаржыны, иелігіндегі дүние-мүлікті түгел түгендеп берді. Есептік хабарламадан кейін жарыссөз басталды. Жазушы Дулат Исабеков, ақын Иранбек Оразбаев, жазушы Кәдірбек Сегізбаев, ақын Пәтигүл Мақсатова, ҚР Мәжіліс депутаты ақын Қазыбек Иса, «Простор» журналы редакторының орынбасары Любовь Шашкова, ақын Ерлан Жүніс мінберге көтеріліп, бүгінгі әдебиет, аударма мәселесі, кітап шығару ісі, Жазушылар одағының тарихи орны жайында тереңнен толғап, ақсақалы аталы, жасы жаны қалаған сөзін айтты.
«Қазақстан Жазушылар одағы – ел руханиятының қара шаңырағы. Ұлы Даланың ұлттық рухын сақтап қана қоймай, күшейту – ең алдымен қазақ қаламгерлерінің қасиетті парызы. Қай заманда да, қара сөзден қаймақ айырған қаламгерлеріміз ұлттың ұйытқысы, ұрпаққа үлгі бола білгені белгілі. Осы руханиятымыздың қарашаңырағы – ҚЖО бастаған шығармашылық ұйымдардың жағдайы еліміз тәуелсіздік алғалы неге қиындап кетті? Тәуелсіздік алған 1991 жылдан кейін Шығармашылық одақтар мемлекеттік қаржыландыруға кірмей, үкіметтік емес ұйымдар қатарында ғана қалды. Ал ондай ұйымдар ол кезде 100 шақты ғана болса, қазір 2023 жылы 23 мыңнан асады.
Сонымен залда отырған басым көпшіліктің дауысымен Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма мүшелігіне 115 адам сайланып, жаңа құрам бекітілді. (Басқарма мүшелерінің тізімін 2-беттен көре аласыздар). Басқарма мүшелері сайланғаннан кейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев құттықтау сөзін сөйлеп, қала әкімдігінің бұл құрылтайға барынша қолдау білдіргенін жеткізді. Қаламгерлерге шығармашылық табыс тілеп, ақжарма тілегін айта келіп, қаламгерлерді қала әкімі жайған дастарқанға шақырды.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасын сайлау кіші залда өтті. Бұл жиынды жазушы, Басқарма мүшесі Әлібек Асқаров жүргізді. Нәтижесінде басым дауыспен жазушы Мереке Құлкенов Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы болып сайланды. ҚР Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек ері Мұхтар Шаханов, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Иранбек Оразбаев, филология ғылымының докторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Құлбек Ергөбек сөз сөйлеп, жаңа төрағаға қызметіне сәттілік тіледі.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы болып сайланған жазушы Мереке Құлкенов Басқарма мүшелеріне төраға орынбасарлары мен Жазушылар одағы хатшыларының кандидатурасын ұсынды. Басқарма мүшелерінің мақұлдауымен бес орынбасар, 19 хатшы сайланды.
Сонымен талай тілге тиек, әңгімеге арқау болған Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасын сайлау жоғары деңгейде өтті. Ұлт зиялылары деген атқа кір шалдырмай, сайлауға белсене қатысқан қаламгерлерге алғыс айтамыз.
«Қазақ әдебиеті» газеті
Суреттерді түсірген
Мақсат ҚҰСАЙЫНОВ,
Сәрсенбек Қызайбекұлы