Тасқа жазылған тарих

Өткен жұмада Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Түркі мәдениеті және мұрасы қорының ұйымдастыруымен және Түркі академиясының қолдауымен академик Дархан Қыдырәлінің әзербайжан, түрік және қырғыз тілдерінде шыққан «Тасқа жазылған тарих», сондай-ақ орыс тілінде жарық көрген «Тюркский мир: через призму истории», түрік тілінде шыққан «Kod adı Turkistan: Mustafa Gokay» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.
Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Әзербайжан Республикасының мәдениет министрі Адил Каримли, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Аслан Койчиев, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, Азия кеңесінің бас хатшысы Қайрат Сарыбай, еліміздегі Қырғызстан, Мажарстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан Республикаларының төтенше және өкілетті елшілері, TURKSOY халықаралық ұйымының өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысқан алқалы жиында академик Дархан Қуандықұлының түркі дүниесіне ортақ бай мұраны зерттеп-зерделеу, сақтау істеріне және бауырластық байланыстарды нығайтуға қосқан зор үлесі атап өтіліп, оқырманға жол тартқан жаңа кітаптар туралы орамды ойлар, пайымды пікірлер ортаға түсті.
Айта кетейік, академик Д.Қыдырәлінің осы жиында таныстырылған «Kod adı Türkistan: Mustafa Çokay» атты деректі ғұмырбаяндық кітабы бұған дейін де бірнеше тілде жарық көріп, оқырман тарапынан өз бағасын алған туынды. Бұл жолы түркиялық оқырмандардың сұранысына орай, Анкарадағы «Bengü» баспасынан қайта басылып шықты.