ТАРИХҚА БАСЫЛҒАН ҚАРА ТАҢБА
17.08.2023
1049
1

Жазушы Дәулетбек Қаңбақовты қырық жылдан бері білемін. Алғашқы отыз жылында оның шығарма­ларын ара-тұра сыртынан оқып келген болсам, соңғы он жылдан бері өзін көріп, дидарласып, кітабын қолынан алып, құнт­тап оқып, зерт­теп-зерделей бастадым.

Осыдан бірнеше жыл бұрын автордың «Қазақ ханы Абылай» ат­ты тарихи романын оқып, ол туралы «Дәулетбектен Дәулетбекке лебіз» деген мақала жазып, «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялаған едім. Міне, енді ат­тас ағамыздың бес том романы «Дауылдар толқынын» оқып отырмын. Бұл – үлкен қажыр-қайрат­тың, шөгел ізденудің, мұқият сараптау­дың, жанкешті бейнет­тің нәтижесінде өмірге келген қомақты шығармашылық табыс. Автордың аталмыш романы – қазақтың басына күн туып, саясат­тың зардабынан тағдыры талқыға түсіп, тартқан ауыр нәубетін көлденең тартады. Сонымен бірге аты дардай бір мемлекет­тің дәуірлік болмысын ашады.
қызыл империяның, солақай сая­сатпен өктемдік еткен жүйенің сол жылдардағы басты бағыт-бағдарын айна-қатесіз жайып салу мақсатында жазылған бес томдық еңбек ешкімді бей-жай қалдырмайды. Онда саясатпен саптап, әдебиетпен қаптап, көркем тілмен баптап, бұлтартпас дәлел, тұжырымды факт, жинақталған түйінді ойларымен романды барынша шымырландырыпты.
Қытай қоғамында жүріп өткен 1966-1976 жылдарда лап етіп жанған өрт­тей өршіген «Мәдениет­тегі зор төңкеріс» мың жылдан бері келе жатқан дәстүрлерді белден басып, құқық пен заңнан дөрекілікпен ат­тап, саясат­ты суша сапырып, тіршілікті миша былықтырған кез болды. Міне, біздің қолымыздағы «Дауылдар толқыны» ат­ты бес томнан тұратын роман-эпопея осы бір аласапыран жылдарды бейнелейді. Осыған дейін де «мәдениет­тегі зор төңкеріс» жөнінде сандаған шығарма жазылып, әдет­тегі әңгімеден тартып романдарға жүк болған еді. Олардың көбі сол елде, сол топырақта жазылғандықтан, қоғамның шын кеспірін ашуға, бүге-шігесіне дейін ақтарып салуға батылдары барған жоқ.Желкесінде қарауыл, төбесінде тоқпақ тұрды. Жұмсақтап, майдалап, бетін қалқып айтқанымен саясат­тың түпкі мәнін, жиіркенішті сұрқиялығын, тақ таласындағы тағдыры талқан болған мыңдаған бейкүнә құрбандарды айтуға аузы барған жоқ, батылы жеткен жоқ. Әлем халқы сол сүркейлі жылдар мен күлкілі саясат­ты сырт­тан бақыласа да, ішкі былықтары мен трагедиялы тартыстарын көре алмады. Әне, сол өмірдің ішінде болған, басынан өткерген қаламгер соның бәрін сары майдан қыл суырғандай етіп жазады. Романның деректілігі де, тарихилығы да басым.
Қаламгер Дәулетбек Қаңбақов мәдениет төңкерісі басталған кез­де 24 жастағы қылшылдаған жас жігіт. Ол сол дауылды жылдардың өркеш-өркеш толқындарының ішінде ержет­ті, ат жалын тартып мінді, пісіп-жетіліп шыңдалды. Елу жыл бойы материал жинап, қор топтап, өзінің ыждаһат­тылығы мен еңбекқорлығы арқасында осындай көлемді бес томдық кесек туындысын оқырманына ұсынып отыр. Осылайша қытай қоғамының бір дәуірлік қилы кезеңін хатқа түсірді. Заңмен емес, сая­сатпен өмір сүретін мемлекет­тің адам айтса сенгісіз мінезін паш ет­ті, ақырын жүріп, анық басып тарих алдына жа­йып салыпты. Бұл романын атамекеніне табан тіреп, еркіндікке қолы жеткен егемен елінде 80 жасында аяқтады.
Қолымыздағы «Дауылдар толқыны» романының мәні – оның халық өміріне жинақталғаны. Халық – Құдайдың бір есімі, жер бетіндегі адамзатқа ортақ берілген атау. Кейде әпербақан билік өз мүддесі үшін сол халықты торғайдай тоздыратын кезі болады екен. Не күлеріңді білмейтін, не жыларыңды білмейтін сүреңсіз жылдар сүмірейтіп сүлкініңді түсіреді екен. Осындай масқара, шерменде хәлге жеткізудің жолы екеу. Бірі – тақтағы диктатордың өз мүддесін көздеп, жеке мақсатымен қасақана жасалатын қастандық, асқан зұлымдық. Екіншісі – қараңғы надандық, қарадүрсін қатігездік. Міне, он жылға созылған мәдениет­тің зор төңкерісінің сипатында осы екі элемент те менмұндалап көрінеді. Оны жазушының қаламынан туған «Дауылдар толқыны» барынша боршалап, ине-сабақ жібіне дейін сенімді етіп сурет­теп береді. Сол бір жылаулы жылдар қытай қоғамын күйзелтіп, ақсатып, тұралатып, жетесіне жетіп, көтерем сиырдың күйіндей жағдайға түсірді. Елдің құрамындағы аз санды ұлт­тарды да аздырып, тоздырды. Сан мың жылдан бері жалғасып келе жатқан дәстүр-салтына, ғұрып-әдетіне балта шапты. Ақылың жетпейтін ақымақтық, келіспесең де орындайтын тұрпайылық белең алды. Көріп тұрып сенбейтін, естіп тұрып зығырданың қайнайтын, айтуға еркің жоқ, түзетуге күшің жетпейтін шарасыздықтың шалмасына оралып қылқынасың.
Тарихта бұрын-соңды болмаған сорақы саясат он жыл бойы лаң салып, отанды ойран ботқаға айналдырып, 1976-жылғы 9-қыркүйектегі Мао Цзе Дунның ажалы жетуімен ақырласады. Жазушы Дәулетбек Қаңбақов, міне, осындай күрделі кезең мен жиіркенішті саясат­тың салдарын санасына бүге жүріп қолындағы құнды мәлімет­тер мен шынайы дәлелдері арқылы ауқымды роман, салмағы батпан кітап жазып шықты. Ақ пен қараны ажыратпаған арандатулар мен тағдыры талқан болған абзал адамдардың образын жасап, қоғамның қоясын ақтарып, қанды іріңін ағызады. Дәуірді қолмен қойғандай нанымды етіп сурет­теді.
Романның басталуы Шынжаңның Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Іле алқабындағы «Нылқы» ауданында болған күрделі күрес пен қайнаған сая­си өмірді сапырады. Осылайша 1966 жылы 29-тамызда болған зор жиыннан басталған қоғам тынысы мен кейіпкерлер өмірі есіліп жүре береді. Бұрыннан іс жүргізіп келе жатқан параллель екі жүйе – «компартия» мен «халық өкіметі» бір жаққа қайырылып қалып, билікті «төңкерісші көтерілісшілер» тартып алып, бассыздық белең алады. Тұтас ел бойынша «Шиуыйхұй» мен «Хоңзахұй» болып екі көзқарасқа бөлінген бұқара ит пен мысықтай арбасады, алысады. Олардың айтыс-тартысынан гранаталар жарылып, адам өледі.
Романдағы бас кейіпкер Дәурен Мұқанұлы болғанымен, оның айналасында ондаған негізгі кейіпкерлер бой көрсетеді. Дәуреннің жүрген жолы, атқарған жұмысы арқылы аудан орталығынан тартып, ауыл-фермаларға дейінгі тіршілік тынысы, өмір ырғағы қазандай қайнап жатады. Роман басталғанда кейіпкерлері көп, оқиға ортасы ауқымды сезілгенімен оқи келе соның бәрі «керек тастың ауырлығы жоқ» екеніне көзіңді жеткізеді. Роман жазуда автордың жиған-терген деректері мен дәлелдері өте көп болғанын аңғарасың. Сөйте тұра, автор оның бәрін тықпалай бермей, үнемдеп, өлшеп, кезегіне қарай, өз орнына ғана сығымдап, шақтап беріп отырғанын аңғардық.
Астана Бежіңдегі Мао Цзе Дунның саяси күресінің түпкі мақсаты төраға Лю-шаушиден билікті толық тартып алуға құрылады да, Мао ел бойынша «мәдениет­тегі зор төңкерісті» бастап жібергенін айт­тық. Шайқас тақ таласы барысында Мао Цзе Дун қарсыласы Лю-шаушидің жақтастары Дың-шаупың, Тау-жу секілді алғабасар саясаткерлермен де алысады. Сондықтан ол «Лю-Дың-Тауға қарсы күресті» қозғайды. Міне, соның кесірінен бүкіл ел, тұтас қытай қоғамы батпаққа батады. «Бірдің кесірі мыңға» дегеннің дәл өзі болып шығады.
Романның төрт томы 1966-1976 жылдарда өткен шақ-шалекей болған «мәдениет зор төңкерісін» айпарадай ашады. Онан соңғы бір том 1945-1949 жылдардағы «Үш аймақ төңкерісінің» оқиғаларымен тұжырымдалады. Өйткені, 1945-жылы құрылып, 1949-жылы құрдымға кетірген «Шығыс Түркістан мемлекеті» «мәдениет зор төңкерісімен» бірлестіре қаралады. Сол дәуірдің сақа кадрлары мен сардар ұлдары «мәдениет төңкерісінде» сүйреп шығарылып, күреске тартылады. Кері төңкерісшілерді жоғалту науқаны тұтасып, бірлесіп кетеді. Нақтылап айтар болсақ, бас-аяғы қытайдың қырық жылғы саяси сахнасы сөз болып, Шыңжаң халқының басынан өткен аумалы-төкпелі жылдары жіпке тізіледі. Осының бәрі оқиға ортасында, кейіпкерлер басында өтіп, біртіндеп дамиды, образдары сомдалады. Сол кез­дегі Шығыс Түркістан ұлт-азат­тық көтерілісінің жеңіске жетуі, мемлекет құрып, тарих сахнасына шығуы тұтас түркі халқының ұлы арманы болатын. Бірақ ол қарулы төңкеріс Қытай коммунистері мен Кеңес одағы коммунистері арасында тұншығып, ғұмыры қысқа, дәуірі келте болды. Сондықтан бес томдық эпопеяның бір кітабы сол маңызды жылдарды жымдастыра бейнелеп, тұтас бір қоғамның құпиясын ашады.
Қазақ халқы шекаралар тартылып, жүріс-тұрысы шектелгенімен ұлы даланың шығысы мен батысында өмір сүріп келген біртұтас ұлт еді. Орыс империясы мен қытай империясының ортасына орналасқандығы үшін де әр замандарда, әр кезеңдерде осы екі державадан қысым көріп, қиналып өмір сүргені өтірік емес. «Дауылдар толқыны» романы соны бізге көрсетеді. Оқиға қытай жеріндегі қазақтар қоныстанған «Нылқы» ауданында өткенімен ол да біртұтас қазақ халқының тағдыр тәлейі. Оны өзімізден бөле-жарып қарай алмаймыз. Әсіресе «мәдениет зор төңкерісі» біздің ұлтымыздың басынан өткен шерлі жылдардың шежіресі. Оны қазақ қана емес, әлем жұрты білуге тиіс. Саясат­тың құлы болған қоғамның тартар азабы, барар жері құрдым. Жеке басқа табындыруды көздеген диктатуралық жүйенің зардабы, міне, осылай болады. Бұл – демократия тұншықтырылған, адамзат баласына апат алып келген ащы сабақ.
Тұтас романға қарап отырсаң, автордың әңгімешілдік әлпеті, терең білімді дегдарлығы, тілге бай құнарлы, нәрлі сөздік қоры менмұндалайды. Әрине, кейіпкерлерінің жартысы қытай, аты-жөндері бөтен болған соң оқырманға ауырлау болатыны анық. Дегенмен, ол да ұзаққа бармайды, бір-екі тарауы оқылған соң жүйесіне түсіп, қыртысы жазылып, жолын тауып арнасымен аға бастайды. Шытырман оқиғалар жөңкіліп көз алдыңнан өтеді. Сондықтан да бұл романды «Мәдениет­тегі зор төңкеріске» қойылған қаралы «ескерткіш», басылған қайғылы қара таңба деуге болады. Ізденушілер үшін қытайтану ғылымына қосылған үлес. Ол әлемге апат алып келген коммунистік жүйемен, атеистік қоғамның жексұрын кейіп-кеспірін ашты. Жауыз билік жағынан қараланған, жала жабылған қайсар да, кінәсіз халықты түбірінен ақтаған шығарма. Жеңімпаз халықтың биік рухани мұнарасын орнатып, әділет­тің ақ туын желбіреткен көркем әдебиет­тің кесек туындысы.
1966-жылы аласұра соққан дауыл бір сәт толастап алып, 2016-жылы қайтадан ұйытқып, аспан мен жердің арасын торлады, тау-тау толқындар қайта көтерілді. Бұл тарихтың қайталануы ма, коммунистердің ұстамалы ауруы ма?.. Жинақтап айтар болсам, жазушы Дәулетбек Қаңбақовтың «Дауылдар толқыны» тарихи романы – орыны өзгеше сүбелі еңбек, тарихтан тағылым берер дәріс. Роман зерт­теушілер мен қытайтанушылардың іздеп жүріп оқитын, зерт­тейтін шығармасына айналары сөзсіз.

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
ақын, аудармашы,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

ПІКІРЛЕР1
Аноним 23.08.2023 | 22:57

Дауылдар Толқыны кітабын қалай және қайдан алып оқуға болады!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір