Тасқа қашалған тарих
17.09.2024
448
0

Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерт­теу орталығының мамандары 2017 жылы «Атырау қазақтарының эпиграфикалық ескерткіштері» ат­ты сериялық кітап-альбомын шығаруды бастаған болатын. Мақсаты – ХІХ ғ.–ХХ ғ. бас кезінде ата-бабаларымыздың жерлеу орындарындағы араб әріптерімен қашалған құлпытастардағы жазуларды қазақшаға аудару және көпшіліктің назарына ұсыну. ХХ ғасырдың бас кезіне дейін қазақ халқы араб эпиграфикаларын қолданып, кейін аз уақыт латын, одан кейін кириллицаға өткені белгілі. Осының салдарынан, өңір тұрғындары уақыт өте ескі жазбаларды оқитын мүмкіндіктері болмай, нәтижесінде, аталарының жерленген жерлерін де таба алмай қалды. Міне, осындай басылымның мақсат­ының бірі – батыр-билеріміздің, тарихи тұлғаларымыздың, ата-бабаларымыздың бейіт­терін анықтау.
Негізінен, ескі құлпытастар еліміздің Батыс өңірінде ғана жаппай қойылған. Оның себебі, аймақта құлпытас қашауға жарамды материалдардың болуымен байланыстыруға болады. Сонымен қатар тағы бір себебі, ол – батыс өңірдегі ертеден келе жатқан құлпытас қоюдың дәстүрлі үрдісінің болуы. Әйтпесе, еліміздің өзге өңірлерінде құлпытас материалы болмағанның өзінде, оны бұл өңірден тасымалдау арқылы орнатуға болар еді.
Құлпытастардың негізгі шоғырланған аумақтарының бірі – Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақ­стан және Ақтөбе облыстары. Бұл дегеніміз – аталған аймақтардағы ХІХ ғасырдан бері қоныстанған халықтардың басқа облыстарға қарағанда, ата-бабаларымыздың едәуір көп жерленген жерлері белгілі дегенді білдіреді. Алайда алфавитіміздің ауысуы салдарынан көбін жоғалтып алғанымыз рас. Құлпытас оқитын мамандарымыздың болмауынан уақыт өте кейбір тас бетіндегі жазулар табиғат факторларының әсерінен мүжіліп, жойылған. Атырау жерінде тек 2013 жылдан кейінгі уақыт­та мекеме жанынан мамандар дайындалып, облыс аумағындағы орналасқан құлпытастағы ескі жазуларды оқу қолға алынды. Алғаш құлпытастарды оқуды бастаған сол уақыт­тағы мекеме маманы Ринат Өтеуғалив деген азамат Махамбет ауданындағы Беріш Себектердің қауымы Алтын және төре-сұлтандар жерленген жаналы қорымдарының ескі жазуларын оқып, көпшілік назарына ұсынды.
Құлпытастарды зерт­теу нәтижесінде Беріш Себектің Айтуар биі, Қаратоқайдың Есет биі мен Жапарберді батыры, Жайық руынан шыққан Байнақ пен Машақ билердің құлпытастары табылғанын айта кету керек. Одан өзге, көптеген адамдардың аталарының бұған дейін белгісіз болған құлпытастары анықталды. Сонымен қатар 2023 жылы далалық зерт­теу жұмыстары барысында Қызылқоға ауданы аумағында Адай руының белгілі батыры Сүйінқараның құлпытасы табылды. Негізінен, батырға арналған бір құлпытас Маңғыстау өңіріндегі Сисем ата қорымында қойылған. Кейін ұрпақтары ол жерге кесене тұрғызған. Ол құлпытастың қас бетінде «Адай руы Жары тайпасы Сүйін­қара батыр» деп жазылған және артқы бетіне бесқарудың сурет­тері қашалған. Алайда құлпытастарда міндет­ті түрде көрсетілуге тиіс қайтыс болған жылы мен жасы мүлде енгізілмеген. Бірақ халық Сүйінқара батырды 1756–1841 жылдары өмір сүріп, 85 жасында дүние салған деп келді. Бұл құлпытасқа батырдың әдет­тегідей әкесінің және тас қоюшының есімдерінің жазылмауы, сонымен қатар қайтыс болған жылы мен жасының көрсетілмеуі, оның әкесінің бейітінің қасына естелік ретінде қойылған ескерткіш белгі екенін меңзейді. Атыраудағы Шеңгелді қыстағының маңындағы қорымнан табылған құлпытастың қас бетінде араб әріптерімен «Адай руы, Мұңал тайпасы, Үргешбай баласы Сүйінқара опат 86 жасында 1848 жылда ұлы Көтібар қалдырды» деп, астына Адайдың таңбасы қашалған болса, қапталында «Шәңкі Кенбай баласы 73 жасында» деп есімі қашалған. Бұл жердегі Шәңкі Сүйінқараның немере інісі болып келеді. Ал сол маңдағы Кенбай ауылының аталуы осы Шәңкінің әкесінің есімімен байланысты делінеді. Алайда құлпытастың артқы бөлігіне Таз руының таңбасын да салғаны ойландырып тастады.
Ойлана келе, құлпытастың артындағы Таздың таңбасына қатысты мынадай тұжырым келді. Қас бетіндегі жазу мен Адайдың таңбасы Сүйінқараға арналған. Тасты қашап жазу стилі бөлек, яғни әріптер шығыңқы түрде ойылған. Бұндай ойып жазуды материал жұмсақ кезінде ғана қолдана алады. Ал қапталындағы Кенбайұлы Шәңкі деген есім мен құлпытастың артқы бетіндегі Таздың таңбасы кейін жазылған, яғни жазу стилі ойып қашалған. Өйткені, қатып кеткен тасқа алдыңғы бетіндегідей стильде қашай алмайды.
Бұл нені білдіреді?! Бұл Таздың таңбасы Шәңкінің таңбасы екенін көрсетіп тұр, яғни Шәңкі деген адам Таз руынан болуы мүмкін. Сонымен қатар сол маңдағы Кенбай ауылының атауы Таз руының Кенбай деген адамының есімімен байланысты екені де айтылады. Алайда Кенбай мен Шәңкі Адайлардың шежіресінде жүр. Сұрақтың үстіне сұрақ туындауда. Шежіреде біз әлі білмейтін нәрселер көп. Бұл тұжырымым рас болса, Шәңкі Таз руынан болуы мүмкін.
Жалпы, Атырау өңіріндегі құлпытастардағы жазуларда татар мақамы жиі қолданылғанын зерт­теу нәтижелері көрсетіп жүр. Мысалы, илда, яшында, яздырды т.б. болып жазылған. Құлпытас жазуында кейде ұлы, кейде баласы деп те келеді. Сондай-ақ бірде жылы, жылында бірде сана, санада сөздері қолданылған. Жалпы құлпытастардағы сөздердің жазылуында, біріңғай жазу емлесі сақталмаған. Мысалы: жылы – илы, тайфасы – тайпасы, жасында – йасында немесе йашында, руы – руғы, опат – офат, оуфат т.б. эпитафия мәтіндерінде грамматикалық, графикалық қателіктер де көптеп кез­деседі. Әріптердің жазылмай кетуі немесе бір әріптің орнына басқа әріпті пайдалану сияқты жайт­тар көптеп кез­деседі. Мысалы, «Айнақұл» сөзін «Айнағұл» деп, «қ» әріпінің орнына «ғ» әріпін қолдану.
Одан өзге арабша әріптердің оқылу тәсілі саналатын қырағат­тың да қазіргі егеменді қазақ елінде қолданылатын қырағат­тан өзгеше болғаны байқалады, яғни қазір елімізде Құран Кәрім Ғасим әл-Куфи қырағатымен оқылатын болса, ескі құлпытастардағы жазулардың негізгі бөлігі қазіргі Түркия елінің Құран оқу қырағатына келеді. Сонымен қатар құлпытаста марқұмның руы, тайпасы, әкесінің, өзінің, белгіні қоюшының есімдері, қайтыс болған жасы мен жылы, ай атаулары және ру таңбасы қашалады. Қазіргі уақыт­та қолданылмайтын «опат», «сәнәдә», «халалы», «жамағаты», «хатыны», «ханым» және «үшбу» секілді сөздер қайталанып келеді. Ал бұл сөздерді татарлар, өзбектер күні бүгінге дейін қолданады. «Халалы», «жамағаты», «хатыны», «ханым» сөздері әйел адамдарға қатысты айтылады, яғни белгілі бір адамның әйелі деген мағынаны бідіреді. «Халалы» деген шариғат бойын­ша некелеп алған адал әйелі дегенді білдірсе, «жамағаты» да сол мағынаны көрсетеді. «Хатын» сөзі – «ханым» деген сөзден шықса, яғни «ханның әйелі» деген – әйелдердің құрметіне айтылған сөз. «Үшбу» сөзіне келетін болсақ, құлпытастарда «үшбу тасты жаздырды», «үшбу тасты қалдырды» деп келеді, яғни «осы тасты қалдырды немесе жаздырды» деген мағынаны білдіреді.
Құлпытастардың кейінгі уақыт­та ғана зерт­телуінің салдарынан таңба мәселесінде де қазіргі уақыт­та талас-тартыстар бар. Әсіресе Беріш руының таңбасы күні бүгінге жеткен ақпарат­та жеті санына ұқсас, артқы бөлігінде біріккен кішкене сызығы бар («құман» таңба деп жүрміз) деп келдік. Алайда барлық ескі құлпытастарда бұған ұқсас таңба мүлде кез­деспейді. Керісінше, еңкейген жеті санына ұқсас төменгі жағында қысқа сызықшасы бар (айбалтаға ұқсас) таңбасы қашалған. Бұл таңба жеті баулы Беріштің барлық бөлімдерінің марқұмдарының құлпытастарында көрініс тапқан. Құлпытастағы жазулар негізгі архивтік дереккөз екенін ескерсек, таңбаның дұрыс нұсқасын құлпытастағы жазбалардан алуымыз қажет.
Ал жоғарыда айтылған «құман» таңба жөнінде ақпарат­тар 1889 жылы А.Харузиннің Мәскеуден жарық көрген «Киргизы Букеевской орды» ат­ты антропологиялық-этнологиялық очеркінде бар. Басылымда А.Харузин өзіне дейінгі зерт­теушілердің еңбектерінде көрсеткен ру таңбаларын сараптап, салыстырады. Оның ішінде, Беріштің руының таңбасына қатысты 1832 жылы А. Левшиннің және 1862 жылғы Л.Мейер­дің таңбаларын келтіреді. Атап айт­қанда, А. Левшин «құман» таңбаны салса, отыз жыл өткеннен кейін Л.Мейер үш бұрышты таңбаны Беріштікі деп көрсетеді. Бірақ екеуі де бұл таңбаларға түсіндірме бермейді. Осыдан кейін, А.Харузин өзінің ру таңбаларының нұсқаларын ұсынады. Ол жерде, Берішке қатысты үш таңбаның біреуі – қазіргі құлпытастарда қашалған таңбамен сәйкес келеді (қалған екеуінің біреуі доға, яғни жартылай шеңбер сызығы, екіншісі – үш бұрыштың бір қабырғасы жоқ түрінде) және бұл таңбаны Мейердің үш бұрышты таңбасына ұқсас екенін, сонымен қатар Беріштің Тыныс руына тиесілі деп түсініктеме береді.
Жалпы, Атырау өңіріндегі шоғырланған құлпытастардың негізгі бөлігі 1815–1930 жылдар аралығын қамтиды. Оларды 1815–1900 жылдар аралығы, 1900–1930 жылдар және 1930 жылдардан кейінгі мерзімдерде қойылған деп, кезеңдерге бөліп қарауға болады. Алғашқы кезеңде қойылған құлпытастар ерекше жоғарғы деңгейде өңделіп, әртүрлі ою-өрнектер, әшекей бұйымдар, қару-жарақтар және тұрмыстық зат­тардың бейнеленуімен, яғни тас қашау өнерінің жоғарғы деңгейімен ерекшеленеді. Сонымен қатар ондағы жазуларда Құран аят­тары мен мұсылмандық діни сөздер көп құлпытастарда кез­деседі. Екінші кезеңде, яғни 1900–1930 жылдар аралығындағы құлпытастарда бірінші кезеңдегідей аса безендірулер азайып, көп жағдайда мүлдем тоқтатылған. Ішінара латын әріптерімен жазылған құлпытастар да бар. Ал құлпытастардың таралуының соңғы кезеңінде жазулар кириллицаға алмасып қана қоймай, оның материалы да жай ғана бетоннан жасалып, мұсылман дінімен байланысты сөздер қолданылмағанын аңғарамыз. Өйткені бұл кезеңнен кейінгі уақыт­та Кеңес үкіметі тарапынан дін мәселесінде қатаң шектеулер болғаны тарихтан белгілі.
Дегенмен Атырау облысы аумағында 1815 жылдан бұрын орнатылған құлпытастар да кез­деседі. Атап айтсақ, Махамбет ауданы аумағында орналасқан Төре-сұлтандардың қорымы болып саналатын қауымда 1803 жылғы құлпытас бар. Одан өзге, Қызылқоға ауданы Қырғынтөбедегі «Дулатмола» қорымында 1693 жылғы құлпытастың бар екенін атап өткен жөн. Төбешіктің «Қырғынтөбе» аталуын сол жердегі қалмақ пен қазақтар арасындағы қақтығыстардағы қырғынмен байланыстырылса, «Дулатмола» жөнінде Асан Қайғының балаларының бірі – Дулат жерленген деген дерек бар.
Эпиграфикалық ескерткіштер мәтіні қысқа да, мәлімет­тер көп болмағанымен деректік жағынан маңызы зор және нақты, анық деректер болуымен ерекшеленеді. Ал, енді эпиграфикалық деген соң бұл – тасқа, ағашқа, қышқа, теріге, металға т.б. материалдарға басылып жазылған жазу. Біздің қарастырып отырғанымыз осы тасқа қашалып жазылған араб жазулы ескерткіштер. Жалпы Батыс Қазақ­стан өңіріне жасалған этноархеологиялық экспедиция барысында эпиграфикалық ескерткіштердің де алуан түрлерін кез­дестіруге болады. Батыс Қазақ­стан аймағында тасқа қашау салу өнері, оның ішінде, тасқа жазулар жазу үрдісі орта ғасырлардан бері дәстүрге айналған.
Құлпытастардағы жазулардың да қашалу стилі де әртүрлі келеді. 1900 жылдардың бас кезіне дейінгі уақыт­та көбіне әріптерді төменнен жоғары бағытқа, сосын, қайтадан жоғарыдан төменге қарай тігінен жазылса, одан кейінгі жылдарда, әсіресе 1920 жылдардың шамасынан бастап, сөздерді бір ізбен көлденеңнен жазылғанын аңғарамыз. Жылды араб цифрымен григориан жыл санауы бойынша, ал кейде хижра жыл санауымен де белгілейді. Құлпытас оқу барысындағы кейбір мысал, мәселен, бір қабіртастың бірнеше адамға, ал кейде жас сәбилерге де құлпытас қойыл­ғанын байқаймыз. Жас балаларға қойылатын құлпытастар, негізінен, көлемі жағынан шағын әрі аласа болып келеді.
Негізінен, Атырау өңіріндегі құлпытастардың көп бөлігі Жайық өзенінің сол жағалауында, яғни Бұқар жақ бетінде кеңінен таралған. Ал Жайықтың Самар бөлігінде сирек кез­деседі, соған қарағанда, Жайық өзенінен келесі бетіне тасымалдау кедергі болған секілді. Сонымен бірге архивтік фотоларда Қопа мекеніндегі ХІХ ғ. – ХХ ғ. бас кезіндегі құлпытастар саудасының фотосы кез­деседі. Қопа деген елді мекен Сағыз ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 18 шақырым жерде орналасқанын ескерсек, Қызылқоға, Индер, Махамбет аудандарындағы құлпытастар солтүстік-шығыс өңірлерден әкелінген болуы мүмкін. Өйткені Ақтөбе облысының Ресейдің Орынбор облысымен шектесетін өңірлерінде жиі кез­десетін құлпытастардың материалына ұқсас. Ал Жылыой ауданы жағындағы құлпытастар Маңғыстау облысындағы құлпытастардың сапасына сәйкес, яғни құрамында құм топырағы басымдау. Бұдан көретініміз, әр өңірдің материал алатын карьерлері болған.
Қорыта келе, араб әріпімен жазылған құлпытастардың аудармасы көрсетілген кітап-альбомның 2017–2019 жылдар аралығында үш томы жарыққа шығарылды. Әр томына Атырау өлкесі аумағындағы ескі қорымдардағы 200-ге жуық құлпытастың аудармалары енгізіліп келеді. Араға төрт жыл салып, IV томы да дайындалып, басылды және жақын арада көпшілікке ұсынылады. Аталмыш басылымға Қызылқоға ауданы аумағындағы Аю, ескі Қызылқоға маңындағы екі қорым, Жауөзен 1 (Аю 2), Қарабау 1, Қаратерең 3, Қожамола, Мән, Мәтенқожа, Рақ, Соркөл 7, Соркөл 8, Шал қорымдары, Индер ауданы аумағындағы Пұсырман Иса-Мәнет, Атырау қаласы аумағындағы Жарқын-Бесбатыр қорымдарындағы 200-ге жуық құлпытастың мәлімет­тері енді.

Фархад БАЙДӘУЛЕТОВ,
Атырау облысы тарихи-мәдени
мұраны зерт­теу орталығының маманы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір