Көгергенге – су емес, қасарғанға – мұз емес…
Бұл жол сонау бетке өткен күзге салым түскен. Сананы сан-саққа салған ой мен әсер көптігі ме, сол сапардың бас-аяғы реттеліп, қағазға бір түспей-ақ қойғаны. Соның сәті енді келгендей.
Бұрқап аққан өзені жоқ… Бұлғақтап өскен дарағы жоқ… Кеудесі көрік таулары жоқ. «Жер төресі» деген әспеттеуге келіңкіремейді, жоғы көптеу… Ол – ол ма, кенезесі кеуіп, өзегі қурап жатқан жайы бар. Бұ дүние, мына уақыттың біраз ауыртпалығы бір басына түскен сондай ахуал. Жер бедеріне орнай бастаған Ай әлпет, әлде Марс табиғат. Ахирет салқыны жүзін торлай бастаған… Бірақ сонда да көркем! Сонда да жүрек қылын шертер ғажайып ол!
Жол тағы солай түсті. Ішу-жеу, той-томалақ қызығы емес. Хикая қуған дабырашыл сапар деуге де келмейді. Еріктен тыс бір мұңды сезім-атойдың шақыруы. Маңдай тұс – Арал… Жол таңдамайтын әмбебап көлік, құла түзге талаптың қам-қажеті түгел іспетті. Бәрі дәтке қуат. Топта – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ұстазы, доцент Шанжархан Бекмағамбетов, осы жолға біраздан мені жолбасшылыққа шақырып жүрген, жағрафияшы Әбілқасым Баймаханов, жер сейіс жүргізуші Марғұлан Жексенбиев және осы жолдар авторы.
Осы күні сонау жалпақ шалқардың елесіне еміне отырып қалған біреу-жарым ел болмаса, баяғы басат басы сайын көлбеп жататын ызғын халықтан ештеме қалып жарытпаған. Аумағы Еуропаның бірнеше елін сиғызып жібере алатын алып ұлтан – ендігі қу медиен. Сонан ба, бұл жолдың тәуекел салмағы басымдау. Әрине, елге әр келгенде теңіз табаны, етегі түріле қашқан су пұшпағын аралауымның кемі жоқ, бірақ мына жол – Аралдың көп аумағына (тіпті, жан аяғы тимеген бір жерлерге) жетуді мақсат еткен, жүздеген шақырымға созылар тәуекелді талап екенін айту керек.
Теңізге ұмсына байырқалап қалған бір жұртшылық – Арал ауданының шалғай ауылы Қаратерең еді. Онан әріде, кешегі теңіз шалқуында «Тоқпан», «Қасқақұлан» аталған арал-жұрттар орны жатыр. Қаратерең жігіттері бізді сол бетке шақырды. Жай шақыру емес, сол жерлерден үдере көшкен ағайын жылда тамыздың 22-жұлдызында, маңайдағы ауылдардан, облыстардан, тіпті, Астана, Алматыдан жиылып, әруаққа құран бағыштап, сонау бір өткен өмір ғайыптарын еске алады екен. Туған өлкеде жүріп-ақ, туған жерге сағыныш шөлін басудың сондай бір жолы. Жанды дәстүр… Сол күні Қасқақұлан аталатын биік етегінде көп ағайын қауқылдаса қауымдасты. Бұл жерлерде біразының базарлы дәурені, бұла шағы, мәнді өмірі өткен… Осы дәстүрге ұйытқы болып, ел орнына ескерткіш-белгі көтеріп, бұл үрдісті бекіткен Шынтемір Әмишаев, Тілектес Жұмағалиев, Болат Сәдуов, Мамай Өтемісов сияқты азаматтар екен. Қасқақұланда бұлақ көзі ашылған, төңірекке тұтаса тоғай тұрған, Барсадан ауған киік пен құлан атаулы осында үйірсек көрінеді…
Қасқақұлан биігінен қарап тұрсаң, сонау тіршілікті-толқынды өмір-алап естелігі – Тоқпан, Ұзынқайыр, Жұпбике, Жыңғылды, Көзжетпес, Айжарым-Тасты, Жалпақ, Бектау, Ұялы атау-ауылдар боп жалғаса беретін секілді. Бәрінің осы күнгі бергі табантірері – Қаратерең болғанда, арғы іргені бекемдеп Жанқожа бабамыз жатыр. Бұл өлкеде елді мекеннен гөрі медиен жұрт орны басымдау… Қала-қыстағын қоса есептегенде, кешегі Аралдың ұзына бойы – 100-ден аса қоныста ырғын ел отырған екен. Сонан
Қазақстан беттегі экология бұрқағынан аман қалған үмітті мекендер қарамына енді екі қолдың саусағы да көптік етердей… Енді солар елесті естеліктер жұртына айналып кетпесе екен деген тілек көкейде тұрды…
Әмбебап көлікке сенім Қасқа-
құланнан Барсакелмеске қарай, ұлы теңізден қалған жалпақ ұлтанда төте кесіп өтеміз деген тәуекелге сеп болды. Кешегі Азау, Қызылбай аралдарынан ары – телегей шөлдің репеті жақсы көрінбеді. Ұлы судан көтерілген орғыл құм, қанша дилы дегенмен біздің көлік адымын аштырар болмады. Шөл теңізі бұл… Жер бедерінде жорғалаған кесіртке ізі, көкте қалбаң еткен бір құс қарасы жоқ. Алдымыз кеш. Жапанда қалсақ жағдай қиынға кетер деп, «ес барда елге қарай» бет бұрдық. Мұнымыз ақыл болды. Атынан әлем үріккен Барсакелмеске қатқақтау теңіз ұлтанымен енді Баян-көл беттен талап ету мақұл еді.
Тасудағы азын-шұғын дария суы тепкен жағалық алаптар болмаса, ұлы теңіз ұлтанының безбүйрек бедері көңіл құлазытады. Көк шалғайына шейін көз тоқтатар бір қарайған жоқ. Тек ара-тұра түсініксіз бір қоңыр алаптар жол кеседі. Бұл даңғайырда, ғылым айтса, көне бабалар жер бетіне сызған алып жұмбақ таңбалар (Арал геоглифтері) жатыр. Олар атақты Перу-Наска суреттерінен кем де мәнсіз емес. Әлгі алаптар сол «сызықтар» кесіндісі сірә… Осы маңдарда, бір кездері өзім зерттеуіне қатысқан Кердері кешені сияқты ежелгі мекендер орындары бар. Бәрі де өлі Аралдың ендігі ұрпаққа ашқан «сыйы». (Арал осы халінде де пенделер үшін сарқылмас қазына көзі!)
Бедерінен көз тайғанаған тұлдырсыз ұлтанда Марғұлан бір қызық кеп бастады: өткен ғасырдың басы, 40 жаста атасы Құрманәлі (орыстар қосшылығында «Құран» атанып кеткен) орыстан сыйға алған барқас қайығымен теңіз шарлай жүріп, Барса-атаудан шығып, елсіз аралда, бір таңғажайып ізге кезігеді. Әлгісі жыланның ізі секілді, бірақ бөрене сүйреткендей тым үлкен… Сонан елге келіп, Қызылбай атты аша мылтықты аңшы жігіт пен жас інісі Жиенәліні ертіп, Барсакелмеске қайта барады. Қайық көшкісін тастамай, ескектеп жиекте ұстап отыруды балаға тапсырып, екі жігіт арал қалыңына ұзайды. «Рейдте» қалған бала біраздасын алыстан атылған мылтық даусын есітеді. Біраз күтіп, ешкім келмегесін, қайықты көшкілеп, атыс естілген жаққа өзі кетеді. Із кесіп келе жатқанында, жақын маңнан мылтық тағы атылады. Сол сәт тоғай іші ұлы патыр болып, томарлар қирап аспанға ұшады. Қаша жүгіріп қайыққа жеткенінде, ізінен екі ағасы да үлгереді. «Ес! Ес!» болады бар сөз. Дем басқасын белгілі болғаны: екі жігіт тоғай аралап жүріп, бір алып жылан көреді. Ұзыны 8-9 метрдей, жуандығы «мыс самаурын» қарамды болған. Мерген сол мақұлықты бастан атады. Оқ тиген жылан иіріліп-созылып жатқанында, аузынан оқ-дәрі құятын мылтығын қайта оқтап алады. Біраз күтіп, өле қоймаған жыланды тағы атады. Жиенәлінің көргені сол сәт еді… Сонан, бұлар аралға баруға дәттері жетпей, ауылда бір қыс өткереді. Келер жаз барса, алып жылан баяғы қайық тұрған жағаға жетіп өлген екен. Еті ағып, терісі сүйегіне жабысқан. Жігіттер сол мақұлықтың 1-2 омыртқасын елге алып келген, көлемі жігіт жұдырығы мөлшерлі шыққан… Әңгіме жалғасында, Құрманәлі қайтыс болады да, қайық Жиенәліге тиіп, енді теңізде сол кәсіп құрады. Арада біраз уақыт өткен; ойда еш нәрсе жоқ, Азаудың ұлы теңіз жағында тұрған қайығына келе жатып, баркастың құйрығы суға батыңқы екенін байқайды. Қаперсіз қайыққа мініп, белазынаға құйрық басқанда, арт жақтан бір дәу сары жыланның басын көтеріп, өзіне ұмсынып тұрғанын көреді. Арбалу жағдайында қалған жас жігіт еңіреп жылап, жыланға былай дейді: «Сенің сыңарыңды атқан адам қайтыс болды, менің еш жазығым жоқ…» Осы сөздерден кейін жылан басын теңізге бұрып, қайықтан сырғып түскенінде, баркас құйрығы сопаң етіп жоғары көтеріледі.
– …Сонан қайтып, бұл маңдарда дәу сары жылан туралы гәп естілген емес, – деді әңгімеші. – Ал мына Барсада жуандығы жеңді білектей қалқантұмсық деген улы жыландар көп деседі. Кім білген, сол дәулерден қалған ба?..
Барсакелместен қозыкөш солтүстік шығыста тағы бір көне мекен орны ашылған. «Кердері-2» аталады. Мен көрмеген нысан. Қираған қыш көзелер, диаметрі жарым құлаш диірмен тастар – бұл жердің қорымнан гөрі базарлы мекен болғанына меңзейді. Маңайға қарап тұрып, ұлан-ғайыр массагет даласын ойша шамаладым. Сырдың суы жүзін торлаған көкорай кең өлкесі. Ғарышқа сәлем жолдаған алып геоглифтер. Қайнаған өмір байтағы…
Барса-арал тыйымды қорық аймағы. Біз оның ұзына бойын қуалай жүріп, солтүстік батыс тұмсығынан, Арал ұрықсат берсе, Құландыға бір-ақ секірмекпіз. Әбілқасым айтса, осы екі арада Жердің «клиналь» қыртысы бар. Ол «антиклиналь, синклиналь» дегендерге қарағанда қатпарына көп су жиятын құбылыс. Сол «клинальдерден» түбі теңіз табанында су бұрқақтар атқылауы мүмкін. (Ендеше, шалдардың «теңіз түбінен тасиды, Арал бір түнде тасыған» деген қызық гәбі шындықпен ағайындасады!) Батыстан аралға ұмсынған Изенді түбегінің шын аты «Үзінді» не «Өзенді» болуы да мүмкін… Әйтеуір, жорамал көп. Және бәрі Арал қайта толады деген үміт желкенді гәптер.
Барсакелмес енді «жанжуымас» болған ба… Жылан түгіл, жорғалаған кесіртке көзге түспеді. Тіршілік атаулы Қасқақұлан ауып кеткен сыңайлы. Қалыңы аршылған қырқалар жалаңаш, жүдеу. Кордон үйлері иесіз. Әудем жердегі оншақты бейітте әулетіне топырақ осыдан бұйырған бір орыс отбасы түгелімен жатыр… Мына бір тұстар – Тарас Шевченко сүйікті Украинасы туралы мұң мен жыр өрген жерлер. Жағалау бедері қорқынышты ертегі іспетті аралдың И.Бутаков тұмсығынан Изендіге тіке тартқан жолымызды теңіз кесті. Дәлірегі былтырғы Сырдың тасу суы теңіздің бұл бетіне біраз дем берген бе, жас баланың еңбегіндей былқылдаған ұлтан бізді қорқытты. Күн кешкірген сәт еді, тәуекел деп, Барса мен Құланды арасы ұлтанда түнеуге ұйғардық.
Ұйқы – ұйқы емес. Жұлдызы жақұт-жарқыл аспанға қарап жатып, неше мың жылдар жан аяғы тимеген жерде жатқанымды ойладым. Төбеде бір кездері (кеше ғана!) қалыңы 25 метр ұшан су толқыған. Алапат теңізде, толқын кескектеп, ержүрек жандар тәуекелді сапар кешкен… Үлкендігі қызыл құмырсқадай қара масалар, аңырап келеді, оңдырмай шағады. Мына медиен ұлтанда қайдан жүр бұлар?!. Африканың зарарлы бәлелерінен таза сияқты, әйтеуір… Таң бозында қарасам, қасымдағы серіктерім түгел машинаға барып тығылған екен…
Қайтадан Қаратерең-Көкарал айнала, Ақбастыдағы Қорғанбек ақсақалдың үйінен дәм татып, Құландыға бет алдық.
«Кетік» құламасынан Тұщыбас шығанағының көк айдыны құшақ ашты. Баяғыда «Жарлепестің» шыңынан машина аударыла жаздап, аудаңдап түсер еді, теңіз алабына көлбеулеу-құлама бұл жол қауіпсіздеу екен. Осы күндер бойы Ақбасты биігінен жалт етіп бір көрінген Кіші Арал суы болмаса, теңіз нәті көзге түспеп еді, алдан ашылған көгілдір шығанақ үміт елесін бергендей бізге. Баяғы Арал алдан шалқып шыға келгендей… Сонау жағалауда киләсі алтынмен, доллармен бағаланатын қызыл құрт пайда болған. Оны алыстағы бір алпауыт бұл елге мәлімсіз түрде, өндіріп алып кетіп жатқан көрінеді (тағы да әл үстіндегі Арал қайыры!)… Тілім-тілім жарлауыт жағалау – қиқы-жиқы өрнек панорамасы: тауға тырмысқан алып «тасбақа», үш өркешті «түйе», 4-5 қанат киіз үй ауқым отау тастар, «пирамида», «мавзолей», 30 метр биіктен бүгіле теңізге қараған «кемпір мен шал»… Бір түнде құлап, маңай бедерін метрге көтеріп жіберген заңғар шың. Таусылмас бір фантазия. Арал таулары мінезді келеді деген бар еді… «Қара сексеуіл» аталатын текті өсімдік те осы жолда кездесті. Бар білгенімізді ортақ әңгіме қазанына қоса қайнатқанда, жолдың екі беті тұнып тұрған аңыз бен хикая болды да шықты.
Осы тұс, Әбеңнің көзі тірісінде орнатқан белгісі Беларан биігінен менмұндалады… Ал «Шығанақ» деп аталатын, кемелер қорымына айналған ескі жұртта артезиан құдығынан су атқылап тұрды. Бұл ағын аппақ құмға арна сап, өзен боп сылдыр қағады. Тұщы су. Маңдағы бар тіршілік сол жүлгенің бойын базар еткен. Ақ бадана құм демалысқа, жан рақатына шақырып-ақ тұр. «Апыр-ай, мынадай мың бұлақ ашылса, Аралдың сәл де болса беті бері қарар ма еді!» деген бір ой көкейде тұрды. Шығанақ басында Арал теңізінде ғылым жұмыстарын жүргізген «Отто Шмидт» кемесінің жарты қаңқасы ғана қалыпты, басқасын бір пысықтар темір сынығына кесіп әкеткен.
Құланды ауылында той болып жатыр екен. Жұмабай атты азамат ұл аяқтандырып жатқан шаңыраққа бастады бізді. Бұйырған дәм мен дидар… Жалпы бұл күні алақандай Құландыда екі бірдей той бар екен. Баласын үйлендіру талапты Балболат атты азамат той бастауын Аралда беріп жатқан көрінеді. Теңізі қайтса да, қазаны ортаймаған, өлмес халық дәстүрі! Өмірдің талпыныс-талаптары!.. Жұмабай, біздің сұрау бойынша, бұл маңдағы бір қауым халайық негізіне бастау берген, Арал бойына екі тараптан тараған Қалу мен Мәку ата туралы бір әңгіме айтты. Бұрыннан естіген, сабақты сырға толы аңыз. Бұл маңдағы ағайын Қалу (Мәку) тарихын ноғайлы-маңғыт шежіресіне тірейді. Арғыны айтпайды… Ал талантты ғалым, танымал ориенталист М.Құл-Мұхаммед әйгілі Шығыс Нострадамусы осыдан 300 жыл шамасы бұрын өмір сүрген Тілеу ұлы Мөңке би тегін Меккедегі төрт шаһриярдың бірі, бастысы, расулға (с.а.у.) иман келтірген тұңғыш мұсылман Әбубәкір Сыдықтан негіздеп тартады. («Мөңке би». М.Құл-Мұхаммед. «Аруна» баспасы. 2007 ж). Терең зерделеуді күткен аса мәнді қазына, тарихи терең сыр бұл…
Қоржынды шыңы мен «Қиыр Шөмішөл» жұрты маңында қақтаған күміс оядағы көк зүмәржат секілденіп алыс су көрінді. Жеткізер жерде емес. Және су деген аты ғана сияқты, кешегі ұлы теңізден қалған бір елес секілді ол. «Көгергенге – су емес, қасарғанға – мұз емес…» деген мұңды жолдар ойға оралды… Бұл Шөмішкөл Аралдың батыс жағындағы тек Қызылорда, Ақтөбе облыстары емес, Қазақстанның ең шетін елді мекені еді кезінде. Балық кәсібі гүрлеп тұрған. Енді шаңы бұрқап, сонау қырқаларда елесі ғана қалған сыңайлы.
Қоржынды етегі нағыз алағай-бұлағай тарих алабы ма дедім. Кешегі (ежелгі) теңіз бен шыңның «соғысынан» майдан даласы іспетті қиқы-жиқы алап қалған. Сол алапта Аралдың ұлу-жұмбазға айналған көне тастары, әрқайсысы 4-5 келі тартатын қос жұдырық көлемді ұлулар, аумағы алақандай алып бақалшақтар жайрап жатыр. Тетис пе, Ворукаша ма – қай теңізден қалған кереметтер бұлар?.. Қоржыннан әрі, сондай көп жұмбақты қойнына бұқтырған батыс шыңдар көз жетпес қиырларға заңғарлана созылып, іркіс-тіркіс мұнартып тұрды. Қатпар-қатпар… «Қыз Жібек» сюжетіне белгі салған Қособа осы маңдарда. Әйгілі ғұлама Лев Бергті тәнті еткен «жалғыз көзді» дәулер (циклоптар) тұрағы сол қатпарлардың бірінде… («Смотритель Аральского моря». В. и Е.Мелентьевы. Из-во «Жалын».1989 г).
Құланды түбегінде тағы бір шаңы шығып қалған жұрт – Қазалы маңында мал кәсіп еткен жалғыз үй малшы – Мақсаттың мекеніне ат басын тіредік. Ертеңіне сол жердегі, Шекті ұранын бекіткен Құлбатыр бейітіне құран бағыштағасын, Құланды түбегінің қуыс-қолтығына біздің жол бастаған сол Мақсат-бала айтса, бұл түбектің шын аты Құланды емес, «Төбебұлақ». Айтса айтқандай, әр төбе бауыры – бір бұлақ. Бұлақ басы тұнған көгал, ыңыранған мал. Теңіз қайтса да, осынау тұма-көздер суалмай қалыпты, дәстүрін сақтай алыпты. Ал сонау, өткен ғасырдың 30-жылдары әйгілі Бадхыз қорығынан әкелінген бір үйір құланды жерсіндіру әуелі осы Төбебұлаққа ұйғарылған. Түбектің солтүстік сағасындағы 5 шақырымдай қылтаны абақтап, тарпаңдарды осы құйқалы жерде өсіру жоспарланған екен. Бірақ туған топырағын өлгенде ұмытпайтын сол тағылар талай рет қоршау бұза қашқан көрінеді. Сонан бәрін кемеге тиеп, 30 шақырым көк теңізде жатқан Барсакелмеске жеткізуге тура келген. Өлермен немелер соның өзінде жайқын суды кеуделеп, жүзе қашқан екен. Сондай бір ұмтылыста өлесі немелерді қайықпен қайырып, жағаға қайтарғасын, енді ол талапты қойған деседі. Арал құландарының сондай тарихы бар… Сонан бері Төбебұлақ – Құланды да, ал Барсакелмес құлан жүгірген одақтық әйгілі қорыққа айналған екен.
Кешегі күні балықшы атаулы аңыз ғып айтатын Изенді тұмсығы. Бір кездері су орнына шөмейке-балық ағып жатқан шұрайлы теңіз-алап. Әр тастың саңылауынан тұщы бұлақ парлап жатса, жонынан жарылған шөмейке-балық бұл жерлерге бауыр төсемей қайтеді!.. Күн астында Барсакелмес қылаңытады. Сонау бой көтерген оқшау биік – теңізшілер картасында «Тоқмақ әулие» де, жергілікті атауда «Шулыған» аталатын шың. Су ортасындағы заңғар еді, менің «Алыстағы аралдар» повесіме сюжет-тірек болған ол аңыраған айдалада қалыпты, жарықтық. Шоңғал тастар алабы бізді оған жеткізер болмады… «Изенді – Өзенді – Үзіндідегі» «клиналь» сырын жағрафияшы Әбілқасым өзінше зерлеп жүрген сияқты…
Арал! Естеліктерде қонақтап қалған мұңды ертегі енді…
Ат басын асығыстау елге бұрдық. Бір қапталда осыдан алты ғасыр шамасы бұрын Асан Қайғы, Қазтуған, Ормамбет, Шерғұтты – төрт би алқалап келіп басында кеңесетін Хантөрткіл биігі қалды… Онан әрігерек: Асан Қайғының ұлы Абат батырды ат суарып тұрған жерінен наһан балық жұтатын Жақсықылыш ойысы жатыр… Мына бет – ормандай жұртымен теңіз жағалай қонған Ормамбет өлкесі… Қамбаштың Шулығанында Қаракер атты Қамбар батыр жатыр… Арыстанбабтың Ақиректегі жайы анау… Жеткен жерден жете алмаған киелі-қасиетті-тарихты жерлер көптеу қалғаны рас. Тағы бір жол реті болар деген үмітте қайттық.
«Күндердің Күні болғанда ат тұяғындай жерден мың адамның рухы көтеріледі!» – дейтін ауыл шалдары. Бір ғана Аралдың, оның да, 400-500 шақырымдай желе шолып өткен шет-пұшпақ жолының бойында қанша рухи ошақ, аңыз-әпсана жұрты бүркеулі қалды! Иә, біздің тамырлы тарихымыз тіпті қиял оябына симайтын ғаламат кеңге түсіп жатыр. Біз терең де, шалқар теңіз жағасындағы талпынысты жас баладай сол ұлы феноменге қызыға тамсанудамыз әлі…
Жақында Аралға қарай бір экспедиция шығыпты деседі. Олар бізден хабарсыз, біз олардан хабарсыз дегендей… Ол экспедицияның мақсаты – жоспарлы жұмыс реті болар… Біздің рухани кемелдену мұратымыз аса биік. Мұратты жолдар шын елдік қазыналар арқылы өтіп, толымды жеңіс пен жемісін берсе деген тілек бар.
Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ, жазушы.