Туризм – бұл тек демалыс емес…
19.08.2025
71
1

Біз жыл сайын шетелге барып, қыруар қаражат жұмсаймыз. Ал дәл сондай табиғат, дәл сондай инфрақұрылым өз жерімізде тұр. Сондықтан кәсіпкерлер мен инвесторлар осы мүмкіндікті пайдаланып қалуы тиіс. Қазір басталған қадам – ертеңгі табыстың кепілі. Алакөл туризмі – тек демалыс емес, бұл – жарнамаңыз бен брендіңізді танытатын, табыс әкелетін нақты алаң.

Президент пәрменінен кейін Үкімет пен жергілікті әкімдіктер белсенді бола бастады. Алайда бәрі уақытша науқан күйінде қалмағаны абзал.
Жетісу облысы құрылғаннан бері Алакөл ауданы бойынша туризм саласын дамытуға айырықша көңіл бөлініп отыр. Бұл өз кезегінде көл жағалауының инфрақұрылымын жақсартуға елеулі ықпал етті.
Мемлекет жағынан шағын бизнеске мемлекеттік активтер, жер учаскелерін, табиғат ресурстарын пайдалануға құқық беру, жеңілдетілген несие беру үшін жағдай жасалу арқасында нақты көмек көрсетіліп жатыр. Көл жағалауында 320 демалыс аймағы орналасқан (Көктұма ауылында-50, Ақши ауылында-270). 2024 жылы 1 млн 725 мыңнан аса туристке қызмет көрсетілсе, биыл бұл көрсеткіш 8,2 пайызға артып, 1 млн 868 мың адамды құрады. 2025 жылы Алакөл көлінің жағалауында 2,400 млрд теңге көлеміне 51 жұмыс орнымен 17 нысан іске қосылды. Ірі нысандар арасында – «АВРОВА» демалыс аймағы (300 орын), «Alakol_satori 2» (160 орын) және «Mango resort» демалыс аймақтары (120 орын). Сонымен қатар «Көктем грант» ЖШС көпфункционалды қонақүй кешені, «Гранд Вилла» демалыс орны, «Аквамарин ресорт» ЖШС, «Комфорт», «Алакөл ресорт» ЖШС жұмыс жасауда. Осылайша, бүгін Алакөл көлінің жағалауында тұрақты дамыту үрдісі жалғасуда. Мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметі бойынша соңғы 5 жыл кезеңінде жоғарғы динамикалық өсімі байқалады.
Биылғы жылы туристтік нысан басшыларымен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, уақытылы статистикалық есептер тапсыру мәселесі бақылауға алынды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жағалаудағы электр қуаты жетіспеушілігі мәселесі шешімін тапты. Атап айтқанда, Ақши және Бескөл ауылдарының арасында жоғары кернеулі 56,8 шақырым электр желісі мен 2 қосалқы станцияның негізгі құрылысы салынды, қазір абаттандыру жүргізілуде, дайындық деңгейі 95 пайыз. Өткен жылдары Ақши ауылында ұзындығы 69,7 шақырымды құрайтын магистралды кәріз желісі салынды. Биыл Үкімет резервінен бөлінген қаржыға Ақшиде кәріз тазарту құрылғысын салу жұмыстары басталды, келесі жылы аяқталады. Көктұма ауылында кәріз жүйесінің жобасы әзірленіп, қаржыландыруға өтінім берілді. Жағажай аумағын тазалау үшін жұмыс істейтін қызметкерлер саны 10-нан 18 адамға дейін артты.
Демалушылардың жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мақсатында көл жағалауының 12 гектар аумағында масаға қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы жағалаудын тазалығының жұмыстарын «Айдынды Алакөл» ЖШС-і атқарды.
Бәрімізге мәлім, елімізде былтырдан бері «Таза Қазақстан» акциясы өткізіліп келеді. Осы акция аясында жастар орталығы мен «Жасыл ел» жасақтарының көмегімен көл жағасындағы қоқыстар тазартылып, арнайы орындарға жеткізіліп төгілді.
Ағымдағы жылы Алакөл көлінің жағалауына қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қосымша 28 полиция қызметкері жіберілді. Жағалаудағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлерінің саны 29-дан 39 адамға дейін арттырылды.
Судағы қауіпсіздік және өрт қауіпсіздігі Шомылу маусымының басынан бастап, Ақши ауылында Төтенше жағдайлар департаментінің құтқару бөлімшелерінің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды. Көл жағалауына 9 бақылау мұнарасы орнатылып, күнделікті 18 құтқарушы кезекшілік атқарды.
«Алакөл аудандық орталық ауруханасы» МКК медициналық көмектің уақытылы жетуін және сапасын жақсарту мақсатында жыл сайын жаз мезгілінде 16 маусым мен 31 тамыз аралығында Ақши ауылына демалушылар санының артуына байланысты тәулік бойы медициналық көмек көрсетуін ұйымдастырды.
Биыл республикалық бюджеттен бастапқы қаржысы бөлініп, көлдің қоршау бөгетін салудың бірінші кезеңі басталды. Бұл жобаның жүзеге асуы өңірдегі туризм­нің тұрақты дамуына және жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Алайда Алакөл аймағында жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобалармен шектелмей, қызмет көрсету сапасы мен тазалық деңгейін одан әрі жетілдіру қажет.
Жалпы, жазғы маусымның аяқталуына аз ғана уақыт қалды. 15 қыркүйекке дейін тек санаулы ғана демалыс орындары жұмысын жалғастырады.

Арнұр ТОЛЫБАЙ

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 20.08.2025 | 23:00

Әдебиет кітап шығару мәселесін жазып сынаңыз. сол өтімді

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір