ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ – ДІНСІЗДІК ЕМЕС
23.03.2024
115
0

Әулие бабамыз Мөңке би осыдан 4 ғасыр бұрын: «…Ертеңіңе сенбейтін күнің болады, алашұбар тілің болады, дүдәмәлдау дінің болады, Тапқанын «олжа» дейді, «әлхәм» білгенін «молда» дейді…», – деп аят-хадиске сүйен­ген көрегендікпен айт­қан қилы кезең – дәл қазіргі дәуір болар, сірә. Жаратушысын жоққа шығарып, тегін маймылдан таратқан, «жұмақты жер бетіне өзіміз орнатамыз» деген тақпағы мен идеологиялық тоқпағы мықты болғанымен идеясы шикі, айт­қаны мен амалы қабыспаған екіжүзді, «тәңірсіз» болуы себепті тамырсыз, қалтылдаған қоғамдық жүйе құлаған кез­де өзімен бірге құндылық-пұт­тарын қоса ала кет­ті әрі адамдардың тұрмыс-тіршілігімен қабат­тастыра таным-түсініктерін де шайқап кет­ті.

Бүгінде тұрмыс түзеле бастағанымен, сарсаңда қалған сана әлі де шатқаяқтап тұр. Тәңірінің сыйындай болған тәуелсіздікпен бірге қайта оралған салиқалы салт-дәстүр, салауат­ты дін, сырлы тіл санамызды сергітіп, рухымызды оятқандай, ар-намысымызды сілкігендей болғанымен, жылтырын киініп, жалған жымиып, жарыса енген «жаһандану» деген «жәкем» бұл күнде қаусыра құшақтап, қабырғамызды санап, демімізді дірілдете бастағандай көрінеді кейде… Алдап-арбап, күшке салып, өз танымы мен талғамын жүйке-жүйемізге сіңіріп, билігін арт­тырып, бишігін ойнатып келе жатқан бұл құбылыстың қадірлейтіні – «қызық», ойлау жүйесі «бұзық» болып шықты:
«Адамнан биік ешнәрсе жоқ» деп сүйсіндірген бұлар «адамның барлық қажет­тігі мен құмарлығы қанағат­тандырылуы тиіс» деп айуани-нәпсәни тілектерді алдыңғы орынға шығарып, секемдендіре бастады;
«Көппен бірге болу жетілуді тежейді, индивидуалист болу керек, руыңмен у ішкенше, жеке отырып кофе іш» деп көкитін болды;
«Даму дегеніміз – жаныңа («тәніңе» деп түсіне беріңіз) жайлы зат­тар мен жалықтырмайтын ойындарды көбейту; оған жеткізетін нәрсе – ақша, сондықтан басты мәселе – экономикалық даму, басты мақсат – бай болу» деп сендіруге көшті;
«Өмір деген – түсініксіз ойын, Құдай күштілер мен ауқат­тылар жағында, керек десеңіз, байлық пен билік – Құдай рахымының көрінісі, тура жолдың белгісі» деген ойды миымызға құюда;
«Бәрі салыстырмалы: жақсылық пен жамандық та – солай, көп ойланып басыңды ауыртпа, жүйкеңе салмақ салма; барында оралыңның ойна да күл» дегені тіпті жағымды естіле бастады;
«Дін – психиканың бір жұмбағы, ал мұсылмандар – сауатсыз фанатиктер, олар әлемдік өркениет­тің бітіспес жаулары, бәріміз бірігіп Ислам тоталитарлық мемлекет­терінде демократия орнатуымыз керек, керек болса – қырамыз!» – деп өзімізді мұсылман санап жүрген бізді ойландырып қойды;
«Жер шарының ресурстары 1 млрд адамды ғана толық бақыт­ты қылуға жетеді, сол «алтын миллиардтың» құрамына адам нәсілінің таңдаулылары ғана енеді», – деп тағы бір «қызық» әңгіменің шетін шығарып қойды…
Құдайсыз ғылым, бейрухани тарих, дінсіз мәдениет­тің қойыртпағын қылғып өскен бізге күнделікті хабар-ошар құралдары арқылы сіңісті бола бастаған, көбіне санамыздан тысқары әсер етіп, ойымыз бен әрекет-амалдарымызды басқара бастаған осы «батыстық» діл буын-буынымызды алып, көзімізді бұлдырата бастады. Құбылып тұрған қытымыр дүниеде адам баласын бір-біріне бауыр қылып, мере­йін шалқытып, мәртебесін асыру үшін түсірілген иләһи діндер дұрыс ұғын­баған пенделердің кесірінен дағдарысқа ұшырап, қитұрқы саясат­тың құбыжық құралына айнала бастады…
Негізі, «дін» дегеніміз не еді? Ақиқат­ты аңсап өткен Лев Толстой: «Дін дегеніміз – оңайластырылған һәм жүрекке бағыт­талған даналық, ал даналық – ақылмен ақталған дін» деп түйіндепті. Осы тұрғыдан алғанда, дін дегеніміз – өмірдің ақиқатын таныту арқылы даналыққа жеткізетін, сөйтіп тірліктің берекесін кіргізетін ілім…
Дін – әрбір оқиға мен құбылыстың, яки барша өмірдің мәні мен мағынасы бар екеніне, оған мән мен мағына дарытып жаратқан құдірет­ті де мейірімді иесінің бар екеніне деген сенім, сол ұлы сенімнен туындаған парыз-міндет­терді орындау жауапкершілігін түсінген саналы ғұмыр, сәнді тірлік…
Дін – белгілі бір уақыт­та орындалатын құлшылық түрлері ғана емес, ойлау жүйесі. Дін – өмірдің мәнін ұғынудан бастау алған, мейірім, әділет, адалдық ұстындарын өмірге өзек еткен, Жаратқан иесінің разылығын іздеуге бағышталған ойлау жүйесі ғана емес, ізгі ниет­ті әрекет, тынымсыз талпыныс, яғни тұтас өмір салты, өмір сүру мен өле білу өнері…
Дін – тіл, дәстүр, тарих секілді ұлт­ты ұйыстыратын мәдени мәйек, жұрт­ты жұмылдыратын түп себептің бірегейі болуымен қатар, ең әуелі адам жан дүниесін түсіндіретін, тазартатын, адамды рухани жетілдіретін ілім…
Дін – өз ғұмырыңды ұлы мақсат, зор арманға бағыштау ерлігі; махаббатпен жаратқан Иеңе махаббатпен жауап берген шүкірлік, жалған қорқыныш, бос қайғыдан арылтатын жарық – нұр…
Енді шынайы дінге қатысты қате түсініктерге тоқталсақ, үлкен үш жаңсақ пікірді көруге болады:
Дін – тек құрал: қорқытып немесе қызықтыру арқылы жастарды тәрбиелеу құралы, топтар мен ұлт­тар арасында тыныштық сақтау құралы, билік пен байлық иесін ар-ұят қысымынан арашалау, езілгендерді жұбату мен алдарқату құралы, соңғы кез­дері шағыстыру мен қағыстыру құралы, әйтеуір – құрал, мақсат емес («Дін – қоғамдық сананың бір түрі ғана» деген түсінік те – оны құрал ретінде әрі «мәртебелі» атеистік ғылымның бір зерт­теу нысаны ретінде ғана бағамдауға жол ашқан тұманды пікір);
Дін – тек молда, имам секілді дін иелерінің айналысатын ісі, кәсібі;
Дін – әркімнің жеке шаруасы.
Аталған үш қателік «мемлекет пен дін – бөлек» деген ұстында көрініс тауып отыр. Рас, зайырлық қағидаты осыны талап етеді. Алайда біз қоғам мен діннің, адам мен сенімнің бөлек бола алмайтынын ұмытпауымыз керек. Егер адам өмірінің мәні рухани жетілуде екенін, ал рухани жетілудің дінмен ажырағысыз байланыста екенін еш бұлтақсыз мойындасақ, онда «дін-ұлт-мемлекет-тұлға» жүйесінің біртұтас құрылым екенін, олардың жеке-дара болуға ұмтылуы мәнсіз екенін, сол себепті дін мен мемлекет­ті түбегейлі бөлу – түбі тоқырауға, рухани дағдарысқа апарып соғатынын байыптар едік…
Рас, діннің көптігі – өз алдына, діни догма негізінде құрылған, әсіресе Еуропа мемлекет­терінің өкінішті өткеніне қарап отырып, қазіргі «тірі шахидтерге» қарап отырып, «дін» десе, безіп кетуге болады. Бірақ бір жыныстық «неке» мен жезөкшелікті заңдастырып азғындыққа жол ашқан, ішімдік пен есірткі кең тараған, қылмыс пен психикалық аурулар күн санап өршіп бара жатқан, мән таппай мәңгіріп қалған «өркениет­ті» елдерге ойлы көзбен қарасақ, «дінсіз қоғамның» сиқынан тіпті түңіліп кетесің. Оның үстіне діннің де діні бар, «шатақ дін» мен хақ дін бар…
«Ескі үйге көкек – азаншы, есі кеткен елге есек азаншы» болған келеңсіз кезең келмеске кеткендей болғанымен, тіл-мұсылманнан діл-мұсылманға өте алмай жатқанымыз анық. «Мұсылман болу – әсте-әсте, кәпір болу – бір пәсте» десек те, «дінсіз де болма, діншіл де болма» деген мәтелді дұрыс ұғынбай, діндарлық пен діншілдікті ажырата алмай: «Ниет дұрыс болса болды да», – деп жүрген бауырларымыздың енжарлығы қынжылтады. Олардың арасынан зиялы азамат­тардың көрініп қалуы тіпті қиын. Қысқа қайыр­сақ, діншілдік – ілімнің тереңіне бойламай, қасаң қағида, қатып қалған догмаларға жабысып шектен шығу (идеяны адамнан, принципті махаббат­тан жоғары қойған діншілдік фанатизмге апарады), ал діндарлық – таза жүрек, сау ақыл, адал еңбек арқылы адам болудың шарты. Діндар дегеніміз – шариғат пен ақыл шеңберінде амал қылу арқылы «іші» мен «тысын» тұтастыра білетін, өмірін мәнге, тіршілігін заңға бағындырған дегдар жан…
«Зиялы» деп, кейбір кісілер ойлағандай, жоғары білімді, биік лауазымды, ерекше өнерлі, негізінен, ой еңбегімен айналысатын жазушы, ғалым секілді кәсіп иелерін емес, ең әуелі Құдайдың құлы, халықтың ұлы бола білген, сөзі мен ісі, іші мен тысы үйлескен иманды, жігерлі, мәдениет­ті, ғұмырын көпшіліктің қамына риясыз арнаған адал көңіл, ақ жүректерді атаған, яғни діндарлық – зиялы ердің басты қасиеті. Мысал ретінде Алашорда қайраткерлерін келтірсек, жеткілікті. Осы тұрғыдан алғанда, зайырлылық – дінсіздік емес. «Зайырлы мемлекет» принципі – дінсіздік немесе дінді терістеу емес, мемлекет­тің адам құқығы мен бостандығына негізделгенін, діни сенімнің еркіндігіне кепілдік беретінін, діни фанатизмге жол бермейтінін, түрлі көзқарастарды үйлестіруші тетіктерді қалыптастырып, азамат­тарына бейбіт ғұмыр мен даму мүмкіндігін қамтамасыз ететінін білдіреді, яғни мемлекет азамат­тармен қарым-қатынас жасағанда олардың діни көзқарасына емес, азамат­тық-құқықтық жағдайына сүйенеді…
Өмірге деген белгілі бір көзқарасы, яғни діні жоқ адам болмайды десек те, шын мәніндегі мән мен мағына дарытып, күш-жігерді арт­тырар «дін» ат­ты
қасиет-киеден қашу, оның ішінде төл дініміз – исламнан аяқ тарту мынандай себептерге байланысты болса керек:
1. Білімсіздік – іздену, толғанудың жоқтығымен қатар, насихат­тың да кемшіндігі;
2. Исламның интеллектуалдық әлеуеті мен ғылыми мәнінің толық ашылмауы;
3. Исламофобия мәселесі: ақпарат құралдары арқылы таралып жатқан, мүдделі топтардың ықпалымен қалыптасқан исламның «құбыжық» бейнесінің әсерінен туындаған үрей (бұл «имидждің» қалыптасуына «жалған салафтардың» іс-әрекеті мен дағдарысқа ұшыраған мұсылман мемлекет­теріндегі хәл-ахуал да өз «үлестерін» қосуда);
4. Адам жан дүниесіндегі кедергілер: керітартпа, энтропиялық сипат­тағы ой-сезімдер, яғни нәпсі мен шайтан мәселесі…
Ал зиялы қауымның дінге деген, әсіресе исламға қатысты селқостығын жоғарыда аталған себептерге қосымша мынандай себептермен түсіндірер едік:
Дүниедегі құбылыстар мен оқиғаларды атеистік негізде түсіндіретін ғылыми парадигманың әлі де жетекші орында тұруы (ескерте кетейік, Дарвиннің теориясының жалғандығы өткен ғасырдың 80-жылдары толық әшкереленген), яғни білімсіздік: ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі дінімізді үстірт білу;
Жалған намыс: ғұмыр бойы ұстанып келген көзқарасы мен ұстанымынан бас тартуды «осалдық» деп ұғыну, ке­йінгілер «ақымақ болғансыздар» деп айтатындай айып көр, сөйтіп, өтірікпен өрілген берекесіз беделге жабысқан пенделіктен көтеріле алмау (анығында, қателікті мойын­дау – кісілік, қайталамау – ерлік, алдын алу парасат болмақ);
Кезіндегі атеистік үгіт-насихат­тың арқасында әрі діни үрдістің үзілуі себепті, шын мәнінде, сауатсыз, нашар мұсылмандар мен дүмше молдалардың молдау болуынан қалыптасқан діндарлардың жағымсыз бейнесі, сол себепті өзін олардан жоғары санайтын «оқымыстыға» тақия кигендермен бір отыру, мешітке бару, олардың мүддесін қорғау – дәрежесін түсіріп, мәртебесін төмендететін қылық сияқты көрінеді. Ал ақиқатында адамды, оның істерін дінге (негізге) қарап бағалау керек еді, дінді әртүрлі деңгейдегі адамдарға қарап бағалау – жаңсақтық (ақиқат іздеген адам түпқайнардан (Құран мен сүннет) сусындауға тырысуы тиіс).
Әсіреұлтшылдық мәселесі: ұлтын сүю, ұлтының тазалығы мен төл мәдениетін сақтау ниетінен туындаған әсіресақтық пен көзсіз махаббат, сыртқы күштердің жасырын ойынының құрбаны болу.
«Басты мәселе – жүректе» деген ұғым (бұл, негізінен, дұрыс болғанымен, іш пен сырт­тың бүтіндігі ғана кемелдікке бастамақ),
Билік, қызмет, қаржы секілді таза материалдық игіліктерден айырылып қалу қаупі бар болғандықтан (мәселен, пара алуға болмайды)…
Түбіміз – түрік, дініміз – ислам екенін білгенмен, бұл көбіне тек өткен шаққа қатысты айтылып жүр. Көшпенді түрік-ислам өркениетінің өкілі екенімізді мойындап қана қоймай, өзімізді сол мәдениетпен бірегейлестіру (идентификация), тамырымызды тауып, діңгегімізді бекемдеу – кезек күт­тірмейтін мәселе. Ал діни бостандықты – дін атаулыдан аулақ болу, «діннен бостандық» деп ұғына бастаған қазіргі күнде «кісі өлгенде немесе түс көргенде» ғана керек болып қалған мұсылмандықты өз биігіне көтеріп, ниет-ойымыз бен әрекет-амалымызды бағыт­тап тұрар дүниетанымдық, өмірсалт­тық тереңдігі мен интеллектуалдық асқақтығын қайта қалпына келтіру ісі – өзін зиялы санайтын әрбір саналы азамат­тың кісілік борышы.
Біле білсек, сенім мен көзқарас бірлігі – қуат пен жігердің көзі болса, көзқарас алшақтығы араздық пен ерегеске себеп. Бір халықтың діни бөлшектенуі – жіктелу мен жеңілістің басы, құлдықтың хабаршысы. Мемлекет­тің дамуы, ұлт­тың түлеуі – тек экономикалық даму мен қорғаныс құралдарына ғана байланысты емес, адамдардың білім-білігі мен ішкі рухани сенім-жігеріне тікелей тәуелді екенін, иманды елді ғана жау алмайтынын түсінетін кез жет­ті. «Салғырт болдым дегенше, мәңгүрт болдым десеңші деп аталарымыз бекер айтпаған болар?..

Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір