КҮЗ – КҮЗ ЕМЕС, КҮЗ ДЕГЕНІҢ – ӨМІР ҒОЙ!
«БОЙТҰМАРЫМ – ҚАРА ӨЛЕҢ»
Жазиралы Жаркент қаласы тағы бір тамаша әдеби кештің куәсі болды. Аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Гүлбақыт Қасеннің «Бойтұмарым – қара өлең» атты шығармашылық кеші өтті.
Кешке зиялы қауым өкілдері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері қатысты. Панфилов ауданының әкімдігі ұйымдастырған мәдениет ордасының сахнасы бұл күні жыр мен сырға, әуен мен әсерге толды. Ә дегеннен-ақ, Д.Рақышев атындағы халық театрының көрінісімен басталған шара көрерменді бірден сезім иіріміне жетеледі. Кеш барысында Алматыдан арнайы келген ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ержан Алаштуған ізгі тілегін білдірді: «Мемлекеттік қызметте жүріп, өнерін ұмытпаған, қайта бәрінен жоғары қойған Гүлбақыт Тоқтанқызымен мақтанамыз. Ол – өз өңірінің ғана емес, күллі қазақ елінің мақтанышы», – деді ол. Ал Талдықорғаннан келген «Janr» әдеби клубының президенті, жазушы Есболат Айдабосын Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің арнайы құттықтау хатын оқып, ақынға табыстады. Кеш иесін Панфилов ауданының әкімі Мұрат Сағымбек те сахна төріне шақырып, жерлестері атынан құттықтау сөз сөйлеп, арнайы шапан жапты.
Шығармашылық кеш барысында ақынның прозалық, поэзиялық, балалар әдебиеті мен аударма жанрында жарық көрген «Қарашада өмір бар», «Тамшы тағдыр», «Баркөрнеу» және «Біз бақытты баламыз!» атты кітаптарының тұсауы кесілді.
Шара соңында жиналған қонақтар Жаркенттің қастерлі нысандарының бірі – жетіғасырлық тарихы бар «Әулиеағашқа» барып, тағылымды саяхат жасады.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ
Жаркент қаласы

Гүлбақыт ҚАСЕН
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Көктөбедегі жұмбақ сыр
Көктөбеде ме еді,
Көктөбеде ме еді көркем түн?
Көркем түн оттай, өртенгім келген, өртенгім…
Көрген бір түстей –
сиқырлы шаһар жап-жарық,
қалғанмын сонда арбалып…
Өлең мен әннен
әдемі бұрым өрген кім?
Жұбата алсаң,
жұбатшы мені, көркем түн…
Көктөбеде ме еді,
Көктөбеде ме еді мақпал түн,
Мақпал түн, айтшы
жұлдыздан алқа таққан кім?
Алақанымды
алақанына қондырып,
жылытып жанды…
тоңдырып,
Сезім сарайдың терезелерін
қаққан кім?
Өзгерте алсаң,
өзгертші мені, мақпал түн…
Көктөбеде ме еді,
Көктөбеде ме еді жұмбақ сыр,
Жұмбақ сыр ғажап,
жұмбақтығыңмен қымбатсың…
Биікке шығар,
биікте шығар мендік бақ
ерегеспеймін…
еркін өмірге ұмтылам енді…
құп, тақсыр!
Көктөбедегі жұмбақ сыр…
***
Ғажабым-ай,
Ғажабымсың табиғаттың ең үстем,
Жаны сұлу, әні сұлу періштем,
Жетелеген бір тылсым мен іңкәрлік…
Жүрегіңнің аппағын-ай, ардағым,
Мен өзіңмен дос болуға келіскем.
Жүрегіміз тапқанда бір жарасым,
Аралайық жер мен көктің арасын.
Періштем-ау, қанатыңа қондыршы,
Пенде біткен қызғанышпен қарасын…
Менің-дағы пенделігім басым ғой,
Жұлмалайды жасырынған тасыр ой.
Жыладым ба?
Жыладым ба, жұбатшы…
Қорғасынды ерітердей ып-ыстық
Сырғып аққан жүрегімнің жасы ғой…
Төгілген жас маржан емес мөлдірер,
Алдамағын, өзің ең ғой жөн білер.
Жанарыма бар әлемді сыйдырған,
Жаны сұлу, әні сұлу періштем,
Қанатыңда қалғып кетсем,
өлді дер…
Өліп кетсем, бірге өлер соңғы үміт…
Өтінемін, ақ періштем,
белгі бер…
***
Ғажабым-ай,
ғажабым-ай,
бұлт құрсауын бұзған жарық Күнсің бе?
Бар ғаламды ақ сәулеңмен
шомылдырып жүрсің бе?
Алатауға жыр сіңген,
Қаратауға нұр сіңген,
Қанатыма қанат жалғап ұмтылғанмен саған мың,
тұмшалаған тамам мұң,
армандарым адастырып
орта жолда қалғандай ма құр сүлдем?..
Бұл күндері жас шықпайды көзімнен,
ерегесем ішімдегі өзіммен,
сарқылмайтын төзіммен
таңға жуық көз ілем…
Содан кейін…
содан кейін жылынамын титтей сәуле –
жанға дәру сөзіңмен,
тебіренем, толқып кетем,
ең бақытты кезім мен
сәттерді аңсап ақ жүзіме сүйсінген…
тек жасырма,
шыныңды айтшы,
маған ынтық Күнсің бе?..
…Жарығым-ай,
жарығым-ай,
мөлдіреген жанарымда
қалып қойған сезімді іздеп жүрсің бе?..
Көне сурет
Көне сурет…
естеліктер ескірген,
Жалқын сәуле, жас көңіл ед ес білген.
Әсем әннің қайырмасы үзілмей,
Кеше, бүгін күйсандықтан естілген.
Шаш қиылған, иә, ақыл ұзарған,
Бұрымымда жылап қалған қыз-арман…
Бұралаң жол, бақыт іздеп жүргенде,
Не жоғалттық, нені күттік біз алдан?
Түлкі бұлаң жалт бұрылар өмірдің,
Айласы мың, жасым қанша төгілді…
Қара бұлттай үйірілген қайғының,
Көктем күліп қабырғасы сөгілді.
Тағдыр кейде тым тәкаппар, тым қатты,
Үнсіз ғана жастығымды ұрлапты,
Ақ парақтың тор көздерін толтырдым,
Уақыт емші, жанарымды құрғатты.
Көне сурет: қара моншақ жоқ бүгін,
Өтті өмірден отты жігіт, отты күн.
– О, милледи, көйлегіңіз қара ма?
– Қара түсті айта көрме, жоқ, күнім.
Көне сурет… көйлегім де ескірген,
Көктем дейсің, күздің күйін
кештім мен.
Әсем әннің қайырмасы үзілмей,
Кеше, бүгін күйсандықтан естілген.
Кім біледі, не боларын күні ертең,
Басың аман, бауыр бүтін, күл, еркем…
Кір шалмаса екен ана қабағын,
Мені қойшы, өлең бағып күнелтем.
Көне сурет – жастығымның елесі,
Мұңаямын, кейде түске енесің…
***
Күз. Қыркүйек.
Қазан хайыр.
Қараша.
Қарашада «қар да жанар қаласа».
Күз – күз емес,
Күз дегенің – өмір ғой!
Бір-бір жапырақ…
Бір-бір тағдыр….
жүрек-көзбен қараса.
Біз адамдар –
Аяусызбыз, аярмыз…
Жетім көңіл. Аяр көктем, аяр күз.
Бір тамшы жас мөлт етсе де жанардан
селт етпейміз…
Намыс-арды
таптауға да даярмыз.
Ғұмыр-дәрия.
Өтер сәттер қас-қағым,
мұнарлан күн,
Мұң шағады тасқа кім?
Мың құбылған қызыл-жасыл әлем бұл…
Бір жапырақ…
құлап түсті
Тағдыр ғой деп баспадым…
***
Қараша. Күз.
Ызғар лебі еңсерді…
мұңның желі
түсірмес еш еңсемді,
Қар ұшқындап, аспанды алдап қояды,
аңсадым ғой,
сағындырмай келші енді…
Жапырақтар –
аққайыңның сырғасы,
сыбдырында
жан ұқпайтын сыр басым,
Табиғаттан көрем түрлі бояуды,
сұлулық пен
әсем ойдың сұлбасын.
Бір жылылық
іздеп табам,
күзден де ем,
қарашығым,
менен үміт үзбе дер…
Қар астында қалып қойсам ертерек,
гүл боп шығам,
жыр-көктемнен іздеңдер.
***
Жүректің лүпілі,
миымның солқылы,
тамырдың бүлкілі,
жанымның толқыны қосылып, жарысып,
қорқытты бір түрлі…
Бітпейтін уайым да қоймады-ау жабысып,
барамын талықсып,
жатқандай дәл қазір кеудемде
бар азап табысып…
Шіркін-ай, сол сәтте сәбидің күлкісі естілсе,
Тыңдар ем…
жоқ, әттең…
өзендер ағысы,
қос ішек қағысы – басқаша…
неліктен?
Өмірді қайтадан бастаса,
Армандар алдымнан шыға ма
мен күткен?
«Сәбилер күлкісі – күшті өнер»…
Бақыттың бесігін тербейді.
Сүйкімді бүлдіршін – періште түске енер.
Шақырсам келмейді…
соңымнан ермейді…
жанымды емдейді.
Өлеңім!
Жұбатар сәбидей ақынын,
азайған сияқты ақылым…
Жырымды,
жасымды төгемін.
Оянып кетпесін бөбегім,
ақырын…
***
Жабыққанымда
қасымнан табылсаң деп ем…
Уәдең бар еді –
қалайда сағынсам келем…
Бір күні бәрі
елеске айналған сәтте,
жаза бастым деп айтпашы
жаңылсаң егер…
Түсінгім келген,
бәрібір түсіне алмадым,
шер толы кеудем…
неліктен күрсіне алмадым?
Ақ парақ қалды
жазылмай соңғы сөзімдей,
өлеңім қалды
мөлдіреп қара көзімдей…
Шашылды, жаным,
шағылып айна-көңілім,
алдағаның ба
аяулым, неге көріндің?…
төгіліп түскен
аққайың жапырақтарындай
үзілгенін-а-а-ай
үміттерімнің…
Өлең болып мөлдіреген
кезім бұл…
Себезгілеп тұрғанымен сезім нұр,
көмескілеу көңіліңді сезіндім,
Бәрін-бәрін ақылыма жеңдіріп,
ұмытуға бел буып,
жарты әлемде жалғыз қалған кезім бұл…
Шекпеніне оранып ап төзімнің,
қаламыма сүйенген сәт көз ілдім,
Бәрін-бәрін ақылыма жеңдіріп,
ұмытуға бел буып,
өлең болып мөлдіреген кезім бұл…
Қорқынышым – жалқы мұңым өзімнің,
өкінішім…
ойланғанда езілдім,
Бәрін-бәрін ақылыма жеңдіріп,
ұмытуға бел буып,
қанат байлап ұшып кеткен кезім бұл…
ПІКІРЛЕР3