«Мақсаты – мақтану емес …»
26.08.2025
192
0

Ерлік жасаса еліріп, есірмейтін. Жақсылық жасаса жалпақ жұртқа жаймайтын. Ел қатарлы еңбек етіп, бейнетінің зейнетін көріп, немерелер мен шөбере, шөпшектердің қызығын көріп жүрген зейнеткер жандар аз емес. Сондай қарапайым еңбек ардагерінің бірімен кез­десіп, әңгімесін тыңдап, таңданғаным да, таңырқағаным да рас. Ол осыдан отыз үш жыл бұрын басынан кешкен оқиға жөнінде күні кеше болғандай баяндады.

Ол еңбек жолын жетінші сыныптан бастады. Екі жылдай қара жұмысқа жегіліп, күннің ыстығы мен суығына тоңды. Шынығып, шымыр жігіт атанды. Нан тауып жеу оқымаса оңай еместігін білді. Сөйтіп, Шымкент қаласына келіп, тоғызайлық есепшінің оқуын оқыды. Шаруа қожалығында бір жылдай еңбек ет­ті. 1959 жылы теміржол техникумына түсіп, оны 1963 жылы тамамдады. Жолдамамен Арыс стансысында тепловоз машинисінің көмекшісі бола жүріп, шеберлігін арт­тырды. Арманшыл азамат қайтсем де машинист боламын деп өзіне уәде берді. Осы мақсатпен 1964 жылы Алматыға келді. Алматыда күтіп тұрған не ағасы, не әпкесі жоқ еді. Бар қиыншылықты көре жүріп қалаға тіркеуге тұрды. Локомотив депосына слесарь болып жұмысқа орналасты. Осында еңбек ете жүріп жетіайлық машинистің оқуын бітіріп, біраз жыл машинистке жәрдем ет­ті. Тек 1969 жылы ғана тепловоздың штурвалы қолына тиді. Арманына қол жеткізді. Бұл күннің ол үшін есте қалатын себебі де бар. Дәл осы күні тұңғыш сәбиі Асқар дүниеге келді. Сөйтіп, ол екі бірдей қуанышқа кенелді.
Ол деп отырғанымыз, теміржол саласының ардагері Әбдібек Шүкірбеков. Туған жылы – 1939. Көктем айының шуақ­ты күндерінің бірі. Шымкент облысы Қызылқұм ауданы, Талапты совхозының Ынталы бөлімшесі, Арыс өзенінің жағасы, Отырар қаласының маңы. Осы жерді 1905 жылдан бері мекендеген колхозшының отбасында дүниеге келген. Ағасы Әбдіқұл 1932 жылы туған, теміржолшы; әпкесі Нәлбике 1937 жылғы, 12 баласы бар батыр ана.
Әбдібек 11 жасында анасы Алтын қайтыс болып жетім атанғанымен екінші шешесі Күлзейнеп өгейлік көрсетпепті. Ерте еңбекке араласқан Әбдібек қандай жұмыста болсын алдыңғы қатарда жүрді. Жақсы адамдардың жақсылығы мен мейір қандырар жылы сөзі қашанда жадыңда тұратыны шындық.
Тұңғыш тепловоздың штурвалына отырғанда нұсқаушысы әрі ұстазы Лопатин Геннадий Ивановичтің Алматыдан – Отарға де­йін: «Жылдамдықты қос, азайт, жолдан екі көзіңді алма ескертулері болып тұрады. Оларды байқамай өтіп кетпе, тіпті қолына қызыл жалау алып апат­ты ескерту үшін қол көтеріп тұрғандардың да болуы мүмкін»,– деген сияқты ақылы мен пікірін жаңбырша жаудырып айтып отыратын. «Сондағы терлегенім әлі есімнен кетпейді»,– дейді сексеннің сеңгіріндегі ақсақал Әбдібек Шүкірбекұлы.
1970 жылы екінші ұлы Асхат туғанда 52 тонна дизель отынын үнемдеді. Бұл кеңестік кезеңнің өлшемі бойынша үлкен жетістік еді. Жанқиярлық еңбегі ескерілді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Н. Подгорныйдың жарғысымен ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденіне ұсынылды. Бұл орденді сол кез­дегі қаланың бірінші хатшысы Асанбай Асқаровтың қолынан, еңбек озаты Әбдібек Шүкірбеков қабылдаған болатын. Еселі еңбегінің нәтижесі болар үш рет 1972, 1979, 1984 жылы КСРО Жоғарғы Совет сотының заседателі болды. Бұл деген қазіргі «алқа би» деңге­йіндегі лауазым. Әбекең 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан жиырмадан астам боздақты арашалауда осы заседателдік қызыл құжаты көп көмек беріпті.
Әбдібек ақсақалмен «Қазақ әдебиеті» газетінің қара шаңырағында таныстым. Сексеннің сеңгіріне келсе де жүрісі ширақ ақсақалдың бірінші қабат­тан үшінші қабатқа ентікпей-ақ, еркін шыққанына таңырқадым әрі қызықтым. Сөзіне қарағанда ардагер ақсақал бар өмірін теміржол саласына арнапты. Осыдан отыз үш жыл бұрын болған бір оқиғаны үтір, нүктесіне де­йін мүдірмей айтып, өзі туралы газет-журналдарға шыққан материалдардың қиындыларын да ала келуді ұмытпапты.
Бұл оқиға желтоқсан оқиғасының алты жылдығы қарсаңында желтоқсан айының сегізінде орын алыпты. Жолдасы Сақыпжамал Кәдірбайқызымен бірге «Мәскеу – Алматы» бағытымен жүретін № 8 пойызға мініп, Алматыға келе жатады. Пойыз тұрақты жылдамдықты бұзып бірде жылдамдатып, енді бірде бәсеңдетіп, кешқұрым апақ-сапақ уақыт­та Ақтөбе маңындағы «Берсүгір» разъезіне келіп тоқтайды. Бір орнында ұзақ уақыт кідіріп тұрған пойыз жолаушыларының мазасы кете бастайды. Әбдібек өзі теміржол машинисі болғандықтан пойыздың ұзақ тоқтап қалуынан секем алып, шыдамай, себебін білмек оймен сыртқа шығады. Пойыздың қыр-сырын жақсы білетін І дәрежелі машинист кестеде көрсетілмеген разъезде ұзақ тоқтауының астарында бір шикіліктің бар екенін сезеді. Желтоқсан айының ызғары кешке қарай күн райы­ның бұзылатынын сездіргіндей. Пойыз тоқтаған бекет көзайым болардай үлкен де емес екен. Іштегілер болмаса, сырт­тан өзінен басқа жан байқалмайды. Салонда сарғайып, шыдамдары таусылып отырғандардың саны мыңнан аспаса одан кем емес. Қар аралас бұрқасын болса бет қаратпайды. Осы жерде пойыз­дың электро-механигі Димка деген жігітпен танысқан Әбдібек машинистер отыратын тепловозға қарай аяңдайды. Екеуі жабылып жүріп локомотивтің есігін ашып ішке енеді.
– Машинистердің кабинасына кіріп жағамды ұстадым. Кабинаның еденінде босаған шөлмек. Ал бәріміз сеніп, тілеулерін тілеп келе жатқан пойыз жүргізушілері ішімдікке сылқия тойып алып, екеуі екі жерде ұйқыға кеткен. Оятпақ болып әрекет­теніп едік, онымыздан түк шықпады. Жиырма шақты вагонда телміріп отырған жолаушылардың жайы анау, оларға алаңдайтын бұлар жоқ. Қыс айының қытымыр аязы болса мынау. Енді біраз тұратын болсақ пойыз жолын қар басып, жылжуымызға бөгет болары анық. Машинистерден қайран болмасын сезіп әрекетке көштім. Локомотивтегі радио-телефонмен Ақтөбе-Шалқар бөлімінің диспетчерімен хабарласып болған жайды баяндадым. Өзімнің тәжірибелі машинист маманы екендігімді де айт­тым»,–дейді ақсақал байыпты жүзбен маған қарап.
– Содан ке­йін не болды?– деймін мен де қызығушылық танытып.
– Телефонның арғы жағынан, кезекші бөлімдегілердің әбден дегбірі қашып, асып-сасып жатқандығын байқадым. Өйткені мұнда көлік мүлде келе алмайтын еді. Қаншама адамның тағдыры қыл үстінде тұр. Димка екеуміз әр вагондағы тежеуіштердің жеке-жеке ауасын шығарып, бірер сағат әлек болдық. Тұтқа арқылы диспетчерге пойыздың жолға жүруге дайын екенін айтып, сигнал ашуын сұрадым. Сөйтіп, әупірімдеп жолға шықтық. Жолдағы арпалысты айтып тауыса алмайсың. Пойыздың тарсыл-гүрсілінен оянған әлгі машинистердің бірі штурвалда «бөтен машинистің» отырғанын көре сала, ұйқылы-ояу күйде маған, кімсіңдер-ей!– деп, ауыр кілт­ті лақтырып қалады. Абырой болғанда темір кілт менің шеке тұсымнан жанап өтті.
Уақыт тығыз. Кезекші бөлімдегілердің өтінішімен пойызды 40 шақырым жердегі «Қайыр» бекетіне де­йін жүргізіп баруыма тура келді. Бұл аймақтағы пойыз жолдарының сырын жетік білмегендіктен сағатына 40 шақырым жылдамдықпен келесі бекетке жолаушыларды дін-аман жеткіздім.
– Жол жөнекей тұңғыш тепловоздың штурвалына отырғанда инструкторым Геннадий Лопатиннің айт­қан ақыл-кеңестері есіме түсіп, межелі жерге жеткенше екінші рет қара терге малынғаным рас. Иығымдағы жүктің салмағы ауыр еді. Қырық шақырым жердегі «Қайыр» бекетіне пойыз бен жолаушыларды аман-сау жеткізгенімде төбем көкке жеткендей болды. Стансы басшылары бастаған бір топ жауапты мамандар қаумалап қарсы алып, құшақтап, ризашылығын білдіріп жат­ты»,–дейді ардагер.
Әбдібек ақсақалдың сөзіне қарағанда, машинист бөлмесіндегі бұл жайт­тан жолаушылар мүлде хабарсыз болатын. Жұрт­ты да дүрліктіріп алмау қажет. Әлгі машинистердің бірі оянып кешірім сұрапты. Өмір бойы қарыздар екенін айтып, жанары жасқа малыныпты. Дегенмен бұл оқиғаны осы саланың айналасындағы жергілікті мамандар ғана білді. Бұл әңгіме жоғарыға жетсе, талай адамның басына тықыр таянар еді. Сондықтан еш жерге жария етпей жылы жауып қоюға тура келіпті. Жалғыз ғана Әбдібек емес, жауапты сәт­те жанкештілік танытқан пойыздың электр-механигі Димка Шуприннің еңбегі де ерен еді.
Өткен ғасырдың соңында орын алған бұл оқиға «жабулы қазан – жабулы» күйінде қалған болатын. Сын сағат­та қарапайым еңбек адамы осындай батыл қадамға бармағанда, жолаушылар өмірі не болатынын елестете беріңіз. Бір қызығы, Әбдібек Шүкірбеков пойыздағы өз орнына оралғанда түк сезбеген жұбайы Сақыпжамал апамыз «қайда болдың?» деп сұрапты. Болған жайды баяндағанда сенер-сенбесін білмепті.
– Бұдан отыз үш жыл бұрын болған бұл сәт, менің жадымда әлі күнге жаңғырып тұр. Кім біледі, уақытында айтылмаған соң жай ойдан құралған әңгімедей көрінетін болар. Өмір бойы теміржол саласында еңбек ет­тім. Кезінде, Алматы теміржолының локомотив бөлімшесінде басшылық қызмет­те болдым. Мақсатым – өткенді мақтан қылу емес… 92-жылдың 8 желтоқсаны күні «Мәскеу – Алматы» пойызына мінген мыңдаған жолаушының сол оқиға есінде ме екен, пойызды жүргізіп келгенімде алақайлап, алдымнан шыққан Ақтөбе теміржол бөлімшесінің басшысы Борис Есенаманов бастаған азамат­тар қайда екен, олар мені тани ма екен деген сауал мазалайды мені», – дейді ардагер ақсақал.

P.S. Аталған оқиға жөнінде «Егемен Қазақ­стан» газетінде
2018 жылғы 27 наурызда журналист Арман Октябрьдің де
мақаласы жарияланған болатын.

Жүніс ОМАР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір