Қазақ әдебиеті постмодерн кеселімен ауырған жоқ
29.12.2017
2166
1

Смағұл Елубаев


– «Бүгінгі қоғам өткен қоғамның жаңғырығы» атты сұхбатыңызда «Адамзат әлі күнге дейін дамудың ка­питалистік жолынан өзге жолды таппапты», – деп айтқан екенсіз. Сіздің ойыңызша Қазақстан да осы жолды бетке алып бара ма?
– Әрине. Социалистік жүйе күй­реп, Тәуелсіздігімізді жария­ла­ған күннен бастап, дамудың капиталистік жолына түстік. Көз алдымызда көлбеңдеп бақуат­ты Батыс, шабынған «Шығыс жол­барыстары» тұрды. Мінеки, ши­рек ғасыр өтті, Қазақстан күрт өз­герді. Аймақ жолбарысына айналды. Экономикасы ТМД ел­дері­нің көш басында. Осынау жас мемлекеттің шаңырағын көтеріп, іргесін бекітуге арналған аз ғана арпалысты жылдар нені көрсетті? Әлем алдында пассионар тұлға – Нұрсұлтан Назарбаев басқарған Қазақ­стан­ның пассионар ұлт екенін көрсетті. Ал, Ас­­тана – қазақ пассио­нар­лығына қойылған ескерткіш. Алайда, бұл жерде бір үлкен әңгі­мені айтпай кетуге болмайды. Ол – «Бізге қандай капитализм керек?» деген әңгіме. Бізге бүгінгі Ба­тыстағыдай рухани іріп-шіріген ка­питализм емес, әлеуметтік және рухани салауатты капитализм ке­рек. Батыстық капитализмнің эко­номикалық дамуы үлгі болса да, оның дінсіздікке, иман­сыз­дыққа, ұждансыздыққа, ұят­сыз­­дыққа кең жол ашқан мораль­дық бағыты үлгі емес. Бізге азғын­дық­пен ауыз жаласқан бур­жуазия­лық байлық емес, иманынан ажы­рамаған ұлт пен ұрпақ керек. Біз – жиғанынан иманын ар­тық көретін мұсылман елміз. Де­мек капитал әлемінде өз бетіміз, өз жолымыз болуы керек. Әрі заманауи өркениетті, әрі өзі­нің дәс­түрлі діни, ұлттық ұждани болмысын сақтаған тарихи таңдау қажет. Бүгінгі капитал әлеміндегі ең қатерлі бағыт, ол – ат төбеліндей байлардың оспадарсыз байып, қалың бұқара халықтың та­қыр­лана кедейленуі болып отыр. Ендеше, бұл Қазақстан жолы болмауы тиіс. Қазақстанға жұмыссыз­­дар­ға, қарияларға, кемтарларға, же­тім-жесірлерге, көп балалы ана­ларға деген әлеуметтік қол­дауды алға қойған әлеуметтік қо­ғам керек. Осы бағыттағы Германия, Норвегия, Жапония жолы біз­ге үлгі болуға лайық.
– Өркениет деген сөз біздегі мем­­лекеттік мінберлер мен бұқара­лық ақпарат құралдарында жиі ай­тылады. Сіздіңше өрке­ниет­тің өлшемі қандай?
– Өкінішке қарай, біз капиталис­тік көшке ол көш дағдарысқа ұшырап, берекесі кеткен тұста ілес­тік. Жас тәуелсіз елге тән аң­ғал­­дықпен капиталистік көш­­тің жылтыраған сыртына елік­тедік. Оның іріп-шіріген ішін көр­­медік. Көрсек те ол кемші­лі­к­терді дамыған өркениетке тән кемшіліктер деп білдік. Өзгені кі­нәлағалы отырған жоқпын, өзі­міз де осындай қате көзқараста болдық. Өркениетті елдердің «са­на бостандығы» дегеніне сеніп әлем­нің барлық діни ағымдарына құ­шағымызды айқара аштық. Сол-ақ екен, жерімізге қалталы мис­сионерлер қаптап кеп берді. Бұл жалпақшешейлік салдарын кеш түсініп бармағымызды кеш шай­надық. Есік терезесі ашық жат­қан аңғал елге Батыс лақ еткі­зіп қоқыс «мәдениетін» төге салды. Қазақстанға алдымен порно­г­рафиялық фильмдер жетті, түнгі клубтар ашылды. Осынау жыной­наққа дым көрмеген жастарымыз шырынға үймелеген шыбындай жиналды. Жезөкшелік, қыз­текелік, қан төгіс, есірткі тәрізді аз­ғындық құшағына күмп берді. «Кәпір болу бір пәсте». От­­басылық ұлы құндылықтар ойрандала бастады. Иман, ұят, неке, обал, сауап деген ұғымдары­мыз адыра қала бастады. Ажырасу, жетімдік, жесірлік жалпыұлт­тық індетке айналды. Жезөкшелік ұят болудан қалды. Ақша үшін анасын сату, баласын сату дегенді құлақ естіді. Өркениетті ел­дерден ә дегенде алған «өркениеті­міз­дің» түрі осы болды. Озық үлгілердің орнына, біз іріп-шіріген тозық үл­гілерді алдық. Жастарымыз поп-мәде­ниет­тің құрбаны бола бас­тады. Алысқа бар­май ес жию керек болды. Алаш жұртын атамзаманнан аман сақ­тап келген ата салтымыз еске түс­ті. Дәстүрлі тіліміз, діліміз, діні­міз, тарихи жадымызды жоқтай бас­тадық. Бұндай ұлттық бірегей­лік­тен айырылған күні біз, қазақ болудан да қалатынымызды түсін­дік. Әңгіменің ашығы; есің бар да еліңді тап! Жаһандануға жұтылма! Қазақы қасиетіңді сақта! Мінеки, бүгінде, Президент көтерген «Рухани жаңғыру» ұраны осылар.
– Қазақ қоғамы көп ғасыр бойы дін­ді өзінің өмір сүру салтынан бө­ліп қараған емес. Қазір дін тақыры­бы­на қатысты алуан пікір қалып­та­сып, діни радикализм үлкен мә­се­леге айналды. Сіздіңше, бұған не себеп?
– Жақсы айттың, айналайын! Хал­қымыз халық болғалы, рас, дін­ді өзінің өмір сүру салтынан бө­ліп қараған емес. Ұлы Далаға ислам әкелген Ясауи тариқаты тар­паң мінезді түркілерге шари­ғаттың өзін көшпенділер діліне шақтап ұсынды. Осы тариқаттың тал бесігінде ғасырлап иманымыз тербелді. Ерекше ұлттық болмысымыз қалыптасты. Бетімізге па­ранжі жаппадық. Исламның бес парызын орындадық. Қазақта қарғыстың ең жаманы – «имансыз!» дегенді есту. Өкінішке қарай, кешегі біз бастан кешкен құдай­сыздар қоғамы имансыздықты халыққа күштеп таңды. Дінімізді қудалады. Бұл Батыстан тараған атеизм індеті еді.Кеңестік режим құлағаннан кейін, Құдайдан бая­ғыда ажыраған Батыс, азғындық батпағын бізге қарай қосуыстап шаша бастады. Оны өркениет деп қабылдап қателестік. Сондай-ақ, ата-бабамыз бойын аулақ салған исламның радикалдық ағымына мойын бұрсақ та оңбай қателесетін боламыз. Радикализм торына түс­кендер, негізінен, ауылдан шық­қан жұмыссыз, діни сауатсыз жас­тар. Жастарды діни дұрыс сауат­танды­ру, жаппай жұмыспен қамту – олар­ды адасулардан аман алып қа­латын бірден-бір жол деп біле­мін.
– Биыл Елбасы Н.Назарбаев қа­зақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы жарлыққа қол қойды. Халық арасында апострафты қаріпке байланысты әртүрлі пікірлер бар. Сіздің пікіріңіз?
– Апострафты мен де қабылдай алмадым. «Азаттық» радиосында істегенімізде қазақ журналис­тері апострафсыз латынды пайда­ландық. Еш қиындықсыз жұмыс істедік. Латынға апострафты жапсыру компьютерде қолайсыздық тудырары сөзсіз. Ал, бұл рефор­ма­ның негізгі мақсаты – компьютерде проблема тудырмайтын әліп­биге көшу еді ғой…
– Бір сөзіңізде «Реалистік клас­сикалық әдебиет – жалпы әдебиет­тің жұлыны», – деп баға берген едіңіз. Және сол майданға адал бо­лып қала беретініңізді айттыңыз. Сіздің ойыңызша, қазіргі қазақ әде­биетінің классикалық әдебиет­тен ерекшелігі қандай?
– Батыс әдебиеті өткен ға­сыр­дың екінші жартысында постмодернге бет бұрды. Одан ол ұтты деп ойламаймын. Жастық іздену үстінде постмодернге бір кезде біз де еліктедік. Бірақ, бұл жаңсақ қа­­дамнан тез бас тарттық. Қазақ әдебиеті, меніңше, постмодерн кеселімен әлі ауырған жоқ. Әзірше дені сау. Сол дені сау қал­пында дами беруі керек деп біле­мін. Егер, қазақ әдебиеті постмодерн жолына түсер болса, онда ол қазақ әдебиеті болудан қалады. Қа­зақ әдебиеті – қазақтың сөзі. Қа­зақтың сөзі – қазақтың өзі. Қа­зақтың сөзі өлсе – өзі өледі. Қазақ әдебиетіне, жазушыларға қам­қорлық – қазақ халқына қамқор­лық. Биыл шешілген қаламақы, әдеби үлгілерді әлемнің 6 тіліне ау­дару біз үшін биылғы жылдың ең үлкен жаңалығы болды. Енді әдебиетіміз қазіргі заманның кесек кейіпкерін жасайтын кезге жақындады. Бұған дейін қазақ әдебиеті қазіргі заман кейіпкерін іздеу үстінде болды. «Қа­зіргі заманда оқырманға кімді үлгі етеміз? Үлгі ететін кейіпкер бар ма өзі?! Болса ол қандай кейіп­кер?», – деген сауалдар туындап жүр.
– Осы сауалға сіз қалай жауап берер едіңіз? Шынында да біздің заманның кейіпкері кім?
– Ауыз әдебиетімізде Атымтай Жо­март деген әйгілі кейіпкер бар. Киіз үйдің керегесінен бар тапқа­нын кедей-кепшікке таратып беріп отыратын. Атымтай Жомарт халық арманынан туған кейіпкер. «Шық бермес Шығайбайларға» қар­сы қойған халық арманы. Бү­гін­де қазақ қоғамы ара­сынан Атымтай Жомарттар шы­ға бастады. Бір ауылға бір өзі ие болып, мектеп, балабақша, спорт залдарын салып, жүздеген жұмыс орнын ашып халқына қамқор болып жүрген азаматтар қанша! Кие­лі мекендерге белгі қойып, аруақ­тар атын тірілтіп, басы ауырып, балтыры сыздағандарға қол ұшын беріп, ақын-жазушы, спортшы, өнер адамдарын қолдап, қол­паштап жүрген иман жүректі ме­це­­нат­тар көбейді. Яғни, ұлтты ұлт жасайтын ұлттық буржуазия қа­лып­таса бастады. Бұл дегеніңіз ка­пи­тал заманында ұлтты, ұлттық мә­дениетті қалыптастыратын бі­рінші де басты шарт. Осындай аза­маттарды көргенде үмітімізге үміт қосылады. Болашағы бар ха­лық екенбіз, шүкір, дейміз. Міне­ки, жаңа заман тудырған қазіргі за­манның кейіпкерлері осылар. За­манауи Атымтай Жомарттар. Көп ұзамай осындай қазақ үшін кү­ресіп жүрген алтын жүректі аза­маттар қазақ әдебиетінің кейіпкері болады деп сенемін. Осы орайда тағы бір айтар нәрсе, ұлттық әде­биет пән ретінде еліміздің барлық мектептері мен жоғары оқу орын­да­рында оқытылуы керек. Өйт­кені, ұлттық әдебиет – ұлттың өзі, Отанды сүюдің өзегі. Мәңгүрт­тік­тен сақтанып, Мәңгі Ел болу жо­лы. Әдебиетін әлсіреткен ел оң­байды. Өкінішке қарай, қазақтың сөзі күн өткен сайын сұйылып барады. Үкімет сағатында қалың қазақ министрлері жиналып алып, ел алдында өзге тілде көс­тең­­деуді қоймай келеді. Үкіметтің өзі осылайша мемлекеттік тілді керек етпей, пайдаланбай отырса, онда, өзге жұрттан не талап ете­міз?! «Қа­зақстан болашағы – қазақ тілінде» дегенге кім сенеді?! «Руха­ни жаңғыруды» ең алдымен бас­тайтын осы Үкіметтің өзі емес пе еді?! Сондай-ақ, өзінің ұлттық әде­биетінен нәр алмаған мәдениет те ұлттығынан айырылады. Осынау бесенеден белгілі қарапайым қағиданы неге қайталап отырмыз? Ұмыта беретіндіктен қайталай бе­реміз. Қараңыз! Мәдени кеңісті­гімізде ұлттық нақыштан алыс берекесіз әлем-жәлем поп-мәде­ниетке еліктеу байқа­ла­ды. Бұл өте қауіпті вирус. Ондайлардан тез, шап­шаң бойымызды аулақ салуымыз керек. Батыстан әкелінген поп-мәдениет, дұрысы мә­дениетсіздік сахнамызда тай­раңдап, тасыраңдай бастады. Не әйел екені, не еркек екені белгісіз бір жын-шайтандар шыға бастады жұрт алдына. Ұятты жер­лерін ашып ұятсыздықты дәріптеу басталды. Асқындырмай бұндай азғындықтардың алдын алу керек. Қоғам саулығын заңмен қор­ғау керек.
– Демек, сіз әдебиеттегі «изм-дер­ді» (модернизм, постмодернизм) оның дамуының белгісі деп бағала­майсыз?
– Иә. Қазақ әдебиеті дамыса тек өзінің классикалық реалистік бағытында дамуы керек. Бірақ, біз ақпарат тасқыны астында отыр­ған елміз. Сенің дегенің бола бер­мейді. Жолдағысын жапырып келе жатқан Жаһандану өз дегенін істейді, істеп те жатыр.Ба­тысқа еліктемеген сала қалма­ды. Бүгінде поп-мәдениет біздің музыкамызға, эстрадамызға, кес­кіндеме өнері­мізге өзінің кері әсе­рін тигізіп жатыр. Тек касса көз­дейтін поп-мәдениетке еліктеу басым. Осы арада, «постмодерн» не деген сұраққа бір мысалмен жауап бере кетейін: Сіз постмодерн мүсінші атанғыңыз келді де­лік. Онда қо­қысқа барыңыз да бір қапшық консерві қалбырын арқа­лап қалаға алып келіңіз. Сол қалбырлардан адам сұлбасын құрас­тырып, кө­шеге шығарып қалқитып қойы­ңыз. Жұрт сіздің «шығармаңызға» үңіліп таңдай қағып, «Міне, мынау нағыз постмодерн!» деп бас шайқары хақ. Осындай батыстық поп-мәдениет көшірмесі бізде қайдан шығып жатыр? Ана тілдің, ұлттық мәде­ниет­тің, ұлттық ойлаудың уызына жарымаған асфальттық ұл-қыз­дарымыздан, өз ұлттық тамырына осқырына қарай­тындардан шығып жатыр. «Көктөбе» үстінде «Битлзге» ес­керт­кіш қойғандар да сол ұлтсыз ұрпақтар. Ал, ұлттық тіл, діл уызына жарығандар арасынан шыққан әнші Димаш бүгінде әлем­ді таң қалдырды емес пе?! Осылайша, пассионарлық дүмпуді ұлттық мәдениет жасап жатыр. Бұл дүмпу, қазақы пас­сионарлық, бүгінде әлем назарын өзіне аударды. Ұлттық пассио­нарлық саясат, дипломатия, экономика, спорт, әдебиет, мәдениет тәрізді барлық салада төбе көрсете бастады.
– Бұдан бірнеше жыл бұрын «Ел боламын десең, экраныңды түзе!» деген сөзіңіз халық арасына кең тарады. Одан бергі уақытта Қазақ­стан экраны қаншалықты түзел­ді?
– Кино – күрделі өнер. Кеңес­тік кезеңде оның басына идеоло­гия­лық құрсау кигізілді. Сол құр­саудан құтылған қазақ киносы бүгінде кәдімгідей көтеріліп келеді. Бірақ қазақ киносының қа­зақ киносы болуы жолында ке­дергілер жоқ емес. Ол қандай ке­дер­гілер? Сексенінші жылдар ая­ғын­да қазақтың дәстүрлі тұр­­­мы­­сын көзбен көрген, ұлттық әдебиетінен армансыз сусындаған аға режиссерлер өмірден өтті. Олардың орнын басқан жас ұрпақ бойында киногерлік мол білім болса-дағы аға ұрпақ бойындағы қазақылық қасиет шамалы еді. Тіпті, көбінің қазақы қасиеті тұрмақ, қазақы тілі де жоқ болды. Бұл жастардың дені алматылық асфальт балалар еді. Сол балалар кино төңірегінде әлі бықып жүр. Соның салдарынан қазақ кө­рер­мені «Қыз Жібек», «Тақиялы пе­ріш­те», «Менің атым Қожа» тәрізді фильмдерді күтумен ондаған жыл­дарын өткізді. Ал, тілден, діл­ден, ұлттық дүниетанымнан мақ­рұм, бірақ, шетел киносын көп көр­ген, көзқарасы сол шетелдік кино негізінде қалыптасқан шала балалар қазақ ұлты туралы псевдо­қазақтық фильмдер түсірді. Бұл балалар, кейде, өздері өмірде көр­меген, ең болмаса бір күн барып, бір түн түнемеген қазақ ауылы туралы кино түсіреді. Ол фильм­дер көбінесе ұлттық кино емес, ұлттық тақырыпқа жасалған карикатура болып шығады. Ол карикатураны қазақты көрме­гендер на­ғыз ащы шындық деп ұғады. Он­дай карикатура фильмдер Бо­рат­қа қол соққан Батысқа ұнайды, әрине күлу үшін. Көшпен­ділердің кешегісіне де, бүгініне де мұрын шүйіре қарайтын евроцентрис­терге қазақтың кешегісі мен бүгі­нін шынайы көрсеткен фильмдер ұнамайды. Ұла Дала көшпенділерін ғасырлар бойы варварлар деп келген сол баяғы бізге жоғарыдан қа­райтын евроцентризм әлі өзгере қой­ған жоқ. Қазақ тұрмысын әде­мі көрсеткен «Қыз Жібекке» ке­зін­де шетелдік фестивальдер бәй­ге бермек тұрмақ, тізімге де ілмеген. Бұндай жағдайда не істеу керек? Фестивальдерге ұнау үшін фильм түсіру керек пе? Әлде, ұл­тыңа ұнау үшін кино түсіру керек пе? Біздің кино қазір осы дилемма алдында тұр. Меніңше, қазақ киносы алдымен өз көрермені үшін түсірілуі керек. Содан кейін ғана сырт­көз көрермендеріне ұнауы керек. Өкінішке қарай, осы елдің ақша­сына түсірілген фильмдер осы елдің өзіне қарсы жұмыс іс­тей­тінін де көріп жүрміз.Бұл со­рақы практика қылмыспен тең дер едік. Бұл проблема оқырманға түсінікті болу үшін біз оны сәл әсі­релең­кіреп айтып отырмыз, бірақ шын­дықтан алыс емеспіз. Өйткені, өмір бойы осы салада жүрміз.
Бір жақсысы, бүгінде ел де, Елбасы да қазақ киносына бет бұ­рып, қолұшын созып отыр. Ұлт­тық кино ең алдымен өз прокатына ие болуы керек екенін сезініп, өз көрермені ал­дында есепті екенін түсініп отыр. Отандық прокатта жақсы жүретін кинодағы тарихи жанрға кең жол ашылып отыр. Өйткені, қазақ та­рихын шынайы көрсеткен биылғы фильмдер көрермен көзайымына айналды. Рухани жаңғыруға қазақ киносы қисапсыз үлес қоса алатынын көрсетті. Қазақстан жұртшы­лығы кино құдіретін сезді. Ұлт бо­лып ұйысу үшін экранды құ­рық­­тау керек екенін сезді. Дамы­ған елдер киноға қыруар қара­жат­тар салады. Ол қаражат сол ел имиджіне жұмыс істейді. Голли­вуд­тың бір фильмге жұмсайтын ор­таша қаржысы біздің бір фильм­ге салатын орташа қаржымыздан 100 есеге жуық артық. Одан Америка ұтылған жоқ. Американдық патриотизмді адамзат санасына таңды. Ендеше, бір нәрсе анық: Бүгінде кім экранды билесе, ертең сол әлемді билейді. Бүгінде біздің экранымыздың 94 пайызы шетел­дік фильмдер үлесінде. Ұрпақты күн­діз-түні солар тәрбиелеп жатыр. Біз әлемді билеу ниетінен аулақ­пыз. Бірақ ең болмағанда өз прокатымызға ие болуды армандаймыз. Сондықтан, өз көрермен­дерімізді қамтитын кино түсіру – бұл саладағы басты міндет. Ол үшін әлем экранын жаулап алған Голливуд­тың қалың көрерменді бағындыру әдістерін үйрену шарт. Оны үйрен­бей біз өз прокатымызға өзіміз еш­қашан ие бола алмаймыз. Голливуд түсірген экшндердің бәрінде дерлік американдық супер герой жүреді. Отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын батырлар. Тура қазақ эпостарындағы Алпамыс, Қобы­ландылар. Бірақ аттары басқа. Американдықтар. Жастарымыз кереуетінің тұсына сол Голливуд киноларының қаһар­ман­­дарын іліп қояды. Мінеки, қа­раңыз, киносы озған ұлттың үлгі аларлық ұлдары да озып тұр. Батырлары әлемге үлгі. Қазақ киносы – эпика­лық қазақ батырлары ал­дында ұятты, олардың рухы ал­дында қарыздар. Оларды сомдау, әсіресе, әйелдердей шашын, бетін, тырнағын бояй бастаған бүгін­гі ұрпаққа үлгі ету алдағы бір ас­қаралы арман. Мінеки, бай­­қа­ғанымыздай, бүгін бізге ең бол­мағанда өз көрерменімізге өзіміз ие болу арман болып отыр. Кинопрокатта жеңіске жеткен жағдайда ғана бүгінде күндіз-түні экран ал­дында отырған ұрпағы­мыз­ға ие бо­ла аламыз. Ал ұрпақ – ұлт бо­лашағы. Осылайша, қазақ киносында бүгінде көрермен үшін, ұрпақ үшін, ашығын айт­қанда ұлт болашағы үшін күрес жүріп жатыр. Осы мақсат жолында кеше ғана Мәжіліске «Кине­матография туралы заң» жобасы таныстырылды. Бұл – Елбасының кино сала­сындағы саясатының жемісі. Бұл саясатты бүгінде Мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақфильм» ұжымы жұмыла жүзеге асырып жатыр. Қазақ киносы өз көрермен­дерін 2017 жылы қалай қуантса, ал­дағы жаңа 2018 жылы да дәл солай қуантады деп сенемін.
– Жалпы, өнердің адамзатты із­гі­лендіру жолындағы міндеті әлсі­ре­ді деп санайтындар бар. Сіз мұ­ны­мен келісесіз бе?
– Өнер адамзат рухының айнасы ғой. Егер өнердің гуманистік миссиясы әлсірей бастаған болса, онда адамзаттың гуманистік бол­мысы әлсірей бастады деген сөз.
– «Кино телевидение әдебиет оқырмандарын тартып ала бастады» дегеніңіз бар екен…
– Ол рас. Бірақ, кино, телевиде­ние ешқашан кітаптың орнын ба­са алмайды. Ойлану үшін кі­тап­қа, ойланбау үшін телеэкранға қа­райтынымыз бар. Бүгін қазақ те­леэкраны әншілердің телеэкранына айналып барады. Мұның салдары – жастарымыз жаппай жұлдыз болуды армандай бастады. Оған себеп, еңбектеген баладан, еңкеңдеген кәріге дейін бүгінде жаппай телеэкран алдында отыр. Ендеше, «Ел болам десең, экраныңды түзе!» ұранын тағы да қайталауға болады. Миллиондаған аудиториясы бар телеэкранның әрбір сағаты сол миллиондардың босқа кеткен уақытына айналмай, алтынмен бағаланса ғой, шіркін!
– Қасым Аманжолов «Сен нет­кен бақытты едің келер ұрпақ…» де­ген екен. Сіз келер заман ұрпағы­на қы­зығасыз ба?..
– Үміт те, күдік те жоқ емес. Көбінесе күдік мазалайды. Тілі сұйыл­ған ұрпақтың ділі сұйылады. Бір күні билік басына ділі сұйыл­ған ұрпақ келіп енді көтеріле бас­таған ел еңсесін езіп жібере ме деп қауіптенемін. Одан Құдай сақта­сын! Бірақ, Құдай сақтансаң, сақ­тай­ды ғой… Сондықтан, әр қазақ­тың әрбір сөз, әрбір қадамы Мәң­­гілік Ел идеясына жұмыс іс­теуі керек. Болашақты бізге көл­де­нең біреу жасап бермейді. Бола­шақ­ты біз әрқайсымыз үйде де, түз­де де тек өз қолымызбен жасаймыз. Әр қазақтың тағдырынан бар қа­зақтың тағдыры құралады.
– Есігін ашқалы тұрған жаңа жыл­да оқырманға қандай тілек ай­тасыз?
– Ата-баба аттай алмаған 2018 жыл табалдырығынан біз аттағалы отыр­мыз. Ендеше, біз ата-баба ама­натын арқалап, жаңа бір тарих парағын аштық. Сол тарих па­ра­ғында ізіміз ұялмастай болып жазылып қалғай, ағайын! Ел аман, жұрт тыныш болсын!
– Әңгімеңізге рахмет!


Смағұл Абатұлы ЕЛУБАЕВ

1971 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін;
1974-1975 жылдары Мәскеудегі сценаристер дайындайтын жоғарғы курсты бітірген.
1976-1992 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында бас редактордың орынбасары;
1992-1995 жылдары республикалық «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналының бас редакторы;
1995-2004 жылдары Прагадағы «Азаттық радиосының» журналисі;
2008-2010 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы;
2010 жылдан бастап, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының профессоры.
1932 жылғы аштық пен 1937 жылғы репрессия туралы «Ақ боз үй» романы «Lonely Yurt» деген атпен ағылшын тіліне және «Akboz Ev» деген атпен түрік тіліне аударылған.
«Ойсылқара», «Саттар соқпағы», «Жарық дүние», «Білте шамның жарығы» «Мінәжат», т.б. кітаптар мен «Қиямет-қайым ғасыры» философиялық ой-толғаулардың «Қызыл отау» (1982); «Ай астындағы үй» (1983); «Өтелмеген парыз» (1983); «Сұрапыл сұржекей» (1992, Ашхабадта өткен ТМД кинофестивалінің бас жүлдесі); «Батыр Баян» (1992); «Кек» (2004); «Аңшы бала» (2012, Голливудта өткен IFFF кино­фестивалінің бас жүлдесі); «Алмас қылыш» (2016); «Қазақ елі» телесериалы (2016); «Оазис» (2016) киносценарий­лері­нің авторы.
«Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.


Сұхбаттасқан
Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІРЛЕР1
Нариман 08.01.2018 | 17:43

Қазақ руханиятының бүгіні мен болашағы жайындағы жақсы сұхбат. Қуанышқа қарағанда қорқатын жағдайлар өте көп, ащы шындық арқау болған сұхбат баршамызды ойлантуға септігін тигізеді деп ойлаймын. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген Әуезов өсиетінің жаңғырығы жазушы Е.Смағұловта «Ел боламын десең экраныңды тұзе» деген дәуір үндестігімен жаңғырып тұр. Бесікті де, экранды да түзеу керек, қалғып кетуге хақымыз жоқ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір