«қазақ әдебиеті» – қазақтың айнасы
23.01.2024
315
0

ҚазМУ-дың үшінші курсында оқып жүргенде орналасып, қызмет істеп жүрген «Халық кеңесі» газетім 1996 жылы аяқ-астынан жабылып қалды да, «Қазақ әдебие­­тіне» келдім. Сол кез­дегі Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев «Егемен Қазақ­стан» газетіне баруға ұсыныс жасады. Бірден бас тарт­тым. «Кейбіреулер «Егемен Қазақ­станға» қызметке тұруды өмірбақи армандап өтеді, ал сен бас тартып тұрсың!» деді езу тартып.
Мен болашақта шығармашылықпен алаңсыз айналысатын жазушы болғым келетінімді, сондықтан еркіндеу басылымға барғым келетінін жасырмай айт­тым. «Қайда барғың келеді?» – деді. Күткенім де осы сұрақ еді, ойланбастан: «Қазақ әдебиетіне…» – дедім. «Болды! – деді, – бүгін Ахат Жақсыбаевқа ескертіп қоямын, ертең бара бер!»
Ертеңінде «Қазақ әдебиеті» газетінің сол кез­дегі бас редакторы Ахат Жақсыбаевқа бардым. Шынында да министр ескертіп қойыпты, Ахат аға жылы қабылдады: «Арызыңды жаз, бүгіннен бастап «Руханият» бөлімінің меңгерушісісің. Қайта саған рахмет, министр сен үшін бізге тағы бір штат қосып берді. Біз оны сұрап ала алмай жүр едік» , – деді күлімсіреп. Сөйтіп, «Қазақ әдебиетінің» қызметкері болып шыға келдім.
Ол кез­де әдеби басылымда кілең марқасқалар қызмет істейтін. Исраил Сапарбаев, Мейірхан Ақдәулет, Жүсіпбек Қорғасбек, Еркін Жап­пас, Қуаныш Жиенбай, Әбубәкір Қайран, Әмірхан
Меңдеке, Әлия Бөпежанова, Болат Жетекбай және жандары жәннат­та болсын, Адам Мекебаев пен Армиял Тасымбеков марқұмдар мені жас деп шетқақпайлаған жоқ, қатарларына тарт­ты, ағалық ақыл-кеңестерін айтып, әр кез қолдап-қуат­тап отырды. Артынша бұл қатарға Тұрсынжан Шапай, Нұрғали Ораз, Ғалым Боқаш, Әмірхан Балқыбек сынды мықтылар келіп қосылды.
Бұлардың қай-қайсысы да қамшы салдырмас бәйгеторылар еді. Солардың артында шаң қауып қалмас үшін жанталастық. Іздендік, еңбектендік, бұрқыратып мақала жаздық. Көбіне-көп елдік, ұлт­тық мәселелерді көтердік. «Қазақ әдебиеті» көтермеген шетін тақырып қалған жоқ. Ел-жұрт, мемлекет, тәуелсіздік, тіл мен дін, салт-дәстүр, қала мен ауыл, әдебиет, өнер, ғылым-білім мәселелері толық қамтылып, жеріне жеткізіле айтылып жат­ты… Сол жылдары «Жерді сатуға болмайды!» деп мақала жазып, жоғары жақтан ескерту алып, жұмыстан шығып кете жаздағаным да есімде. Кенесары хан мен Мұстафа Шоқайдың сүйектерін туған жерге алып келіп, арулап жерлеу мәселесін көтеріп, оның үлкен қоғамдық пікір тудырғанын көзіқарақты оқырман біледі ғой деп ойлаймын. Кейкі батырдың бас сүйегін Санкт-Петербургтегі Антропология және этнография мұражайынан (Кунсткамера) алғаш көріп, құжат­тарын жариялаған да біз едік. Бүгінде соның бәрін мақтанышпен айта аламын.
Жоғарыда ат­тары аталған ағаларыммен бірге қызмет істей жүріп, көп нәрсе үйрендім, жан-жақты жетілдім, азды-көпті елге танылдым. Қазақ әдебиетінің классиктерімен «Қазақ әдебиетінің» қабырғасында жүргенде танысып, көпшілігімен жақын араластым. Ендеше, сол кез­де дұрыс шешім қабылдағаныма әлі күнге дейін өзіме-өзім риза боламын. Бір сөзбен айт­қанда, мені өмірдің үлкен айдынына алып шыққан, шыңдаған, шынықтырған «Қазақ әдебиеті» еді, сол үшін де сүйікті басылымыма қарыздармын. Бұл маған үлкен мектеп болды.
«Қазақ әдебиеті» қазақ халқының өзін-өзі көретін айнасы, қолындағы туы, ары, ұяты, намысы. Ұлтымыздың рухани өсуіне, жан-жақты дамуына, ұлт ретінде кемелденуіне өлшеусіз үлес қосты. Тіпті кеңес өкіметі кезінде де бұл басылымның қазақ қоғамындағы орны мен ықпалы ерекше болды. Еліміз бен ұлтымыздың мүддесін қорғады, мәдениетін, өнерін, әдебиетін, ғылым-білімін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптеді, кеңінен насихат­тады. Қазақтың қадір-қасиеті мен ана тілімізді сақтауға ұйыт­қы болды, табандылық таныт­ты. Ұлт­тығымызды жоғалтпауға, асқақ рухымызды өшіріп алмауға, тәуелсіздік үшін күресті тоқтатпауға барын салды. Осынау қасиет­ті жолда ештеңеден тайынып, тартынған жоқ. Сол үшін «Қазақ әдебиеті» газеті мен онда әр кезеңде қызмет істеген қалам қайраткерлеріне алғыс айтамын. Ризашылығым шексіз. Осы міндет­ті тәуелсіздік алғаннан кейін де лайықты жалғастырды. Соған өзімнің де тамшыдай болса да үлес қосқанымды мақтаныш етемін. Алдағы уақыт­та да тәуел­сіздігіміздің баянды болуына, ұлтымыздың рухани түлеуіне, ана тіліміздің тұғырына қонуына, әдебиетіміз бен өнеріміздің кеңінен қанат жаюына өз үлесін қоса беретініне кәміл сенемін. Ел мен ұлтқа қызмет ету жолындағы игі дәстүрді білікті редактор, дарынды қаламгер Дәурен Қуат бауырым бастаған қаламгерлер лайықты жалғастырып келе жатыр. Газет­ті шын мәнінде жаңа сапаға, жаңа деңгейге көтерді, оқылымды басылымға айналдырды. Әр санын қалт жібермей қадағалап, оқып отырамын. Алғыстан басқа айтарым жоқ.
Мерейлі мерейтойына орай газет ұжымына толайым табыстар тілеймін!
Мерейтойың құт­ты болсын, «Казақ әдебиетім!» . Қазақ халқымен бірге мәңгі жасай бер! 

Думан РАМАЗАН,
Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір