Қазақ әдебиеті – ұлттық рух жаршысы
05.02.2024
524
0

18 қаңтар күні Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі №4 кітапхана-бөлімшесінде «Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ әдебиеті – ұлт­тық рух жаршысы» атты шығармашылық бенефис өтті. Мерейтойлық іс-шараны Қазақстанның Халық әртісі Мұрат Серкебаев жетекшілік ететін Алматы қаласы әкімінің концерттік оркестрінің камералық квартеті салтанатты түрде сазды әуендермен ашып берді.

Әдеби іс-шараға «Қазақ әдебиеті» газетінің бұрынғы, қазіргі қызметкерлері – жазушы, сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ұлттық «Сахнагер» сыйлықтарының лауреаты Әлия Бөпежанова, жазушы, сықақшы Еркін Жаппасұлы, ақын Мырзан Кенжебай, ақын Болат Жетекбай арнайы шақырылды. Сонымен қатар жиынға М.Әуезов атындағы №128 жалпы білім беретін мектеп оқушылары және ұстазы Клара Бертілеуова, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектептің дарынды өнерпаздары және жетекшісі Нұрия Жырғаланова, Алматы Полиграфиялық колледжінің студенттері қатысты. ҚР Ерен еңбегі үшін медалінің иегері, Халықаралық Жыл әншісі Бекзат Ізбасар, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектептің дарынды өнерпаздары Ақылтай Әли мен Тұрсын Маржан өнерлерін көрсетті.


Әдеби кеш қонақтарына оқушылар мен студенттер «Қазақ әдебиеті» газетінің өткені мен бүгініне, келешегіне қатысты өзекті сұрақтарын қойып, қаламгерлермен еркін форматта ой бөлісті. Әдеби бенефисіміздің сыйлы қонақтары әдеби басылымда жұмыс атқару барысындағы кездескен түрлі оқиғаларын, газет басылымының көрнекті басшылары туралы әңгімелерін айтып, әдебиет және руханият газетінің тағылымды тарихы туралы сыр шертті. Қонақкәде ретінде өз шығармашылықтарынан өлең жолдарын оқып, авторлық кітаптарын кітапханамыздың алтын қорына тарту етті. Кітапхана ұжымы әдеби кештің қадірменді қонақтарына Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен шыққан әсем қала Алматы туралы әндер жинағын сыйлады.
Шығармашылық бенефис «Қазақ әдебиетінің» 90 жылдық тарихына байланысты тарихи-танымдық ойынмен жалғасты. Сұрақтарға дұрыс әрі нақты жауап берген белсенді жастарға құнды кітаптар берілді. Кеш соңы Бекзат Ринатұлының «Алға» атты рухты әнімен қорытындыланды.

Арайлым ТАЙЫРҚЫЗЫ,
Ақерке САНАТҚЫЗЫ,

Алматы қаласы,
Орталықтандырылған кітапхана жүйесі,
№4 кітапхана-бөлімшесінің
қызметкерлері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір