«Қазақ әдебиеті» газетінің тұрақты оқырманымын
15.01.2024
982
0

(104 жастағы абыз әженің ақ тілегі)

Ұзақ өміріме көз жүгіртсем, басымнан өткен қилы-қилы кезеңдер көз алдыма келеді. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылы жарық дүние есігін ашыппын. Лениннің, одан Сталиннің, Хрущев, Брежнев, Черненко, Андропов, Горбачевтардың заманын көрдік. СССР құлап, Қазақстанымыз тәуелсіздік алғанда, азаттықтың ақ таңын қуана қарсы алдық.

Жастық шағында адам ар­ман-қиялымен өмір сүреді. Үйлі-баранды болған соң күнделікті тіршілік пен отбасылық шаруаға көп көңіл бөліп кетеді. Ал зейнеткерлікке шығып, қарттық белең алғанда естеліктерін айта бастайды.
Бұл – бұлжымас өмір тәжірибесі.
Осынау ғұмырымда талай-талай тұлғалармен кездесіп, шапағатын көрдім.
Мектепте алғыр озат оқушы болдым. Жасымнан журналист болуды армандап, мақалаларым газеттерге шығып тұрды.
Әлі есімнен кетпейді.
1936 жылы Жамбыл атамыз Мәскеудегі онкүндікке қатысып, орден алып, асқан абыроймен оралды. Ұзынағаштағы клубқа ел сыймай, кездесуге келген жұрт өте көп болды. Сонда жастар атынан сөйлеп, ұлы Жамбыл атамның мойнына қызыл галстук байладым. Қарт жырау «Балам, бақытты бол!» деп басымнан сипап, маңдайымнан сүйді.
Мақалаларымды көріп, КазГУ бірден филфакқа қабылдады. Бір күні данышпан ұстазымыз Мұхтар Әуезов аты-жөнімізді атап-атап, он студентті үйіне шақырды.
«Міне, осы бөлмемде «Абай жолы» роман-эпопеямды жаздым. Бүкіл шығармаларымның дені осы шаңырақта жазылды. Арнайы талантты шәкірттерімді іріктеп алып келіп, жазушының лабораториясымен таныстырайын», – деп ұлы жазушы ақтарыла сөйлеп кетті.
Лекциясын бітірген тұста бір гүлді-гүлді жайпақ табаққа тола салынған ыстық бауырсақты біздерге үлестіріп берді. Содан кейін бәріміздің қолымызды алып, тебірене ақ батасын берген еді ұлы Мұхтар аға!
КазГУ-де бізбен бірге соғыстан қайтқан жауынгерлер де оқыды. Әсіресе біздің курстағы оқуда зерек, сабырлы, білімдар Кемел Тоқаев қыздарға көп қамқорлық жасайтын. Ол кейін қазақтың үлкен жазушысына айналды, детектив жанрында тамаша кітаптар жазды. Алматыда кейін кездескен сайын кітаптарына қолтаңба жазып беретін.
КазГУ-дің сол кездегі ректоры Төлеген Тәжібаев деген кісі кеңінен ойлайтын аса білімдар кісі еді. Университет бітірерде әрқайсымызды жеке-жеке қабылдап, әңгімелесіп, маған: «Сен қаршадай ғана қыз екенсің, алысқа жібермейін», – деп «Социалды Қазақстан» газетіне жолдама берді.
Республикалық бас газетте қызмет істеп жүргенімде Алматы облыстық партия комитетінің бірінші секретары А.Балтағожин шақырып алды да:
– Сен жас мамансың. Жамбыл аудандық газетіне редактор етіп сені бекітіп отырмыз, бұл бюроның шешімі, – деп бірден тағайындап, қолыма бұйрық берді.
Ұзақ жыл осы аудандық газетте редактор болып, зейнетке шықтым. Журналист – қастерлі де қызық мамандық. Көптеген талантты қаламгерлер тәрбие­леп өсірдік, шәкірттерім әлі күнге дейін хабарласып тұрады.
Мен – тоқсан жыл бойы «Қазақ әдебиеті» газетінің тұрақты оқырманымын. Менің 100 жылдық мерейтойымды өткізуге бастамашы болған осы басылымның бүгінгі бас редакторы Дәурен Қуат газетке айқара бет арнап, мен жөнінде мақала жариялады.
Жүз жылдық мерейтойыма министр Аида Балаева қызым арнайы келіп, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын тапсырып, мерейімді өсірді.
Менің курстасым Кемелдің ұлы – Қасым-Жомарт Тоқаев міне, Қазақстан Республикасының Президенті. Оның еліміз үшін атқарып жатқан ұлан-ғайыр игі істеріне риза боламын әрі халқымызды әлі талай-талай биіктерге жеткізетініне кәміл сенемін.
Биыл шыға бастағанына 90 жыл толып отырған сүйікті газетім «Қазақ әдебиеті» апталығының барша оқырмандарына: «Жаңа жылда жаңа жетістіктерге жете беріңіздер» демекпін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, бақ-дәулетіміз бен құт сәулетіміз басымыздан кетпесін!

Ханымбүбі АҚЖОЛОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері,
Алматы облысының
Құрметті азаматы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір