Шағын проза жайлы
03.11.2017
5161
0

Бүгін біз кең көлемді емес, шағын және орта көлемді жанр, оның ішінде әңгіме мен повесть стихиясын ашу мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Раушан Әбдіқұлова мен Сүлеймен Демирел атындағы қазақ-түрік университетінің оқытушысына: «Повесть, әңгіме жанрлары неліктен тез оқылады? Қазіргі әңгіме, повестердің көркемдік деңгейі туралы не айтар едіңіз? Әңгіме, повестердің ұнағандары қайсы, сізге?» деген сауалдар жолдаған едік…

Раушан ӘБДІҚҰЛОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры, филология ғылымының кандидаты

Жанрлар заман ағысымен қарқынды дамып келеді

Роман бір дәуірдің шындығын эпи­калық кең көлемде қамтып, бас кейіп­керінің жастық шағынан бас­тап бүкіл өмірін, мінез-құлық, іс-әрекеттерін ғана емес, рухани жан әле­міндегі құбылыстарын да дина­ми­калық сипатта терең ашып бей­не­лейтін, сандаған сюжетке құры­ла­тын, жүздеген кейіпкерлер га­­­­лереясын түзетін күрделі синте­ти­ка­лық жанр. Ал, повесть, әңгіме жанр­ларының роман жанрына қа­рағанда өзіндік өзгешеліктері бар. Повесть көлемі жағынан да, ро­ман­нан кіші, әңгімеден ұзақ-аралық жанр іспетті. Көтерген әлеуметтік, көркемдік-эстетикалық жүгі де романнан ауыр емес. Романдағыдай кең ауқымды философиялық тол­ға­ныстарға повесте орын жоқ. Болған оқи­ғаны, заман шындығын уақыт оздырмай жедел суреттейтін жанр. Ал, әңгіме көлемі жағынан повестен де қысқа, бір ғана сюжетке құрылады, кейіпкерлері дайын, қалыптасқан бейнелер. Өмірдің өзекті бір мәсе­ле­сін ойып алып, көз алдыңа «діріл­де­тіп әкелуге» шебер жанр. Бірақ, бұл жанрлар осындай жүрдек, ро­манға қарағанда көлемі шағын бол­ғандықтан да, алдыңғы қатардан та­былып, оқырман назарына тез ілі­­геді деп ойлаймын. Алайда, ру­ха­ният ісіне берілген, мінсіз, шы­найы саналы оқырман болмаса, қазіргі біздің мына зырлауық заманда уа­қы­ты тапшы, қағазбасты «оқыған­дар­дың» да, мұрнына су жетпей жүрген қарапайым оқырманның да бағасы қымбат, қалың романды оқуы екіта­лай. Ал, повесть, әңгімелердің тез оқылуы­ның бір себебі, көлемі, көр­кемдік-эстетикалық қасиетінде ғана емес, газет-журнал беттерінде жа­рия­ланатындығында, сөйтіп көп­шілік қолына тез түсетіндігінде ме деймін. Роман оқылмайды деуге де бол­мас. Уақыт қисаңыздар, оған да бір жанды мысал айтайын. Ауылға барғанда өзінің бейнетқорлығымен дәулетті өмір сүріп отырған бір аға­мыздың қу тірлік соңында жүріп, зей­нетке шыққанша «өмірі қолына кі­тап ұстамағанын», енді ғана «Абай жо­лын», «Қазақтың шешендік сөз­де­рін» оқып таң-тамаша қалып жүр­генін, көршілерінің күресінге шы­ға­рып тастаған кітаптарын аршып алып оқитынын айтып таңғалдыр­ға­ны бар еді. Сондайда қазіргі оқыр­ман­дардың көбі-зейнеткерлер ме деп қаласың. Әлде, оқырман қартай­ған ба? Олардың өз пікірі де жоқ емес.
Қазақ прозасында бұл жанрлар за­ман ағысымен қарқынды дамып, өсіп-өркендеп, көркемдік деңгейін уа­қыт озған сайын арттырып, түр­леніп келеді. Өйткені, повесть, әң­гімелер жанрлық жағынан байыды. Тарихи, деректі, лирикалық повесть түрлері туды. Әңгіме де солай. Әлем­дік деңгейдегі классикалық үлгілерді бы­лай қойғанда, постмодерндік үр­дістегі жазушыларымыздың атал­мыш жанрда қол жеткізген көркемдік жетістіктері аз емес секілді. Мәселен, Дидар Амантайдың «Мeн ciздi caғы­нып жүpмiн» пoвeci – пocтмoдep­ниc­тiк үрдістегі көpкeм туынды. Да­­рынды сыншы Т. Әceмқұлoв пo­вecтi Х.Кopтacapдың «62 құpacтыpуғa ap­нaлғaн мoдeль» poмaнына ұқca­тады. Шығapмaның бac қaһapмaны Құдaйды iздeгeн Мұхтap Мeдeу шат­қалында aтылады. Шығарма дәcтүpлi үлгiдeн бой тартқан, шешімнен бас­талады. Мұхтap жapының aдaлдыққa жaт oйының бoлғaнын кeшipe aл­мaйды. Қaлaмгep жарға aдaлдық мә­селесі төңірегінде ой кешкендей. Адам рухының биіктігі шығарманың негізгі тініне айналғанмен, бүгінгі жас­тардың тығырыққа тірелген тағ­дырын тайға таңба басқандай көркем суреттеуімен құнды. Әрине, класси­калық үлгідегі тілмен жаза алатын Дидар Амантай постмодернистік дү­ниетаным арқылы адам жанының қайшылықтарына үңіледі. Повестің жанрлық ерекшелігі салмақты тал­дауды қажет етеді. Пост­мо­дер­низм­нен үркуге болмайды, пост­мо­дер­низм-жүйесіздікке құрылған жүйе­­лілік, қысқасы постмодернизмді көр­кемдік феномен сипатында та­нығанымыз жөн болса керек. Әңгіме жанрына келсек, 100 әңгіме жазған көр­некті жазушы Дүкенбай Дос­жа­новтың «Қымыз» атты этногра­фия­лық әңгімесінен Ғ.Мүсірепов дәс­түрі танылады. Жазушы жер жағ­­­­­дайын, өсімдіктер әлемін, таби­ғат құбылыстарын танығыштығы ғана емес, адам жанының жұмбақ құбылыстарын асқан суреткерлікпен өрнектеуі оқырманын үйіріп оты­рады. Қазақтың төл өнері-қымыз дайын­даудың бесаспабына айналған ел құрметтісі Ақтәтенің тағдыры «мен» баяндаушы Далабайдың көзі­мен баяндалады. Далабайдың ағасы да-қазақтың текті жігіті болған. Өмір бойы ішкі сезімдерін тұн­шық­тырып келген екі текті, бірін-бірі алыс­­тан танығанымен адалдық жібін ат­тамаған, отбасының шырқын бұз­баған жандар. «Бидайыққа қор бол­ған» Ақтәтенің «Құдай қосқан қо­са­ғы» Жарбиманың орынсыз қыз­­­­ғанышы күлкі тудырады. Жазу­шы Ақтәте трагедиясына оқырманды ортақтастыра отырып, Жарбима қы­лықтарына езу тартқызады. Ақтәте Далабайдың ағасына емге деп бар өнерін салып әзірлеген қымызын ақы­ры оның топырағына төгеді. Әң­гіме көркемдігінің басты критерийі-шығарманың ұлттық сипаты, жазу­шының ғаламат суреткерлігі мен кең дүниетанымы деп білемін.
Бұл аталғандардан басқа М.Ма­ғауин, О.Бөкей, М.Ысқақбай,
А.Ал­­­тай, Ө.Кәріпұлы, Н.Дәутаев, А.Ке­мелбаева, Ж.Әбдешова секілді жазу­шылар шығармаларын іздеп жүріп оқимын деуге болады. Әсіресе, Ғ.Мүсіреповтің «Жапон баллада­ла­ры» лирикалық прозасындағы түрлік жаңашылдық, шеберлік ұнайды. Сон­дай-ақ, Ө.Кәріпұлының ани­малис­тік әңгімелері, М.Мағауиннің «Қыпшақ аруы» хикаяты мифо­поэ­тикалық сарынымен, мистикалық әуенімен ерекшеленеді.


Баян КЕРІМБЕКОВА,
Сүлеймен Демирел атындағы қазақ-түрік университетінің оқытушысы

Бүгінде шағын жанр жақсы оқылуда

Біз тәуелсіздік деген ұғымды тек саяси шеңберде ғана түсінбей, оны са­на тәуелсіздігі, ой еркіндігі, пікір алуандығы деп түсінуіміз керек. Се­бебі, тобырлық санадан биік, кемел адам қандай қоғамдық формацияда өмір сүрсе де, айтатынын айта білу­дің жолын табады. Өз басым біз тәуел­­сіздік алғанға дейін айтарымыз­ды айта алмадық, оған мүмкіндік бермеді деген жаттанды ақталуға қайта-қайта орала бергенді ұнат­пай­мын. Егер дәл осы пікірмен толықтай қо­сылатын болсақ, онда тәуелсіз­дікке дейінгі әдебиетті өз деңгейінде бағаламаған болар едік. Тасқа қа­шал­ған Орхон ескерткіштерінен бастап бүгінгі күнге дейін жазба әде­биет адамның адам болып қалуына қыз­мет етіп келеді. Әдебиетке идео­логия құралы деп қараған кеңес ке­зін­де де айтылатын шындық айтыл­ды. Тасқа басылған сөздің балталаса да бұзылмайды дегенді бәріміз біле­міз. Сондықтан цензура қашан да бол­ған, бола да береді. Демек, бар­лық тақырыпқа еркін қалам сілтеу Тәуелсіздік кезең әдебиетінен бас­тал­ды дегенге сын көзбен қарау ке­рек сияқты.
Бүгінде (салыстырмалы түрде айт­сақ) шағын жанр жақсы оқылуда. Оқырман жүрегіне оңай жететін ли­риканың қашан да өтімді екені анық. Ал проза саласында сюжеті то­сын, кейіпкерлері өзгеше ойлай­тын, шешімі таң қалдыратын әңгіме, повестерге қызығушылық басым болуда.Тарихи тақырыпта жазылған санаулы романдар болмаса, бүгінгі оқырман кең көлемді шығарма оқуға бейім емес. Бұл тұрғыда «Сіз неліктен роман жазбайсыз?», – деп бүгінгі жазу­шыға да, «Сен неге 400-500 бет­тік романдарды оқымайсың?», – деп бүгінгі оқырманға кінә арта алмай­мыз. Себебі, бүгінгі уақыт өзі сияқты әде­биеттен де қысқалықты, нақты­лық­ты, жинақылықты талап етеді. Де­мек, бүгінгі қаламгерге романға ар­қау болар сюжетті әңгіме яки по­веске сыйдыртып беру шеберлігі тән болуы керек. Егер Б. Майлин бүгінгі заманда өмір сүрсе, ең сұранысты жазушы болар еді деп ойлаймын.
Бүгінгі күні орта буын жазушы­лар­­дың (аға буын прозасы 60-90 жыл­­дардағы әдебиет аясында қарас­ты­рылып жүр) қандай әңгіме, повестері жиі оқылады дегенде
Н. Ораз­дың оқырманын шаршатпай отырып ойлантатын «Аяқталмаған ертегі», «Адасқан жұлдыз», «Оңаша арал», «Түнгі жалғыздық», «Жылқы­ның көз жасы» әңгімелерін; Р.Мұ­қа­нованың философияға, кейіп­кер­дің ішік арпалысына құрылған «Монастрь», «Құбыжық», «Тұтқын», «Мұ­қағали» әңгімелерін, Т.Ахмет­жанның сұлулыққа іңкәрлігінен ту­ған «Сұлу мен суретші», өз зама­ны­ның бет пердесін аша жазылған «О дүниенің қонағы», «Төрт қанден», «Күнәһар» шығармаларын айтуға болады. Сонымен қатар, Н. Ақыш­тың «Бейуақта жанған от», «Бұрынғы бастықтың әйелі», «Дон-Жуанның қалыңдығы», «Жұмыс іздеген қыз»; А.Алтайдың «АҚШ консулының тас лақаты», «Түсік», «Кентавр», «Аль­пи­нист», «Прописка»; А.Кемелбай­дың «Ғибадат», «Құс», «Қоңыр қаз», «Қияда»; Т. Шапайдың «Үйдің иесі», «Көл», «Айна сарай», т.б. сынды ша­ғын жанрдағы шығармалардағы кө­терлген тақырыптар, оны жеткізу­дегі авторлық ізденістер оқырманға ой салады деп ойлаймыз. Д. Рамазан­ның ұлттық таным мен мистиканы қатар қойған «Жын» әңгімесі, хакім Абайдың өмірінің соңғы күндеріндегі әке ретінде құсасы мен ел данасы ретіндегі түңілісін шынайы таныта білген «Құса» әңгімесін, «Сүйген жү­рек», «Көк-жал», «Сағындым сен жан­қалада» әңгімелері жайында да осындай ойдамыз.
Қазіргі оқырман – кез келген тауардың басқаға ұқсамайтын ерек­шелігі болғанын қалайтын тұтынушы сияқты. Олар шығарманы оқымас бұрын мұқабасына, шығарма ата­уы­на мән береді. Оқырмандық ынтаны ояту­ға шығарма атауының да тигізер ықпалының зор екенін ғалымдар жоққа шығармайды. Осы сұранысқа Д. Амантайдың заманауи кейіпкер­ле­рінің диалогына құрылған «BISCOTTE. BISCUIT. БИСКВИТ». ро­ман сұлбасы» әңгімесі мен әңгіме атауы­на елігіп, бірден бас қойған оқыр­манын біресе тарих қойнауына сүңгітіп, енді бірде GOOGLE PEREVODCHIK көмегіне жүгінтетін «Кө­зіңнен айналдым», «Гәкку: кі­тап­тан үзінді», т.б. әңгімелері жауап беріп тұрғандай. Әрине, шұрайлы тілді көркемдіктің бір категориясы ретінде танып өскен орта буын оқыр­манының қазіргі прозаның ті­ліне көңілі толмауы да мүмкін. Алай­да, бүгінгі шағын жанр кейіп­керлері өз-өзін іздеп жүрген жас оқырманға жат емес.
Бүгінгі проза авторларының бі­разы жас жазушылар. Солардың ішінен студенттердің ерекше қызы­ғу­шылығын оятатын әңгімелердің біразына тоқтала кетейін. Неге студенттер Е. Әбікеннің «Министр», «Елу теңге», «Бір қой», «Қыжыл», «Кі­ші ғылыми қызметкер», т.б. әңгі­мелерін қызыға оқиды. Өйткені, жазу­шы оқырманға да өзіне де таныс жайттарды астарлы әжуамен, қара­пайым тілмен шынайы көрсете бі­леді. Автор оқырманнан тым биіктеп те кетпей, төмен де тұрмай, тең дә­ре­жеде шығарма шешімін табуға тырысады.
Жазушы да тамыршы сияқты бү­гінгі оқырманға не қызық дегенді тап баса білуі керек әрі қажет кезінде өз жазғандарын жарнамалай (жақсы мағынасындағы жарнама) білуі ке­рек. «Іштен шыққан шұбар жы­лан­ды» иесіне тапсыру да бүгінгі автор­дың міндеті болса керек. Себебі, кей­бір классик жазушылар болмаса, «оқырман іздеп жүріп оқитын жазу­шы» деген ұғым бүгінде сенімсіздеу естіле бастаған. Мәселеге осы тұрғы­дан келгенде жазушы А.Мантайдың жазғандарын әлеуметтік желі арқы­лы насихаттап, оқырманмен ой бөлісуі құптарлық жайт. Осы арқылы да оқырман Аягүлдің «Соқыр сана», «Бөтен», «Жалғыздық биі», «Деп­рес­сия», «Бөрте», т.б. көптеген әңгіме­ле­рін оқып, автордың өмірден мән із­деп жүретін маскасыз кейіпкер­лерімен кездесіп тұрады. Сондай-ақ, жазғандарын жазған күйінде оқып отыр­маса да, М. Омарова, Л.Қоныс, Қ.Әбілқайыр, Қ.Тілеухан, М.Мә­лік, Б.Сарыбай, т.б. сынды автор­лар­дың өз аудиториясы қалыптасып ке­леді.

Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір