Бәйтік дамолда жайлы әпсана
Ей, адамзат,
дүние боққа тойынған,
Өмір барда, өлім барын мойында.
Сенде біздей боларыңды ұмытпа,
Мінәжат қыл,
ойлан ақирет жайында
(Бәйтік дамолданың құлпытасына қашалып жазылған бәйіт)
Жер жәннаты – Жетісу өлкесіндегі Сарқан ауданына қарасты Көктерек ауылы – әулиелер мен аңыз адамдар мекені. Осы ауыл маңайында мәңгілік тұрақ тепкен әулие Қоңырбайұлы Көтен тәуіп пен Тілеукеұлы Бәйтік дамолда жайлы аңыз әңгімелер ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ел есінде жатталып қалған. Көнекөз қариялардың айтуынша, қос әулиенің бірі Бәйтік дамолда 1815 жылы мына пәни дүниенің есігін ашқан екен. Бәйтік атаның басына қойылған құлпытаста оның өмірден өткен жылы 1902 жыл болып жазылған.
Жалпы, Бәйтік атаның діни оқуы өте күшті болған деседі, өзі құдіретті күшті Алланың сүйікті пендесіне айналып, дұғамен қаншама ағайын-туысы мен алдына келген науқастарды құлан-таза айықтыра білген. Атамыз өзіне ем іздеп келе жатқандардың арасында ауруынан жазылатындары бар болса, иесі қозып «әне, келе жатыр, міне, келіп қалды» деп алдын ала біліп отырады екен.
Дамолда кім?
Осындай керемет қасиеті мен діни білімінің мықтылығы ол кісіні «дамолда» дәрежесіне дейін көтерген. «Дамолда» – біздің ұғымымызда аға молда деңгейіне жету деген мағынаны білдіреді. Дамолда болу үшін жоғары діни мектепті тәмамдап, жазбаша куәлік алып шығу және төрт түрлі ілім-білімді толықтай игеру керек болады.
Оның біріншісі: Құран Кәрімді 90 пайыз аударып, түсіну қажет, яғни арабша жазылған сан түрлі Құран тәпсірлерін оқуы керек. Себебі мұсылмандар ұстанатын ислам діні Құрани Кәрім – «Алланың сөзі» деп танылады. Екіншіден, кез келген хадис кітаптарын аударып, мағынасын түсінетін болуға тиісті. Ал хадистің өзі – Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) сөзі мен істерін дәріптейтін аңыз-әңгімелер, ғибраттар оның сүйікті іс-әрекеттері болғандықтан, ол мұсылман қауымы өмірінің сан алуан діни-құқықтық мәселелерін қамтитын Құраннан кейінгі екінші құқықтық құжат. Жалпы, мұсылмандарға белгілі хадис кітаптары алтау, олар: «Сахих Мүслім», «Сахих Бұхари», «Сахих Әбу Дәуіт», «Сахих Тәрмизи», «Сахих ибну Мәжә», «Сахих Насаи». Ал дамолда болған адам осы аталған алты кітаптың ең аз дегенде біреуін толық оқып шығып, аудара білуі шарт. Үшіншіден, Фиқһты толық әрі жақсы игеруге тиісті. Фиқһ – дегеніміздің өзі терең түсіну мен жан-жақты ұғыну, сенім дегенді білдіреді. Төртіншіден, араб тілін терең меңгеруі қажет. Діни жоғары мектепте оқымаса да, жоғарыда атап өткен төрт түрлі ғылымды жалпы игеріп алуы міндетті. Анығырақ айтсақ, дамолда жоғары білім алмаса да, өздігінен ізденіп, ғұламалық деңгейге көтеріле алады.
Осы жоғарыда айтқанның бәрін ақылға салып пайымдасақ, Бәйтік бабамыздың діни білімі мен тақуалығы бүгінгі күні мұхит асып, ислам университеттерін бітіріп келген дін ғұламалары мен ғалымдарынан асып түспесе, кем болмағанын байқаймыз.
Мұндай дамолдалық деңгейге жеткен әулие Бәйтік атамыздың ислам мәдениеті мен Шығыс әдебиетінен де хабарының барлығы өзінен-өзі түсінікті.
Әулие мен перінің шайқасы
Көктерек ауылында әулие ата жайлы әртүрлі аңыздар мен әпсаналар жиі айтылады. Соның бірі – Бәйтік дамолданың Аягөз сыртқы округінің аға сұлтаны Ағадайұлы Бексұлтан төренің елірме ауруына ұшыраған қызын емдеп, құлан-таза дертінен айықтырып жіберуі.
Заманында Аягөз атырабына билік жүргізіп, орасан абырой мен беделге ие болған тарихи тұлға Бексұлтан төренің сүйікті қызы аяқ астынан адам танымай, ешкімді тыңдамай, еліріп ауырады. Халі күн өткен сайын мүшкілденіп, жүдеп-жадап өлетін жағдайға душар болады.
Бексұлтан төре «малым – жанымның садағасы» деп қазақ елінің төрт тарабына шабарман шаптырып, байлығын шашып, Атырау мен Арқадан да емші, бақсы мен балгерлерді қос-қостап алдырған дейді. Өкінішке қарай, аузын Айға білеген әлгілердің біреуі де төре қызының бетін бері қарата алмапты. Жасаған ем-домдары бейшара қызға қонбақ түгіл, денсаулығы одан әрі нашарлай түседі.
Күндердің күнінде шақшадай басы шарадай болып, амалы таусылған Бексұлтан төреге Қырыққұдық-Мәмбетбай даласынан келіп-кетіп жүретін бір ағайыны жолығып: «мына Қысқаш тауының оңтүстігіндегі қалың ел Садырда аты аңызға айналған Бәйтік деген молда бар, оқуының күштілігін жұрты тамсана айтып, ауыздарынан тастамайды. Ағасы, «алыстан арбалағанша, неге жақыннан дорбаламасқа»?! Қызыңызды емдеу бір келсе, сол Бәйтік молданың қолынан келуі ғажап емес», – дейді.
Мына сөзді естіген бетте амалы құрып отыран Бексұлтан төре «үмітсіз –шайтан» деп, қосағына ат жетектеген соңғы шабарманын Қысқаш тауының етегін мекендеген Бәйтік молдаға шұғыл аттандырып жібереді. Дүзағаштан суыт шыққан шабарман Арғанатыны бауырлап, «Қодар қазған құдығынан» бір ат шалдырып, сусынын қандырады. Жолай кездескен жолаушы-жүргінші, малшылардан жөн сұрай отырып, Қысқаш тауын асып, Лепсі өзеніне құлапты. Өзеннің арғы бетіндегі Аралқұмды мекендеп отырған Бәйтік молдаға жолығып, төресінің өтінішін жеткізеді. Қолынан келген қайырымдылығын ел игілігіне жаратудан тартынбайтын молда, тез арада емге қажет дүниелерін жиыстырып, ел орынға отыра бере Аягөз өзенінің Балқаш көліне құятын тұсын бетке алып, жүріп кетеді.
Шабарманның сөзі мен жүрісіне қарағанда, екі ортаның қашықтығы жүз шақырымнан асады деп меңзеген Бәйтік баба келесі күні түс ауа діттеген жеріне жетеді.
Аздап тынығып, ас-суын ішкен соң молда ауру қызға жақындап, тамырын ұстаған бетте терең күрсініп, басын шайқайды. Қасында үнсіз тұрған қыз әкесіне қарап: «Бексұлтан төре, балаңыздың жағдайы мүшкіл, ен далада көшіп жүрген жын-перінің салқыны тиген. Тигені былай тұрсын, пері мүлде иектеп алған. Оны қайтара алам ба, жоқ па, бір Құдайға ғана аян. Білгенімді аямай оқып, шамам жеткенше барымды салайын», – деп дұғасын бастап кеткен екен.
Бір қарын сары майды алдырып, тамағы құрғап, әлі азая бастаған шақта, таңдайына бір қасық майдан салып отырған дамолда дұғасын тоқтатпай ұзақ уақыт оқи береді. Тыным таппай бір күн, бір түн дамылсыз оқыған дұғаның күштілігінен қиналып, тер басып аласұрып ісінген молданың тік жағалы көйлегінің түймесі бырт етіп, үзіліп кеткен көрінеді. Сол сәтте түндігі айқара ашылған шаңырақтан басы адамның басындай, қос құлағы қалқиған жылан кейіптес пері молданың алдына келіп, топ ете түсіпті.
Дайындап отырған бес өрім тобылғы қамшысымен әлгі періні осып-осып жіберген Бәйтік молда: «Бұдан былай адам баласы жүрген жерге жақындасаң, өз обалың өзіңе!» – деп ақырады. Жанары жасаурап, мүсәпірге айналған пері, уәдесін беріп, ілезде жым-жылас жоқ болған екен дейді. Әбден қалжыраған Бәйтік ата, үй иелеріне сақтық шараларын қатты ескертіп, перілерден қызды күзетуді тапсырып, өзі ұйқыға ден қояды.
Бірақ күзетшілер бұл тапсырмаға тым салғырт қарап, «мықты оқымысты молданың өзі ұйықтап қалды, біздің көзімізге көрінбейтін періні қалай ұстамақпыз» деп таң алдында олар да қалың ұйқыға кетеді. Ұрымтал сәтті аңдып жүрген пері өштескен Бәйтік атаға қайта келіп, тиіскенін ешбір күзетші сезбей де қалады. Осы арпалыста әлгі пері әлсіреп жатқан атаның бір көзіне қатты зақым келтіреді. Соған қарамастан, есін жиған бабамыз дұғамен періні қайта құлатып, басын кесіп алыпты. Оны ел аттайтын табалдырықтың астына көміп, өзі сол тұсқа төсек салып, қайта ұйқыға кеткен екен дейді халық аузындағы әпсана.
Ешкім дертінен айықтыра алмаған қызын жазып, перінің көзін жойған Бәйтік атамызға Бексұлтан төре үлкен құрмет көрсетіп, сый жасап, қошеметтеп шығарып салған-мыс.
Бірақ елге келген соң да, перілер атаның соңынан аңдуын қоймайды, көзі сәл ілінсе, түсіне жылан бейнесінде кіріп, маза беруден қалады. Мұның тоқтамасын білген Бәйтік әулие өзі тұрақтап, мекен етіп жүрген жердегі жыландардың тілін дұғамен байлап тастаған көрінеді. Тағы бір аңызда Бәйтік дамолданың періні тұтқындап, қой бақтырып қойғаны жайлы айтылады. Сондай жағдайға жетіп тұрса да, өштескен перілер атаға «сенің тұқым-тұқияныңа дейін маза бермейміз» деген екен.
Осы дамолданың тікелей ұрпағы, Көктерек ауылын сан жылдар бойы басқарған Жүністің Жамболы атты атамыз жыланнан өлердей қорыққан көрінеді. Бір ғажабы, күні бүгінге дейін қанша өріп жүрсе де, Көктерек өңірінде өмірі жылан шақты деген пендені кездестірмейсіз. Осыдан кейін, Бәйтік дамолданың құдіреті мен қасиетіне сенбей көріңіз…
Қазидың бетінде қалған таңба
Қасиетті атаның құдіретін байқататын тағы бір оқиға былайша өрбиді. Ауылдың басқармалары Жамбол мен Қази деген шолақ белсенді қырдағы малшы ауылды тексеріп, көңілдері толып, бабы жеткен бал қымыздан қанғанша ішіп, ауылды бетке алып келе жатса керек. Ара-тұра астарындағы елірген аттарын қамшылап, жарысып қоятын олар Бәйтік атаның зиратының тұсына қалай келіп қалғанын да байқамайды. Сол кезде, Жамбол ақсақал Қазиға қарап: «Әулие атамның бейітінің маңайынан шауып өтуге болмас, енді аттың тізгінін тартып, ақырындайық», – десе керек.
Әлгінде ішкен қымыздың буына желпінген Қази болса: «Ой, Жаке, сіздер осы қырық жыл бұрын өліп, сүйегі қурап қалған аталарыңыздың рухына сенгенді қоймайды екенсіздер», – деп одан әрі шаба жөнелген екен. Ертеңгісін, таңертең жұмысқа дайындалып жатқан Жамбол атаның үйіне, қорқыныштан көзі шарасынан шыққан Қазидің әйелі келіп, күйеуінің аузы-басы қисайып қалғанын жеткізеді.
Гәптің неден болғанын бірден ұққан Жакең әлгілерге бір малын сойып, қан шығарып, Бәйтік атаның басына қонып, жалбарынып кешірім сұрауын түсіндіреді. Әулие басына түнеген Қази белсендінің түсіне түнде ата кіріп: «Саған мені өмір бойы ұмытпастай белгі қалдырамын», – деген екен. Шынымен де, сол кісінің аузы қисайған қалпы өмірден өтіпті.
…1993 жылы Көктеректегі әулие Бәйтік атадан тараған үрім-бұтағы жиналып, ол кісі өмірден өткен 1902 жылдары салынған ескі бейітінің сыртынан ақ кірпішпен қоршап, зиратын жаңартты. Атадан таралатын ұрпағы мен бала-шағасы басына құлпытасын қойып, ас беріп, Құран бағыштады. Асқа жиналған қауымның қарасы да қалың нөпір болды.
Әулие атаға тоқсан жылдан кейін көрсетілген бұл құрмет, күні бүгінге дейін жалғасып, Лепсі-Сарқант қара жолының бойындағы Бәйтік дамолда зиратының басына ақтығын байлап, тілеуін тілеп, құлшылық етіп, Құран оқитындар легі толас таппайды. Бүгінде атаның келіні Әріпжамал Жүнісова апайымыз дәстүрді жалғастырып, зиярат етушілерге баба мұрасын баяндап, шырақшылық міндетін атқаруда.
Ауылы мен арысы ардақтаған әулие атамыздың шарапаты тиіп, аруағы бәрімізді қолдай берсін…
Есенай Іңкәрбаев