Көзіңнен шер мен шат­тық қатар шығады «Аға» жайлы аз-кем ой
29.08.2024
996
0

Қалам жалғыз болғанымен, одан туған туынды жалғыз болуы мүмкін емес. Ал қаламгердің шығар жері әрқилы болғанымен, көздеген биігі бірдей. Басқаларын білмеймін, осы тұрғыдан алғанда белгілі ақын Қуат Қайранбаевты есімнен де, есептен де шығарып көрген емеспін. Оның тоқ кезі де, жарау кезі де ойымызда. Жақында шыққан «Аға» кітабын асықпай оқып шықтым. Сол баяғы жер тарпыған тұяқ, алағызба арын, сұлу салған сурет. Тек бұл жолы проза кеңістігінде…

Әдет­тегідей ақынның жаны сылқылдап аққан бұлаққа, қалтарыста қалып кеткен құндылықтарға, даланың бір түп жусанының жұпарына құштар. Солармен тағдырлас. Соларға тән тыныштық пен көктем ұя сала тасыған өзен арналарындағы буырқанысты сәт­терді өз басынан да іздейтін секілді. Бәлкім, туыстық, бәлкім, табиғат сыр сандығында жатқан қазына да болуы мүмкін. Бұл жолы ол даланың дархандығын, аспанның асқақтығын, күннің от-қызуын қалап әлектенбепті, ел мен жердің татулығын, ұрпағының амандығын аңсаған ата-бабаларының қанкешті ғұмыр сүрлеуін, түлкі бұралаң тіршілік жолындағы айқасты романға арқау еткен.
Сонау аласапыран заманда біртұтас отырған елінен жырақта, ата-бабаларының жұрты саналатын Алтай-Сауырда күн кешуге мәжбүр болған Керей ауылының сан қилы тағдыр соқпағына жол салады. Ке­йіннен Кеңес үкіметі жергілікті халыққа күн көрсетпей, қызыл қырғынға ұшыратқан тұста жат жерді сауғалауға серті алдырмай, Қытай асуға қорланған Қайранбай қарияның тәлімі төрт ұлы – Әбуғали, Адамбай, Серікбай, Байболдың кеудесіне қонады. Қазан төңкерісі, Түркістан-Сібір теміржолының салынуы, аждаһадай аранын ашқан ашаршылық, сұрапыл соғыс кезең-кезеңімен бір әулет­тің басынан аунайды. Сол кесапат­та адамдық болмасына дақ түсірмеген кейіпкерлердің кескін-келбетін автор уақыт сынынан өткізіп, көңілге мәңгі ұялатқан. Ешқандай ерсі қимыл, артық әрекет жоқ. Бәрі орынды, бәрі дәлелді, шынайы. Оның айт­қанына сенбеске, шүбә келтіруге шамаң жоқ. Қаламнан өнген образдардың сәт­ті шығуы автордың поэзияда сом сурет жасаудағы ұсталығында жатқан шығар.
Әше­йін кітаптың бетін көбейту үшін айта салған басы артық мысал таппадық. Іздеп, саралап, мұқият өлшеп-пішіп, сұрыптап суреткерлікпен сызған сөйлемдер. Әрине, кейбіреу­лер үшін бұл бір рудың, не бір отбасының әсіре сипат­таған өмір күнделігі болып көрінуі мүмкін. Бірақ біз оған үңіліп, қадалып, тіпті ойланып қараңыз деген уәж айтар едік. Автор әкесі Әбуғали арқылы, сол дәуірдегі қазақтың қилы тағдырын сана сыны мен көз сүзгісінен өткізеді. Ол тұтас күйінде алып салмақтамағанның өзінде, шынайы һәм шытырман оқиғалардың қиындыларында қаншама пайдалы қазына жатыр. Олар ең алдымен, оқырманның сол уақытқа деген көзқарасын қалыптастырады.
Оқушы кітаптан романды ғана оқып қоймайды. Сурет көрмесінде жүріп картина қарағандай, сол дәуірді ашық таспалаған деректі фильм көргендей болады. Шығарма нақтылы, жанды сурет­терге толы. Оқырман ойында әсерлі оқиға, көңілінде көркем көріністер қалатыны сондықтан болса керек. Ақынның бұл елеулі ерекшелігі, өзіндік қолтаңбасы сонау поэзия әлемінде өзінің тұғырын тапқанда енген болатын. Ал бүгінде ол толысқан. Өзі тісқаққан режиссер секілді, шығарма кейіпкерлерінің қимыл-әрекетін көз алмай бағып отырады. Тіпті мына тұрысың болмайды, олай емес, былай жылжы деп нұсқау беретіндей… Өмірде де, өнерде де әше­йін нәрсе болмайды. Романның қырық қыртыс, қат-қабат қалтарыстарын ой көзімен тінте қарайтын болсақ, біз осы жайларды еріксіз аңғарамыз.
Қуат Қайранбаев – проза жанрына тұтқиылдан араласқан қаламгер емес, бұған де­йін баспасөз саласында көркем дүниелер жазып, өз оқырманын тапқан автор. Әсерлі әңгімелері әлі де әрін жоғалтқан емес. Бірте-бірте өз жолын белгілеп, жеке жолбелгі қалдырып, бірте-бірте арнасынан асып, баспасөздің биік бөгетіне килігіп, өзі құралыптастарды оза шауып, суы мол жиналған тоғандай тасып, табиғи ағысына түскен жазушы.
Мәселен, аталған кітапта өзінің өскен ортасы мен ұшқан ұясынан ұзап ешқайда кетпейді, көрген-сезгенін, білген-түйгенін әкеп салыстырады. Сондықтан да оның шығармаларынан аралық дәуірдегі ұлт­тық белгілер молырақ сезіледі. Содан да оның жазу машығы туралы оқырман пікірі әлі тұрақтала қойған жоқ. Ол анық, тай-құлындай тебісіп, жарыса өскен қатар-құрбы, өнердегі қауым әр уақыт­та әділет­ті баға бере бермейді. Заманға сай жазу деген шарт жоқ. Біреу кейіпкердің қолына күрек ұстатса, біреу мойнына галстук тағады. Бірақ екеуі де оның болмысын сол арқылы аша алады. Әдебиет­тің бір қыры – осы.
Жалғыз бұл ғана емес, автордың кейіпкерлері небір қызық та, қым-қуыт оқиғаларға кез болып, сан алуан әрекет­ті бастарынан өткереді. Бір қуанарлық жайт, оқушы соның көбінен ғибрат алып, ақылына ақыл қосып, есейе түседі. Басы да, аяғы да осы ғана – екі-ақ ауыз. Ал түйіні – әлденеше ойға жүк болардай салмақты. Құдды бал жеп отырып, абайсыз ащы бұрышты асап жібергеніңдей. Көзіңнен шер мен шат­тық қатар шығады.
Күнделікті қоңырқай өмірдің ескерусіз бір көрінісіне қайта маңыз құйғандай романның өн-бойы тұнған ізгілікке толы. Тақырып жағынан оқшау көрінгенімен, шығармада халқымыздың көрнекті адамдары жайында да, кешегі өткен ұлы майдан туралы да, бүгінгі заман, өндіріс, ауыл шаруашылығы – бәрі қамтылған. Қазақтың маңдайына таңба салған нәубет­ті жылдар, автордың маңдай терімен қағазға мәңгілік қоныстанады.

Мұхтар КҮМІСБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір