Өзің жайлы аңыз көп
2022 жылдың алғашқы айларынан бастап, «Лето 1941 года» (1941 жылдың жазы) атты тарихи көркем фильммен алыс-жақын елдердегі қалың жұртшылық жақсы таныс бола бастады. Кино көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, жауынгер-жазушы, әдебиеттанушы Әди Шәріповтің (1912-1993) 1941 жылдың 22 маусымында соғыс басталған бетте қоршауды бұзып шығып, Беларуссияның Мухин орманында партизан отрядын құрған бір жазы суреттеледі. Киномен таныстыру алғаш рет Алматыда 20 сәуір күні «Lumiera Cinema» кинотеатрының үлкен залында өтсе,
Ә.Шәріповтің туғанына 110 жыл толу мерейтойына орай 2023 жылдың 17 қаңтарында ҚР Жазушылар одағы мен қала әкімдігінің ұйымдастыруымен «Арман» кинотеатрында да аталып өтті.
Кино көрсетілмес бұрын Ұлықбек Есдәулет пен Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев партизан жазушының қоғамдық орны мен ерен еңбегі туралы айта келіп, Ә.Шәріповтің жұбайы Клара Жағыпарқызын мерейтоймен құттықтады. Лық толы залда десанттық жоғары әскери мектептің солдаттары мен әскери киім киген генерал, жоғары шенділер жиынның сәнін айшықтай түсті.
Кинода сценарий авторы һәм қоюшы режиссер Бекболат Шекеров және Азамат Нығманов (Әди Шәріпов), Әлихан Лепесбаев (Жылбек Ағаділов), Шәріпбек Закиров (Әбдіғали Төлегенов), Мақпал Қасенова (Жамал Ағаділова) сияқты басты рөлдерді сомдаған актерлер мен кино түсіріліміне атсалысқан тұлғалармен жүздесу болды. Кино сюжеті нақтылы тарихи дерек бойынша Беларуссия жерінде түсірілген. Бас рөлді сомдаған А.Нығмановтан бастап, Беларусь халқы мен неміс офицерлерінің образдары өте шынайы, нанымды шыққан. Тіпті, беларусь балаларының өзі тура соғыстың қақ ортасында жүргендей әсер береді. Ал Дитер фон Гаген деген неміс офицерінің рөлін ойнаған Андрей Королевич, полковник Ранкенау (Андрей Олефиренко), Тамара (Валентина Гарцуева), Аня (Елизавета Шукова), Толик бала (Тимофей Стацевичус) Беларуссиядан келе алмады. Осылардың ішінде неміс полковнигі Ранкенау рөлін ойнаған Андрей Олефиренко 1985 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» түсірген Әлия Молдағұлова туралы «Снайперы» (режиссеры Болат Шамшиев) киносында кеңес офицерінің рөлін ойнаған екен. «1941 жылдың жазы» орыс тілінде түсірілгенімен, неміс немісше, қазақ қазақша, жергілікті халық орыс тілінде сөйлейді.
1941-1945 жылдардағы қан майданда «партизан Саша-қазақ» (беларусь ұғымында «ертегілік батыр») деген аты аңызға айналған Әди Шәріпов – бұл кезеңнің шындығын «Партизан қызы», «Ормандағы от», «Тон», «Қапастағы жұлдыздар», «Әке қабірі басында», «Арбасу», «Эльбурс етегінде» сияқты әңгіме-повестері мен «Сахара қызы», «Дос сыры» атты романдарына арқау еткенімен, өзінің жеке басынан өткен қиямет-қайым күндерін қағаз бетіне тұтастай түсіре алмай кеткен қаламгер. 1937 жылы 25 жасында «Бөрінің бөлтірігі» деген мақала жазылып, «қажы-байдың тұқымы», «Жапон шпионы», «Ілияспен (Жансүгіров) байланысы бар» деген айып тағылып, комсомолдан шығарылғаннан кейін, факультет деканы М.С.Сильченконың дер кезіндегі көмегімен бас сауғалап, Түркменстанның Красноводскі қаласына барып, жанын сақтап қалмағанда, тірі қалар-қалмасы екіталай еді. Бірге оқитын курстасына айтқан өмір тарихы көп ұзамай өз басына соққы болып тигеннен кейін Әдекеңнің екі елі ауызға, төрт елі қақпақ қоя қойғаны анық. Өмірінің жартысын жауапты қызметтерге арнағандықтан, әкелері кеңес өкіметінің ата жауы саналатын Қайранбай қажының ұрпағы Әди Шәріповке үнемі аузын бағып, сақ жүрмесе болмайтын еді. Сондықтан да болашақ қайраткерге өмірбаяндық роман жазу – бұйырмағаны ақиқат. Оның 1940 жылы әскери комиссариаттың бастығына кіріп, өзіне жала жапқан адамның да сонда жүргенін көріп: «әскер қатарына қайда жіберсеңіздер де барайын, тек бір өтінішім – мына Т. деген азаматтан аулақ жүретін әскери бөлім болса екен» деген өтініші бойынша жау тылынан бір-ақ шығуы да кездейсоқ емес екен. Кейін министр боп тұрған кезінде тұтқында болғандығын, еш жер жұмысқа алмай қойған осы адамға Ә.Шәріпов Ұзынағаштан мамандығына сай жұмыс тауып береді.
Кинодағы бір ерекшелік – Әдекеңнің атасы Қайранбай қажы елес болып бас кейіпкердің көзіне екі рет көрінеді. Бастан-аяқ қаруланған жау әскерлері партизандарды тартып әкететін батпағы қалың суға қарай әдейі ығыстырады. Қай жерінен өтерін білмей дағдарып қалғанда Әдидің көзіне әкесі елес болып жалт етіп бір көрінеді. Қажы тұрған жерден жұртты бастаған Әди қолы батпақты судан аман-есен өтіп кетеді. Ал жау қолы бұларды өлдіге санайды. Осы сияқты қазақтың таным-түсінігіне сай штрихтар кинода орынды көрсетіледі. «Әй, енді қолға түседі-ау!» деп жаныңыз қысыла бастағанда Әди Шәріпов құрған партизан отрядының жанкешті қимылы адамды бей-жай қалдырмайды. Кино көріп отырған талай көрерменнің «Ай, қазағым-ай, мықты болған екенсіңдер ғой» деп күрсіне кемсеңдеген дауысын естіп отырдық. «Саша-қазақты» ұстап бергенге елу мың неміс маркасын және помещиктің жерімен қоса үй-жайын сыйға береміз» деп неміс-фашистері самолеттен листовка тастағаны да – тарихи шындық.
Ә.Шәріповтің «Партизан қызы» повесіне арқау болған лейтенант Жылбекпен танысуы да қызық. Негізгі күштен бөлініп қалған Жылбек Ағаділов тобы да орманды паналайды. Бір-біріне бойын көрсетпей, екі топ дауыстап сөйлескенде Әди қасында тұрған қазақша білетін беларусь шал «Ой, мынау қазақ, акцент қазақтікі» дейді. Бұл адам азамат соғысы кезінде Қазақстанда болған екен. Сонда Әди қазақша «Сен кімсің?» деп айғайлайды.Келесі дауыс «Сен өзің кімсің» дегенде зал ду ете түсті. Тасадан шыға келген Жылбек бірден «Қай жақтансың?» дегенде Әди «Семейденмін» дейді. «Мен Павлодарданмын» деп екеуі құшақтаса кеткенде күле отырып, көзге жас келеді. Әдекеңді «Ағатайым» деп сөйлейтін Әбдіғали Төлегенов образы да сәтті сомдалған. Әбдіғали өзі мерген, атқан оғы қалт кетпейді. Жауды атар алдында «Аруақтар көмектесіңдер» деп сыйынады. Жау тылынан аман-есен шығатынын көріп жүрген бір беларусь досы оның сөзін қайталап, Әбдіғалимен қатар жауды көздеп жатып, ол да қазақша көзі бақырайып, «Аруақтар көмектесіңдер» деп қояды. Ауызекі тілде қазақтар «Аруақтар көмектесіңдер» деп айтпайды. Десе де бұл жерде сөлекеттік байқалмайды, қалай болса да, көңілге қонымды. Кинодағы кейіпкерлердің барлығы да тарихта болған, өз аты-жөндерімен алынған Ә.Шәріпов шығармаларында жазылған тұлғалар.
Қиян-кескі бір соғыста Әди Шәріпов неміс офицерімен бетпе-бет келіп қалады. Бірақ қолға түспей, құтылып кетеді. Штабқа келген неміс полковнигі қасындағыларға «қазақ халқын жеңу мүмкін емес екен» дейді. «Неге?» деген сұраққа «Мен оның көзін көрдім» деп жауап береді.
Осы орайда Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы мен Баянның немерелес ағасы Сары батыр еске түседі. Тәтіқара жырау толғауында: «Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын Сары менен Баянды айт Уақтағы» деген жолдар кездеседі. Осы Сары батыр жауға шапқанда көзінен қан сорғалайтыны сонша, атының шылбыры Баянның тақымында болып, тек жаудың оншақты адамын құлатқанда ғана көзі ашылады екен.
Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин 1943 жылы 3 ақпанда әскери газетке: «Неміс иттің талайын қырдық. Қызып кеткенде, екі көзге қан толғанда, немісті өлтіру қызық болады да тұрады», – деп жазған екен. Мұны айтып отырғандағы себеп – Сары батырдай көзінен қан сорғаламаса да, екеуінде де жаудың сесін қайтаратындай соған ұқсас айбат болғандығында шәк жоқ.
Ә.Шәріпов пен М.Ғабдуллин екеуі – керемет жақсы дос болған адамдар. Әди ағамызға «Бөрінің бөлтірігі» деген жала жабылып, бой тасалап жүргенде М.Ғабдуллинге де 1937 жылы «Әди Шәріповпен ауыз жаласқан» деген айып тағылып, комсомолдан шығарылған екен.
«Дүниеде партизандар ғана мықты болады» деп ойлайтын өз аты да аңызға айналған партизан-жазушы Қасым Қайсеновтің 1945 жылы Әдекеңмен алғаш танысуы қызық. Әрине, Қасым аға алғашында атақты партизан командиріне сынай қараған болуы керек. Себебі партизан-жазушы Әдекеңнің кесек тұлғасына, алақандай көзіне, құлақтың бітіміне қарап отырып, «нағыз партизанның өзі екен» – деп, «Қамқоршымыз болды» деген мақаласында сүйсіне сипаттама беруі осы ойымызды айғақтайды. Өйткені, өткір көз бен саққұлақ тастай қараңғы айсыз түнде қалың орман ішінде жол табудың бірден-бір құралы емес пе?
Жалпы, Әди Шәріпов – көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған адам. Ақын Т.Молдағалиев «Дара тұлға» деген өлеңінде «Мынау елде, ағатай, өзің жайлы аңыз көп» деп тегін айтпаса керек. 1928 жылы Өскемен қаласынан жеті тиынға сатып алған А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» оқулығын жанын шүберекке түйе жүріп, кітаптарды шөлмектің ішіне салып, ауа кіретіндей труба қойып, туған жері Мариновка деревнясының Былқылдақ өзенінің жағасындағы ағаштың түбіне көміп, соғысқа аттанарда күдік келтірмейтін жақын ағайындарының біріне жасырын орынды тапсырып, елу жыл сақтауы, кейіннен Ахметтерді ақтаған комиссияның мүшесі ретінде: «Оу, ағайындар, сіздерде де кезінде бұл кітап болған. Амал не, қорқып жағып жібердіңіздер. Енді тек көшірмесін берейін» деп оқулықтың толық нұсқасын ең бірінші болып баспаға ұсынуы – жатқан бір жыр емес пе? 1928 жылы «Әдебиет танышқышпен» бірге сатып алып, бірге сақтаған М.Әуезовтің «Қилы заман» повесін романға балаған Әди Шәріпов оны орысшаға аудартып, Мәскеуден жарық көруіне тигізген тікелей ықпалы да, аңыз емес, шындық. Жазушылардың аңызға айналған атақты ақ үйі мен сары үйін салдыртқан да Әдекең екен. Бірақ тоталитарлық жүйе жекелеген адамдардың ерекше ерлік істерін айтуға да, жазуға да жол бере қойғаны белгілі. Сондықтан да қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылардың жекелеген естелік мақалаларында, еске алу кештерінде, ел аузындағы әңгімелер болмаса, былайғы жұрт оның халқына сіңірген ерен еңбегінен мүлде бейхабар деуге болады.
Кино соңында бас кейіпкерге екі жерден оқ тиіп, ес-түстен айырылғанда барлығы командир «өлді» деп ойлайды. Бірақ көрер жарығы бар екен. Ә.Шәріповтің аман-есен туған жеріне оралғанын тау сілемі мен жусан толы дала арқылы бір аңғарсаңыз, екіншіден, бас кейіпкердің машинаны тоқтатып қойып, жусанды құшырлана иіскеуі арқылы тағы бір сүйінесіз. Кино Қалба тауының етегімен жүріп келе жатқан жүк машинасының үстінде түрегеліп тұрған Әди бейнесімен аяқталады. Бұл киноның көп нүктесі сияқты әсер етеді. Осындай үнсіз психологизм фильмнің талай жерінен ұшырасады. Бір-біріне ғашық беларусь қыз бен жігіттің қарым-қатынасы әсемдікке толы. Жаудың бетін басқа бағытқа бұрып жіберуге аттанған беларусь жігіті оққа ұшып, Әди жалғыз оралады. Бас кейіпкер қыздың бетіне үнсіз көз салып, жанынан өте шыққанда, сезімтал жан бірден түсінеді. Кино осы сияқты сәтті шыққан қысқа эпизодтарға толы.
1944 жылы жараланып, елге оралғаннан кейін әуелі Қазақстан Оқу министрінің орынбасары, бұдан кейін 1963 жылға дейін Оқу министрі, 1963-66 жылдары Қазақстан Министрлер кеңесінің төрағасының орынбасарынан Сыртқы істер министрі, 1966-1971 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, 1971-1979 жылдары Әдебиет және өнер институтының директоры сияқты жауапты қызметтер атқара жүріп, «Жұмағали Саинның өмірі мен творчествосы», «Қазіргі дәуір және қазақ әдебиеті дамуының проблемалары», «Қазақ әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық», «Сырбай Мәуленов творчествосы» атты монографиялық зерттеу еңбектер жазып, шетелге шыққан сапарларын бейнелейтін «Алыс жағалаулар» атты очерктер жинағын шығарады. Қашан көзі жұмылғанша (1993 жылы 81 жасында қайтыс болған) осы Әдебиет және өнер институтынан қол үзбей өтті.
Ә.Шәріповтің «Жұмағали Саинның өмірі мен творчествосы» атты зерттеу еңбек жазуы жайдан-жай емес. Өйткені Ж.Саин да Украина жерінде партизан отрядын басқарған екен.
Қасым Қайсенов сипаттағандай расында Әди ағаның көзі үлкен еді. Бірақ сол көзден үлкен адамгершілік, мейірім төгіліп тұратын. 1983 жылы мен Әдебиет және өнер институтының аспирантурасында оқып жүргенде коммунистік партия қатарына өттім. Жетекшім – Мекерия Атымов деген ғалым еді. «Қажым Жұмалиев шығармаларындағы әдебиеттану мәселелері» деген тақырып берді. Менің жарым Қажытай Ілиясұлы «Қажымды білу – бүкіл әдебиетті білуі деген сөз. Қиқалаңдамай осы тақырыпты ал», – деп кесіп айтты. Аталған тақырып бойынша кандидаттық диссертация қорғап шықтым. Айтайын дегенім, партия жиналысында маған «Қандай қоғамдық жұмыс атқарасың? Сені қоғамдық жұмыс қатарынан көрмейміз ғой» деген сұрақ қойылды. Жаңа босанған кезім, өзім жүдеумін, өңім де құп-қу. Ана сұрақтан кейін одан әрмен құп-қу боп кеткен шығармын. Сол кезде Әди аға үстелді қолымен бір салып: «Өмірге адам әкеліп отыр емес пе, одан артық сендерге қандай қоғамдық жұмыс керек!», – деді. Ана кісі: «Иә, Әдеке, сол жағы бар екен ғой. Коммунист болуға лайық екен бұл бала», – деп қолдай кетті. Партия қатарына өту үшін екі адам рекомендация жазып беруі керек. Соның бірі – Әди аға еді. Мен сол кезде ашуланған Әди Шәріповтің сұсты кейпін көрдім. Көзі шарасынан шыға жаздап, от шашып кетеді екен. Ал соғыс үстінде қандай болды екен? Оны енді ойлаймыз ғой.
Ал Әди ағаның жары Клара Жағыпарқызы Мыңжасарованың қайраткер тұлға Шәріповтің шығармашылығы мен халқына сіңірген еңбегін насихаттаудағы еңбегі өте зор. Осы киноның де консультанты ретінде атқарған жұмысы ұшан-теңіз.
«1941 жылдың жазы» деген көркем фильмде Әди ағаның бір жазы суреттелген сияқты көрінгенімен, қаншама адамның тағдыр-талайы тұр. Туған жерге оралмай, жат жерде шейіт кеткен мыңдаған боздақтар тағдыры ше? Аталмыш фильм сол бір зұлматты жылдар шындығын еске салады. Адамды тәубәсіне түсіреді.
Жайшылықта өнегелі адамдардың өмірін бүгінгі ұрпақ бойына сіңіру қажет деген сөз көп айтылады. Оның себебі сондай кең тынысты кесек тұлғаның батыр әрі батыл адамдардың арамыздан сиреп бара жатуы, оның орнында жалпылдаған жағымпаздардың көбеюі атақты тұлғалар туралы кереғар түсінік туғызады. Сондықтан да бүгінгі ұрпақ санасына батыл сіңіретін таза үлгі, таза өнеге Әди Шәріповтің болмыс бітімінен айқын аңғарылады. Осындай тұлғаларымыздың өкше ізінен көз жазбай, олардың бірсөзділігінен, құбылмайтын құлқынан үйрену, кісілігінен, елін, жерін сүйетін, ұлтын сүйетін үлкен ұстанымынан ұрпақ алатын үлгі ешқашан ескірмейді.
Руда Зайкенова,
Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры,
филология ғылымының докторы