Жайлы мектеп – заман талабы
ХХІ ғасырда мемлекеттер қара күшпен емес, біліммен, сол арқылы жеткен озық технологиямен озады. Жылдан жылға қарыштап дамып келе жатқан заманауи ғылыми жетістіктерге ілесу үшін де білім керек. Қазір бір елдің ғана емес, адамзаттық деңгейдегі проблемаларды ойлайтын кезең. Ауыз судың азаюы, климаттың өзгеруі секілді күрмеуі қиын мәселелерді шешу үшін ұшқыр ойлы, ғылымға бет бұрған ұрпақтың өскені абзал.
Ал ол үшін не істеу керек? «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, ел болашағы өзін жайлы сезіну үшін заманауи мектептерде білім алса дейміз. Қазір мемлекетіміздегі мектептердің басым бөлігі сонау Кеңес Одағында салынған. Ғимараттары ескірген, кабинеттері жабдықталмаған немесе әлдебір пәндерді оқытуға ыңғайластырылмаған. Бұл өз кезегінде оқушылардың толыққанды білім алуына кедергі келтірмей қоймайды. 11 жылын мектепке арнайтын балалар сол уақытты өзіне ыңғайлы, жайлы мектепте өткізгені дұрыс емес пе?
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында осы мәселеге қатысты бағдарлама ұсынды. 2025 жылға дейін елімізде 800 мыңға жуық баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасалатынын айтты. Ұлттық жобаның аты – «Жайлы мектеп». 2023 жылы басталатын жоба аясында еліміздің түкпір-түкпірінде заманға сай жаңа мектептер бой көтереді. Бұл өз кезегінде апатты жағдайда тұрған және үш ауысымды мектептердің де проблемасын шешуге көмектеседі.
Ұлттық жоба бойынша 842 мың балаға арналған 401 жаңа мектеп салынады. Қазірдің өзінде республика бойынша 225 мыңға жуық оқушыға орын жетпейді екен. Тағы бір айта кететін жайт, құрылысқа отандық өндірістегі материалдар қолданылады.
Мектептерді жобалау Қазақстанның қолданыстағы нормаларына, ҚР Үкіметі бекіткен техникалық тапсырмалар мен білім беру ұйымдарын салудағы озық халықаралық тәжірибеге негізделеді. Ұлттық жобаның бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы.
Жоба аясында ашылған мектептер заманауи құрылғылармен толық жабдықталады. Зертханалармен қамтамасыз етіледі. Бастауыш сыныптар үшін жеке блог болады. Мақсат – оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау, білім беру қызметінің сапасын арттыру. Бұл білім беру процесін оңтайландырады. Себебі осы күнге дейін кейбір мектептерде химия, физика пәндерінен тәжірибе жасап көрмеген неше ұрпақ мектепті бітіріп кетті. Теория – бір бөлек, ал практиканың жөні басқа. Көзбен көріп, қолмен ұстамай түсінбейтін сабақтар болады. Практикалық жұмыстың нағыз ортасында жүріп, түрлі процестерді жүзеге асыру оқушылардың пәнге қызығып, оқуға құштарлығын оятары сөзсіз.
«Жайлы мектептерді салуға беделді әрі бәсекеге қабілетті компаниялар тартылады», – дейді жауаптылар. Сонымен бірге жұмыс барысы қатаң қадағаланады. Ол іске асса, білікті техникалық қадағалаушылар шақырылмақ. Жаңа мектептер, талап бойынша, 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 немесе 2500 орынды деп белгіленген жеті түрдің біріне сай салынуы керек. Олардың әрқайсында робототехника кабинеті, бірнеше зертхана, аумағы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы қажет. Сонымен қатар заманауи мектептерде бастауыш сыныптар (9х18м) мен орта буын, жоғары сынып оқушылары үшін (36х18м) бөлек-бөлек спорт залдары болады. Әр сыныпқа арнайы интерактивті тақта мен мұғалімге арналған компьютер де қарастырылған.
Жалпы, бұл жоба аясында тұрғызылатын мектептер президенттің және үкіметтің жеке қадағалауында болатыны айтылды. Соған орай, құрылыс барысы, жобалау секілді жұмыстардың бәрі дерлік ашық өтеді деп уәде етілді. Құрылысты қадағалау инженерлік қызметтері де ашық конкурстық негізде сатып алынады. Барлық сатып алу жалпыға қолжетімді онлайн платформада жүзеге асырылады. Байқау комиссиясының құрамына «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының өкілдері ғана емес, «Атамекен» ҰКП, «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесі, әкімдіктер мен Оқу-ағарту министрлігінің тәуелсіз сарапшылары да кіреді.
Мониторингтің ақпараттық жүйесі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында жұмыс істейтін болады. Тіпті тікелей бейнетрансляция мен құрылыс алаңдарының фоторепортаждары бар интерактивті карта жасалады деген ақпарат бар. 401 жаңа мектептің құрылысын кез келген адам тәулік бойы бақылай алады. Жобалаушы және техникалық қадағалау есептері апта сайын жарияланады. Осылайша жұмыс барысына қоғамдық бақылау күшейтіледі.
Еліміздегі мектептердің көбі Кеңес одағы тұсында салынғанын айттық. Олардың дені ерекше балалар үшін қолайсыз. Жаңа мектептерді барлық оқушының қажеттілігін ескере отырып, заманауи технологияларды қолданып салу жоспарланды. Кедергісіз, ыңғайлы кеңістік: арнайы пандустар, лифтілер, дәретхана бөлмелері болады. Сондай-ақ әрбір мектепте инклюзивті білім беру кабинеті болуы керек. Мұның бәрі балалардың қоғамға жақсырақ бейімделуіне қажет алғышарттармен қамтамасыз етеді.
Тағы бір қуантарлық жайт, жаңа мектептер ұлттық нақышта безендіріледі. Білім ордасын салуға отандық үздік инженерлер, сәулетшілер мен дизайнерлерді тарту, заманауи технологияларды қолданып салу жоспарланып отыр. Жобалық-сметалық құжаттамаға ашық конкурс негізінде «Samruk-Kazyna Construction» интерьер дизайны мен сәулеттік шешімдерді әзірлеу кезінде бірқатар элементтің ұлттық нақышта болуын талап етеді.
Жаңа ғимараттарда оқу-тәрбие іс-шараларын өткізу үшін трансформациялау мүмкіндігі бар көпфункционалды акт залы, кітап қоймасы мен оқу залы бар кітапханаларға да орын беру жоспарда бар, онда кітап қорын сақтауға бағытталған температуралық режимнің заманауи технологиялары, медиатека, электрондық кітапхана, мекеменің әр қабатында оқуға және бос уақытты мазмұнды өткізуге арналған коворкинг-аймағы болады.
Еңбек пәнін оқытуды ұйымдастырып, білім алушылардың шығармашылық әлеуеттерін дамыту үшін жаңа буынның тиісті жабдығымен қамтылған әмбебап шеберханалар, шығармашылық студиялар, бастауыш кәсіптік білім беруге арналған кабинеттер (тігінші, аспаз, IT-маман, ағаш ұстасы және басқалар) болады.
Бұл мектептер өрт-күзет жүйесімен, бейнебақылаумен, дыбыстық ескертумен және кіруді басқару жүйесімен, оның ішінде мекемеге кіреберістегі тұлғаларды тану аппаратымен, сондай-ақ есіктер мен блоктарды бұғаттау жөніндегі функциямен (төтенше жағдай туындаған кезде автоматты түрде қосылады) жарақтандырылатын болады.
Мұның бәрі жаңа буын білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай арттырады. Жоба жетекшілерінің айтуынша, құрылысқа жаңа технологияларды енгізу жеделдетіледі, құрылыс компанияларының талаптары мен жауапкершілігі артады, ұсынылатын құрылыс қызметтерінің сапа деңгейі айтарлықтай жақсарады, құрылыс материалдары мен техникалық жабдықтардың жаңа өндірістерін құруға шағын және орта бизнес ынталандырылады. Сонымен қатар жобаны іске асыру 60 мыңға жуық уақытша және 40 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру елімізде 2 жылдан кейін орта білім беру объектілерін салу есебінен 100 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
А.ӘБИТҰЛЫ